112
Осы Петроград жұмысшылары әрбір фабрика, зауыттардан өкіл сайлап, кеңес құрып,
кеңесте саясат һәм матбуғат туралы сөз болып, мынау сықылды жұртқа жарнама шашып
отыр:
«Большевиктер билікті қолына алысымен «біз жұмысшылар мен мұжықтардың
хүкіметіміз» деп айқай салды. Біз нанып, соңынан ердік, болысып, жанымызды салдық,
қанымызды төктік. Ал, хүкімет қайтты? Біздің жұмысшылар атын арқасына таңып алып,
көңіліне жақпағандарды қырды, жойды. Біз үндемедік, шыдадық. Бостандығымызды
тартып алып жатса да, бізге ептеп теңдік әпергелі жүр ғой деп көне бердік. Большевик
билегелі, міне, төрт айдың жүзі болды. Қазір көріп отырмыз, сенген қойым масқара
қылды, күткен үмітті табанына таптады. Мұжыққа болысам, жұмыскерді жарылқаймын
деп отырып жиылсақ, басымызды қоссақ, өзімізді атпақшы, аспақшы болды. Германиямен
еп-еншісіз татулық қыламыз деп еді, бұ күнде Германия жерімізді де алды, шығынын да
салды. Жер жүзіндегі жұмысшылармен одақтасамыз, бірігеміз деуші едік, бостандықтың
өңменінен пышақ соғып, талай жүзқаралықты қылып отырып, жұртқа қарар не бетіміз
қалды? Германиямен бұл жасап отырған татулығы — Россияны қырық бөлек қып, басқа
жұрттың байларына жем қылатын, біздің тіршілік кәсібімізді қирататын татулық. Осы
большевик не бітірді? Тамақ тауып берудің орнына аштық келтірді. Өзді-өзімен
соғыстырып, халықтың шаруасын күйзелтті; тырнақтап, бейнетпен жиған жұрттың
байлығын жалмауыздарға талатты; не түрлі жемқорлық, парақорлық, жауыздықты
молайтты; қызметші ұйымдарын құртты; шаһар думаларын таратты; кооперацияны
қыжыртты; фабрика, зауыттарды аңырайтты. Зауыт комитеттері бізді сақтар түрі жоқ,
большевик советі Петроградты тастай қашқанда фабрика, зауыттарды жауып, ақшасыз,
азықсыз, істерге жұмыс жоқ, келешектен үміт жоқ, баста қорған жоқ, тағдырдың тәлкегіне
қу көшеге қуып шығып, бізді тентіретті. Қайда дәмелендірген сөз бостандығы, жүз
бостандығы? Біз нені көріп отырмыз? Біз көріп отырмыз: тыңшылардың шаққанын,
жендеттердің асқанын, бейбастақтың артқанын, залымдардың бейуаздарды шапқанын.
Жұмысшылар мен мұжықтардың атын сатқанда қылмақшың осы ма еді? Талай сабаздар
неше жыл бейнет шегіп, жолына жанын қиып болдыра алмай жүрген учредительное
собраниені қуғандағы мақсатың осы ма еді? Біз сендердің жасаған бітімдеріңді бітім деп
білмейміз. Совет орнынан кетсін, тезінен учредительное собрание шақырылсын» деп
жарнамасын аяқтатады.
Матбуғатқа бостандық болсын деген туралы:
«Адал сөзді айта алмай, қарсылық қылуға бата алмай мұжық пен жұмысшымын
дегендердің өзі де өмірі көрмеген таршылықты көрді. Ажал күні басымызға туып,
Петроград көшесінде қаңғып қалғанда сөзімізді, мұңымызды жарыққа шығара алмай
тұншықтық. Бұ не деген сұмдық! Қой, біз бұл сұмдықпен алысамыз! Петроград
пролетариаттары ұрандасыңдар, тезінен баспасөзге ерік берілсін. Күллі баспашыларға
өкіл жіберілсін. Олар да большевиктерге пікірлерін құл қылып көнбесін, біз де көнбейміз»
деп кісілерін сайласып, іске кірісіп жатқан көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: