Мазмұны
І. Кіріспе...........................................................................................................2
М.Әуезовтің өмір жолы...............................................................4
1.2. Түбірлі мазмұн, тың пішін...............................................................6
ІІ. Негізгі бөлім: М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы
2.1. Ғасырлық туынды – «Абай жолы»...............................................8
2.2. «Абай жолының»
эпопеялық сипаты...........................................................................11
2.3. Кейіпкерлер бейнесі........................................................................ 13
ІІІ. Қорытынды............................................................................................. 22
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі...............................................................25
т
І. Кіріспе
Курстық жұмыстың мақсаты мен міндеті: Курстық жұмыстың
негізгі мақсаты қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы асқар белі– Абай болса, ХХ
ғасырдағы заңғар биігі – Мұхтар әуезовтің өмірі мен шығармашылығына
жалпы сипат беру.
М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы — бүкіл
совет әдебиетінің аса көрнекті шығармасы. Романның идеялық-көркемдік
биік жетістігін жер жүзінің прогресшіл әдебиет, өнер қайраткерлері жоғары
бағалады. Орыс совет жазушысы К. Федин «Ұлт туралы толық, та тұтас
түсінікті бізге жазушының өнері береді... Мұхтар Әуезов өзінің «Абайымен»
менің қазақ халқы туралы түсінігімді толықтырады, мен енді ғана хош иісті
самал өскен даланың жұпар ауасын жұтып, қазақ, болып кеткен тәріздімін...»—
деп жазды. Француз жазушысы Л. Арагонның,: «Эпикалық, «Абай» романы...
XX ғасырдағы ең мәнді романдардың бірі»— деген сөздері демократиялық
бағыттағы шетел жазушыларының ортақ, лебізі болып естіледі. Бұл пікірлер
роман қазақ, совет әдебиетінің зор жетістігі болғанын айғақтайды. Қараңғы ауылдағы әлі де шырышы бұзылмаған ескілікті, алуан түрлі әділетсіздіктерді көріп, білімі тайыз, саяси тәжірибесі шағын жас ақынның аз уақыт жете түсіне алмай, толғанған, тосырқаған, тіпті кейде: «Бұл қалай?» - деп күдер үзіп, торыққан да жайлары болады. Бұл ретте сол кездегі ұлтшыл интеллигенцияның да азын – аулақ әсері болуы ғажап емес. Бірақ ондай сезімдер мен әсерлерден ойшыл ақын, қайтадан өзінің бастапқы сарқылмас қайрат, талабына мінеді, мойымас мықты сенімінен енді еш қайтпайды.
Ақынның жиырмасыншы жылдардағы шығармалары оның қаламының жылма – жыл төселіп, талантының ұдайы өсіп отырғанын көрсетеді. Тақырыбының ұлғайып, сарынының молайып, ақындық үнінің барған сайын күшейе түскенін аңғартады.
Мақсатым: М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын толық талдап, оқырманға жеткізу.
Курстық жұмыстың құрылымы: Кіріспеден, екі тараудан, жеті тақырыпшадан, екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1.1. М.Әуезовтің өмір жолы
«Қазақстан үшін Әуезов — екінші Абай»
(Николай Погодин)
Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазіргі Семей облысының Абай ауданында
(бұрынғы Шыңғыс болысы) 1897 жылғы 28 қыркүйекте дүниеге келген.
Әкесі Омархан, атасы Әуез — екеуі де хат танитын сауатты, бала тәрбиесіне
салғырт қарамайтын сарабдал, салиқалы адамдар. Оның үстіне Әуез де,
Омархан да Абаймен көңілдес, ауылдары іргелес, сондықтан ақынның
айналасымен аралас-құралас тіршілік кешті. Мұның өзі Мұхтардың
қаламгерлік қызметінде, керек десеңіз, тіпті, бүкіл таланты мен талайында
шешуші рөл атқарған.
1904 жылы дүниеден Абай кетіп, «қазақ поэзиясының күні тұтылған»
тұста, жетіге жаңа толған жас Мұхтардың күллі ұлт мәдениетіне ұлы тұлға,
алтын діңгек болар болашақ алып суреткер екенін, әлбетте, ешкім біле қойған
жоқ-ты. Енді ойлап қарасақ Абай мен Мұхтардың бұл әдеби жалғастығында
Пушкин мен Лермонтовтың рухани туыстығындай бір тамаша тұтастық бар
екен. Асылы, шын мәніндегі шынайы таланттың әдебиетке, яки өнерге келу
тарихында жалпыға ортақ табиғи заңдылықпен қатар, өзгеге ұқсамайтын
оқыс, оқшау құпиялар да болады. Бұл ретте бала Мұхтардың алғашқы сауатын
әдеттегі әліппемен емес, Әуез атасы ұсынған Мүрсейіт қолжазбасындағы
Абай өлеңдері арқылы ашуы-арнайы назар аударарлық нәрсе!
0н бір жасында әкесі қайтыс болады да, Мұхтар ауылдан қалаға —
немере ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді. Осыдан былай қарай оның
оқу-білім жолындағы біршама ұзақ (1908-1930) сапары басталады. Алдымен,
Семейдегі орыс гимназиясында бес жыл, мұғалімдер даярлайтын
семинарияда төрт жыл оқиды. Бұл Мұхтардың алаңсыз кітап соңына түскен —
орыс әдебиетімен, Батыс Еуропа классикасымен етене, кең және терең
танысқан жылдары еді. Өзі де сөз енеріндегі алғашқы адымын осы тұстан
бастап, қысқа-қысқа өлең шағын-шағын әңгімелер жазып жүреді. Оқуда өте
ынталы, қабілетті, ізденгіш, еңбекқор, озат шәкірт болады. Семинарияда орыс
тілінен сабақ берген Василий Попов бұл туралы былай дейді.
Алдыңғы партада отыратын он сегіз жасар сыпайы, сұлу жас қазақтың
денесі сыптай түзу, киімі сәнді тап-таза, қою шашы қап-қара, кең маңдайы
кере қарыс, қоңырқай жүзі байсалды, маңғаз, көзінде ақыл тұнып тұр...
Қадір-қасиеті өз ортасынан өзгеше бөлек осы жігіт орысшаға өте-мөте
жетік, ал эрудициясына бәріміз таң қалатынбыз.
Бұл Қазан төңкерісінен кейін дүниеге келген жаңа өкіметтің алғашқы
жылдары еді. Мұхтар Әуезов қаламгерлік еңбекпен қатар бірнеше жыл қоғам
өміріне араласып, әуелі Семей облыстық кеңесінде, кейін Орынбордағы
Қазақстан Орталық атқару комитетінде ресми қызметтер атқарады да, одан
әрі оқуын қайта жалғастырады. 1922 жылы Ташкент мемлекеттік
университетіне өз бетімен тыңдаушы болып түседі, бір жылдан соң Санкт-
Петербург университетіне ауысып, оның филология факультетін 1928 жылы
бітіреді, ақыр аяғында Орта Азия мемлекеттік университетіндегі Шығыс
факультетінің аспирантурасын оқып - аяқтап шығады (1930). Әуезов
талантының жан-жақтылығы (жазушы, ғалым, ұстаз) осынау көп ізденудің,
мол білімнің нәтижесі екені талассыз.
Жиырмасыншы жылдарда жұртшылық Мұхтар Әуезовтің ғылыми
педагогикалық жағынан гөрі әдеби-шығармашылық әрекетін біраз танып
үлгірген-ді. Баспасөз бетінде «Адамдық негізі — әйел,» тағы басқа бірсыпыра
көсемсөз, очерктері жарияланады, әңгіме-повестері («Қорғансыздың
күні», «Қараш-қараш оқиғасы») жеке-жеке кітап болып басылады, театр
сахналарында пьесалары («Еңлік-Кебек»,«Бәйбіше-тоқал»,«Қаракөз») жүріп
жатады. Осыған қарамастан Әуезов өз ісіне өзі қанағаттанбайды, өзінің өнер
жолын өзі әлі де болса мезгіл мінезіне, уақыт талабына сай жөндеп
өрбіте алмағандай сезінеді.
Кеңес жоғары мектебін, оның аспирантурасын бітіре тұра, — деп
жазады ол өзінің өмірбаянында сол тұстың идеологиялық өктемдігіне
амалсыз мойын ұсынып, — өзімнен-өзім жиі-жиі іштей қайшылықтар,
идеялық адасулар, қателіктер тауып жүрдім.
Осының өзі өмір-тіршілікке бейтарап қарай алмайтын ойлы адамның
әрқашан іздену үстінде, ылғи ірі мақсат соңында жүретін ойшыл азаматтың
Лев Толстой айтқандай «ақ адал ғұмыр кешуге ұмтыла жұлқынуы, бұлқына
булығуы, ұрынып берілуі, кателесуі әр нәрсені бір бастауы, бір тастауы,
қайтадан бастауы, қайтадан тастауы» секілді. Сонымен қатар бұл — шын
мәніндегі шынайы өнердің өрбу күрделілігі, өнерлінің өсу қиындығы,
шығармашылықтың азабы мен бейнеті.
Өнер өмірден туатыны мәлім. Әуезовке біткен өнердің қайнар көзі
оның өзі таныған өмір десек, Әуезов шығармашылығындағы ең бір іргелі
тақырыптың басы, ірі идеяның бастауы — оның өнер жолының басындағы
осынау очерк-эссе.
Әйел, әйелге байланысты әсемдік әлемі — әдебиеттің мәңгілік тақырыбы.
Өткен ғасырдағы орыс әдебиетінде әлемге әйгілі «Тургенев әйелдері бар десек,
қазіргі қазақ әдебиетінде «Әуезов әйелдері» деп аңыздауға болатын жан
тебірентер сырбаз, сұлу образдар галереясы жасалды. Дәл осының беташары
да Әуезовтың толғанысы —«Адамдық негізі — әйел». Бәрі содан басталған.
Түбірлі мазмұн, тың пішін
жылдың мамыр айында Ералы жазығындағы Ойқұдық
жайлауында Абайдың жары Әйгерімнің сегіз қанат киіз үйі әдеттен тыс оқшау
тігіледі де, оған тағы бір ақ отау керегелес қондырылады. Мұның өзі бұл
өмірде бұрын-соңды болып көрмеген көрініс, дала мінезі емес, қала құлқы
болатын. Іргелес екі киіз үйдің бірі — артистер ойын көрсететін театр сахнасы
да, енді бірі — сахна сырты — сахнаға дайындық әрі тыныс орны... Осының
бәрін ойлап тауып, қолдан істеп жүрген жиырмадағы жас семинарист Әуезов
Мұхтар еді. Ол өз шығармашылығының прологі болып табылатын «Еңлік-
Кебек» пьесасын сол ауылдан табады, пьесаны жаңағы қолдан жасалған «Қос
отау сахнасына» сол жайлауда қояды.
Осы тұстан бастап, қазақ мәдениетінде театр өнері, драматургия жанры
пайда болады. Ойқұдық оқиғасының тарихи мәні осында жатыр.
«Еңлік-Кебек» пьесасының мазмұны көне — сол Әуезовтің туып-өскен
Абай елінде, Шыңғыстау жерінде XVIII ғасырдың сексенінші жылдарында
болған қанды окиға. Бір-біріне жауыққан екі рудың ер жігіті Кебек пен ерке қызы
Еңлік бірін-бірі сүйіп қосылғанын екі жақтың да билеуші шонжар-феодалдары
кешірмей, өзара қызыл қырғын ерегіске, айтысқа, айқасқа түсіп, бір-бірінен
құн даулап, ақыр аяғында жан түршігер масқара мәмілеге келеді де, тағы
ортаның тағылық заңын аттап өткен екі жасты тірідей ат құйрығына байлап,
сүйретіп өлтіреді. Екеуінен туған сәби – нәресте таудың шатқалында
жалғыз зарлап қала береді.
Бұл оқиға ел аузында аңызға айналған. Аңыз, жүз он, жүз жиырма
жылдан кейін жарық көрген бір-екі қара сөзге, бірер толғау-дастанға мазмұн
болған.
Осынау көне мазмұнды Мұхтар Әуезов қазақтардың сөз өнерінде
бұрын-соңды болмаған су жаңа _соны пішінге көшіріп, «Еңлік-Кебек»
трагедиясын жазып шыққан. Демек, драматургия — қазақ әдебиетіндегі
негізінен Әуезов тудырған жанр деп Сәбит Мұқанов әділ айтқан. 1926 жылы
қазақ театрының тұңғыш шымылдығы «Еңлік-Кебекпен» ашылуы да тегін
емес.
Екіншіден, суреткердің өнер жолы оның өмір жолымен
тығыз байланысты екенін ескерсек, Әуезовтің жарық дүниеге көзін
ашқалы көргені, сезгені, білгені, түйгені төңкеріске дейінгі көне
ауылдың көне тіршілігі, тағдыры, ақиқаты болса, мұның өзі жазушы
шығармашылығындағы өзекті тақырып болып, 1917 жылы басталған
«Еңлік - Кебек» трагедиясынан 1957 жылы аяқталған «Абай жолы»
эпопеясына дейін қырық жыл бойы желісін үзбей созылып келуі —
Әуезовтың әсемдік әлеміндегі заңдылық, өнер өріндегі бірлік пен тұтастық.
Осындай заңдылық, бірлік, тұтастық болмаса, Әуезовтің өнері өмірге —
өзінің өсіп-өнген топырағына мұншалық терең тамыр тарта алмас еді. Ал
тамыры халық тағдырының тереңінде жатпаған жеке шығарманың да,
жалпы әдебиеттің де ғұмыры онша ұзақ болмайтынын дәлелдеп жату
артық.
Үшіншіден, махаббат пен жауыздық — мәңгілік тақырып._Мұхтар Әуезов
«Еңлік-Кебек» трагедиясын мәңгілік тақырыпқа жазған. Өз шығармашылық
өнердің «алтын арнасын» ә дегеннен осылай дәл тапқан. Әуезов мұны енді
өзінше қас шеберлікпен, білімімен, мәдениетпен ұштастырғанда «өзек толы
ақ жалынға», маздаған отқа, қоздаған шоққа толы ақынға айналған. Ал
«ақынның оты өз дәуіріндегі жалынымен» жалғасқан жерде. Тырнақ алды
туындысының тамырлы тақырыбын өзі білетін өмір ақиқатынан ойып алған
Әуезовтің енді осы мазмұнға көркемдік қасиет дарытып, тақырыпты
идеялық жағынан игеру әрекетінде де айтарлықтай нұсқалық бар.
Талант құдіреті не істемейді? Тілсіз сезімге тіл де бітіреді. Абыз сөзін
оқыған жай адамның өзі сол бойда тура артист болып кете жаздайды.
2.1. Ғасырлық туынды – «Абай жолы»
Әдебиеттің әрбір тартымды туындысы суреткердің тақырыпты
жан-жақты менгеруі, көп ізденуі, ұзақ еңбектенуі нәтижесінде жаса-
лады. Сондай-ақ М. Әуезов те ұлы ақын Абай өмірі мен творчествосын кең
де кемел зерттеген, роман жазарға дейін мол көркемдік ізденіс
сатыларын бастан өткізген еді.
_
М. Әуезовтың Абай шығармаларын жаттап сауат ашуы, ол
шығармалар туған орта мен шындықты бала жасынан көріп, біліп өсуі
болашақ романға негіз салған алғашқы әсер деуге болада. Жазушы ұлы
ақынның көп өлеңдерінің қандай себептен туып, кімдерге арналғанынан да
жастай таныс еді. Ал «Абай жолында» суреттелген оқиғалар мен
кейіпкерлер іс-әрекеті де көбінше жазушының құлағына ерте сіңген
әңгімелер желісіне құрылды. Мәселен, романның, бірінші кітабында
көрсетілген Қодар мен Қамқаның тарихы да, романның өзге
тарауларындағы сүйекті оқиғалардың қай-қайсысы да өмірде болған, ел
ішінде айтылып келген әңгіме-аңыз дерегіне негізделген.
Жазушының бұған дейінгі жазылған шығармаларында суреттелген
кейбір сарындар кейінен «Абай жолына» өзгертіліп, кеңейтіліп
пайдаланылды, «Үш күн» (1934) деген әңгімесіндегі Талпақ пен
Сарыауыздың, оқиғасы романның бірінші кітабындағы «Қоршауда» атты
тарауда жаңғыртыла көрсетілді. М. Әуезовтың ертеректегі «Жуандық» атты
әңгімесіндегі Жақсылық тағдырына байланысты оқиғалар елесі «Абай
жолындағы» жатақтар егінін таптаған Әзімбайлар әрекетінен көрінеді.
Эпопеяның, соңғы кітабындағы бір тарауда («Қастықта») жазушының 1925
жылы «Барымта» деген әңгімесінде бейнеленген оқиғалар сілемі сезіледі.
«Абай жолындағы» идеялық арналардың, кейбіреулері М. Әуезовтың
бұрынғы шығармаларынан-ақ желі тарта бастағанына «Қараш қараш
оқиғасы» да дәлел. Осындағы қаһарман Бақтығұлдың Сәлменбай
жылқышыларымен кездесу, ұрыс салу мезеттері күрделіленген түрде «Абай
жолының» үшінші кітабындағы Базаралы, Абылғазы бастаған жігітек
адамдары Тәкежанның сегіз жүз жылқысын алардағы сәтін еске түсіреді. Екі
шығармада да қаһармандарды жай ұрлық, баю ниеті жетелемейді, өжет на-
мыстан туған кек, жігерлі, саналы әрекет көрінеді.
Кейде М. Әуезовтың әр кезде жазған шығармаларының іштей туыстық
жалғастығы кейіпкерлерді сипаттау өрнегінен де танылады. «Қилы
замандағы» өткір тілді шешен, алғыр Жәмеңке мен «Абай жолындағы»
кедей жатақтар жоқшысы, ерлік пен адамшылыққа қабілетті, сөздерінен
еңбекші ел арманы ұшқын ататын Дәркембай арасындағы үндестік, Ұзақ
пен Базаралының халық намысын қорғап, тебірене сөйлеген шақтары екі
шығарманың арасындағы бағыттастықты білдіреді.
Роман-эпопеяның, негізгі идеялық өзектерінің бірі — қазақ халқы мен
орыс халқының, арасындағы тарихи қалыптасқан ынтымақты көрсетуді
М. Әуезов 1937 жылы жарияланған «Татьянанын қырдары әні» деген үзінді
тараумен бастады. Кейіннен бұл үзінді «Абай жолының» екінші кітабының
соңғы тарауы болып өңделіп, кеңейтілді, үлкен шығарманың тағдырында
елеулі қызмет атқарды. Суреткер осы жағдайды: «Бұл — романның, ха-
баршысы еді. Данышпан Абайдың бейнесі арқылы тарихи тағдырлары
қосылған екі елдің — ұлы орыс халқы мен қазақ халқының достығын, ол
достықтың қадамы игілікті, болашағы жарқын екенін Абайдың жақсы
түсінгенін суреттеу — романның түпкі мақсаты болатын. Осы тұрғыдан
«Татьянаның сахарадағы әні» жазылды»— деп түсіндіреді.
«Абай» трагедиясы (1939) да роман-эпопеяға барар жолдағы соңғы
асулардың бірі. Роман құрылысының алғашқы нобайы, идеялық-көркемдік
принциптері осы трагедияда түйінделді. Пьесадағы оқиғалар мен
кейіпкерлердің көбі «Абай жолының» үшінші, төртінші кітаптарында
кеңінен баяндалып, трагедияның қысқа көлеміне сыйған тартыстық желілер
романда жан-жақты тарауланып берілді.
Романның бірінші кітабы 1942 жылы, екінші кітабы 1947 жылы жарық
көрді «Абай» деген атпен басылған алғашқы екі кітап қазақ әдебиетінің ірі
табысы деп қабылданды. Бұл роман орыс тіліне аударылып, бүкілодақтық
оқырман игілігіне айналды. Көрнекті орыс совет жазушысы А. Фадеев 1949
жылы Парижде сөйлеген сөзінде «...қазақ әдебиеті «Абай» секілді
романдары арқылы жер жүзілік мәні бар әдебиетке айналды»,—деп
көрсетті. Осы роман үшін М. Әуезовке бірінші дәрежелі Мемлекеттік
сыйлық берілуі (1949) тек жазушының ғана емес, бүкіл
қазақ совет әдебиетінің мерейі болды. Үшінші кітап «Ақын аға»,
«Абай жолы» деген атпен екі рет (1947, 1952) басылды, романның
ақырғы төртінші кітабы —«Абай жолы» 1956 жылы жариялан-
ды. Төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» эпопеясы 1959 жылы еліміздегі ең
жоғары сыйлық — Лениндік сыйлыққа ие болды.
2.2. «Абай жолының» эпопеялық сипаты
«Абай жолы»- қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман-эпопея. Реализмнің
нағыз жетілген кезеңінде туатын роман-эпопея жанрының қазақ әдебиетінде
пайда болуы республикамыздағы аса елеулі мәдени-көркемдік құбылыс
болды. «Абай жолында» өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ
қоғамының шындығы мейлінше кең көрсетілді, каһармандардың жеке
өмірі халық тарихындағы күрделі өзгерістермен байланысты берілді. «Абай
жолында» ұлы ақыннын жеке бастық іс-әрекеттері дәуірдің көкейкесті
мәселелерімен, нәсілдер, таптар, халықтар тағдырларының тоғысуымен
орайластырыла баяндалады. Роман-эпопеяда оқиғалардың, объективтік
ағысы, жеке адамдар тағдырының қоғамдык тіршілікке тәуелдігі,
тұлғалардың даралық келбеті, зұлымдықты әшкерелеу мен ізгілікті мадақ
ету өмір шындығына сәйкес көрсетіледі.
Шығармада сол дәуірдің әлеуметтік қайшылықтарын, қарама-қарсы
күштердің тартысын айқын ашатын көптеген оқиғалык жүйе бар.
Романның бірінші кітабындағы Қодар мен Қамқаның өліміне, әлсіз
ауылдардың жерін Құнанбайлардың тартып алуына байланысты өрбіген
үдемелі ерегістер, қырғиқабақ өштіктердің соңынан насырға шауып, үлкен
жанжал, ұрыстарға ұласуынан әлеуметтік теңсіздіктердің терең қабаттары
көрінеді. Бұл тұста жер дауы барлық шиеленістердің себебі болып отырады.
Қазақ арасындағы ежелден таусылмас таластың майданы болып келген
жесір дауы да кең әңгімеленеді. Екінші, төртінші кітаптарда кең
баяндалатын Салиқа қыздың дауы мен Мәкен қыздың оқиғасы әйел
теңсіздігінің тамырын тереңге жіберген сорақы көріністерін түп тамырымен
ашады. Әзімбайлардың кедей көршілер жерін иемденуі, Базаралының
Тәкежан жылқыларын шауып алуы, қарашығын салығының зардаптары бай
ауылдар мен егіншілер арасындағы жанжал, Тобықты мен Көкен елінің
таласы суреттелетін кездердегі таптық кереғарлықтар сыры барлық
шындығымен айқындалады. Сонымен қатар романда патша отаршылдары
тудырған ұлттық теңсіздік көрністері зорлықшыл, надан әкімдердің астам,
тұрпайы әрекеттерінен елес береді. «Абай жолы» эпопеясында таптық,
әлеуметтік алшақтықтар өмір мен мінезге орай тұтастық құрап, сол
заманның сан қилы салт-санасын, әдет-ғұрпын, ескі мен жаңаның, күресін
даму, өсу-өзгеру үстінде таныстырады. Романда кейіпкерлер тағдыры,
олардың өзара байланысы өмір шындығына сәйкес реалистік өрнекпен
берілген.
Эпопеяның желілерін тұтастырып тұрған негізгі арна — Абайдың және
оған тілектес топтың озбыр, содыр үстем қауым өкілдерінің зорлығына
қарсы күресі. Абай бастаған жаңашыл қауымның халық бақыты үшін батыл
айқасқа шығатын кезі өте көп. Сырттай қарағанда эпопеядағы әрбір
тараудың әңгімесі жеке-дара, оқшау секілденеді. Бірақ оларды іштей
жалғастырып тұратан негізгі арқау ылғи сезіліп отырады. Ол — ақын, азамат,
еңбекші қауым мүддесі үшін жаны ауыратын, күштілерге қарсы тапжылмай
тартысқа шығатын Абайдың өмірі, оның, творчестволық, әлеуметтік
қызметі, Абайдың араласуымен шешілетін әр түрлі оқиғалар. Романның
құрылысы Абайдың ұзақ та қажырлы ақындық, қайраткерлік қызметін
танытуға бағындырылған.
Ғасырлар бойында қалыптасып қалған ескілік ғұрыптарын қаз-қалпында
сақтағысы келіп, қараңғылық сақшысы болған ел жуандарына қарсы
жаңадан туындап келе жатқан прогресшіл күштердің күресін көрсету,
демократиялық орыс мәдениетінің ықпалын, қазақ, орыс халықтары
ынтымағының бастауларын айту, еңбекші бұқараның бойындағы
буырқанған күштің тарихи орнын көрсету — эпопеяның, негізгі идеялық
бағыты.
2.3. Кейіпкерлер бейнесі
Эпопеядағы орталық тұлға, типтік характер — Абай. Ол — бүкіл бір
халықтың, рухани адамгершілік келбетін елестете алатын бейне. Абай сөзі
мен ісі соншалық нақты, әрбір әрекетіне нандыратын тұлға, заман
мен халық қамын терең толғайтын үлкен ойшыл, ұлы ақын сипатында
көрінеді. Абайдың, көркем бейнесін жасауға акынның өз өлеңдерінің көп
көмегі болғанын жазушы ризалықпен еске алады. Суреткер ұлы ақынның,
шығармаларын туғызған жағдай мен себептер табиғатына терең бойлау
арқылы оның өмір жолына қанығады. Абай халық қиялында қаншалық биік
сатыда тұрса, роман оның, көркем бейнесін соншалық жоғары деңгейде көр-
сетеді.
«Абай жолы» эпопеясын жазу тәжірибесін баяндаған мақаласында
жазушы ескіліктің қырағы қорғаушысы Құнанбайды, жаңалық пен
жақсылықтың, әділдік пен адамгершіліктің күрескері Абайды орталық
каһармандар дейді. Дәуірлеп тұрған сол қаһарлы Құнанбайлар мен Абай
және оның серіктерінің арасындағы тартыс әке мен баланың арасындағы жай
бір түсініспеушілік емес, кең мағынадағы заманалық шайқас, ескі мен
жаңаның күресі.
Абайдың адам ретінде қалыптасуын көрсететін бірінші кітаптың
маңызы зор.
__ Қодар өлімі тұсында жас Абайдың, тітіркеніп түршігуін, зұлымдықтан
шошып ауырғанын көрсету көркемдік шындық шартына лайық. Әмірі бүкіл
бір дуанға жетіп тұрған Құнанбайға әлсіз Абайдың, ол тұста көрсетер
қайраты жоқ. Оның көзінен жас төгіп, қатты тебіренуі қатал зорлыққа
қарғысы еді. Қиянатқа сонша күйіне білген Абайдың, есейгенде әділетшіл
күрескер болып шығуы заңды.
Абай бара - бара өмір тартысында шынығып, қауым, әлеумет істеріне
араласа бастайды. Оның Бөжей асындағы адамгершілік парызын өтеу
әрекеттері, Байсал жылқыларын жайылымнан қуғысы келген
шабармандардың зорлығына тыйым салуы, Құлыншақпен, Сүйіндікпен,
Байдалымен парасат теңестіріп сөйлесулері үлкен тұлғаның қырларын аша
түседі.Ол көпке дейін ақыл қайратын еркін жұмсай алмай, болашақ үлкен
істерге дайындалып жүргендей. Дегенмен бұған қарап Абай іс-әрекеті аз
деуге болмайды. Ол күшті мен тістіні танып, олардың озбырлықтарынан
түршігіп қана қоймайды, кезі келгенде тежеусіз тоңмойындыққа тойтарыс та
береді. Әкесінің Байсалдан жалғыз қыстауды тартып алуға ниет ауғанын
көріп, Абай алғаш рет табанды қарсылық білдіреді: «Тартып алғыштың басы,
шынға келсек, Байсал емес, өзіміз ғой. Байсал алушы емес, алынушы болып
келмеп пе еді бұл күнге шейін? Өмір бойы бір-ақ қыстау сұрап, емінген
өзіңіз емес пе едіңіз? Сол бір қыстаудың зарынан сіздің қасыңызға еріп,
қолыңызды қостап, тіпті анау Бөжейді сабауға да барғаны кәні? Байсалға тиген
бір қыстауды қуған — зорлық,». Қаһарман мінезінің толысуы жағынан
қарағанда осы эпизод Абайдың ересек кездегі ірі істерінен маңызсыз емес.
Бірінші кітаптың соңында Абайдың, ой-санасы кемел тартқанын
танытатын көріністің бірі — оның жұт апаты туралы Қадырбай ақынмен
арадағы сөздері. Бүкіл елдің басына төнген ауыртпалық Абайды қатты
ойлантады, халықтың дәрменсіз халіне жаны ашиды.
«Абай жолының» үшінші, төртінші кітаптарында каһарманның өз өнері де,
ойшылдығы да, азаматтық күрескерлігі де кемелденген кезінің оқиғалары
суреттеледі. Бұл романдарда Абайдың демократиялық көзқарасының
қалыптасуы, халық мүддесі жолында бел шешіп тартыс алаңына шыққан
шақтары, халық өкілдеріне қамқорлықтары, соңынан ерген өнерлі қауымға
ұстаздығы тартымды бейнеленеді. Абайдың Қарамола сьезіндегі сөздері мен
әрекеттері қарапайым еңбекші басына түскен тосын ауыртпалық, —
қарашығынға қарсы шығуы, жатақ егіншілердің еңбек ақысын байлардан
өндіріп беруі, айдаудан келген Базаралыға қамқорлық көрсетуі, Оспанның
мал-мүлкін бөлікке салу тұсындағы туралықтары, Семей қаласына оба ауруы
тараған кезде елді апаттан аман сақтап қалуға қажыр-қайрат жұмсауы,
Мәкен қыздың дауы әділ шешілу үшін жан салып араласуы, Тобықты мен
Көкен руларының арасында болған белгілі жер дауында зорлықшыларды
жығып беруі сияқты кесек-кесек оқиғалар каһарман тұлғасын жан-жақты
аша түседі.
Абайдың қоғамдық ой-санасын, халықтық көзқарастарын,
демократиялық орыс мәдениетінен алған тағылымын, кеңірек алғанда,
азаматтық қайраткерлік тұлғасын бейнелеуде эпопеяның төртінші
кітабының мәні ерекше. Мұнда да барлық оқиға барынша Абай әр түрлі
халде араласады. Ол бұқара қауымның тілек-мүддесі жағына біржолата
шығады, шығармаларының мазмұны да реалистік реңмен неғұрлым
ажарлана түседі. Ата ұлы болмай, халық ұлы болуға ақынның Абдрахман,
Мағауия сияқты балалары, Дәрмен секілді достары да бейімделіп, жаңашыл
күштердің қоғамы ұлғая түседі. Семей қаласына кәсіп іздеп келген
жатақтар, кәсіпорын жұмысшылары, қайықшылар, жүк тиеушілер Абайдың
тілектес, ниеттестері болады.
Семейдегі оба ауруының зардабы айтылатын тұста Абайдың дінге
көзқарасы айқын танылады. Шала молдалардың халық қамымен ісі
жоқтығы, өз құлқынын ғана көздейтін, елдің мәдени дамуына тосқауыл
екені нанымды әшкереленген.
«Абай жолының» төртінші кітабындағы ең шырқау, шоқтықты оқиға —
Тобықты мен Көкен елінің жер дауы. Бұл — шығарманың орталық
каһарманы Абайдың, азаматтық, ойшылдық, халықшылдық қайраткерлігін
сынға салған оқиға. Бұрын көбінесе Тобықтының өз адамдарының
арасындағы дау-шарды көріп, солармен күрескен Абайдың алдында нағыз
жолайрық тұрады. Тобықты зорлық, етіп Көкеннің талай қонысын иемденіп
алғанын білетін Абай өз руының жуандарына, онын ішінде өзінің ет бауыр
жақындарына бұра тартпай, зәбір көргендер жағына шығады. Өзі өмір сүріп
отырған ортаның бірі емес, барлық байларына қарсы майдан ашу айрықша
қиын еді. Кектескен байлардан өз басына анық қатер келетінін сезе тұрса да,
ол әділ төреліктен жалтармайды.
Абайдың өмір өткелдерін, әлеуметтік майдандары әр алуан күрделі
істерін оның нағыз адамдық ықыластарымен, үміт-арманымен, күйініш-
сүйінішімен бірлестіре көрсету арқылы суреткер оның тұлғасын типтік
характер дәрежесіне көтерді, ақын, ойшыл, қоғам қайраткерінің асыл
бейнесін жасады.
