2 ҚҰЛАҚтандыру



Pdf көрінісі
бет106/227
Дата06.05.2020
өлшемі1,47 Mb.
#66289
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   227
Байланысты:
alash kosemsozi 10 tom

 
ТҰҢҒЫШ ҚҰРБАН 
Соңғы  жалпы  қазақ-қырғыз  сиезінің  қаулысы  бойынша  Семейде  атты-жаяу  милиция 
құрылған  еді.  Мұны  соңғы  кезде  большевиктер  ұнатпай,  «Ойыныңды  тоқтат,  мылтықты 
бер»  деп  мінез  көрсетіп  жүрді.  Оған  біздің  милиционерлер  —  қорғаушылар  өз 
жүректерінде ұлт сақтаудан басқа ешкімге қастық қылатын ниет болмаған соң, қарсы да 
келмеді, ойындарын да тоқтатпады. 
6  мартта  таңертең  сағат  9  шамасында  Алаш  қаласында  мылтықсыз  ойнап  жатқан  атты 
қорғаушылардың жанына 10-15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады. 
Ешкімге оқ тимейді. Мылтық дауысы шыққан соң бірлі-жарымды жігіт қашуға айналғанда 
милиция  бастығы  учительский  семинария  шәкірті  Қазы  Нұрмұхаммедұлы  жігіттерге 
айқайлап:  «Қайда  барасыңдар?  Жазықсыз  өлсек  өлейік.  Бәрімізді  қырмас»  деп  тоқтау 
айтып,  өзі  орнында  тұрады.  Сол  арада  мылтық  үсті-үстіне  атылып,  Қазының  өзіне  де, 
атына да оқ тиеді. Оқ жүректен тиген есіл жас сол арада жан тапсырады. 
Мархұмның  жолдастары  ботадай  боздап,  басын  құшақтап  шуласты.  Көрген,  естіген  жан 
қайғырды. Ертеңіне халық көп жиналып, жаназасы шығарылды. 
Алғаш Алаш жолында құрбан болған жас бағланды ұмытпасқа белгі болып қалсын деп екі 
рет сүгіретке басылды (бірі — қанды киімімен жатқан халында, екіншісі — халық жаназа 
оқып сапта тұрғанда табыттағы жатқанын). 
Қабірге  қойып,  Құран  оқылып  болғаннан  кейін  Шәкәрім  ақсақал  халыққа  қарап  сөз 
сөйледі: 
«Әлеумет, мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған 
Алаш  азаматының  тұңғышы.  Мұны  өлді  демеңдер.  Бұл  өлген  жоқ.  Бұл  күнгі  һәм  мұнан 
соңғы  «ұлтым»  деген  азаматтар  мына  мен  сияқты  болып  ұлтым  деңдер  деп  өзінің 


93 
 
ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті. Мархұмның аты да Қазы еді, Қазы — би деген 
сөз. Қазы билігін айтып кетті. 
Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ. Құдай алдында да, жұрт алдында да сенің 
орның бөлек. 
Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. Мұның үй ішінің міндеті 
сендердің  мойындарыңда.  Бір  кішкентай  көзінің  қарашығы  (бір  жасар  ұл  баласы) 
қалыпты.  Соны тәрбиелеп  адам  қылу,  бәріңнің  —  барлық  Алаштың мойнына  парыз  һәм 
өздерің  де  бұл  оқиғаға  қажымаңдар.  Құдай  тағала  Алашқа  шын  ұл  бергеніне  бүгін  тана 
көзім  жетті.  Алпыс  жасқа  келгенде  мұндай  ұлт  үшін  жанын  қиып,  құрбан  болатын 
азаматты  көремін  деген  үмітім  жоқ  еді,  көрдім.  Енді  бүгін  өлсем  де  арманым  жоқ. 
Қарағым,  Қазыжан!  Қадіріңді  біліп,  құрметтей  алмасақ  кешу  қыл,  қош,  қабірің  нұрлы 
болсын!» дейді. 
Жиылған әлеумет еңіреп жылап жіберді. 
Сонан кейін Міржақып тұрып мынаны айтты: 
Мынау кім жатқан әлеумет
Жас қабірді жамылып? 
Мұнша ардақты кім еді, 
Тұрсыңдар бәрің жабығып?! 
Жалғызы ма еді біреудің
Тілеп алған зарығып? 
Байы ма еді бұл елдің
Құрметтейтін жабылып? 
Би мен бектің бірі ме, 
Жылардай жұрты сағынып? 
Ханзада яки сейіт пе, 
 
Қазашы шулар қамығып? 
Жоқ, әлеумет! 
Бұл жатқан: 
Жалғыз да емес, 
Бай да емес; 
Би де емес, 
Бек те емес; 
Сейіт те емес, 
Хан де емес! 
 
Бусанып жатқан жас қиыр, 
Иесін мұның айтайын: 
Мақсұты ұлттың жолына
Туын ұстап қолына, 
Жас ғұмырын пида еткен
Жар-жолдасын күйзелткен, 
Алаштың адал баласы, 
Армансыз өлген данасы! 
Жүректен жалғыз оқ тиген, 
Жаза баспай дөп тиген, 
Алаштың бұл құрбаны – 
Аяулы жолдас, Қазы жас! 


94 
 
 
Қош, бауырым жолдасым! 
Армансыз сенің өз басың. 
Қабыл болып құрбаны, 
Алашты Құдай оңдасын! 
Жиылған  халық  қамығып,  көңілі  босап,  көзіне  жас  алды.  Бұлардан  кейін  Райымжан, 
Жанғали  қажы,  Мұстақым  сөз  сөйледі.  Ақырында  Қазының  бірге  оқып  жүрген  жолдасы 
Жүсіпбек еңіреп тұрып: 
— «Жан бауырым, жолдасым, қош бол! Жасаған алдыңды өзіңе, артыңды бізге қайырлы 
қылсын!  Талаптандың,  талпындың,  оқып  қатарға  кірдің.  Бұл  күнде  мынадай  мезгілсіз 
қазаға душар болдың. Өкінбе! Ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің. Кеудеңде бірақ 
арманың  кетті,  ешкімге  оқ  атып,  қылыш  суыра  алмай,  жазықсыз  оққа  ұштың.  Тым 
болмаса,  ұлтыңның  бақытының  шетін  көре  алмай  кеттің.  Қош,  бауырым,  жолдасым, 
қош!», — деп көзінің жасын тия алмай, сөзін әзер тоқтатты. 
Сөйтіп  7  мартта  бейсенбі  күні  Алаштың  тұңғыш  құрбанын  баянды  сапарына  жөнелтіп, 
жұрт тарқасты. 
Сол  күні  біздің  басшы  азаматтар  Қазының  жолсыз  өлгені  туралы  большевик 
бастықтарымен  сөйлесті.  Олар:  «Біз  мұндай  жұмысты  істе  деп  ешкімге  бұйырғанымыз 
жоқ.  Өз  бетімен  істеп  жүрген  бұзақылардың  жұмысы»  деп  оқ  атқан  солдаттарды 
айыптапты. Сонан кейін атушы солдаттар военно-революционный сотқа берілді. 
Қазы  марқұм  жасы  22  де,  Семей  үйезі  Еңірекей  болысында  сыбан  деген  рудан  еді. 
Жасынан  кедейлікпен  алысып,  талабымен  оқып  келіп  еді.  Семейде  екі  класты  школды 
бітіргеннен кейін бірер жыл бала оқытып, пұл жинап алып 1915 жылы семинарияға түсті. 
Оны  ендігі  жылы  бітіремін  деп  жүргенде  ұлт  тілегін  зор  көріп,  бірге  оқып  жүрген 
жолдастарымен  милицияға  жазылды.  Қыс  ортасынан  бері  атты  милицияны  басқарып 
тұрушы еді. Марқұм ақ көңіл, талапкер, жігерлі ұлтшыл жас еді. Ұлтшылдығын көрсетті, 
ұлтының жолында жанын құрбан қылды. Жасаған ие еңсесін толтырып, кейінгі жастардан 
орынбасар шығарсын. 
Басшы азаматтарымыз һәм обласной қазақ комитеті кеңесіп, марқұмның басына тас қоюға 
һәм жақсылап белгі-бейіт салуға қаулы қылды. Қазының оқуға жасы жеткен бір інісі бар 
еді. Соны оқытуға стипендия ашты. Кәрі ата-анасына һәм қатын-баласына жеті мың сом 
ақша бермек болды. 
Жастар  ұйымы  марқұмның  жетісі  толған  күні  жұртты  шақырып,  Құран  оқытты,  дұға 
қылдырды. 
Алаш аман болса, бұл тұңғыш құрбан ұмытылмас. Тарихта аты қалар. Бірақ біздің бұдан 
үлгі алып, жүрегімізді соның жүрегіндей қылуымыз керек. 
Рухың шат болсын шәһид болған Алаштың шын баласы! Біз де сенің ізіңде. 
Қош, жолдасымыз! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   227




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет