7. Біріншілік кардиомиопатияның (идиопатиялық дилятациялық, идиопатиялық рестриктивті, идиопатиялық гипертрофиялық) диагностикалық критерилерін анықтаңыз.
Кардиомиопатиялар– жүректің тәж артерияларының ауруларына, жүрек қақпақтар аппараты мен перикард ауруларына, артериялық гипертензияға немесе қабынуға жатпайтын, жүректің қызметін бұзатын оның бұлшық етінің бірінші ретті зақымдануы.
Кардиомиопатияның үш түрін ажыратады: дилатациялық, гипертрофиялық және рестрикциялық кардиомиопатиялар.
Дилатациялық кардиомиопатия (ДКМП; қан іркілмелі, конгестивті)– жүрек қуыстары кеңіп, жүректің систолалық қызметі бұзылатын және үдемелі жүрек әлсіздігі болатын миокардтың жайылмалы ауруы.
Науқас адамдардың ең жиі шағымдары - әуелі күш түскенде, кейін тыныш күйде болатын ентігу, жөтел, қан қақыру, жүректің шалыс соғуы және жүрек соғуының ұстамасы. Сырқат адамдардың шамамен жартысында жүрек тұсының ұзақ, айқын иррадиациясы жоқ сыздап, кейде сипаты анық емес ауыруы байқалады. Ауырғандықтың денеге күш түсуімен онша байланысы болмайды. Науқастың кейбірінде нағыз стенокардия ұстамасы болады, ол миокардтың оттегіне қажеттігі мен оны қамтамасыз етудің арасындағы қайшылыққа байланысты туындайды. Ісінулер мен оң жақ қабырға астының ауыруы ерте орын алады. Дененің әр жеріндегі тромбоэмболияларда сәйкес шағымдар пайда болады.
Қараған кезде біртіндеп үдейтін акроцианоз, тері түсінің қуқыл тартуы мен сарғыш реңді болуы, аздап ісінгендік, кейін аяқтардың ісінуі байқалады. Жүрек ұшы жайылмалы, солға және төмен ығысқан, оң қарынша гипертрофиясында жүрек солқылы анықталады. Мойын веналарының ісінуі мен оң мәнді вена пульсі болуы мүмкін.
Перкуссиялық мәліметтер жүрек гипертрофиясы мен дилатациясының сипатына тәуелді болады. Жүрек ұшында және IV аускультациялық нүктеде қос және үш жармалы қақпақтардың шартты кемістігіне байланысты систолалық шу мен І тонның әлсірегені естіледі, өкпе артериясының үстінде ІІ тонның акценті (кіші қан айналымы шеңберіндегі гипертензия), жүрек өте әлсірегенде шоқырақ ырғағы естіледі.
Кіші қан айналым шеңберінде қан іркілісі болатындықтан өкпе үстінде ылғалды сырылдар пайда болады, оң қарыншалық жүрек әлсіздігінде бауыр үлкейеді, ісіну және асцит бой көрсетеді.
Науқас адамдардың 1/3-інде тромбоэмболия белгілері көрініс береді.
Достарыңызбен бөлісу: |