Құнанбай және басқа үстем тап өкілдері. Романда Құнанбай бейнесі
өткен ғасырдағы қазақ қоғамына тән күллі ескіліктің қорғаны ретінде
көрсетіледі. Ол — бір ауыл басшысы ғана емес, рулық-феодалдық көне
дәуір қалыптастырған салт-сананың да берік сақшысы, ірі тұлға.
М.Әуезовтің қазақ әдебиетіне әкелген жаңалықтарының бірі ұнамсыз
кейіпкерлердің нанымды бейнесін жасау болса, Құнанбай осының айқын
мысалы. Қазақ әдебиетінің «Абай жолына» дейінгі тәжірибесінде билеуші
ақсүйек қауым адамдарын көбіне бірыңғай қаралап, бірден мансұқтап көрсету
жиі орын алатын. Реалистік әдебиеттің сан қырлы суреттеу дәстүрін терең
меңгерген М. Әуезов бұл мәселеге жаңаша келді. Ол ұнамсыз кейіпкердің
шын болмысын жағдай мен ортаға, мінезге сәйкес табиғи түрде ашты.
Құнанбайдың түр-тұлғасы мен мінез қырлары алғашқыда кейде Абай
көзімен, енді бірде авторлық баяндау арқылы беріледі. Осы тұста оның
келбеті даралана елестейді. Алыс қаладан ауылын сағынып келген баласын
көргендегі Құнанбай қалпы оның салқын ұстамдылығын аңғартады.
«Байтас пен Жұмабай тақай бергенде Абай да қасына келіп қалып еді. Үшеуі
бірдей жамырай сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да,
қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына
да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып: «Балам, бойың өсіп, ер
жетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай болып білімің де өсті
ме?— деді». Бұл көрініс Құнанбайдың сырын сыртқа оңай шығара
қоймайтын сабырлылығын сездіреді. Осы алғашқы әсерді келесі суреттер
толықтыра түседі.
Ендігі бір орайда Құнанбай атақты ру басыларды жинап алып, сөйлеп
отырған жерінде көрінеді. «Түсі суық, Қарасұр жүзіне бозғылданып түгі де
шығып алыпты. Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зіл бар.
Кейде Абайға қызық көрінетін бір мақалдар, мәтелдер айтылып кетеді».
Суық қабақпен зілдене сөйлеп, ойларын шешен дәлелдеудегі Құнанбай
мақсаты — жазықсыз Қодар мен Қамқаны кінәлі етіп көрсетіп, оларды ру
көсемдерінің ризалығымен жазалатып, түптің түбінде Бөкенші-Борсақтың
жерін тартып алу.
Құнанбайдың ру жағынан Қодарға жақынырақ Сүйіндікке қарата
айтқан сөздерінен оның шешімділігі, қатал тегеурінділігі анық танылады.
«Ей, Сүйіндік! Албасты да қабаққа қарай басатын. Қыры жоқ, қасиеті
жоқ басшы болса, ыбылыс, жын иектемей нетеді? Адал десек, аман десек
жан берейік. Ақтайық. Ақыретте айыбын өз мойнымызға алайық. Бірақ,
менің екі бірдей жаным жоқ. Майысар болсаң, жаныңды да берерсің.
Беремісің жаныңды»,—деп қадалады ол Сүйіндікке. Құнанбайдың, осындай
алғыр сөздері, көздеген нысанасына жетпей тынбайтын табандылығы
қаншама қырғын таластың себепшісі болады. Үстем тап қауымының өкіліне
тән жалпы озбырлық. Құнанбайдың жеке басының, ерекшелігімен ұштаса
келіп, нанымды сурет болып шығады.
Өз дәуірінің ел билеушілік айла-амалын толық білетін, сөзге жүйрік,
қарсыластарының шама-шарқын есептеп, дегеніне жетіп үйренген
Құнанбайдың кедей Қодарды шариғат «атымен» айыптап жазалатуы, ол
үкімді елдегі ру атқамінерлердің атынан шығаруы, ақырында талай қоныс,
жайылымдарды тартып алуы оның ерекше қаталдығын айқындайды. Оның
бейнесінен сахарадағы елді емін-еркін билеп-төстеп үйренген үстем тап
өкілдерінің жиынтық, типтік белгілері танылады.
Бірақ соншама қаһарлы көрінген Құнанбайлардың момын елді, әлсіз
руларды бір шыбықпен айдай беретін дәуреніне тосқауыл туатын кезең
жеткені романда өмір оқиғаларының, өзімен-ақ дәлелденеді. Ендігі
жерде қазақтың томаға-тұйық ескі тұрмыс қалпында өзгерістер туа
бастаған. Сол жаңа сананың, жаршысы болып өз баласы Абайдың, шығуы
Құнанбайға жат көрініс де өмір ағысы оған бұрынғы тәртіптердің тозығы
жеткенін сездірмей қоймайды. Ол бұған дейін мәңгі бұзылмастай көрініп
келген, өзінің қасиет тұтқан ұғымдарына басқаша, сын көзімен қарайтын
қауымның шыққанын еріксіз мойындайды. Бірінші кітаптың, соңындағы
Құнанбай мен Абай арасындағы пікір таласынан бұлардың
дүниетанымындағы орасан алшақтық көрінеді. Құнанбайдың
ұстаймын, сүріндіремін-ақ деп таққан міндерінің ескірген түсінік
екенін Абай оңай дәлелдейді. «Құнанбай тыңдап болды да, күрсініп
қойды»,— дейді жазушы,— шарасыздық, ажары білінді. Бірақ үн қатқан
жоқ, Абай қоштасты да жүріп кетті.
Дөң басында ауыр оймен жалғыз отырып қалған Құнанбай қиналған
күйде. Тағы жеңілді. Баладан ғана жеңілген жоқ. Ендігі өліермендігі өшіп
барады. «Әлсіредің, тозарлық, шағыңа жеттің» деп тықсырып келіп, шетке
қағып барады.
Өз баласының аузынан естіген үн — сол бір «дәуренің өтті»,— деген
суық сарынның қатал лебі еді.
Құнанбай дүниені алшаң басқан күндеріндегі әдетінен айнығысы
келмесе де, өмір талаптары оны жеңілуге мәжбүр етеді. Ол қартайып,
Мекеге жүруге дайындалып жатқанда жетім баланың ақысын сұрай келген
Дәркембайдың орынды тілегіне қарсы айбар көрсете алмайды.
Құнанбайдың өз баласы Абайдан, немересі Әмірден күдер үзіп, теріс
«бата» берген тұсы әке мен бала арасының әбден суығанын ғана емес, ескі
мен жаңаның бітіспес қайшылыққа жеткенін де аңғартады.
Эпопеяда үстем таптың басқа да өкілдерінің іс-әрекеттері көрсетіледі.
Құнанбайдың замандас, тұрғыластары, талай тартысқан ру басылары да өз
ерекшеліктерімен нанымды елестейді. Олардың тұр-келбетін, бар
болмысын жазушы портреттік мінездемемен-ақ ұтымды сездіреді. «Сақал-
шашы бір реңдес, қара бурыл Сүйіндік Құнанбайға тесіле қарамайды.
Көзін төмендете береді... Бөжей де оншалықты өзге емес. Түсі ақ сұр
келген, қоңыр сақалды, кесек мұрынды. Бөжей — осы отырғанның бәрі-
нен сұлу. Бетінде әжімі де аз. Бірақ Абайдың көзін оған көп тартатын бір
нәрсе — мұның бітікшелеу, кішкене келген көздері. Құнанбай ұзақ сөйлеп
отырған кезде Бөжей қыбыр етіп қозғалған жоқ. Көзін де төмен салған
қалпынан бір көтермеді... Құнанбайға бұлардың ішінен көз алмай,
қырындай қарап отырған — дәл төрдегі Байсал. Байсалдың денесі ірі,
қапсағай. Көкшіл түсті үлкен көздері әрі салқын, әрі сыр берместей
сабырлы».
Өзара қанша алысып, арпалысса да бұлар құнанбайшылдық жолдың
адамдары, қарауындағы елді емін-еркін билеп-төстеп келгендер. Түпкі
мүдделері бір бұл шонжарлардың тартыс-таласы жайылым жерге, кең
қонысқа сұқтанудан ғана шығады. Романда өзара қырбай, өш болып
жүрген ру басылардың шынтуайттап келгенде тілектері бір жерден
шығып, тез ымыраласып, татуласып кететіндіктеріне мысал көп. Тәкежанның көп жылқысын Базаралылар кектесіп шауып алуын
құптаған Жігітек байлары артынша-ақ жалт бұрылып, бойын аулақ
салады. Түптеп келгенде таптық мүдделестік тіл ұшында ғана айтылатын
«ағайындықтан» мықты екенін жазушы аса шебер бейнелейді.
Эпопеяда үстем тап өкілдерінің бірнеше буынының іс-әрекеттері
қамтыла баяндалады. Тәкежан, Майбасар, Әзімбайлардың маңайындағы
кедей елге жасаған сан зорлықтары — Құнанбайшылдықтың жаңа
кезеңдегі көріністері. Бейбіт елдің шырқын бұзып, берекесін кетіретін,
халық мұңшысы Абайдың өмірін улайтын, тілінен зәр төктіретін, сарсанға
салатын — осы секілді өр көкірек, надан байлардың қылығы. Олар
Абайдың өжет жақтаушысы болғанына, момындар ақысын алып бергенше,
зулымдықты тайға таңба басқандай әшкерелегеніне кектеседі. Абай
өлеңдерінде сыналатын қоғам бойындағы осы тәрізді сырқаттар романда
айқын сипатталады.
Абайдын болыс, билерді, елді алатайдай бүлдіретін атқамінер
пысықтарды өшпестей етіп таңбалаган өлеңдер жазуы, кемдік көріп
тарығып, қорлықтан торыққандарды жан сала қорғауы, бұзықтардың
қылмыстарын мойнына қойып беруі, жер мен жесір дауында
қылмыстыларды әшкерелеуі, жебір жемқорларды парадан, оңай олжадан
қағуы үстем тап өкілдерінің оған деген өштігін өрнектеді. Абайдың
тамырын терен жайған зұлымдықтарды тыя алмай, тыныштықтан
айрылып, шер жұтатын шақтары жиі кездеседі. Бұл да нағыз өмір
шындығы, өйткені қанша дана, парасатты, көреген болғанымен, Абай
қолында озбырлықты ауыздықтайтын күш жоқ. Сондықтан да оны
сүріндіруді көксеген қасқай күштердің шеңбері барған сайын қалыңдай
түседі.
Эпопеяның өн бойында Абайдың шындық, әділдік үшін арпалысы
желі болып тартылған. Ақынның таланты кемелденіп, шығармалары
халыққа кең тараған сайын, замана дерттері таңбаланған сайын оған ор
қазушы дұшпандары да көбейеді. Жақыннан да, алыстан да бой көрсеткен
сондай жауларының бірі - Оразбай. Өзінің қатал өктемдігі, кекшіл
бірбеттілігі жағынан ол Құнанбайдан кем түспейді. Бір кезде Құнанбай
жазықсыз Қодарды жалған кінәлап өлімге бұйырса, енді Оразбай Абай
сөзін айтып, таратқаны үшін ғана кедей жігіт Сейітті тірідей көмдіруден
шімірікпейді. Жазушының оны: Оразбай болса, ол әлдеқалай аңдамай
басқан, байқамай адасқан кісі емес. Ол — өзінің жаманшылығын анық,
берік жалын қылып ұстаған кісі. Оның аты Оразбай емес, жауыздық»,— деп
сипаттауы — әділ берілген баға.
Абайға деген асқынған өшпенділік Оразбайларды кектендіргені
Соншалық, олар ұлы ақын, азаматты соққыға жығудан тайынбайды.
Адамдық пен жауыздықтың ұзақ, қатал айқасы осындай жат әрекеттерге
жеткізуі таңқаларлық емес. Романдағы үстем тап өкілдерінің сан алуан
ұнамсыз істері қоғамның әлеуметтік қайшылығы мен теңсіздік дүниесінің
кесір, кесапатын танып білуге көмектеседі.
«Абай жолында» еңбекшіл халық өкілдерінің жарқын бейнелері бар.
Бұлардың іс-әрекетін, үміт-арманын, қоғамдағы орнын көрсету — романда
жетекші сарындардың бірі. Қарапайым халықтың қайнаған ортасын
таныстыру, мұңы мен сырын сездіру, жүрек түкпіріндегі тілек-талабын айту
эпопеяның бір жарқын сипаты. Халықтың шынайы өкілдері Дәркембай
мен Базаралы тұлғалары неғұрлым толыққанды бейнелер қатарына
жатады. Абайдың халықпен тығыз байланысы осы секілді адамдармен
тілектес, пікірлес болуынан да айқын көрініс береді.
«Абай жолында» жүйелі көтерілген тақырыптың бірі өнер
адамдарының тағдыры, өнердің қоғамдық қызмет, мұратын көрсету
мәселесі. Жасында Барлас, Шөже секілді ақындардың өткір шыншыл
сөздеріне, тапқырлығына, батылдығына қатты қызығып, өшпес тағылым
алған Абайдың солардың дәстүрін құрмет тұтып өткен шығарманың көп
тарауларында жанды көрініс береді. Кейіннен орыс әдебиетінің асыл
үлгілерін оқып, еркін нәрленген кезде Абайдың сөз өнерінің қоғамдағы
орны мен міндеті туралы түсінігі тереңдей түседі. Ол өзінің
шығармаларында ақын-суреткердің алдына қойылатын биік талаптарды
мүлде жаңаша көтерді. Халықтың мұңын шақпағын, үмітін айтпаған,
шындықты көрсетпеген өнер тұл деп білді. Осы саладағы көп міндетті
болашақ өнерлі жастар орындар деп сенді. Романда Абай үлгісімен өнер
жолын құрған жастардың қызықты бейнелері жасалған. Бұл қатарда, Әбіш,
Дәрмен, Мағаш, Кәкітай, Мұхаметжан тұлғалары көзге түседі. Дарынды
ақын Дәрмен Абай дәстүрін дамытып, қатал заманның қайырымсыз
билерін әшкерелейтін, жастардың бас бостандығын мадақ ететін дастан
жазады. Абайдың балалары Мағаш пен Әбіш те халықтың перзенті болуға
талаптанған ақылды, тәрбиелі, талантты жастар тобында шоқтықтанып
көрінеді. Олар — орыстың демократиялық мәдениетін ұлт тұтқан, халқы-
на қызмет етуді мұрат еткен жастар. Әбіштің де, Мағаштың да әке үмітін
ақтарлықтай жақсы қасиеттері ашылған.
Әбіш бейнесі романның соңғы кітабында көп толысып, нақтылы істер
үстінде көрінеді. Әсіресе ол Мәкен мен Дәрменді озбыр күштердің ұлы
тырнағынан айыруға көп күш, айла жұмсайды. Әкенің жақсы тағылымын
санасына сіңірген Әбіш өзі де әділет үшін қандай қиын сайысқа да
тайсалмай шығатынын байқатады. Мәкен қыздың дауы кезінде қорқытпақ
болған Оразбайға ол: «Мен пәле қуғам жоқ. Бірақ пәле тудырам деушімін
алысуға шықтым. Біліп қойыңыз, ардан, аяныштан аттаған жыртқыш
жауыз болса, оған қарсы мен де әкемсіз-ақ шыға аламын. Аянбастан,
өкінбестен алыса білемін» деп жігерлі жауап береді.
ІІІ. Қорытынды
Осы курстық жұмысты қорытындылай келгенде, мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы толық мәлімет бердім және де ақынның прозалық ерекшеліктеріне тоқталып, оған мән бере білдім. Жоғарыда айтып кеткендей, мен Мұхтар Әуезовтың ағартушылық, адамгершілік сарыны, туған халқын, Отанын сүйгіш сезімі, қорлыққа, әділетсіздікке төзбеуі, жаман мінез, қылықтар мен әлеуметтік міндерді сынап, сықақ ету дәстүріне, шығармаларына талдау жасаттым.
Қорытып, тұжырымдап айтсам, Мұхтар Әуезовтың көркем прозасы, соның ішінде әсіресе «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетіне көптеген жаңалық қосты. Солардың негізгілері қатарында шығарманың реализмі артуын, қаһарманның мінез-құлқын, даралық келбетін нақтылы талдауды жетілдіргені, табиғат көріністерін кейіпкердің көңіл күйіне орай жанды суретке айналдыру шеберлігін, әдеби тілді байытуын айту керек. Әлеуметтік құбылыстарды адам характерінің ерекшелігімен тығыз байланыстыра көрсету — кемелденген әдебиет белгісі. Осы өрнектерді мол да жүйелі дәстүрге айналдырып, жазушы әдебиетіміздің дамуында тұтас дәуір тудырды. Мұхтар Әуезов алғашқы әңгімелері мен повестерінің өзінде-ақ адамның ішкі өмірін, көңіл толқынын әсемдеп суреттеуге ұмтылды. Жазушы шеберлігі кейіпкер портретін жасаудан да көрінеді. Көркемдік шындық мұраты каһарман пішінін жанды әрекет, қозғалыс үстінде айкындауды талап етеді. Реалистік әдебиетте портреттің өзінен де адам мінезін елеулі өзгешелігі аңғарылуы керек. Осы талап «Абай жолында» аса шебер орындалған. Мұнда кейіпкер түр-пішінін сипаттау түрлі үлгіде беріледі. Кейде жазушы каһарманның сырт кескінін толық келтірсе, енді бір тұста кейбір белгісін атап өтумен шектеледі. Ал каһарманның бет-жүзіндегі, бойындағы ерекшелікті екінші бір адамның көзімен бағалату — суреткердің жүйелі қалыптастырған әдісі. Сондай-ақ портретті түрлі жағдайда қайталап, әрбір қырынан толықтыра отыру да кездеседі.
«Абай жолы» бүкіл тарихи романшылар алдында тұрған идеялық-көркемдік міндетін шешуде де көрнекті қызмет атқарды. Абай және оның заманын бейнелеу арқылы жазушы қазақ тарихының белгілі бір кезеңіндегі ілгеріншіл және кертартпа күштердің ара жігін сипаттап, оқиғалар мен қаһармандарды талғап, екшеуде асқан шеберлік көрсетті. Барлық суреттелген құбылыстардың орны мен мәні тарихи принціп тұрғысынан беріліп отыруы шығарманың тәрбиелік бағасын арттырды. Халықтың азаттыққа, бақытқа деген арманы мен күрестерін алғы кезекке шығарып көрсету, бұрынғы мен бүгінгінің жанды жалғастығын сездіру мәселесінде де «Абай жолы» бүкіл әдебиетке жақсы жаңалықтар қосты.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Серік Қирабаев «Революция және әдебиет» Алматы «Жазушы»
Нұрқатова А. «М.Әуезов шығармашылығы» 1965 жыл.
Қаратаев М. «Мұхтар Әуезов» 1967 жыл.
Бердібаев Р. «Қазақ тарихи романы».1979 жыл. 3-136 беттер.
Бес ғасыр жырлайды. І том. – Алматы, 1981 жылы.
Бес томдық шығармалар жинағы. І том. – Алматы, 1983 жылы.
/ Бейімбет Майлин / / Қаратаев М. Дала жұлдызы , – Алматы, «Ғылым» баспасы, 1982 жылы.
Жұмалиев Қ. Жайсаң жандар. – Алматы, «Жазушы» баспасы, 1969 жылы.
Қаратаев М., Нұртазин Т., Қирабаев С. Қазақ совет әдебиеті. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 1968 жылы.
Қазақ поэзиясының Құлагері. / / Қаратаев М. Әдебиет және эстетика. – Алматы, «Жазушы» баспасы, 1970 жылы.
Қирабаев С. Әдебиет және дәуір талабы. – Алматы, «Жазушы» баспасы, 1976 жыл.
Осы жүйрік ақын. / / Дербісалин Ә. Мезгіл және қаламгер. – Алматы, «Ғылым» баспасы, 1968 жыл.
Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай. / / Нұрғалиев Р. Арқау. – Алматы, «Жазушы» баспасы, 1991 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |