АЛАШ АЗАМАТТАРЫНА АШЫҚ ХАТ
Құрметті Алаш азаматтары!
Заман түрі келіспей, жамандыққа айналып, қауіп-қатерлі, екіталай күндер туды. Береке-
бірлік қылып, адамшылық ойласаң, адам болатын шағың жетті. Алтыбақан алауыз болып
бөлінсең, жоқ болатын уақытың жетті. Кейінгі үрім-бұтақ, қара қазан, сары баланың
қамын ойлайтын да уақытың осы. Олардың көз жасына қалатын уақытың да осы.
Егер осы күнгі қош бастап жүрген, ақ жүрек азаматтардың соңына ерсеңіз, иншалла, ол
уақытта қатын-баланың, кейінгі үрім-бұтақтың обалына қала қоймассыз. Дініңізден,
күніңізден, жер-суыңыздан айырыла қоймассыз! Ол ақ жүрек азаматтарымыз осы күнгі
газет шығарып, халықтың қамын ойлап жатқандар. Бастарыңа екіталай қиыншылық
күндер туып сасқанда шын жаны ашып, бас-көз болып қызмет еткендер.
Жақын арада Көлбай Төгісов «Үш жүз» деген партия ашып, халықты бөлмекші болып,
қала берсе ақ жүрек, адал азаматтарымыздан бірнешесін (Әлихан, Халел,
Міржақыптарды) жамандап, жала жауып, «олар дін бұзады» деп «Үш жүз» деген газет
шығарып жатыр. Ондағы айтқандарының бәрі шала, бәрі қиянат. Көлбайдікі халықтың
дінін, күнін сақтайын деген емес, арасына алалық салып, жұрттығын жойып, дінінен,
күнінен айырамын дегендік.
Бұрын да талай боқтықтарын білсек те ел ішінде бір тентек не қылар дейсің деп үндемей
жүр едік. Енді мынаны көрген соң халыққа туралықты айтпай тұра алмадық.
Ал, Алаштың азаматтары, дені медіреседе мұсылманша оқып жатқан шәкірттер,
туралықты айтамыз — Көлбайдың айтқанына нанып, соңына еріп, дініңізден, күніңізден
айырылмаңыз, бүлінбеңіз.
Алаш туының астына жиылыңыз!
Уфадағы медіресе «Ғалиядағы» оқушы қазақ шәкірттер:
Мұхаммедсабыр Айтқожаұлы, Қажи Моллабасымов, Жиенғали Тілепбергенұлы,
Салахалдин Сарәліұлы, Әмірғали Найзин, Ғабдалрахман Мұстафин, Сұлтан Шоқаев,
Қамаралдин Қосаев, Тұраш Қосымов, Ғабдалрахман Қосайұлы, Сапарғали Қосайұлы,
Хасенғали Қосайұлы, Fабдолла Батырбайұлы, Әлмұхаммед Жандыбайұлы, Сайдыкрам
Дауылбаев, Мағауия Таңатаров, Сәмен Бекмұхамедов, Ниязов, Досқали Есентаев,
Әбубәкір Қазықов, Зейнел Айжанов, Мұқан Досбаев, Меңдіғали Сақыпұлы, Ғұмаришанов,
Ғалиақын Ұшанбаев, Меһир Қалжанов, Ғабдыкерім Есенов, Мамыр Ізбасаров, Ілияс
Мұхаммедов, Нұрахмет Ақылбеков, Ғабдалрашид Әлімбаев.
Басқармадан:
1) Ожан Ерубаевқа. Көрсеткен адресіңіз бойынша газетіңіз жіберіліп тұрады. Нөмер 30,
31.
2) Баянауылдың Мырзағұл, Нияз деген таптардың арасындағы партияны жазғандар
аттарын, жөнін, адресін жазбайды. Шын аты белгілі болмай, жасырын атпен жіберілген
мақалалар басылмайды.
3) Ақбеттеуден ұры Қарпықбай Нартоқаұлы туралы жазылған сөзді жазушының шын аты
мәлім болмағандықтан баспадық.
|