35. ХІХ ғасыр Орыс кеңістігіндегі славяншылдық һәм батысшылдық ( Чаадаев, Герцен, Киревский, Хомяков) Славяншылдық, словянофилдер — 19 ғ-дың 40 — 50 - жылдарындағы Ресейдегі қоғамдық ағым. Славяншылдық қоғамдық ой-пікір ретінде Ресейдің өзіндік тарихи даму жолы, ұлттық ерекшеліктері бар екендігін дәлелдеп, қорғау мақсатын көздеді. Олардың қарсыластары батысшылдар болса жалпыадамзаттық тұтастық көзқарасы тұрғысынан жалпыға ортақ тарихи даму үрдісі бар, сондықтан Ресейдің де батыс жүріп өткен жолды басып өтуі тиіс деп білді. Бұл өзара қарсы көзқарастар олардың арасындағы негізгі қарама-қайшылық болғанымен, бұл ымырасыздықтың терең философиялық тамыры, саяси мәні болды. Славяншылдық пен батысшылдық арасындағы тартыс бірімен-бірі ымыраға келмейтін жеке-жеке екі дүниетанымдық көзқарас қайшылығы болды. Славяншылдық дінді тарихи даму мен қоғамдық тұтастықтың негізі деп білген діни ілім болса, батысшылдар тарихи және филос. ғылымдардағы секуляризмге табан тіреген дінсіз көзқарас еді. Славяншылдық өз бастауын 19 ғ-дың 30 — 40-жылдарындағы И.В. Киреевскийдің, А.С. Хомяковтың, Ю.Ф. Самариннің еңбектерінен алып, Мәскеудегі орыс ақсүйектері арасындағы талас-тартыстарда қалыптасты. Бұл пікірталастарға А.И. Герцен, Ш.Аксаков, А.И. Кошеловтар да қатысып, осы тақырыпқа өз шығармаларын арнады. Славяншылдық философиясының негізгі сипаттары, біріншіден, ақиқатты тану мүмкіндігі тек сезім арқылы, ақыл немесе сенімді жеке алғанда жүзеге аспайды, олардың тұтастығына жеткенде ғана мүмкін. Ақиқат ілімге жеке адам емес, шіркеулік топтың санасы ғана жетеді. Екіншіден, Славяншылдық адамның ерік-жігеріне назар аударып, адамдардың ар-ұятын тәрбиелеуге ден қойып, мемл. құқықтық реттеуді жоққа шығарды. Үшіншіден, тарихи дамуды, тұрмысты, мораль мен ой-пікірді анықтайтын тек діни сенім деп білді. Сондықтан ақиқат дін және шіркеу ұғымы олардың негізгі көзқарасы болды. Олар тек христиан дүниетанымы мен проваслав шіркеуі ғана адамзатты құтқарып, шындыққа бастай алады деп білді
Орыс ғалымдарының айтуынша, философиялық ой кешу үрдістері Ресейде нәсірани діні жайыла бастаған кезеңде, яғни XI ғасырда қалыптасады. Осы кезеңде Киев митрополиті Илларион "Заң және сенім туралы сөз" деген атышулы еңбегін жазып, орыс жерінің ұлылығын, адамдарының құдай нұрымен шапағатқа бөленгендігін дәріптеген. Одан кейінгі аралықта православиелік шіркеудің ықпалдағы Ресейдің әлемдік өркениетке қосар үлесі тарапынан діни - философиялық ойлар айтылып келген болатын. Осы сынды ой - толғаулар ХУІ-ХҮІІ ғасырларда жалғасты. Олардың мазмұны орыс елінің қайталанбас рухани болмысын, орыс елінің қайыспас батырлығын дәріптеуге саяды. Аталмыш ойлау дәстүрінің екінші қанатына батысшылдар жатады. Олар Ресейді Еуропалық мәдениетке телуді жақтайды. Бұл туралы осы тараудың үшінші тармағында арнайы сөз болады.
Теориялық және қоғамдық-саяси тұрғыдан қалыптасқан елеулі бағыттардың бірі — славяншылдық XIX ғасырдың 40-60 жылдарында жедел өрістей бастады. Оның өзекті мәселесі орыс халқының ұйысу бірлігі (соборность) сынды қағидаларға негізделген болатын. Бүкіл бағыт "славяншылдық" деген атқа ие болды. Мұндай ой саналық ,философиялық ағымның негізін қалаушылар АС.Хомяков (1804-1860) пен Ю.Ф.Самарин (1819-1876) дегендер еді.
Славяншылдық, жоғарыда аталып өтілгендей, "орыс рухына" қасиетті шетсіз, шексіз орыс жеріне деген сүйіспеншілікке негізделді. Орыс халқының мұндай қайталанбас, жеке-дара ерекшелігіне арқау болған нәрсе - православие діні. "Әлемдік діндердің арасында православие діні жетекшілік рөл атқаруы тиіс, ал орыс халқы әлемге билік жүргізеді, — дейді А-С.Хомяков.
Нәсірани діні үш бөлікке бөлініп кеткен соң "азаттық рухы" оның барлық бөліктеріне бірдей жұғысты болған жоқ. Мысалы, католик дінінде азаттық бастаулары жоқтың қасы. Ал протестантизм болса, жеке адамның жүрек қалауына бостандық жариялап, шіркеудің беделін түсірді-міс.
А.С. Хомяковтың пікірінше, бостандық пен қажеттіліктің ара салмағын тек православие ғана тепе-тендікте ұстай алады. Ол шіркеудің қауымдастықты ұйымдастыру қабілетіне байланысты. Славяншылдардың негізгі қағидасы - "бірліктегі көпшілік". Ол рухани бірліктің де негізі. Рухани бірлік - адамдардың еркі мен жаратқанның хұзыры тұтасқанда ғана баянды. Бұл ақиқатқа адамдар тынымсыз рухани ізденістердің арқасында жеткен, дейді славяншылдар.