Дәрістің қысқаша мазмұны:
Экономикалық құбылыстарды қайталауға бейім тұратын нарықтың ерекшеліктерін өткен ғасырдың бірінші жартысындағы өмір сүріп еңбек еткен экономистер байқаған. Капиталистік кәсіпорын иелері өз өндірісін шексіз ұлғайтуға ұмтылып, мүмкіндігінше нарықтың үлкен аумағын «жаулап» алуға тырысты. Ал өның өзі артық өндіру деп аталатын құбылысқа алып келді. Артық өндірудің мәні белгілі бір тауардың ұсынысы сұраныстан басым болудан көрінеді. Нәтижесінде тауар бағасы едәуір төмендеп кетеді де көптеген тауар өндірушілер ешқандай пайда таппай қалады.
Экономикалық даму үшін бұл проблемалардың маңыздылығы ерекше болғаны соншалық, XIX және XX ғасырларда жетекші экономистердің бірде бірі бұл мәселеге тоқталмай өте алмады. Олардың еңбектерінен циклдық дамудың байланыстылығы мен объективтігін, экономикалық процесттерге әсерін мойындаған, циклдық дамудың себептерін анықтауға ұмтылған әр түрлі пайымдауларды, түсіндірулер мен болжамдарды кездестіреміз.
Тұрақсыздық нарықтық экономикаға тән сипаттардың бірі. Оған экономикалық циклды қалыптастыратын өрлеу де, құлдырау да тән. Экономикалық дамудың циклдық заңдылықтарын зерттеу-макроэкономикалық талдаудың құраушы бөлігінің бірі болып табылады. Көптеген зерттеуші экономистер осы нарықтық экономиканың циклдық ауытқуының құпиясы неде деген сұраққа жауап іздеді. Ал, экономикалық цикл дегеніміз-бұл экономикада қысқа және ұзақ мерзім аралығындағы өндіріс, жұмысбастылық және табыс мөлшері деңгейінің үнемі ауытқып отыруы. Экономикалық циклдың болуының себептері: автономды инвестициялардың таусылуы, ақша массасының ауытқуы, негізгі капиталдың жаңартылуы, мултипликатор әсерінің әлсіреуі және көптеген экономистердің пікірлері бойынша ең маңызды себеп – тұтыну мен инвестиция арасындағы ауытқудың болуы. Макроэкономикада экономикалық циклдың интегриалды теориясы жоқ, сол себепті түрлі бағыттар мен мектептердің экономистері циклдың болуының себептеріне әртүрлі көзқараспен тоқталады.
Қазіргі экономикалық әдебиеттерде АҚШ-ның экономикалық зерттеулердің ұлттық бюросында жасалған терминалогия бойынша цикл келесідей фазаларды қамтиды: шың немесе бум, рецессия немесе құлдырау, депрессия және жандану. Экономикалық конъюнктураны сипаттау үшін бір қатар экономикалық көрсеткіштер қолданылады (ЖҰӨ, ЖІӨ, жұмыссыздық деңгейі, жеке табыс, өнеркәсіптік өнімдер көлемі, бағалар деңгейі, т.б.).
Цикл барысында экономикалық параметрлердің өзгеруіне байланысты олар проциклдық, контрциклдық және ациклдық болып бөлінеді.
Қазіргі кезде статистиктер мен экономистер экономикалық конъюнктураға толық, нақты болжамдар жасай алмайды, тек оның жалпы тенденциясын ғана анықтай алады. Себебі экономикалық тұрақсыздық пен саяси қақтығыстар кезінде барлық әсер етуші факторларды есепке алу, ұлттық экономикаға халықаралық ортаның ықпалын анықтау қиын және де даму тенденциясын анықтағанның өзінде фазалардың жүру мерзімін нақты атап, экономикалық саясатты сол өзгерістерге қарай бағыттау мүмкін емес.
Қазіргі қоғамдық ғылымда экономикалық циклдардың бірнеше типі белгілі. Олар, әдетте, осы толқындарды зерттеп, ғылымға енуіне негіз болған экономистердің атымен аталады.
Циклдар типі
|
Циклдардың ұзақтылығы
|
Негізгі ерекшелектері
|
1. Китчин циклі
|
2-4 жыл
|
Қор мөлшері→ инфляцияның, жұмысбастылықтың, ЖҰӨ-нің ауытқуы, тауарлы циқл
|
2. Жугляр циклі
|
7-12 жыл
|
Инвестициялық цикл→ инфляцияның, жұмысбастылықтың, ЖҰӨ-нің ауытқуы
|
3. Кузнец циклі
|
16-25 жыл
|
Табыс→ иммиграция→ үй құрылысы→жиынтық сұраныс→ табыс
|
4. Кондратьев циклі
|
40-60 жыл
|
Техникалық прогресс, құрылымдық өзгерістер
|
5. Форрестор циклі
|
200 жыл
|
Энергия және материалдар
|
6. Тоффлер циклі
|
1000-2000 жыл
|
Өркениеттің дамуы
|
Еңбек нарығы – бұл тауар болып табылатын еңбек ресурстарының нарығы, олардың тепе-теңдік бағасы мен саны сұраныс пен ұсыныстың бір-біріне әсер етуімен анықталады. Кәсіпкерлер мен еңбекке қабілетті адамдар нарық агенттері, олар еңбек нарығында өзара қатынаста болады. Сондықтан еңбек нарығы сұраныс пен ұсыныс механизмі арқылы экономикалық агенттердің арасындағы бәсекелестіктің нәтижесінде жұмыспен қамтудың белгілі көлемі және төлемі дәрежесі орнайтын экономикалық орта немесе болмыс болып табылады.
Еңбек нарығы басты үш қызмет атқарады: 1. әлеуметтік қызметте адамдардың табыстары мен жақсы тұрмыс халінің әдеттегідей дәрежесі мен жұмыскерлердің өндірістік қабілетін тиісті дәрежеде ұдайы өндіруді қамтамасыз ету. 2. экономикалық қызметте еңбекке рационалды тарту, оны бөлу, реттеу және пайдалану. 3. ынталандыру қызметі бәсекеге қабілеттің күшеюіне, тиімділігі жоғары еңбекке ынтаның өсуіне, біліктіліктің жоғарылауына, мамандықты ауыстыруға мүмкіндік тудырады.
Жұмыссыздық – еңбек нарығының құрамдас элементі болып табылады. Жұмыс күші бар ересек адамдар еңбек нарығына қатысуына байланысты бірнеше негізгі категорияларға бөлінеді.
Еңбекке қабілетті адамдар – жасына және денсаулығына қарай еңбек етуге қабілеті бар адамдар. Жұмысшы күшіне жұмыспен қамтылғандар және жұмыссыздар жатады. Жұмыспен қамту және жұмыссыздықтың болмысын мына көрсеткіштер сипаттайды: институционалдық емес адамдар (нарықтық емес құрылымда істейтіндер), жұмыс істеушілердің саны, жұмыссыздар саны, жұмысшы күшінің құрамына кірмейтін адамдардың саны.
Жұмыссыздықтың дәрежесін батыс статистикасы қолданатын көрсеткіштер бойынша таралуы және мерзімнің ұзақтығы арқылы айқындай түсуге болады. Жұмыссыздықтың таралу көрсеткіші жұмыс күшінің жұмыссыздық деңгейін сипаттайды.
Жұмыссыздықтың типтері:
1. Фрикциондық жұмыссыздық – еңбек нарығында жұмыссыздықтың қашан болмасын, адамдардың бір орыннан екінші орынға қозғалысымен және бір кәсіпорыннан екіншісіне ауысуымен байланысты белгілі бір дәрежесін сипаттайды. Фрикциондық жұмыссыздық мына жағдайлармен байланысты: бар вакансия туралы толық ақпарат болмағанда немесе осы ақпарат тым қымбат болғанда, жұмыскерлер мен бос жұмыс орындарының арасында әрдайым белгілі бір сәйкессіздік болады.
2. Құрылымдық жұмыссыздық – экономикадағы құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде бос жұмыс орындары мен жұмыссыздардың арасындағы кәсіби-біліктілік пен аумақтық сәйкессіздік құрылымдық жұмыссыздықтың себебі болады. Олар: жаңа технологиялар, жаңа тауарлардың пайда болуы. Осының нәтижесінде жұмыс күшінің кәсіби-біліктілік құрылымында өзгерістер орын алып отырады. Экономиканың бір секторынан құрылымдық өзгерістердің нәтижесінде жұмыстан айрылған жұмыскерлер басқа саладағы бос жұмыс орындарына орналаса алмаған жағдайда құрылымдық жұмыссыздық орын алады.
3. Маусымдық жұмыссыздық - өндірістің кейбір салаларындағы өндіріс көлемінің маусымдық ауытқуымен байланысты болады: ауыл шаруашылығы, құрылыс және т.с.с. Бұларда жыл бойында еңбекке сұраныс елеулі өзгеріп отырады.
4. Циклдық жұмыссыздық. Мұның негізін экономикалық құлдырау мен экономиканың бір секторындағы немесе аймақтағы жұмыс күшінің артуы басқа жерде оның жеткіліксіз болуымен қатар жүреді. Ол экономикалы коньюктураның өзгеруімен анықталады. Ол циклдық өрлеу кезінде азайып, дағдарыстар кезінде көбейіп отырады.
Құрылымдық және фрикциондық жұмыссыздықтар оның «табиғи» деңгейін білдіреді. Бұл жағдайда инфляция орташа көлемде жүреді. Циклдық факторлар жұмыссыздықты «табиғи» деңгейден жоғарылатады. Жалпы жұмыссыздықтың табиғи деңгейі АҚШ-та жиырмасыншы ғасырдың соңында 6-7 пайыз болса, экономикасы дамыған басқа елдерде ол біршама төмен.
Жұмыссыздық нарықтық экономикаға тән құбылыс болып табылады. Ол қажетті деңгейде тұрса, онда экономиканың тиімді дамуына қолайлы жағдай жасайды.
Инфляция термині қазақша қампаю, ісіну дегенді білдіреді. Инфляция өндіріс процесінің бұзылуы, шаруашылық салаларының бір-бірімен үйлесімсіз дамуы және мемлекеттің эмиссиялық саясаты мен коммерциялық банктердің іскерлігінің икемсіздігі салдарынан туындайтын күрделі әрі көп факторлы құбылыс.
Сұраныс инфляциясы негізінен ақшалай факторға байланысты туындайды, яғни айналыстағы ақша массасы өссе, соның нәтижесінде төлем қабілеті бар сұраныс та жоғары болады. Ал сол кездегі бір қалыпты баға жағдайында өндірістің оралымсыздығы сұранысты қанағаттандыра алмайды. Сөйтіп жиынтық сұраныс экономикалық өндірістің мүмкіндіктерін жоғарылатып, бағаның көтерілуіне әкеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |