20 сұрақ-жауап 7-шығарылым даиш – аса қауіпті лаңкес ұйым Астана – 2016


ДАИШ неліктен террористік ұйым деп танылды?



бет2/3
Дата02.07.2018
өлшемі446 Kb.
#45497
1   2   3



1. ДАИШ неліктен террористік ұйым деп танылды?


2015 жылдың 15 қазанында «Ислам мемлекеті» немесе «ДАИШ» атауымен белгілі халықаралық ұйым Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен террористік деп танылды және Қазақстан аумағында оның іс-әрекетіне тыйым салынды. Сондықтан бүгін аталмыш ұйымға қолдау білдіруге әрекеттенген кез келген тұлға заң аясында жауапқа тартылады.

«ДАИШ» – жаңа замандағы жаһандық терроризмнің бейнесі ретінде «аль-Каида» және тағы басқа онға жуық экстремистік ұйымдардан құралған діни-милитаристік ұйым. Бұл ұйымның әсілі қандай мақсаттарды көздейтінін анықтау әрі іс-әрекеттеріне толымды баға беру үшін оның соғыс аймағындағы белсенділігіне назар салу қажет. «ДАИШ-тың» Таяу Шығыс халықтарына қарсы жүргізіп жатқан қантөгіс әрекеттері мен саяси-қаржылық мүдделерге негізделген мотивтері оның дін атын жамылған террористік топ екенін айғақтайды. Оның идеологиясы соттың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған «Лашкар Тайиба», «Әл-Каида» және оның Ирактағы қанаты «Ан-нусра» секілді бірқатар террористік ұйымдардың идеологиясымен ұштасады. Яғни бұл ұйымдардың барлығы «Ас-салафи әл-жиһадия» тобына жатады. Олар – ислам әлемінен оқшауланған салафилік көзқарастарды ұстанушы жамағаттар.

Қазіргі таңда БҰҰ және Еуропалық Одақ, сондай-ақ АҚШ, Сауд Арабиясы Корольдігі, Мысыр, БАӘ, Пәкістан, Иордания, Ресей және т.с.с. елдермен қатар, әлемдік және араб ақпарат құралдарының барлығы «ДАИШ-ті» террористік топқа жатқызады. Сонымен қатар 2015 жылдың 20 қарашасында өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 7565-отырысында мақұлданған қарарда «ДАИШ» ұйымы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жаһандық және зор қатер төндіреді» деп айқын атап көрсетілген.

Сирияда 2011 жылы басталған азаматтық соғыс кезінен бері бұл ұйымның жүргізіп жатқан қанды-қасап қырғын салдарынан бір миллионнан астам адамның өмірі қиылып, соғыс тауқыметін шеккен төрт миллиондай халық елін, жерін тастап, босқынға айналып кетті. Таяу Шығыс аймағындағы «ДАИШ-тің» жаулап алу әрекеттері нәтижесінде террористік ұйымның ықпалына түскен елді-мекендерде тұратын өзге дін өкілдерінің жаппай қырылуын «геноцид» деп бағалауға болады. Жергілікті халықтардың ішінде әсіресе христиандар, езидтер, күрділер, шииттер, түркімендер, друздар және т.б. діни азшылықтағы топтар қатаң қудалауға ұшырады.

Сонымен қатар, өзін «Ислам мемлекеті» деп білетін террористік ұйым дінге тікелей әрі жариялы түрде қарсы бағытталған агрессияны танытуда. «ДАИШ» исламда қасиетті саналатын Рамазан және тағы басқа айларда әсіресе жұма күндері мешіттер мен бейбіт тұрғындар тұратын ғимараттарда жарылыстар ұйымдастырған. Оған мысал ретінде 2014-2015 жылдардың аралығында Сауд Арабиясы Корольдігіндегі «Имам Али», «Имам Хусейн», «әл-Машһад», сондай-ақ Кувейттегі «Имам ас-Садық» атты мешіттерде орын алған террорлық актілерді атап өтуге болады. БҰҰ сарапшыларының Ирак аумағында жүргізген зерделеу жұмыстары нәтижесінде әзірленген баяндамадағы ресми деректер бойынша «ДАИШ» 2014 жылдың басынан 700-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жанын қиған.

Бұқаралық ақпарат құралдары соңғы уақытта «ДАИШ» лаңкестерінің әлемнің түрлі аймақтарында террактілерді жүзеге асырып жатқандығын жиі көрсетуде. Өткен жылдың өзінде осы ұйымның содырлары Тунис, Франция, Кувейт, Йемен, Ауғанстан және т.б. елдердегі қанды оқиғаларды іске асырып отыр.

2014 жылдың қыркүйегінде дүниежүзінің 126 ірі ислам ғалымдары бірлесе отырып, «ДАИШ» ұйымының басшысы Абу Бакр әл-Бағдадиге (шын есімі Ибрахим Аууад әл-Бадри) ашық хат жолдады. Аталмыш хатқа қол қойған дін ғалымдарының ішінде Мысыр, Түркия, Нигерия, Болгария, Косово елдерінің мүфтилері, әр түрлі халықаралық діни ұйымдар мен қорлардың өкілдері, пәтуа бойынша мемлекеттік органдардың басшылары, университет профессорлары бар.

Бұл үндеуде ислам ғұламалары діни пәтуа шығарудың талаптарын орындамау, адам өміріне қастандық жасау, заңсыз әскери жиһадты бастау, адамдарды дінге күштеп әкелу, құлдық тапты қайта жаңғырту, әйелдер мен балалардың құқығын таптау, өз бетінше мемлекет құру секілді мәселелердің ислам шариғатына қайшы екендігін түсіндіріп, ұйым өкілдерін тәубе етуге шақырған. Алайда «ДАИШ» идеологтары мен содырлары бүгінде ешбір елдің ислам ғалымдарын мойындамай, үндеудегі талаптарға бойсұнудан бас тартты.

Осыған орай Араб мемлекеттерінің лигасы, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, ИСЕСКО, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің форумы, Дүниежүзілік Фиқһ Академиясы, Мысырдағы «Дар-уль-Ифта» және тағы басқа халықаралық исламдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі беделге ие болған дін ғалымдары бірауыздан «ДАИШ-ті» дінге қас, тек саяси мүдделерді іске асыру үшін құрылған террористік ұйым ретінде таныған.

Терроризм – кез-келген формада және көріністе халықаралық тұрақтылық пен бейбітшілікке аса үлкен қауіп-қатер төндіретін құбылыс. Лаңкестік кез-келген әрекет сарынына, сондай-ақ қашан және кім тарапынан жүзеге асырылатынына қарамастан ауыр қылмыс болып саналады.

Сондықтан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жоғарыда аталған отырысында ұйымға мүше елдерді «ДАИШ» террористік тобымен күресу үшін «барлық қажетті шараларды» қолдануға шақыратын қарар жобасын бірауыздан мақұлдаған. Сондай-ақ бұл құжатқа «ДАИШ-ті» қаржыландыруға қарсы бұған дейінгі қабылданған шаралар мен оған жаңадан өзге елдерді жұмылдыруға арналған ұсыныстар енген.
2. ДАИШ қандай саяси мақсатқа қол жеткізуді көздейді? Халифат құру немесе қоғамда халифат жүйесімен басқару ислам дінінің негізінде бар ма?
Алты жыл бұрын орын алған «Араб көктемі» атты дүлей боран бірнеше мұсылман мемлекетінің шаңырағын ортасына түсіріп, шат-шәлекейін шығарды. Базбір саясаттанушылар бұл дүрлігуді демократиялық дүмпуге балағанымен, кейбір елдерде «Араб көктемі» бақыт бүрін жарған жоқ, қайта қайғының қара түнегін орнатты. Мысалы, Сирия жерінде «Араб көктемі» алапат қырғынға ұласып, қасірет шежіресі әлі жалғасын тауып жатыр. «Араб көктемі» дүмпуі Сириядағы Асад династиясын құлата алмаған соң әлемдік алпауыт күштер көтерілісшілерді қолдап, Шам елінің ішкі ісіне араласпақ болды. Алайда, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде Ресей мен Қытай мемлекеттері өзге әскери күштердің Сирия аумағына аяқ басуына қарсы тұрды. Осыдан кейін «ДАИШ» лаңкестік ұйымы тарих сахнасына шығып, Шам еліндегі билікті ауыстыру мәселесін одан сайын күрделендіре түсті.

Шынтуайтында, «ДАИШ» бір күнде пайда болған жоқ. Бұл – «Араб көктемі» және өзге де жобалар өз нәтижесін бермеген соң іске асырылған құйтұрқы нән ойынның бірі. Сарапшылардың айтуына қарағанда ДАИШ-ті ойынға қосу үшін алдын ала жан-жақты дайындық жүргізілген. Өйткені, алдын-ала ұйымдастырылмастан тоқсан елдің террористері бір уақытта Сирия мен Иракта бас қосып, үлкен көлемдегі әскери іс-қимылдарды жүзеге асыруы әсте мүмкін емес. Мұсылман мемлекеттерімен қоса ислам діні аз таралған елдерден әп-сәтте содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бір мезгілде бас түйістіруі осыны әйгілесе керек. Ал, сыбдырын білдірмей, үлкен ойынды ұйымдастыру үшін қараниет күштердің адамдарды арбаудың ең озық технолгогияларын пайдаланғаны анық.

Әбу Мұса әз-Заркауи тарапынан 2004 жылы Иракта «Таухид и-жиһад» деген атпен «Әл-Кайданың» бір қанаты ретінде құрылған лаңкестік топқа 2011 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдади жетекшілік жасағаннан бастап ұйымның атауы «ДАИШ» (Әл Дәулат Әл Исламма фил Ирақ уәл Шам) болып өзгертілді. «ДАИШ» – негізінен Латакия жерінде исам халифатын құруды көздейді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қазір лаңкестік ұйым Ирак пен Сирия үкіметінің әскери күштерімен және өздерін қоштамаған өзге де топтарға қарсы қанды қырғын соғыс жүргізуде.

Әсілі, «ДАИШ» тарих сахнасына шыққан күннен сын садағына ілінді. Содырлық топтың сойқан іс-әрекеттері Сирия мен Ирак жеріне қарақұйын пәлекет алып келді. Ұйымның әрбір ісі көпшілік қауымға қорқыныш пен үрей салды. Былтырғы жылы 126 мұсылман ғұламасы «ДАИШ»-тің іс-әрекеті ислам құндылықтарымен ұйыспайтынын айтып жаһанға жар салды. Қазір ұйымның экстремистік пиғылда, іс-қимылы террорлық сипатта екендігі әмбеге аян. Алайда, «ДАИШ» өздерінің жасап жатқан қанды қырғынын ислам дінімен байланыстыруын доғарар емес. Ең сорақысы «ДАИШ» лаңкестері қанды-қасапты «халифат» атынан жасап бағуда.

Нағында, «ДАИШ»-тің өздерін «ислам халифаты» деп жариялауы дін негіздермен мүлде сәйкеспейді. Оған қарсы бірнеше дәйекті уәж келтіріп өтер болсақ:

Біріншіден, мұсылман ғұламаларының көпшілігі Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.): «Үмбетім халифатта отыз жыл өмір сүреді. Одан кейін патшалық билік пайда болады» (Сафина р.а. жеткізген) деп айтқан өсиетін негізге алып, «халифат құрамын» деген бастамаларды қостамайды. Расында да ислам тарихында Мұхаммед пайғамбардан (с.а.у.) кейін Хз. Әбубәкір, Хз. Омар, Хз. Осман, Хз. Әли дәуірінде мұсылман үмбеті отыз жыл халифат дәуірінде өмір сүрді. Одан кейінгі омаядтар мен аббасидтер және т.б. мұсылман мемлекеттері халифат шарттарын сақтай алған жоқ. Себебі, шариғат бойынша халифат құрушы көшбасшының билігі келесідегідей шарттардың негізінде ғана лигитимді болып есептеледі:

А) Құрайыш тайпасынан болу;

Ә) Баят (көпшіліктің сенім білдіруі);

Б) Шура (кеңесу);

В) Әділеттілік орнату.

Жоғарыда аталған Мұхаммед пайғамбардан (с.а.у.) соң мұсылман үмбетіне көшбасшы болған Хз. Әбубәкір, Хз. Омар, Хз. Осман, Хз. Әлидің тұлғалық келбеті осы төрт шартқа лайықты болғандықтан олар халифтік билікке қол жеткізе алды. Одан кейінгі билеушілер бұл шарттарға толық сай болмағандықтан, халифат билігін орната алмады. Олай болса, ешқандай мұсылман ғұламалары кеңесінің (шура) батасын алмаған және көпшілік қауымның сеніміне ие (баят) болмақ түгілі Сирия мен Ирак жерлерін күшпен жаулап алып, мұсылмандарды қойша қырған «ДАИШ»-тің сықпыты шариғат шарттарындағы халифат ұғымымен мүлде жуыспайды деген сөз.

Екіншіден, шариғатта «дарул-муслимин» деген ұғым бар. Бұл термин – мұсылмандар өмір сүретін мемлекет деген мағынаны береді. Алғашқы кемеңгер төрт халифтан кейін өмір сүрген омая, аббаси, фатими, ғазнауи, қарақан, мәмлүк, осман, т.б. патшалықтар халифат саналмағанымен, мұсылман мемлекеттері болып есептеледі. Мұсылман мемлекеті (дарул-муслимин) деп бір жоғары саяси ұйымды тану үшін үш шарт сақталуы керек. Олар:



А) Халықтың басым бөлігінің мұсылман болуы;

Ә) Мемлекетті мұсылман басшының басқаруы;

Б) Діни ритуалдардың орындалуына жағдай жасалуы. 

Қазір «ДАИШ» лаңкестері біраз аумағын күшпен жаулап алған Сирия мен Ирак мемлекеттерінің халқының басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Мемлекет басшылары мұсылман және діни құлшылықтарды орындауға ешқандай кедергі жоқ. Яғни, Сирия мен Ирак елдері мұсылман мемлекеттерінің (дарул-муслимин) санатына жатады. Ал, шариғатта мұсылман мемлекеттеріне қарсы діни соғыс жасауға болмайды. Демек, «ДАИШ»-тің шариғат бекіткен шарттарсыз халифат құруы, мұсылмандарды қасиетті күреске үндеуі, заңсыз әскери құрылымдар құруы ислам негіздеріне қарама-қайшы келеді. Тіпті, түбірімен қате, мүлде адасқандық десек асыра айтқандық емес.

3. ДАИШ-тің идеологиясы әхл-и сүннет ақидасымен үйлесе ме?


Қазіргі кезде Таяу Шығыс аймағындағы өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялаған ДАИШ ұйымының (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) жасап жатқан іс-əрекеті бүкіл əлем назарын өзіне аударып үлгерді. Дін атын жамылған ДАИШ содырларының қаншама жазықсыз жандардың өмірін аяусыз қиып, қанішерлік әрекеттерге барып отырғаны белгілі. Исламның атын жамылған бұл ұйымның ұстанымдары мейірімділікке, ізгілік пен бауырластыққа шақырып, адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын ислам дінінің сенімімен үйлесе ме?

Бұл содырлық топтың ислам дінімен ара-қатынасы тек сөз жүзінде ғана. Олардың іс-әрекеттері түгелдей ислам қағидаттарына қайшы келеді. Олар жалған жиһад ұранымен жазықсыз халықты қырып, қанға бөктіруде. Мұсылманды кəпір санап, әйелдер мен балаларды олжа етіп, дүние-мүліктерін талан-тараж етіп, бейбіт елдің өмірін талқандауда.

ДАИШ халықаралық террористік ұйымы 2006 жылы «әл-Каида» және басқа да он бір экстремистік ұйымдардан құралып, 2014 жылдың 29 маусымында өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялады. ДАИШ  бұл діни және рухани мақсатты ұстанбайтын, тек қана пайдаға кенелуді, билікке қол жеткізуді, оңай олжа табуды көздейтін террористік ұйым. Оның әрекетінің нәтижесі  басқыншылық, күш қолдану және адам төзгісіз қаталдық.

ДАИШ ұйымының идеологиясы «тәкфір» ұғымына негізделеді. Олардың түсінігінше иман келтіру  кәлиманы тілмен айтып, жүрекпен бекіту және амал жасау. Мұсылман адам кәлиманы тілмен айтып, жүрекпен бекіткенімен, ислам дінінің парыздарын орындамаса, онда иманды болып саналмайды. Мұндай адамдарды олар «бидғаттарды және күнәлі істерді жасаушылар» деп атайды. Сөйтіп, оларға қарсы жиһад жасауды парыз санап, оларды өлтіруге, әйелдері мен мал-мүліктерін тартып алуға болады деген сенімді ұстанады. Олар жеке адамдармен қатар билік өкілдерін, оның ішінде саяси жетекшілерді, қарулы күштер мен құқық қорғау органдары өкілдерін де кәпірге шығарады. Мұсылман елдерінде мемлекетті зайырлы жолмен басқаратын барлық үкіметтерді «кәпір» деп айыптайды, зайырлы билікке бағынуды діни құлшылықпен заңсыз теңестіріп, кез-келген зайырлы билікті «тағұт» деп айыптап, зайырлы мемлекеттің барлық дерлік өкілдері мен оның заңға бағынатын азаматтарын «кәпір» немесе «пұтқа табынушы» деп айыптайды. Сондай-ақ, ДАИШ-тің бұл пікірін құптамаған өзге мұсылмандар, бұл ұйымға кірмеген жəне олардың шейхтарына мойынсұнбаған əрбір мұсылман «кәпір» саналып, оларды өлтіру өздері үшін «халал іс» болып табылады.

Ал, әхли сүннет сенімі бойынша діни амалдардың парыз екендігін мойындамаған адам діннен шығады. Аллаға иман келтіріп, амалдардың парыздығына шынайы сенген адамның бұл амалдарды орындамауы оны діннен шығармайды, яғни «кәпір» деп айыптауға негіз бола алмайды. Ол адам амалдардың парыздығын қабылдағанымен, оларды жалқаулық, немқұрайлылық немесе тағы да басқа себептермен орындамауы мүмкін. Бұл оның күнәһар болуына алып барады. Әхли сүннет сенімінде адам Алла тағаланың барлығын, Құран мен хадистерді, пайғамбарлар мен періштелерді және тағдырды ашық түрде жоққа шығарған жағдайда ғана күпірлікпен айыпталады. Ислам сенімі бойынша иман келтірген мұсылман адамды кәпір деп айыптауға болмайды. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбар: «Кімде-кім бауырына: «Ей, кәпір!» десе, егер ол адам шынымен кәпір болмаса, онда айтқан адамның өзі кәпір болады» деп қатаң ескерткен.

Сонымен қатар ешқандай мәзһабты ұстанбайтын ДАИШ ұйымының идеологиясы исламдағы дәстүрлі төрт мәзһабтың мәнін бұрмалауға негізделеді. Олар өздерінің тек Құран мен сүннетті басшылыққа алатынын, ал Құран мен пайғамбар сүннетінде мәзһабтар туралы ештеңе айтылмайтынын, ондай түсінікке орын жоқ екенін алға тартады. Құран мен сүннетті оқығанда мағынасының анығына жетпей өз бетінше сөзбе-сөз түсінуге, ақыл-парасатты қолданбауға тырысады. Соның салдарынан ондай адамда діни мәселелерде теріс пікір қалыптасады. Жекелеген ғалымдарды ғана болмаса, ислам ғұламаларының көпшілігін мойындамайды.

Ал, әхли сүннет  Құран мен Мұхаммед пайғамбардың сахих хадистерін ұстанып, соларға сүйенушілер, Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларының сенім мәселесінде ұстанған жолымен жүрушілер. Бұл туралы бір хадисте «Жұмаққа баратын топ менің және асхабымның жүрген жолымен жүргендер» деп көрсетілген.

Мәзһаб ұстану  бөлінуге емес, керісінше бірігуге бастайтын жол. Құран мен сүннетке негізделген ханафи, малики, шафиғи және ханбали мәзһабтары мұсылмандар арасында береке-бірліктің орнауына, ішкі тұрақтылықтың сақталуына өзіндік септігін тигізген. Мәзһаб ғалымдары дін аясында қоғамның этникалық ерекшелігін, ділі мен жағдаятын, уақыт пен кеңістікке байланысты туындаған жайттарды ескере отырып, кейбір мәселелерге қатысты түрлі үкімдер шығарған. Сондықтан да мәзһаб ұстану адамзат баласын рухани біртұтастыққа жетелеуші күш болып табылады.

ДАИШ ұйымы адамдарды негізсіз айыптап, бейкүнә адамдарды өлтіріп, жаппай қыруға жол береді. ДАИШ содырларының ғаламтор бетіне жарнама ретінде салып отыратын бейнероликтері олардың асқан қатыгездігі мен қанішерлігін айқын көрсетеді. Жазықсыз жандар аяусыз атылып, асылып, бастары кесіліп, бауыздалып жатады.

Ал, ислам діні ешқашан да бүлік шығарып, жарылыс жасауды насихаттамайды. «Ислам» деген сөздің өзі «сәләм» сөзінен туындайды, ол бейбітшілік, тыныштық деген мағынаны береді. Ал, мұсылман адам болса осы бейбітшілікті өз бойына сіңіріп, іс-әрекетінде осы сипатты көрсететін адам. Исламда жазықсыз адам өлтіру үлкен қылмыс, ауыр жаза болып саналатындығы Құранның Мәида сүресінің 32-аятында: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең» деп баяндалған. Ислам ғалымдары бұл аятты: «Яғни, жазықсыз бейкүнә адамның өмірін қиған бүтіндей адамдарды өлтіргендей ауыр күнәға батады, ал бір адамды өлім аузынан құтқарған жан күллі адамзатты құтқарғандай сауапқа кенеледі» деп түсіндірген.

Бұл тақырыпқа қатысты Құрандағы мынадай аяттарды мысал ретінде келтіруге болады:

«Шынында жаза, адамдарға зұлымдық қылып, жер жүзінде орынсыз шектен шыққандарға лайық. Міне солар үшін жан түршігерлік азап бар» (Шура, 42);

«Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер» (Әнғам, 151);

«Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл – Аллаға оңай» (Ниса: 29-30);

«Егер олар сендерден аулақ тұрса әрі сендермен соғыспаса, тіпті сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла Тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа ешқандай жол бермеді» (Ниса, 90).

Адам өміріне қастандық жасау, адамдарды кепілге алу және тағы басқа зорлық-зомбылық, лаңкестік әрекеттерге қатысты Құранда қатаң жаза қарастырылған. Ал егер террорлық әрекеттердің салдарынан бейкүнә жандар зардап шексе, бұл әрекеттердің жазасы күшейе түседі. Өйткені Құранда «Кім бір иманды адамды əдейілеп өлтірсе, оның жазасы жаһаннам болып, ол онда түпкілікті қалады. Əрі Алла оған ашуланып, оны лағнеттейді жəне ол үшін өте үлкен азап əзірлейді» (Ниса, 93) деген ескерту бар.

Ислам тарихында Мұхаммед пайғамбар өзінің қоштасу қажылығында халыққа қарап, адамның өміріне, жеке мүлкіне және ар-намысына қиямет күніне дейін қол сұғылмауы тиіс екенін айтқан: «Қиямет күнінде адамдар арасында алынатын есептің біріншісі – адам өлтіру» (Мүслимның риуаяты).

ДАИШ ұйымы дінді зорлап қабылдатуға күш салады және өзге дін өкілдерімен өзара келісім орнатуды қабылдамайды.

Ислам дінінде дінді зорлықпен қабылдату деген болмайды. Әр адам иманға өз қалауымен, шын ықыласымен келуі керектігі Құранның Бақара сүресінің 256-аятында «Дінде зорлық жоқ» деп көрсетілген. Мұхаммед пайғамбар да басқа дін өкілдеріне әділетті болу керектігін ерекше ескертіп, бір хадисінде «Кімде-кім бір зыммиды өлтірсе, жәннаттың иісін де татпайды» деп зұлымдық жасауға қатаң тыйым салған.

Ислам шариғатының қайнар көздері – Құран мен сүннетте өзге дін өкілдерімен қарым-қатынастың негізгі қағидаттары белгіленген. Құранда «Кітап иелері» деп аталған иудей және христиан діні өкілдерімен бейбіт қатар өмір сүрудің исламда орнықты дәстүрлері қалыптасқан.

Құранда: «Іштеріңдегі зұлымдық істегендерден басқа кітап иелерімен ең көркем түрде (ғылыми, сыпайы) талас жүргізіңдер. Оларға: «Өзімізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Сендердің Құдайларың да, біздің Құдайымыз да біреу-ақ. Біз соған ғана бойсұнушылармыз», – деп айтыңдар» («Анкабут» сүресі, 46-аят), – делінген. Мұхаммед пайғамбар мұсылмандарға: «Сендерге кітап иелерін, яғни христиандар мен еврейлерді аманат етемін»,– деп өсиет қалдырған. Екінші бір хадисте: «Кімде-кім Кітап иелерін жәбірлесе, ақыретте мен оның дұшпанымын», - деп қатаң ескерткен.

Мұсылмандар 622 жылы Меккеден Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін өзге дін өкілдерімен Мәдина келісіміне қол қойды. VII ғасырда жасалған бұл құжат исламдағы бейбітшілік пен төзімділікті, исламның адам құқығына құрметі мен диалог мәдениетін, өзге дін өкілдеріне көзқарасын, сондай-ақ сенім бостандығы мен ар-ождан еркіндігін қамтамасыз еткен қағидаттарды қамтыды.

