38. Гуссерльдің феноменологиясы
Дүниетаным мәселелерімен айналысқан XX ғасырдағы ағымдардың бірі – феноменология. Негізін қалаған – Эдмунд Гуссерль (1859-1938 жж.). Ойшыл өзінің еңбектерінде «Заттардың өзіне қарай!» деген ұран тастады, өйткені сол кездегі И.Канттың ізбасарлары ғылыми таным жолында шындықты ұғымдар арқылы құруға болады деген көзқараста болды. Екінші жағынан, ол неопозитивистердің шындықтың сезімдік деректердің негізінде «тікелей берілгені» жөніндегі қағидасына қарсы бағытталған болатын.
Өз заманындағы таным теорияларын сынға алғанда Э.Гуссерль тағы да келесі екі ұғымды бір-біріне қарсы қояды. Олар білім мен пікір. Еуропалық мәдениеттің дағдарысы - осы ұғымдардың айырмашылығын елемегенінде. Пікір дегеніміз бұлдыр, айқын емес білім, ол - жеке мүдденің шеңберімен шектелген таным. Оған ол қарсы ұғым ретінде «теория» деген грек сөзін қояды, ал оның алғашқы мағынасы - бимүдделі аңлау. «Тек қана теорияға бағышталған философия дүниенің универсалдық көкжиегін көре алады», -деп қорытады Э. Гуссерль.
Ойшылдың өз алдына қойған негізгі мақсаты - сананы тазарту, оның адамзат тәжірибесі, тарихи процестен тыс өмір сүретін алғашқы құрылымын анықтау болып табылады. Гуссерльдің феномені - ол бұрынғы классикалық философиядағы басқа терең жатқанды көрсететін сезімдік тәжірибе арқылы берілетін құбылыс емес, ол - өз-өзін ашатын, табатын, тікелей санаға айқын көрінетіннің бәрі. Феноменология - айқындығы тікелей интуиция арқылы көрінетін идеалдық мән-мағынаны зерттейтін ілім. Санадағы феномендер адамға тіл арқылы беріледі. Сонымен қатар оған адамның жан дүниесіндегі тебіреністер, сана арқылы ойланатын заттың мән-мағынасы т.с.с. бәрі де жатады.
Таза сананың іргетасты ерекшелігі - оның интенционалдығы (intentio - латын сөзі, ұмтылу), яғни бірдеңеге әрқашанда бағытталғаны, соның санасы. Қабылдау, еске сақтау, қиялдау, еске түсіру, тілеу, ой формалары т.с.с. бәрінің де заттық мазмұны бар. Интенционалдық сананың құрамдас бөліктерін неше түрлі мән-мағнаға толықтырады. Өзінің іс-әрекетінде адам аңқаулық көрсетіп, өзінің заттарға қалайша мән-мағына бергенін байқамай қалады да, оларды санадан тәуелсіз өмір сүріп жатқан (объективті) өзіндік танылатын қасиеттері бар құбылыстар ретінде қарайды. Ал, шынына келгенде, санадан тыс өмір сүретіннің бәрін жақшадан сыртқа шығаруымыз керек, өйткені санада объект пен субъект бір-біріне өтіп, ажырамайтын феноменге айналады. Адам сана арқылы заттарды қабылдап, оларға белгілі бір мағына беріп, сол арқылы олармен қарым-қатынасқа түседі. Бұл арада, бір жағынан, дүниетануға бағытталған іс-әрекет - ноэзис бар, екінші жағынан, осы таным процесінде ашылған мазмұн - поэма бар.
Достарыңызбен бөлісу: |