Рудный қаласы әкімдігінің «Кешкі орта мектебі» КММ
Орыс тілінде оқитын кешкі мектептердің 8-11 сыныптарына арналған бақылау диктанттар жинағы
2017ж.
Түсініктеме.
«Диктанттар жинағы» «Оқу – әдістемелік жоспарға» сай құрастырылды. Авторлар әр сынып бойынша мұғалімдердің күнделікті практикалық жұмыстарына керекті материалдарды іріктеп ғылымдық, тәрбиелік мәні бар мәтіндерді календарлық талаптарға бейімдеп топтады. Ондағы мақсат – шәкірттердің білім деңгейін, өтілген материалдарды меңгеруіндегі жетістік, ой-қылықтарын айқындауға көмектесу.
Мәтін құрамына: математика, тарих, информатика, география, өзін-өзі тану, биология, химия сабақтарында кездесетін жазылуы қиын термин сөздер енген.
Диктант өзінше ерекшелігі бар сабақ: өткізу тәсілі жағынан да, дидактикалық мақсаты жағынан да. Мақсат, мазмұны жағынан: анықтау, қайталау, жинақтау немесе білім сапасын анықтау сабағы деп жүрміз.
І. Диктант мәтініне қойылатын талап.
а) көлемі сынып ерекшелігіне сай болуы тиіс;
ә) мазмұны тәрбиелік болуы керек;
б) мәтіндегі орфограммалар мен пунктограммаларды оқушылар игерген, таныс, бағдарламаға сәйкес болуы керек;
в) мәтіннің көркем шығармалардан алынған үзінді түрінде жеңіл болуын ескерген жөн.
ІІ. Диктантты өткізуге (жазғызуға) қойылатын талап.
Диктанттың түрі (мақсаты, өтілетін күні, оқушы тарапынан жүргізілетін даярлықтың түрі ескертіліп, 2-3 күн бұрын хабарланады).
Диктанттың қай түрі болсын мәтіні орфоэпиялық заңға сүйеніп, тиісті кідірістерді сақтай отырып оқылады.
Мәтін құрамында өтілмеген, оқушыға таныс емес емле тыныс белгісі кездессе, ол ескертіліп айтылады. Ескеретін жай: тәптіштен түсіндіріліп, оқушы көңілін негізгі мақсаттан ауытқытып алмау керек.
Жазылуы қиын байырғы сөздер мен халықаралық термин сөздер кездессе, тақтаға жазып көрсетіледі.
Мағынасы түсініксіз көнерген сөздер сөйлеу тілінде кездессе, оларға түсінік беріледі.
Мұғалім мәтінді оқушы үлгіріп жаза алатын жылдамдықпен, анық, барлығы еститіндей дауыспен, бір орында тұрып оқуы керек.
Жазу барысында орынсыз ескертпе жасай беруге бөгде сөздер қосуға арлы - бері жүруге болмайды.
8. Мәтін, негізінен үш рет оқылады:
а) мазмұнымен таныстыру мақсатында 2 рет оқылады;
ә) жазғызу мақсатында;
б) толық тексерту мақсатында.
III. Оқушыға қойылатын талаптар.
Мұғалімнің диктантқа байланысты берген тапсырмаларын орындауы керек.
Сабақ барысында зейін қоя тыңдап, асықпай, қатесіз жазуға тырысуы керек.
Шала тыңдап, қалай жазу керектігін қасындағылардан, мұғалімнен сұрап басқаларға кедергі жасамауы керек.
Таза, ұқыпты жазуды естен шығармауы керек.
Грамматикалық тапсырмалы диктант сабағының құрымдылық кезеңін шамамен былай көрсетуге болады:
а) тілдік дайындық (өтілген грамматикалық материалдарды еске түсіру) - 4-5 минут.
ә) берілген тапсырманы орындату - 4-5 минут.
б) диктант мәтінімен таныстыру, жазғызу -30-35 минут.
в) тексеру, жинау -2-3 минут.
IV. Диктантты тексеру.
Жұмыс келесі сабаққа тексеріліп әкелінуі керек.
Диктанттың соңында орфографиялық, пунктуациялық қате саны көрсетіледі. Белгілерді оқушы оқи түсіне білуі керек. Бақылау жұмысын тексерудегі шартты белгілер.
Белгілер мәні.
/- емле қатесі
V-тыныс қатесі
/- азат жол артық қойылған
?-түсініксіз
/-қайталанған ойлар
стильдік қателер
сөз қалдырған
/-жүйе үзілген
V. Диктантты бағалау.
Бағдарламада диктанттан кейінгі жүргізілетін қатемен жұмыс- талдау сабақтарына сағат бөлінбегендіктен, оны жылдық, тоқсандық, тақырыптық қайталау сабақтары есебінен алып, өткізіп отыру аса қажет.
Диктанттар (8 сынып).
Отбасы –басты құндылық.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады.
Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген.
Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған.
(116 сөз)
Грамматикалық тапсырмалар:
Тәрбиелейді – фонетикалық талдау жасаңдар.
Отбасы.
Отбасы - неке мен туыстық қатынастарға негізделген адамдар тобы. Отбасы дегеніміз - әкесі мен анасы, олардың балалары және ата-әжесі. Олардың бір - біріне деген махаббат, құрмет, бауырластық біріктіреді, олардың ортақ шаруашылығы, мүлкі болады. Отбасында балаларды ата - анасы өсіріп, тәрбиелейді.Оған аталар мен әжелер көмектеседі.Олар бала тәрбиелеу жөнінде кеңес береді,немерелерін күтіп - бағады.Ата-ана отбасын не қажеттің бәрімен қамтасыз етеді,сүйіспеншілікке және бірін - бірі құрметтеуге жағдай жасайды.
Отбасы-біздің мемлекетіміздің, халқымыздың бір бөлігі. Отбасына қамқорлық-мемлекеттің басты мақсатының бірі. Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын бағып-қағуға міндетті. Олардың тәрбиесіне,білім алуына және денсаулығына қамқор болуы тиіс. Олар өз балаларының іс-әрекеттері үшін жауапты. Ал есейгеннен кейін ата-анасына қамқорлық жасап,көмек көрсету-балалардың парызы.Толыққанды отбасында өзара сыйластық орын алады.
Отбасының татулығы қоғам дамуы үшін өте маңызды.
(116 сөз)
Грамматикалық тапсырмалар:
1. Отбасы – септік талдау жасаңдар.
Кең байтақ Қазақстан.
Қазақстан –көп ұлтты, егемендi, тәуелсiз мемлекет. Халқының саны 15 миллионнан асады. Қазiргi Қазақстанда 130 ұлттың өкiлдерi тұрады.
Қазақстан батысында Каспий ойпаты, шығысында Алтай тауларына дейiн үш мың шақырымға, солтүстiгiнде Батыс Сiбiр, оңтүстiгiнде Тянь-Шань шыңдарына дейiн бiр мың бес жүз шақырымға созылып жатыр.
Жеркөлемi 2,7 миллион шаршы шақырымнан асады. Республика жерiнiң үлкендiгi соншалық – оның онтүстiгi мен солтүстiгi, батысы мен шығысындағы табиғаты бiр-бiрiне ұқсамайды. Оңтүстiгiнде жемiстер гүлдеп, жер бетiн астық жапқанда, солтүстiгiнде әлi қар жатады.
Республиканың оңтүстiк аудандарында күрiш, қант қызылшасы, мақта, жүзiм, алма, қарбыз, қауын, әр түрлi дәрiлiк шөптер мен толып жатқан өсiмдiктер өсiрiледi.
Республиканың солтүстiгiнде астық пен көкөнiстер жақсы өседi.
Елiмiздiң кең байтақ даласымен халқы мақтан етедi.
(107 сөз)
Грамматикалық тапсырмалар:
1. Диктанттағы етістіктердің астын сызыңдар.
2. « Тәуелсiз мемлекет » - фонетикалық талдау жасаңдар.
«Қазақ елінің бас қалалары».
Біздің Отанымыз - Қазақстан. Қазақстан – тәуелсіз, егеменді, өте бай, ең үлкен мемлекет. Қазақстанның жері өте үлкен, топырағы да аса құнарлы. Қазақстанда қалалар көп. Ең үлкен қалалары - Алматы, Шымкент, Қостанай, Қарағанды болып саналады.Әр қаланың өз ерекшеліктері бар. Еліміздің жүрегі, әсем қала - Астана қаласы.
Астана – жаңа қала, жаңа шаһар. Ол келешекте бүгінгіден де құлпырып, ілгері көркейе беретіндігіне сеніміміз мол.
Астана көркейіп күннен күнге дамып келеді. Қаламыз бұрын «Ақмола» деп аталған. Қалада көп ұлттар тұрады. Көптеген жаңа ғимараттар, биік үйлер салынып жатыр. Қала көшелерінде көптеген тарихи ескерткіштер бар. Астана болашағы үлкен қала. Астана Есіл өзенінің бойында орналасқан. Бәйтерек еліміздің символы болып табылады. Оның ұзындығы 97 метр.
Қаланың әсемдігіне қарап көзің тоймайды.
(110сөз)
Грамматикалық тапсырмалар:
Қазақстан – тәуелсіз, егеменді, өте бай, ең үлкен мемлекет. Синтаксистік талдау жасау.
Диктанттар (9 сынып).
Атамекен.
Түн. Мен далада сәкі үстінде жатырмын. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Жұлдыздар арасында Ай. Дала сүттей жарық. Тау жақтан салқын леп соғады. Жым-жырт тыныштық. Мен ояу жатырмын. Ұйқым келер емес. Қандай сүйкімді көрініс. Табиғат бір мезгіл тыныс алғандай. Тілмен айтып жеткізудің өзі қиын. Тіпті суретшілер де дәл осындай көріністі көз алдында келтіре алмас. Тек табиғаттың ғана қолынан келетіндей.
Аулыңнан алыс жаққа шықсаң, қайтып келуге асығасың. Келсең, таныс көшелер, үйлер, адамдар – бәрі көзіңе оттай басылады. Тіпті басқа жердің балаларымен қосыла қалсаң, арасына аздап өтірік қосып аулыңды мақтап жібересің. Осының соншалықты қымбат, сүйкімді болуының сыры неде? Өйткені сенің туған жерің — балалық бал дәуренің өткен жер. Сондықтан бұл саған соншалықты ыстық, соншалықты қымбат, соншалықты сүйкімді.
(110 сөз)
Грамматикалық тапсырмалар:
Атамекен деген сөзге морфологиялық талдау жасау.
Ұлттық тағамдар.
Қазақ халқы асты жоғары бағалап, қадірлей білген. Сондықтан қазақтар адам қажеттіліктерінің ішінде тағамды жоғары қойған. «Астан үлкен емессің», «Ерді қорласаң састырар, асты қорласаң құстырар» деген секілді ескертпе сөздер, мақал- мәтелдер осының дәлелі. Қай заманда, қалай айтылғанына қарамастан, халық асты құрметтеудің жолын, оны әзірлеудің көзін, ретін таба білген. Ел мен елді татуластыруды, жақсылар мен жайсандарды құрметтеуді, өздерінің мырзалық, мәрттік үлгілі, өнегелі қасиеттері мен артықшылықтарын, ел дәулетін қазақ кең дастарқаны арқылы яғни ас, қонақасы арқылы көрсеткен.
Біздің халқымыздың құрметті кісілерге ұсынатын кәделі, әрі орны бөлек тағамдарының ең бастысы – қазақша ет немесе бешбармақ. Қазақтар сыйлы қонақтарға мал басын көрсетіп, табақ-табақ ет тартқан. Табақ тарту да үлкен өнер. Әр табақ қонақтың дәрежесі мен жасына, іліктік жолына сәйкес келуі керек. Осыған орай табақ тарту – бас табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді.
(133сөз)
Грамматикалық тапсырмалар:
1. Диктантта Ілік септікте тұрған сөздердің астын сызыңдар.
2. « Қонақтарға » деген сөзге фонетикалық талдау жасаңдар.
Қ.И.Сәтбаев.
Академик Қаныш Имантайұлының өмірі, қызметі, ғылыми еңбектері туралы біраз кітаптар бар.
Ғұмырнамасы әуелі орыс тілінде Мәскеуде шықты. Кейін сәл толықтырып қазақша Алматыда шықты. Бес томдық таңдамалы еңбектері 1967 – 1970 жылдары жарық көрді.
«Өнегелі өмір» сериясынында Мәскеуде «Сәтбаев» ғұмырнамасы орысша, кейін қазақша шықты. Ғылыми еңбектерінің көпшілігі минералдық ресурстарын зерттеуге арнаған.
Сәтбаев еліміздің қай ұлтының өкілі болса да, бәріне адал қарайтын. Түрлі қиыншылықтарға мұңаюды білмейтін. Үнемі жылы жүзді, жан дүниесі кең, дарынды. Ірі ғалым соғыстың ауыртпалығына дұшар болып, Қазақстанға келген көптеген мамандар мен ғалымдарға рухани және материалдық көмек көрсеткен.
Қ.И.Сәтбаев құрметіне Жоңғар Алатауы жотасындағы мұздық пен шың аталған. «Сәтбаевит» минералы, «академик Сәтбаев» гладиолус гүлі, кіші планеталардың бірі. Жезказған облысында қала аталған.
Ұлы ғалым 1964 жылы 31 қаңтарда Москва қаласында дүниеден қайтты. Алматы қаласында жерленген.
(122сөз)
Грамматикалық тапсырмалар:
Ғалым сөзді септеңдер.
Мамандық.
Мамандық таңдау – әрбір мектеп бітіруші түлектің мақсаты. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең», дейді халық. Барлық адам баласының арманы болады. Арманшыл адам болашақта дегеніне жете алады. Мамандық пен өнерді адам өз қабілетіне де қарай таңдап алады. Өмірде мамандықтың түрі өте көп. Халық алдына шығып ән салатын әнші болу. Адам өмірінің арашасы болатын ақ халатты дәрігер болу. Шәкірттерді білімге жетелейтін ұстаз болу. Адам жас кезінен бастап өзінің жүрегі қалаған мамандығына қарай бейімделе бастайды. Терең білім алуға талпынады. Өз бетінше ізденеді. Көп оқиды. Түрлі мамандықта еңбек етіп жүрген адамдардың өмірімен танысады. Жақсы маман болу үшін еңбек ету керек. Инженер, дәрігер, мұғалім, ғалым, журналист болу үшін оқу керек. Бақташы, сауыншы, егінші, шопан болу үшін ауылда жұмыс істеу керек. Ал жақсы жұмысшы, кенші, құрылысшы болу үшін өндірісте істеу керек.
Бала шақ пен болашақ әрқашан үндесіп жатады.
Болашаққа апаратын тура жол бала шақтан басталады.
(138сөз)
Грамматикалық тапсырмалар:
Бала шақ пен болашақ әрқашан үндесіп жатады. Сөйлемге синтаксистік талдау жасау.
Диктанттар (10 сынып).
«Қыс хабаршысы».
Қараша - қыстың хабаршысы. Бұл айда қара суық күшейеді. Су бетіне қабыршық мұз тұра бастайды. Күн қысқарады. Қою қараңғы түн ұзара бастайды. Тау басын қар басады. Қыстың ызғары күшеюге айналады. Қою бұлт қанатын жаяды. Ағаштардың жапырақтары солып, сарғайып жерге түседі. Тек қарағай ғана жап - жасыл. Гүлдер мен шөптер солып жатыр. Оқушылар алғашқы тоқсан қорытындысына әзірленеді. Олар сабақты жақсы үлгіріммен аяқтауға тырысады. Қылышын сүйретіп келе жатқан қыс ызғары сезіліп тұрады.
Қараша - алтын күздің соңғы айы. Адамдар енді қысқа дайындала бастады. Азық- түлік даярлап, жылы киімдерін киеді. Біз қысты да, күзді де жақсы көреміз. Табиғаттың әр мезгілі өзінше көркем және қызық.
(98сөз)
Грамматикалық тапсырма.
Зат есімдерді табу.
«Наурыз»
Наурыз - қазақша жыл басы. Наурыз күні - қазақ халқы наурыз көже, наурыздама беретін күн.
Бірақ жыл басын наурыздан бастап санау жалғыз қазақтарда ғана, өзбектерде ғана емес, жер - жүзілік халықтың бәрінде де бар десек бекер болмас.
Наурызда күн мен түн теңеледі де, жылынады. Күздігуні суықтың ызғарынан өліп қалған табиғат аспаннан құйылған жылудың әсерімен қайтадан тіріледі. Қар ериді, көл бұзылады, өзен, сай тасиды, көк шығады.
Қазақ халқы - мал баққан шаруа халық. Қазақтың мал бағу шаруасы табиғаттың түрлі өзгеріс қалпына байланысты.
Наурыз айында қазақтың малы төлдейді. Бір малы шаруаның екеу болып, кіріс кіретін ай. Соның үшін қазақта наурыздың қадірі тағы да артығырақ.
«Наурыз» сөзі - парсы сөзі: «нау» - жаңа, «руз» - жыл деген сөзден алыңған.
(116сөз)
Грамматикалық тапсырма.
Наурыз деген сөзге фонетикалық талдау жасаңдар.
Мамандық
Мамандық таңдау - әрбір мектеп бітіруші түлектің мақсаты. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең», дейді халық. Барлық адам баласының арманы болады. Арманшыл адам болашақта дегеніне жете алады. Мамандық пен өнерді адам өз жүрегінің қалауымен таңдап алады. Мамандық пен өнерді өз қабілетіне де қарай таңдап алады. Өмірде мамандықтың түрі өте көп. Халық алдына шығып ән салатын әнші болу. Адам өмірінің арашасы болатын ақ халатты дәрігер болу. Шәкірттерді білімге жетелейтін ұстаз болу. Адам жас кезінен бастап өзінің жүрегі қалаған мамандығына қарай бейімделе бастайды. Терең білім алуға талпынады. Өз бетінше ізденеді. Көп оқиды. Түрлі мамандықта еңбек етіп жүрген адамдардың өмірімен танысады. Жақсы маман болу үшін еңбек ету керек. Инженер, дәрігер, мұғалім, ғалым, журналист болу үшін оқу керек. Бақташы, сауыншы, егінші, шопан болу үшін ауылда жұмыс істеу керек. Ал жақсы жұмысшы, кенші, құрылысшы болу үшін ондірісте істеу керек.
Бала шақ пен болашақ әрқашан үндесіп жатады. Болашаққа апаратын тура жол бала шақтан басталады.
(151 сөз)
Грамматикалық тапсырма.
Мамандық сөзді септеу.
Компьютерде ақпараттар қалай сақталады?
Компьютерге еңгізілетін ақпараттарды сақтайтын элемент – жады. Жад процессорға орнатылады. Біз еңгізген барлық мәліметтерді сақтайтындықтан, ол жады деп аталған. Оның еске сақтау қабілеті адам қабілетіне ұқсас. Алайда олардың айырмашылығы үлкен. Адам жадында қайбір нәрселер ұмытылуы немесе шатасуы мүмкін болса, компьютер жадында барлық нәрсе сол қалпында және тұрақты сақталады.
Жады компьютер ішінде болады. Ол жедел жады және тұрақты жадыдан құрылады. Жады компьютердің қатты табақ жадында болады. Оның сыйымдылығы үлкен болғанмен, ақпараттарға толып қалуы мүмкін. Бұлай болмас үшін бір тәсіл бар. Ақпараттар компьютердің жадында орын алмас үшін, оларды дискетке жазып сақтау керек. Ал өзімізге керек болғанда, дискетті ендіріп, компьютерге ашып оқу бұйрығын береміз.
Компьютер жадында нұқсан келтіретін жағдайларды естен шығармау керек.Кейбір шағын көлемді бөгде бағдарламалар өздігінен компьютер жадына қосымша жазылып еніп кетеді. Оны ақпараттық вирус деп атайды. Керексіз ондай вирустар компьютер жадының қызметін бұзуға соқтырады.
(115сөз)
Грамматикалық тапсырма.
Компьютер деген сөзге фонетикалық талдау жасаңдар.
Диктанттар (11 сынып).
«Қыс».
Желтоқсан - қыстың басы. Қыста күн қысқарып, түн ұзарады. Күн көзінің қызуы азаяды. Жер ақ мамыққа оранады. Өзен мен көлде мұз қатады. Терең үйшіктерде жатқан жан - жануарларға аяз әсер ете алмайды. Олардың орны - жылы. Қардаң суық өтпейді.
Кейде ұйтқып боран соғады. Ондайда сыртқа шығу қиын. Ашық күндері қар үстінде ойнау қандай жақсы! Аққала соғып, қар лақтырысасыңдар! Шанамен таудан сырғанап, шаңғы тебесіңдер. Биіктен төмен сырғанағанда, өзіңе қанат біткендей сезінесің! Көк мұздың үстінде коньки тебу де қызық - ақ!
Қыс бірден түсе қоймайды. Өзен қатқан мезгілден бастап қыс түсті деп айтуға болады. Ал қыста күн суық болады. Сондықтан жоғары көтерілген бу бірден майда мүз түйірлеріне айналады.
Жылы күні жауған қар жабысқақ келеді. Ондай қарды домалатып ойнауға болады. Ал аязды күні түскен қар құрғақ болып жауады. Соңдықтан бір - біріне жабыспай, қиыршықтынып тұрады.
(127сөз)
Грамматикалық тапсырма.
Зат есімдерді табу.
«Наурыз мейрамы»
Наурыз мейрамы - адамзат тарихындағы ең көне мерекелердің бірі.
Наурыз - дің мейрамы емес, тұрмыс, шаруашылық мейрамы. Наурыз - жыл басы. Наурыз айының 22 - сінде күн мен түн теңеледі. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды. Қыдыр ата - адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көрінетін қиял - ғажайып персонаж.
Наурыз адамзатты еңбекке баулиды, тәлім - тәрбиелі болуға шақырады. Наурызды қарсы алу – бұл рухыңның көтерілуі. Жан дүниеңнің тазаруы.
Наурыз – парсы тілінен аударғанда «жаңа күн не жаңа жыл» дегенді білдіреді. Бұл күнді ата - бабаларымыз жыл басы деп есептеп, мерекелік ас -наурыз көже әзерлеген.
Бұл мерекені шығыстың көптеген халықтары тойлайды. Наурыз мейрамында шығыс халықтары соғысты тоқтатып, мемлекеттер уақытша татуласқан. Наурызда мейрамында адамдар ән айтып, көңіл көтереді, ренжіскендер татуласады.
1991 жылы наурыз айының 15 - сінде Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен наурыздың 22 – сі – бүкіл халықтық мереке, демалыс күні болып жарияланды.
(144сөз)
Грамматикалық тапсырма.
Мейрамы деген сөзге фонетикалық талдау жасаңдар.
Алтын адам
“Алтын адам” - шартты атау. Ол - археологиялық қазбадан табылған жауынгердің алтындаған сән-салтанатты киімі. Басына төбесі ұзынша, шошақ бас киім киген, 200- ден аса алтын заттармен әшекейленген. Алтын заттардың әр бөлшегі барыстың, тау ешкінің, арқардың, жылқының, құстың кескінімен таңбаланған. Иір мүйізді, қанатты екі аттың мүсіні мандай тұсында тұр. Мойнына бұралған алтын алқа таққан, алқаның ұшында жолбарыстың басы бейнеленген. Сырт киімі бешпет пен шалбар. Қызыл түсті былғары қысқа бешпеттің бойына тұтас жапырақ алтыннан жапсырылған. Жағасы, өңірі., етегінде жолбарыстың айбарлы тұмсығы бейнеленген төртбұрышты ірі-ірі әшекейлер. Жейдесінің жағасы мен жеңіне де алуан-алуан алтын өрнек қадалған. Сыртынан буынған алтын белдіктегі әшекей де кесек алтыннан құйылған. Үлкен екі алтын сақинаның біреуінің бетінде сәнді бас киім киген, қолына қыран ұстаған адамның басы бейнеленген.
(136 сөз)
Грамматикалық тапсырма.
Киім- морфологиялық талдау жасау.
Қазақстан
Қазақстан - егеменді ел. Халқының саны 16 миллионға жуық. Археологтардың айтуы бойынша, Қазақстан жерін алғашқы адамдар бұдан 300 мың жыл бұрын мекендеген. Қазіргі Қазақстанның 14 облысында 126 ұлт өкілдері тұрады. Еуразия даласының кіндігінде орналасқан Қазақстан жерінің жалпы көлемі 2 миллион 700 мың шаршы шақырым. Ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері бойынша жер көлемі жағынан екінші, ал дүние жүзі бойынша алтыншы орынды алады. Қазақ даласы орман, дала, шөлейт, шөл, таулы аймақ болып бірнеше алқаптардан құралған.
Қазақстан Республикасының оңтүстік пен Солтүстігі, Батысы мен Шығысындағы табиғаты бір-біріне ұқсамайды. Республиканың оңтүстік аудандарында әр түрлі өсімдіктер өседі. Іле, Шу, Сырдарья өзендерінің мол суы - бұл аймақтың байлығы. Солтүстікте күн ыстық емес, жаңбыр жиі жауып тұрады. Қазақстанның солтүстігінде астық пен көкөністер жақсы өседі.
Қазақстан бұрын көшпенді ел болып, мал шаруашылығымен айналысқан. Бүгінгі Қазақстан ауыр индустриясы мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған, жоғары мәдениетті ел.
Грамматикалық тапсырма.
1. Қазақстанның солтүстігінде астық пен көкөністер жақсы өседі. – Синтаксистік талдау .
Достарыңызбен бөлісу: |