ДАИШ ұйымы 2014 жылы өздерін шариғатқа негізделген жалғыз ислам мемлекеті  «Ислам халифаты» деп жариялап, өзінің қызметінде діни сарындарды пайдалануда. ДАИШ өз әрекетін діни тұрғыда негіздеуге тырысқанымен, олардың іс-әрекетінің ешқандай діни негіздермен үйлеспейтіні байқалып отыр.

Әхли сүннет сенімі бойынша халифалықты барлық мұсылмандармен бірлесе отырып «Шура» (арнайы кеңес) өткізбей жариялауға болмайды. Халифалықты халықтың келісімінсіз жариялау фитна (бүлік) болып табылады. Өйткені мұндай шешімнің салдарынан оған келіспеген мұсылман үмбетінің басым бөлігі жарияланған халифалықтан тыс қалып, ел ішінде бір-бірімен араздасатын бірнеше халифалықтың пайда болуына жетелейді. Елдің бірлігі мен берекесі бұзылып, туындаған бүлік қоғамды ыдырауға әкеп соғады. Құранның «Бақара» сүресіндегі 217-аятында осыған қатысты: «Бүлік шығару – адам өлтіруден де ауыр күнә» делінген. Бүгінгі ДАИШ-ке қатысты оқиғалар желісінде мұндай бүлік Мосул имамдарының бұл ұйымға бойсұнбау әрекетінен басталды. Нәтижесінде ДАИШ мүшелері олардың барлығын өлім жазасына кесті.

Құранды бұрмалап түсіндіре отырып, адамның санасына шетін көзқарастарды сіңіріп жүрген ДАИШ ұйымының әрекеттері исламдағы әхли сүннет сенімімен үйлеспейді. ДАИШ-тің жүргізіп жатқан қарулы қырғыны исламның шариғи қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді. Сондықтан мұндай әрекеттер исламға, мұсылман қауымына және жалпы адамзатқа қарсы жүргізіліп жатқан террорлық акт ретінде бағаланады. Осыған сәйкес Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 15 қазандағы шешімімен ДАИШ террорлық ұйым деп танылды.
4. ДАИШ содырларының әрекеттері «жиһадқа» жата ма?
Қазіргі таңда экстремистік және террористік ұйымдар Құрандағы «жиһад» сөзін пайдаланып, желеу ету арқылы азаматтарды Таяу Шығыста болып жатқан қақтығыстарға қатысуға, соғысқа баруға үндеуде.

Бүгінде өзін «Ислам мемлекеті» деп жариялаған ДАИШ ұйымы да өз әрекеттерін «жиһадқа» теңеп, бұған дәлел ретінде діни мәтіндерді өздерінің пайымы мен мүдделеріне сәйкес бұрмалап түсіндіру арқылы өз қарамағына діни сауатсыз адамдарды жинауда. Осындай радикалды ағымдардың үгіт-насихаттарының нәтижесінде саналары уланған сауатсыз азаматтар ата-анасын, туған жерін тастап, Алла жолында «жиһадқа» аттануда. Олардың түсінігіндегі «жиһад»  «кәпір» деп санаған адамдарын аяусыз қыру, қатар тұрғызып ату, адам толы көлікті жарып жіберу, әйелдерді, балаларды құлдыққа салу, оларды жан түргішерлік азаптармен қинау сияқты қатігездіктен, озбырлықтан тұратын әрекеттер. Ал шын мәніндегі жихад ұғымы өзге дін өкілдеріне, намаз оқымайтындарға қарсы соғыс дегенді білдіре ме?

Жиһад – араб тіліндегі «жуһд» түбірінен шыққан «белгілі бір мақсатқа жету үшін күш-жігерін салу, күресу» деген мағынаны білдіретін сөз. Ал шариғаттағы мағынасы – ақиқат үшін күресу, исламға шақыру, ислам дінінің туын жоғары көтеру, дінді, жанды, отанды, мал-мүлікті т.б. қорғау үшін малымен, жанымен күресу.

Жиһад дегеніміз – ең алдымен өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен безендіру. Қысқасы, жиһад – мұсылманның өз нәпсісімен үздіксіз күресі.

Мұхаммед пайғамбар бірде соғыстан шаршап-шалдығып келе жатқан сахабаларына: «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық» деген кезде, сахабалары: «Уа, Расулуллаһ, «үлкен жиһад» деген не?» деп таңдана сауал қойды. Пайғамбар: «Ол – өз нәпсіңмен күрес» деп қысқа да нұсқа жауап қайырды. Пайғамбар тағы басқа бір хадисінде: «Нағыз жиһад жасаушы кісі – өзінің нәпсісімен күресуші» деп нәпсімен күрестің маңыздылығын тағы бір рет айшықтай түскен.

Исламда жиһадтың екі түрі бар. Біріншісі – рухани жиһад, яғни нәпсімен күрес. Екіншісі – материалдық жиһад. Бұл – мұсылманның әлсізге қорған болу және жаудың зұлымдығын тоқтату мақсатында жан-тәнімен, мал-мүлкімен дінін, отанын, отбасын жаудан қорғауы. Жиһадтың бұл түрі – парыз. Оны көпшілік ғалымдар (ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали, т.б.) екі түрге бөліп қарастырады:

1. Парыз айн (әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, орындауы міндетті болған істер). Егер жау елге қарсы соғыс ашқан жағдайда, мемлекет басшысы отанды қорғауға шақырса, әрбір мұсылман дінін, отанын, жанын, бостандығын қорғауы тиіс. Ол жайында Құранда: «(Әй, мүміндер!) Жеңіл жағдайда да, ауыр жағдайда да, мал-жандарыңды аямай, Алла жолында күресіңдер. (Жас бол, кәрі бол, жаяу немесе көлікті бол, жағдайларың қолайлы, қолайсыз болсын, ерікті-еріксіз болыңдар, бәрібір күресіңдер) Осыларың сендер үшін хайырлы, егер білген болсаңдар» («Тәубә сүресі», 41-аят) делінген.

2. Парыз кифая (әрбір мұсылманға тікелей жүктелмеген, жалпылама міндеттелген істер). Мұны кейбір мұсылмандар орындаған жағдайда өзгелер бұл жауапкершіліктен құтылады. Егер ешкім орындамаса, барлық мұсылмандар кінәлі болады. Яғни дұшпанға қарсы мемлекет басшысының арнайы дайындаған әскері болса, солардың қызмет етуі арқылы басқа мұсылмандардың мойнынан соғысу міндеті түседі. Оған дәлел ретінде Құранда мынадай аят келтірілген: «Онымен қатар мүміндердің біртұтас жауға аттанулары тиісті емес. Сонда әр топтан дін ғылымын үйреніп, олар қайтып келгенде; олардың сақсынулары үшін ескертулері керек емес пе?» («Тәубе сүресі», 122-аят). Бұл аяттан барлық уақытта бірдей жиһадтың «парыз айн» бола бермейтінін аңғаруға болады.

Жиһадтың дұрыс болуы үшін мынадай шарттар болуы қажет:

- Имамның (мемлекет басшысының) болуы әрі рұқсаты болуы тиіс. Шариғатта имамның (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Имамға (мемлекет басшысына) бой ұсыну міндет, тек күнә істерге бұйырмаған жағдайда. Ол жайлы Құранда: «Әй, мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар» («Ниса» сүресі, 59-аят) делінген. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте пайғамбар былай дейді: «Жиһад әрбір жақсы болсын немесе жаман болсын, басшымен бірге болуы тиіс» (Әбу Дәуіт риуаяты).

- Мақсаты айқын болуы қажет. Яғни дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және дінін қорғау мақсатында болуы тиіс. Әйтпесе шектен шығушылық болады.

- Дұшпаннан төніп тұрған қауіп нақты әрі анық болуы тиіс.

Егер осы шарттар орындалмаса, онда бұл іс шариғаттағы жиһад шеңберіне кірмейді, керісінше бұзақылық пен қиянатшылдыққа жатады. Құранда: «Алламен және оның пайғамбарымен алысқандардың, жер бетінде бұзақылық жасағандардың жазасы – оларды өлтіру немесе дарға асу, әйтпесе, оң қолы мен сол аяғын кесу, сүргінге айдау болмақ. Бұл оларды дүниеде, масқара ететін жаза болса, Қияметте одан да зор азапқа душар етеді» («Мәида», сүресі 33-аят).

Ислам дінінде «Алла жолында жиһад ету» ұғымы кең көлемде қолданылады. Құранда жиһадқа байланысты аяттар бірнеше рет қайталанып келгенімен, тек төрт жерде ғана «соғысу» мағынасын білдіреді. Оның өзінде «жиһад» сөзі кәпірлерге қарсы қырып-жою әрекетін жасауды немесе бейбіт халықты қырғынға ұшыратуды, мал-мүлкін олжалауды білдірмейді. Керісінше, жиһад жаудың қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және дінді қорғау мақсатында жасалады. Сол себепті ислам ғалымдары жиһадты парыз еткен аятқа сәйкес жағдайда туындағанда, өзге дін өкілі болса да қару көтермеген мынадай адамдарды өлтіруден тыйған: мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілдері, соғыспауға келісім шарт түзілген одақтастар, біреудің жеріне мұсылман не өзге дін өкілі болсын амандық мақсатында кіргендер, қолында қаруы жоқ бейбіт тұрғындар және өз бетімен жүрген, ешкімге зияны жоқ бейкүнә адамдар.

Исламда қарулы соғысқа тек қорғану, шабуыл жасаған жауға қарсы соғысу мақсатында ғана рұқсат етіледі. Құранда: «Сендермен соғысқандарға қарсы сендер де Алла жолында соғысыңдар. Бірақ, шектен шықпаңдар. Алла Тағала шектен шыққандарды жақсы көрмейді» делінеді. Жазалау және түрлі зұлымдықтарға жол бермеу мақсатындағы соғыс тек Алланың разылығы үшін Оның рұқсат еткен жағдайларында ғана болуға тиіс. Жай кезді былай қойғанда, соғыс жағдайында да ислам озбырлық әрекеттерге жол бермейді. Айталық, соғыста әйелдерді, жас балаларды, соғысқа қатыспаған қарт кісілер мен дін адамдарын өлтіруге қатаң тыйым салынған. Өсіп тұрған ағаштар мен егін алқаптарын өртеуге, түйе, сиыр сияқты малдарды өлтіруге, әр түрлі өзге діннің ғибадатханаларын қиратуға жол бермеді. Дұшпан әскерлерінің өлі денелерін қорлауға да қатаң тыйым салған.

Пайғамбар соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынандай ескертулер жасады: «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүслә» (өлі денелерін қорлау) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер». Мұхаммед пайғамбар соғыс жүргізу тақырыбына қатысты көптеген адамгершілік қағидаттарды насихаттай отырып, мұсылмандарды соғысқан жағдайда қатыгез және қиянатшыл болмауға, шегінгендер мен жараланғандарды өлтірмеуге, қарттар мен әйелдерге, бала-шағаға зорлық танытпауға, ғимараттарды құлатпауға, ағаштарды кеспеуге, қажеттіліксіз үй шаруашылығына зардап тигізбеуге, тонаушылық жасамауға бұйырды.

Осы айтылғандарға негізделе отырып, бүгінгі таңда дін атын жамылып жалған «жиһад» жариялап, бейбіт күнде жазықсыз жандардың қанын төгіп жүрген күйретуші мақсаттағы ДАИШ ұйымының жүргізіп жатқан іс-әрекетін жиһад деп санауға болмайды деуге толық негіз бар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жиһад туралы шығарған пәтуасында теріс пиғылды, радикалды ағымдардың арбауында жүрген жастардың Діни басқарманың, ата-ананың рұқсатынсыз өзге елге жиһадқа аттануы дұрыс емес екендігі жайлы үкім айтылған.


5. Азаматтардың соғыс аймақтарына кетуі ислам шариғаты бойынша «хижра» болып санала ма?
Қазіргі кезде көптеген азаматтардың өз елін мұсылман елі емес деп санап, ДАИШ ұйымының қатарына қосылу үшін Сирия жеріне қоныс аударып жатқаны белгілі. Бұған радикалды ағым уағызшыларының ғаламтор желісі арқылы бейнероликтер таратып, білімі таяз азаматтарды Сирия, Ирак жерлеріне «хижра жасауға» шақырып, нағыз ислам мемлекетінің, «тамаша» өмірдің сонда екенін айтып, жарнамалауы ықпал етуде. Бүгінде Құрандағы «жиһад» және «хижрет» ұғымдарын экстремистер мен террористер өз мүдделеріне бұрмалап қолданып, өздерінің әскери жақтастарының санын көбейтуге күш салып отыр. Олардың мақсаты  ел ішінде бүлік тудыру, діндес адамдар арасында арандатушылық туғызып, бір-бірімен соғыстыру. Олар өздерінің бұл әрекеттерін ислам дініндегі хижра жасау түсінігімен теңестіреді.

Сирия жеріне «хижра» жасаушылардың қатарына «Жиһад ән-никах» немесе «жыныстық жиһад» жасау ұранымен жалған насихатқа еріп саналы түрде немесе алдану арқылы дін атын жамылған содырлар лагерлерінде, сондай-ақ олар жаулап алған территорияларда жыныстық қызмет көрсетуге аттанған мұсылман қыз-келіншектерді де жатқызуға болады. ДАИШ-тің идеологиясы бойынша «жыныстық жихад» ол – әйел адамдардың «жихад жасауға» өмірін арнаған әскерге (содырға) тұрмысқа шығып, дүниеге ұрпақ әкелу және оларды «шынайы ислам» қағидаттары бойынша тәрбиелеу болып табылады.

Алайда хижра жасау ұранын ту етіп соғыс аймақтарына аттанушылардың мұндай әрекеттерінің ислам діні сеніміндегі хижрамен ешқандай байланысы жоқ екені айқын.

Хижра – сөздікте «тоқтату, қалдыру», «қоныс аудару» деген мағынаны білдіреді. Ислам терминологиясында бұл сөз «мұсылмандардың дінге қатынасына байланысты өзгелерден қысым көріп, қорлық тартудан құтылу үшін өзге мекенге қоныс аударуы» деген ұғымды береді.

Танымал ислам ғұламаларының бірі әл-Ғиз бин Абдуссаләм хижраны екіге бөліп қарастырған:

1) Рухани хижра – адамның дінсіздіктен имандылыққа, надандық ұстанымдарды тастап, Мұхаммед пайғамбардың сүннетіне (жолына), күнә істерден бас тартып, жалғыз Жаратушыға бойсұнуға көшуі. Дін ғалымдарының пікірінше хижраның бұл түрі ең маңызды әрі оны орындау барлық мұсылмандар үшін міндет болып саналады. Хижраның осы түріне қатысты Мұхаммед пайғамбар өзінің хадисінде: «Мұсылман дегеніміз – өзге мұсылмандарға тілімен де, қолымен де зиян тигізбейтін жан, ал шынайы муһажир (хижра жасаушы) болса Алланың тыйымдарынан өзін тыйған адам» деп айтқан (әл-Бұхари).

2) Шынайы хижра – мұсылмандардың белгілі себептерге орай басқа мекендерге қоныс аударуы. Хижраның бұл түріне қатысты шариғи үкімдер (дінбасы мен дін ғалымдарының шығаратын пәтуасы) қоныс аударылатын мекеннің ерекшеліктеріне қарай өзгермелі болып келеді.

Мұсылмандар үшін хижра жасау, яғни дінге қатынасына байланысты зорлық-зомбылықтар көріп, қорлықтардан дінін аман алып қалу үшін өзге жұртқа көшу әрекеті белгілі шарттармен ғана жүзеге асырылады. Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударуында көптеген нақты себептер болды. Ол кезде ислам дінін ұстанған алғашқы мұсылмандар өздері өмір сүріп жатқан қоғамнан көп зардап шегіп, ауыр сынға ұшырады. Діни ұстанымы үшін кейбір сахабалар түрлі жолдармен азапталып қорланса, кейбірі тіпті өлім жазасына кесілді. Өзге дінді ұстанған Мекке тұрғындары мұсылмандарға дінін еркін ұстануына, ғибадат жасауларына шектеу қойып, исламнан шығуға мәжбүрлеген. Сонымен қатар меккелік әр рудан бір өкіл адам таңдалып, олардың тарапынан Мұхаммед пайғамбардың өміріне қастандық жасалмақ болды. Меккедегі мұсылмандар ұстанған діндері үшін азапталып, өмірлеріне үлкен қауіп төнген соң, олар көршілес Мәдина қаласына көшуге мәжбүр болды.

Мұсылмандар өздері өмір сүрген қоғамда дін үшін қысым көріп, ол елде исламдағы бес парыздың (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық жасау) орындалуына тыйым салынса, сондай-ақ барлық мешіттер жауып тасталып, мұсылмандық мерекелерді тойлауға шектеу қойылса ғана басқа жерге хижра жасауы мүмкін.

Қазіргі кезде кейбір теріс пиғылды радикалды ағым уағызшылары елдің азаматтарын дінсіз елдің тұрғындары деп танытып, мұсылман үмбетін Таяу Шығыс, Сирия, Ирак немесе Ауғанстан секілді қазір соғыс жүріп жатқан аймақтарға көшуге үндеуде. Олардың мұндай бұрмаланған көзқарастарының қателігіне Мұхаммед пайғамбардың «Меккенің ашылуынан кейін хижра жоқ» деген хадисі дәлел бола алады. Бұл хадисте бір мұсылман елден басқа мұсылман еліне хижра жасауға ешбір қажеттіліктің жоқ екендігі анық айтылған.

Ислам ғұламаларының пікірінше, егер ел «дарул-харб» болса, яғни исламды қабылдамаған, сондай-ақ исламның таралуына қарсы тұрған мемлекет болса, ол жерде үнемі қысымның астында өмір сүрген мұсылмандар өзге жерге қоныс аударуы мүмкін. Алайда мұндай жағдайдың Қазақстанға қатысы жоқ. Себебі, Қазақстан исламдық жіктеу бойынша «дарул-аһд», яғни діни бірлестіктердің ұстанымы мемлекет мүддесіне қайшы келмейтін, конституциялық заңы олардың қызметіне шектеу қоймайтын мемлекет болып табылады. Яғни Қазақстанда діни сенім бостандығы толық қамтамасыз етілген.

Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің зайырлы, демократиялық мемлекет екендігі айқын көрсетілген. Онда көптеген ұлттар мен ұлыстар, он сегіз конфессияның өкілдері өзара келісім мен мәмілегерлікте, ынтымақта өмір сүріп жатыр. Ел аумағында заңды түрде тіркелген барлық діни бірлестіктер заң аясында еркін қызмет етуде.

Елімізде мемлекет құраушы қазақ ұлтының және басқа да бірқатар ұлттардың ата діні болып табылатын ислам дінін ұстануға, ғибадаттарын орындауға, діни мерекелерін тойлауға еркіндік берілген. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының преамбуласында ханафи бағытындағы ислам дінінің елдің рухани дамуындағы тарихи рөлі танылатыны атап көрсетілген.

Елімізде мұсылман адамның өз жаны мен дінін сауғалап, басқа елге қоныс аударуына итермелейтіндей себеп жоқ. Мемлекет тарапынан діннің насихатталуына, мұсылмандардың құлшылықтарын еркін жасауларына жағдай жасалған. Қаншама мешіттер салынып, медреселердің саны өсуде. Діни рәсімдер мен құлшылықтардың атқарылуына жағдай жасалған осындай елден «кәпір елі» деп басқа елге, «ислам жұртына» көшу  орынсыз, шариғатқа қайшы нәрсе.

Радикалды ағым өкілдерінің өзге елге хижрет жасауының себебі ретінде олардың жаңсақ діни көзқарастарына байланысты өздерінің қоғамнан оқшаулануын көрсетуге болады. Олар дін мәселесінде шектен шығып, «бидғат», «ширк», «кәпір», «тағұт» ұғымдарын бұрмалап түсіндіргендіктен қатардағы адамдармен тіл табыса алмай, шеттей бастайды. Туған-туыстарынан, жолдастарынан, тіпті ата-анасынан безе бастайды. Қоғамнан өз орнын таба алмай, баршаны өзіне дұшпан санауға дейін барады. Бұған өзін емес, қоғамды кінәлап, осы қиыншылықтан құтылу үшін бір жол іздеп, ол жолды басқа жаққа хижрет жасау деп қабылдайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хижра жасау туралы 2013 жылдың 7 қарашасында берілген пәтуасында «исламның негізгі рәміздері мен рәсімдерін атқаруға рұқсат етілген мемлекеттен өзге елге көшуге ешбір қажеттілік жоқ» деп көрсетілген. Сондықтан да азаматтардың Таяу Шығыс аймағындағы соғыс алаңдарына кетуінің ислам дініндегі хижрет жасау түсінігімен ешқандай байланысы жоқ деуге болады.


6. ДАИШ идеологтары қолданатын «шаһид» ұғымы ислам шариғатына сәйкес келе ме?
ДАИШ – барша адамзатқа соғыс жариялаған лаңкестік ұйым. Ол – мұсылмандардың да қанын төгуді адал санайтын террористер тобыры. ДАИШ-тың жасап жатқан әрекеттері ислам дініне кереғар екенін мұсылман әлемінің беделді ғалымдары дәлелдеп берді. Соған қарамастан ДАИШ ислам атын жамылудан танбай, діндегі «жиһад», «шаһид» сынды ұғымдарды бұрмалап, өз мүддесіне қолдануда.

ДАИШ бойынша «шаһид» дегеніміз – ДАИШ-тың идеологиясын қолдау жолында, яғни террористік іс-әрекетті жасау жолында жан тапсырған адам. ДАИШ идеологтары «шаһид» болуға ниетті адамды «сен Алла жолында құрбан боласың, өлгеннен соң жаннаттан бірақ шығасың» деп, содырлық әрекетті Алла жолындағы қайырлы іске теңестіріп, сендіреді.

Қазіргі кезде ДАИШ содырлары «шаһидтікті» бұрмалап, оның екі түрін насихаттауда. Оның бірі қазіргі Сирия, Ирак аумағындағы ашық майдандағы ұрыста қаза табу болса, екіншісі ДАИШ-тың бақылауынан тыс, ашық соғысуға мүмкіндік жоқ аймақтарда жарылыстар ұйымдастыру, өзін-өзі жару сынды әрекеттерді жасау болып табылады.

Осыған орай «шаһид» ұғымының исламдағы шынайы мәнін ашып, айқындау мақсатында әрі оның исламдағы рөлін анықтау үшін оның тілдік, терминдік мағыналарын дұрыс түсінгеніміз жөн.

«Шаһид» сөзі – араб тіліндегі «шаһада», яғни «куәгерлік ету» етістігінен туындаған ұғым. Исламда бұл ұғым ең алдымен сот үрдісіндегі куәгерге қатысты айтылады. Арабшада «исташһада» сөзі «хабарды, айғақты растау үшін куәгерлікті талап ету» деген мағынаны береді. Ал бір нәрсеге қол жеткізу жолында «истишһад етті» деген түсінік «сол мақсатқа жету үшін өмірін жұмсады» дегенді білдіреді. Сондай-ақ «шаһид» атауы Жаратушыны ұлықтаумен дінін, Отанын, ар-намысын және отбасын қорғау жолында қайтыс болған адамға қатысты қолданылады.

Дін жолында құрбан болу, яғни жанқиярлық қасиетті соғыс – «әскери жиһад» концепциясының аясында ғана өзіне тән мағынаға ие болуы мүмкін. Ал араб тіліндегі «жуһд» түбірінен шығып, «белгілі бір мақсатқа жету үшін күш-жігерін салу, күресу» деген мағынаны білдіретін «жиһад» ұғымы «соғыс жағдайында ақиқат үшін күресу, хақ дінге шақыру (яғни Алла дінін қорғау)» немесе «ислам дінінің туын жоғары көтеру» және «дінді, жанды, Отанды, мал-мүлікті, т.б. қорғау үшін малымен жанымен күресу» деген түсініктерді береді. Аталмыш ұғымдардың барлығы исламдағы «жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю» ұғымымен біте қайнасып жатыр.

Исламда жанды пида ету шариғаттың белгілі бір бөлімінің ішінде талқыланумен ғана шектелмейді. Ислам атауының өзі «бейбітшілік, ынтымақ, Жаратушыға бойсұну» деген мағыналарды береді. Сондықтан, «дін жолында өзін пида ету» концепциясын аңғару тек қана исламды толығымен дұрыс түсіну арқылы жүзеге асады.

Шаһид дегеніміз –ар-иманын нәпсісінен жоғары қойып, дін жолында жан алысып, жан берісіп күресіп, азап шегіп, құрбан болған адам. «Ақиқат жолында қан төккен шаһидтердің қиямет-қайым күні барлық күнәлары кешіріліп, жаны жәннаттан жай табады» деген деректер исламның түп-негіздерінде (Құран мен Сүннет) бар. Ислам дінін қабылдағанына мың жылдан астам уақыт болған қазақ халқының да арғы-бергі тарихында жауларға қарсы «ғазауат» («қасиетті күрес») жасап, қаншама ата-бабаларымыз шейіт болған. Әйтсе де, ғұламалардың берген пәтуасы бойынша соғыс майданында ерлікпен қаза тапқан мұсылмандар ғана емес, бейбіт күнде ұдайы Жаратушыны еске алып, қалтқысыз құлшылық жасап, жан азығын садықтық сорабынан алған жандар да шаһид болудың сауабын ала алады.

Ал бүгінгі ДАИШ түсінігіндегі өзін-өзі өлтіру – шаһидтік емес, керісінше ауыр күнә – қылмыс. Өйткені, біздің мемлекеттік құрылымымызға қарсы болып, «жиһад» деп өзін-өзі жарып жіберіп жатқан жанкештілер ешқандай да шаһид сауабына ие бола алмайды. Себебі, мемлекетімізде діни бірлестіктердің ұстанымдары мемлекет мүддесіне қайшы келмейтін, конституциялық заңдары діни ұйымдардың қызметіне шектеу қоймайтын құрылым болып табылады. Қоғамымызда мемлекет қызметіне, адам физиологиясы мен психологиясына кері әсерін тигізбесе кез келген діни рәсімге рұқсат берілген.

Дін бойынша өзін-өзі жарып жіберу «интиһар» деп аталады. «Өз-өзіне қол салу» мен «шаһид болудың» бір-біріне еш қатысы жоқ. Керісінше, бір-біріне мүлде керағар ұғымдар. Дін негіздері бойынша өз-өзіне қол салу ауыр күнәлардың санатына жатады. Құранда «Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз» (Ниса сүресінің 30-аяты) делінген. Мұхаммед пайғамбар: «Мүмінді лағынеттеу оны өлтіргенмен тең, кім мүмінге кәпірсің деп жала жапса, оның өлтірушісі сияқты болады. Және кім өз нәпсісін (өзін) бір нәрсемен өлтірсе, сол себепті Алла оны қиямет күні азаптайды», – деп, өз-өзіне қол салудың үлкен күнә екендігін қатаң ескерткен.

Ислам ілімі бойынша Жаратушы адамның себепсіз өз жанын қиюы былай тұрсын, он екі мүшесі мен ағзасын бұ дүниеде қалай пайдаланғандығы ақыретте міндетті түрде аманат ретінде сұралатындығы белгілі. Олай болса, аманатқа қиянат жасаудың ауыр күнә екендігін ескеру, «шаһид белбеуін» тағып, шімірікпестен өзін-өзі жарып жіберудің орны толмас зор қателік болып табылатындығын ұмытпаған жөн.

ДАИШ сияқты лаңкестік ұйымдардың сойылын соғу жолында өлімге бас тігіп, жарылғыш белбеуін тағынып, өзінің және айналасындағы бейкүнә жандардың өміріне қастандық жасаған адамды «шаһидке» теңеу – есті азаматтың үлкен қатесі деп білу қажет. Нағыз «шаһид» деп елінің көркейіп дамуы үшін еңбек ету, жерін жаудан қорғау жолында көз жұмған отандастарымызды атағанымыз абзал.


7. Ислам діні – ізгілік діні саналады. Сонда ислам атын жамылған ДАИШ ұйымы дін қағидаларын қалай бұрмалап отыр?
Әлемдік діндердің барлығы, соның ішінде әсіресе ислам діні адамзатқа ізгілікті, адамгершілікті, өзара кешірімділік пен мейірімділікті насихаттайды. Мұны исламның қасиетті қайнар көздері саналатын Құран аяттары мен хадис мәтіндерінен, дін ғалымдары мен ағартушыларының еңбектерінен айқын көруге болады. Онда Жаратушы адам баласына діни-моральдық қағидаттарды ұстанумен қатар, шариғатты – діни-құқықтық нормаларды орындау керектігі жайында жазған.

Қоғамдық қатынастардағы маңызды мәселелерде адам мүддесін қорғау – ислами құқықтық жүйенің басты мақсаты. Шариғи заңдардың барлығы жалпылай алғанда әрбір мұсылманшылықты ұстанушы адам өмірінің бес қажеттілігіне қауіпсіздік кепілдігін береді. Шариғат үкімдерінің негізгі мақсаттарына қоғам және адам үшін аса қажетті келесідей бес құндылық жатады:

1) Дінді қорғау;

2) Ақылды қорғау;

3) Жанды қорғау;

4) Мал-мүлікті қорғау;

5) Адал ұрпақ пен ар-намысты қорғау.

Исламды ұстанған ешбір мұсылман басқа мұсылманның жеке өміріне рұқсатсыз қол сұғып, жазықсыз жанын қиып, заңсыз дүние-мүлкін тәркілеп, дінін ауыстыруға мәжбүрлей алмайды. Сондықтан да ислам атын жамылған «ДАИШ» немесе «Ан-нусра» (Қазақстанда тыйым салынған) секілді террористік ұйымдар өзінің теріс пиғылдарын жүзеге асыру барысында қастандық әрекеттерін әділетті етіп көрсету үшін алдымен қарсыластарына «тәкфір» жариялап, оларды «дін дұшпандары» деп көрсетуге тырысады.

Араб тілінде «тәкфір» сөзі «біреуді дінсіздікпен, дінінен шығумен айыптау» мағынасындағы «кәфара» етістігінен шыққан. «Тәкфір» идеясы барлық дін атын бүркенген экстремистік және террористік ұйымдар мен ағымдардың идеологиялық негіздерінде кездеседі. Оның ықпалына түскен адам айналасындағылардың барлығын, тіпті ең жақын туған-туыстарын ұстанымдарына қарамай дәйексіз түрде «дінсіз», «діннен шыққан» деп жаппай айыптауға бейім тұрады.

Тәкфіршілік көзқарасты ұстанғандар діни негізде отбасынан, қоғамынан, әрмен қарай мемлекетінен оқшаулана түсіп, зайырлылық және басқа конфессияларға қатысты барлық нышандарға төзімсіздік танытып, көбіне радикалды, экстремистік, террористік ағымдардың қатарына қосылады.

Тарих сахнасында исламдағы қағидаттарды бұрмалап, діндарларды күпірлікпен айыптау тәжірибесін алғашқы рет халифа Әли ибн Әбу Талибке қарсы көтерілісті ұйымдастырған харижилер қолданған. Харижилер (араб тілінен аударғанда – «бөлініп шығушылар», «тастап кетушілер») мұсылмандардан бөлініп шыққан ислам тарихындағы тұңғыш діни-саяси топ. Олар мұсылмандар арасында бүліктердің таралу кезеңінде 657 жылы орын алған Сыффин соғысының нәтижесінде пайда болған. Ол уақытта халиф Али ибн Абу Талиб пен Муавия ибн Абу Суфьян (661 ж. Омеядтар әулетінің негізін салушы) арасында бітім жасалған соң, 12 мың жауынгер халифтың әскерінен бөлініп шығып, мемлекет басшысына қарсы көтеріліске шықты. Сонымен бірге харижилер алғашқы болып ислам тарихында саяси негізде қастандықпен кісі өлтіруді жүзеге асырды.

Ислам шариғаты пайдалы және зиянды істердің аражігін ажыратып, жақсысына жақын, жаманынан алшақ болуға үндейді. Мұны исламдағы «амру биль-мағруф уа наһи ъаниль-мункар» (ізгілікке шақыру, жамандықтан тыю) қағидатынан-ақ білуге болады. Құранның «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тыйатын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар» («Әлі Имран» сүресі, 110-аят) деген аятының мазмұны осыны айғақтайды.

Бұл қағидат исламдағы ахлақтың – мұсылманның көркем тұлғасының алтын өзегін құрайтын басты үндеулердің бірі. Ізгілікке шақыру қағидаты негізінде өзін діндар санайтын әрбір пенде жеке және қоғам өміріне қатысты белсенді азаматтық ұстанымы болуы керек. Шынайы мұсылман өз шама-шарқынша қоғамға пайда келтіргені жөн. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың өзі – жақсы амал. Исламда сауапты істер жасау – бауырмалдық, отбасы мен туыстарына көмек беру, мейірімділік пен қайырымдылық, қайыр-садақа жасау, зекет беру, адал еңбек ету, т.б. көптеген құндылықтарды қамтиды. Құранда: «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер» («Хаж» сүресі, 77-аят), «Мүміндерге өте мейірлі, кішіпейіл бол» («Хижр» сүресі, 88-аят) делінген. Осыған орай Мұхаммед пайғамбар: «Әр адам қандай да бір жамандықты көрсе, оны қолымен тоқтатуы керек. Оған шамасы келмесе, сөзбен тыюы қажет. Ал егер оған да шамасы жетпесе, жүрегімен қарсы болуы тиіс» деген. Сондай-ақ Құранда: «Сендерден жақсылыққа шақыратын сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар» («Әлі Имран» сүресі, 104-аят) деген аят осы қағидаттың шынайы мағынасын аша түседі.

Алайда қазіргі таңда шетін көзқарастағы ағым өкілдері аталмыш діни қағидаттарды өз түсініктеріне сай бұрмалап, Құран аяттары мен хадистердің үзінділерімен діни-саяси идеяларын дәйектеуде. Радикалды топтардың идеологтары қасиетті мәтіндердің үзінділерін дәйек ретінде келтіре отырып, діни төзімділікті жоюға, әрі діни негізде отбасылық қатынастарды үзуге үндейтін идеяларды насихаттауда.

Осыған орай олар ізгілікке шақыру қағидатын шетін көзқарасты тарату үшін қолданып, жамандықтан тыю ұстанымын адамды туған-туыстары мен қоршаған ортасынан, ұлттық және діни санасынан, ұлттық-рухани құндылықтардан оқшаулау үшін пайдаланады. Экстремистер исламдағы ахлаққа қатысты айтылған жамандықтан тыю қағидатын өздері «әділетсіз» деп таныған үкіметті, заңдарды, мемлекетті құлату үшін идеяның қуатты діни дәйегі ретінде бұрмалап қолданып отыр.

Сонымен қатар олар исламдағы «әл-уалә уәл-бараа» (достық және қатыссыздық) қағидатын өзіндік мағынасымен сенімдерінің ажырамас тірегі деп біледі. Мұндағы «достық» түсінігі Аллаға, Оның елшісіне, сондай-ақ барлық «таза исламды» ұстанғандарды дос тұту деген мағынаны береді. Ал «қатыссыздықтың» мағынасы – күпірлік еткендерді, көпқұдайшыларды, екіжүзділер мен бидғатшыларды, шариғатты ұстанбағандарды жек көру, олармен дұшпандық қатынастарда болу. Яғни радикалдар өздерінің діни сенімі мен көзқарастарын қабылдамағандармен барлық достық қатынастарды үзіп, оларға қарсы қолымен, тілімен және жүрегімен күрес жүргізуі қажет деп түсінеді.

Сондай-ақ шетін көзқарасты ағымдар «ат-таухид әл-хакимия» қағидатын ұстанады. Бұл қағидат бойынша барлық үкімдер тек Жаратушы тарапынан қабылданады. Ал егер үкім Алла түсірген заңмен шығарылмаса, олардың сенімі бойынша бұл күпірлік деп саналады. Сондықтан зайырлы немесе шариғаттан басқа заңнамалар негізінде өмір сүріп жатқан елдер экстремистер үшін «дар-уль-харб», яғни исламды қабылдамаған, әрі исламның таралуына қарсы тұрған мемлекет деп бағаланады.

Бүгінде мұндай пікірлерді әсіресе ғаламтор желісінде белсенді насихаттайтын тәкфіршіл ағымдардың бірі – «ДАИШ» ұйымы. Бұл ағымдардың насихаттап жүрген идеялары исламның шариғи қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді. Сондықтан мұндай радикалды ұйымдардың діни-насихат жұмыстарына барлық ресурстарды пайдалана отырып, тосқауыл қою еліміз үшін аса маңызды.


8. Зерттеушілер ДАИШ террористік ұйымының қатарындағы содырлардың діни көзқарастары радикалдық сипаттағы тәкфіршілік ұстанымдарынан туындайтынын айтады. Осы тұрғыдан алғанда тәкфіршілдер қандай шетін көзқарастарды уағыздайды және нені басшылыққа алады?
Ең алдымен радикалдық сипаттағы тәкфіршіліктің мәнін анықтап алған жөн. Тәкфіршілік – ислам діні жөніндегі мәселелерде өзінің ұстанатын діни түсінігі мен бағыт-бағдарына сәйкес келмейтін кез келген азаматқа (әсіресе мұсылманға) «кәпір» деген айып тағу арқылы оны діннен шығару болып табылады. Радикалдар өздерінің идеологияларында уаһабилік діни түсінікке сүйенеді. Дәстүрлі исламды ұстанатын өзге мұсылмандарды «дінсіз» деп жариялайды.

Тәкфіршілер «біз тек Құран мен сүннетті басшылыққа аламыз, ал Құран мен пайғамбар сүннетінде мәзһабтар туралы ештеңе айтылмаған, ондай түсінікке дінде орын жоқ» деген идеяны алға тартады. Олар дәстүрлі исламда бұрыннан қалыптасқан мәзһаб түсінігіне қарсы шығып, дінге сенушілер арасында іріткі салып адастыруда. Тәкфіршілер әулиелерді құрметтеуді, бейіт басында Құран бағыштауды, жұлдыз-жорамалды, ырым-нанымдарды, ұлттық салт-дәстүрлерді «бидʼа» («дінге жаңашылық енгізу») деп есептейді. Ал дінге жаңашылық енгізген адамға «муртад» («діннен шыққан») деген айып тағып, кәпірге шығарады.

Тәкфіршілер мұсылман елдеріндегі өздерінің идеологияларына қайшы келетін билік басшыларына, сондағы құқық қорғау органдары мен құрылымдардың өкілдеріне қатысты «тәкфір» үкімін қолданып, ондай мемлекетті «тағұт» («пұтқа табынушы») деп атайды. Бүкіл қоғамды кәпірге шығарып, «тағұт» деп айыптағаннан кейін олар төмендегідей екі әдістің бірін қолданады:

1) «кәпір» деп айыпталған өз еліне қарсы «жиһад» («күрес») жариялау;

2) ислам мемлекетіне «хижрет» («көшу»).

Олардың бұл әдістері дәстүрлі ислам қағидаттарына сәйкес келмейді.



Сарапшылардың айтуынша, радикалдық діни көзқарастағы ДАИШ содырларының қылмыстары жиһадтық және тәкфіршілік идеяларға негізделген. Дегенмен бүкіл өркениетті әлем ДАИШ-тың әрекеттерін «лаңкес», «терроризмнің нағыз өзі» деп санайды.



ДАИШ-тың лаңкес идеясы – Солтүстік Африкадан Қытайға дейін созылған, құрамына Орталық Азия да кіретін кеңістікте «Ислам мемлекетін» құру болып табылады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2015 жылдың шілдесінде Уфа қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше-мемлекеттердің басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында ДАИШ сияқты лаңкес ұйымдар туралы: «Қазіргі қатігездіктің мақсатқа жету жолындағы идеологиясы мен қимылдары барлық діннің негізі мен философиясына қайшы» деп атап өткен болатын. Шариғатпен ғана басқарылуы тиіс болған тәкфіршілікке негізделген ДАИШ лаңкес ұйымының әрекеттері ислам қағидаттары мен жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтарға мүлдем сәйкес келмейді.

ДАИШ идеологиясы зайырлылықтың кез келген үлгісіне қарсы. Ондай жүйелерге «тәкфір» жариялап, оларды жоққа шығарады. ДАИШ содырларының пайымдауынша, мемлекеттік жүйе тек шариғат негізінде ғана құрылуы тиіс. Олар ислам шариғатына сәйкес келмейтін мемлекеттерді мойындамайды. ДАИШ түсінігінде Құран мен сүннетпен басқарылмайтын мемлекет «кәпірлер мемлекеті» деп есептеледі. Олар әлемдегі мемлекеттерді «ислами» және «кәпір» деп екіге бөліп қарастырады.

Дәстүрлі исламда «тәкфір» үкімін жариялау тәртібі бірқатар шарттарды орындауды қажет етеді. Сондай-ақ, тәкфір жариялау исламдық құқық саласындағы атақты ғалым-мүфтилердің құзіретіндегі іс. Тиісті деңгейдегі не білім жоқ, не өмірлік тәжірибесі жоқ кез-келген адам мұндай маңызды шешім қабылдай алмайды. Дәлелсіз «тәкфір» жариялау исламға тән сабырлық пен түсінушілік ұстанымына қайшы келеді. Радикалдар намаз оқымайтындарды кәпір санайды. Бес уақыт намаз оқу исламда парыз амалы. Дегенмен, намаз оқымаған адам дәстүрлі исламда кәпір емес, күнәһар болады.алланы жоққа шығару, басқа құдайларға сыйыну, пайғамбарды немесе Құранды жоққа шығару сияқты діни-сенім амалдары күпірлікке апарады.

Осыған орай, ислам ғалымдары «тәкфір» үкіміне байланысты: «Күпірліктің шариғаттағы мағынасы дінде айқын дәлелдермен белгілі болған нәрсені жоққа шығарып, оны мойындамау», – деген анықтама берген. Ал, Имам Нәуәуи: «Ақиқақат жолын ұстанушылар құбылаға бет бұрғандардың (яғни өздерін мұсылман санағандар) ешбірін жасаған күнәсі немесе нәпсісінің қалауына ергені үшін күпірлікке шығармайды», – деген пәтуа айтқан. Тәкфіршілік ұстанымдағы ДАИШ содырларының әрекеттері болса, дәстүрлі исламдағы аталмыш қағидаттар шеңберінен әлдеқайда шығып тұрғанын аңғартады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет