2.Қазақстанның қазіргі заман тарихын кезеңдеу


§ Қазақ ауылын кеңестендіру



бет27/64
Дата10.04.2022
өлшемі204,1 Kb.
#138695
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   64
Байланысты:
Документ (39) 3


§ Қазақ ауылын кеңестендіру;
§ Жайылымдық-шабындық жерлердің қайта бөлу;
§ Ірі бай шаруа қожалықтарын тәркілеу бағыттарында жүзеге асырылды.
Шабындық және егістік жерлерді бөлу науқаны 1926 жылы 20 мамырда шыққан Қазақ АКСР ОАК-нің қарары бойынша"Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы" заңы бойынша шабындық және жайылымдық жерлерді бөлу құқығы жергілікті атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерге бекітілді.
1926-1927 жылдары 1250 мың десятина жайылымдық және 1360 мың десятина шабындық жерлер ірі байлардан тартып алынып кедейлерге таратылды.
Шабындық және егістік жерлерді бөлу шарасы ауылдан қолдау таба қойған жоқ. Шабындық және егістік жерлерді бөлуді өткізуде бірқатар қиыншылықтар кездесті:
Ÿ жерлерді есепке алу жүргізілмеді;
Ÿ байларыдың қарсылығына кездесті;
Ÿ Қосшы одағы белсенділік көрсетпеді;
Ÿ жергілікті атқару комитеттері мен ауылдық кеңестер партия науқанына бірден белсенді кіріскен жоқ.

22. ХХ ғасырдың 20 жылдарының бірінші жартысы 30-жылдардағы Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуындағы қазақ зиялыларының қызметі.


Қазақ қоғамын таптық негізде жіктеу саясаты кең түрде жүрді. Бірінші дүниежүзілік соғыс, оның артын ала келген революциялық өзгерістер, бүкіл Кеңес елінің кеңістігін қамтыған азамат соғысы қазақ даласына да орасан зор ауыртпалықтар ала келді. 1916—1921 жылдар арасында (кей деректерде) аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал атамекенінен көшіп кеткендердің саны 200 мың адамға жетті. Бұл сол кезеңдегі қазақ халқының шамамен бестен бір бөлігі еді.

1921-1922 жылдардағы ашаршылық қазақ қоғамын біржолата тұралатып кетті. Шаруашылық дағдарысы жұмыссыздардың санын күрт өсіріп, кедей-жатақтардың қоғамдағы үлес салмағын ұлғайтып жіберді. Жаңа ғана орнаған кеңестік билік күйзеліске ұшыраған қоғамның әл-ауқатын жөндеу және жақсарту қамына кірісудің орнына ең алдымен саяси мәселелерді шешуге басымдылық берді.


Қоғамдық құрылыстың таптық негізде жіктеу бойынша сипат алуы 1923 жылы 17-22 наурыз күндері Орынбор қаласында болып өткен Қазақ партия ұйымының III конференциясыңда анық байқалды. Ресей Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің өкілі Е.Ярославский мен Қазақ үкіметі төрағасының орынбасары А.Вайнштейн өздерінің баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде ендігі уақытта ұлттық мүддеге қатысты мәселелерге басымдылық беруден бас тартып, назарды бұқара халықтың таптық санасын көтеру ісіне бұруды талап етті.


Бұл іс жүзінде Қазақ елінің өзін-өзі басқару, мемлекеттік басқару ісінде жергілікті ерекшеліктерді ескеру, мемлекеттік аппаратты қазақтандыру және басқа осы сияқты жалпыұлттық мәселелерді тым көп көтеруді тоқтату жөнінде орталықтан берілген нұсқау еді. Сонымен бірге ұлт мәселесінде «ұстамдылыққа» шақырған орталық, оның есесіне тапаралық қатынастар мәселесінде ымырашылдыққа жол бермеуге, қазақ кедейлерінің «әлі оянбаған таптың түйсігін» шайқап, оларды байларға қарсы қоюға үндеді. Бұл казақ қоғамында үлес салмағы болар болмас (0,5%-ға да жетпейтін) байлар табына және олардың меншігіне «қызыл гвардиялық шабуылға» көшуге жасалған даярлықтың көрінісі еді.


Орталық пен оның Қазақстандағы өкілдерінің мұндай ұстанымына ашық қарсылық көрсеткен жеке қазақ басшылары аз болған жоқ.


Смағұл Сәдуақасов сол кезде таптық негізде жіктеу саясатына қарсы болды.


1920 жылдардың бас кезінде егіс көлемі 20 %-ға кеміп, астықтан алатын өнім үш есеге азайды. Ауыл шаруашылығы саймандары тозып біткен еді. Шаруашылыққа қажетті техниканың жетіспеушілігінің салдарынан Жетісуда 900 шаруашылыққа тұқым себетін бір машинадан ғана келді. 1920 жылғы есеп бойынша Қазақ АКСР жерінде 455 мыңдай қазақ шаруашылықтары болды. Олардың 200 мыңға жуығының егістік жері бар еді.


Шаруалардың жағдайы ауыр болды.


Ақ гвардияшылар мен интервенттердің 1918-1919 жылдары басып алған жерлерге уақытша қожалық етуі, соғыс қимылдары, құрғақшылық пен жұт ауыл шаруашылығының жағдайын да, шаруалардың тұрмысын да әбден күйзелтті.


Жаңа экономикалық саясатқа көшу қажеттігі, оның ерекшеліктері мен қиындықтары туды. Елде азық-түлік, тұтыну заттары сияқты халықтың күнделікті күнкөрісіне қажетті бұйымдар жетіспеді. Осыған байланысты РК (б)П Х съезінен кейін ендірілген азық-түлік салығын іске асыру біртіндеп жетілдірілді. Бұл бұған дейінгі азық-түлік салғыртына қарағанда әлдеқайда қолайлы еді.


Азық-түлік салғырты бойынша шаруалардың күнкөрісінен артылған азық-түлік әскерлер мен өндіріс орындарындағы жұмысшыларға беру үшін ешбір өтеусіз алынды. Ал бұл жағдай щаруалардың наразылығын тудырды. Өйткені олардан азық-түлігі ешбір қайтарусыз және де қатал әдістермен жиналған еді. Осының салдарынан Қостанай, Орал, Семей, Шымкент уездерінде шаруалардың Кеңес өкіметіне қарсы наразылық ошақтары пайда болды.


Салықтың мөлшері салғыртқа қарағанда еңбекші халыққа тиімді еді. Осы саясатқа сәйкес жерді жалға беру мен алуға, жалдама еңбекті қолдануға рұқсат етілді. Ауыл шаруашылығында, несие және тұтыну кооперациясын дамыту қолға алынды. Ұсақ кәсіпорындар жеке адамдарға немес кооперативтерге жалға берілді. Енді шаруаларға артық азық- түліктерін қалаларға апарып сатуына мүмкіндік беріліп, олардың өзара байланысын нығайтуға жол ашылды.


Қазақстанда жаңа экономикалық саясатқа көшудің қиыншылықтары да болды. 1924 жылдың жазында еліміздің едәуір бөлігін қуаңшылық жайлады. Жоғарыда атап өткеніміздей, оның алдында қатты жұт болып, кей жерлерде малдың 80%-на дейін қырылуына әкеліп соққан еді. Ашығушылар саны бірті-бірте көбейіп, республика халқының 1/3 бөлігін қамтыды. Еділ бойынан ашыққан халықтың Қазақстанның батыс губерниялары арқылы Түркістанға үздіксіз ағылып келуі, Сібірге қарай үдере көшуі халық санын күрт кемітті.


Азамат соғысы және 1921-1922 жылдардағы қайыршылық пен аштық Кеңес өкіметі органдарынан өлкенің 2 млн-нан астам ашыққан халқына көмек көрсету жөнінде төтенше шаралар қолдануды талап етті. Елдегі қиыншылықтарға көмек жасау ретінде Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Декретімен республиканың егін шыққан аудандарының халқы азық-түлік салығынан босатылды.


1922 жылы егіс көлемінің 60 %-ға жуық жеріне Кеңес өкіметі берген тұқым себілді. Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруалары ет салығынан босатылды. Қазақ АКСР-іне ауыл шаруашылығына қажетті машиналар мен құрал-жабдықтарды сатып алу үшін 25 млн сом бөлінді. Ашыққандарға кеңестік Түркістан туысқандық көмек көрсетті. Көп ұлтты өлкенің еңбекшілері оларға 2 млн пұттай астық берді. 20 мыңдай ашыққан адамдарды қабылдады.


Қазақ республикасы еңбекшілерінің өмірінде жаңа үкіметтің, патша өкіметінің жер мәселесі жөніндегі саясатының ауыр зардаптарын жою шаралары маңызды рөл атқарды. Патша өкіметі Сібір мен Орал казак-орыс әскерлеріне бөліп берген жерді қазақ еңбекшілеріне қайтару туралы Декрет шығарды. Осы Декрет бойынша қазақ шаруалары Ертіс жағалауы өңірінен 177 мың десятинадан астам жер алды.


1921 жылы Жетісуда жер реформасы жүргізіліп қазақ, ұйғыр және қырғыз еңбекшілеріне олардан тартып алынған 460 мың десятинадан астам жерді қайтарып берді. Қазақстан бойынша жер реформасын жүзеге асыру кезінде жергілікті жерлерде қателіктер мен асыра сілтеушіліктерге жол берілді.


Ауылда әлеуметтік өзгерістер мен жер реформаларын тиянақты түрде жүзеге асыру үшін 1921 жылы бұқаралық ұйым- Қосшы одақтары құрылды. Қосшы одағына қазақ кедейлерімен қатар орталықтан көшіп келіп қоныстанған кедей шаруалары да тартылды. Бұл одақ бұқара халыққа еңбек артельдерін құруға көмектесіп, жер бөліп беруге қамқорлық жасады, еңбекшілердің саяси сана-сезімі мен мәдени деңгейін көтерді. Күрделі аграрлық мәселені шешуде Қосшы одағының белсенді мүшелері, мемлекет қайраткерлері – А.Асылбеков, Ә.Жангелдин, Г.Коростелов, С.Меңдешев, С.Сейфуллин, А.Розыбақиев, Ж.Бәрібаев және басқалар белсенді қызмет атқарды.


Осы қайраткерлердің кейбіреуіне толығырақ тоқталсақ.


Әліби Жангелдин


Жангелдин Әліби (1884-1953)-қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске белсенді қатысушы, Азамат соғысының ардагері. 1903 жылы Орынбор діни училищесін бітірді. Торғай облысы Кеңестерінің І-съезін (1918 жыл, наурыз), Бүкілқазақтық Кеңестер съезін (1920 жыл, қазан) ұйымдастырушылардың бірі. Торғай облыстық Кеңесінің төрағасы. Одан кейінгі жылдары Қазақстандағы көптеген жауапты қызметтерде болды.


1916 жылы Жангелдин А.Имановпен бірге Торғайдағы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін басқарды. 1917 жылы Торғай облысының, соңынан бүкіл Дала өлкесінің әскери комиссары болып тағайындалады. 1918 жылы Жангелдин отряды орталық Ресейден бөлініп қалған Ақтөбе майданына сусыз дала, сор мен құмдар арқылы қару-жарақ, оқ-дәрі, дәрі-дәрмек жеткізді.


1920 жылы Қазақстан Кеңестерінің І-съезі Жангелдинді Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары, әрі әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары етіп сайлады. Оның есімі Қостанай облысының бір ауданына, Қазақстан қалалары мен селоларындағы көшелерге, мектептерге берілді. Алматы, Ақтөбе, Торғай мен Қостанай қалаларында Ә.Жангелдинге арнап ескерткіш орнатылған.


Сейітқали Меңдешев


Меңдешев Сейітқали (1882-1937) – мемлекет қайраткері. Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген (1903). 13 жыл бойында Бөкей даласындағы ауылдарда мұғалім болды.


1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқаны үшін тұтқынға алынып, Астрахан түрмесіне қамалады. 1917 жылғы Ақпан революциясы жылдары ол Батыс Қазақстанда ревкомдар құруға қатысты. 1918 жылы Бөкей съезінде губатқаркомитетінің мүшесі болып сайланады, ал 1919 жылы оның төрағасы болады. Ол алғашқы қазақ атты әскери полкін құруға және облыста бірінші комсомол ұйымын құруға қатысады.


1920 жылы 25 тамызда РК(б)П Қырғыз облбюросының құрамына енгізеді. 1920 жылы Меңдешев Қазақ АКСР ОАК-нің бірінші төрағасы болды. 1926-1930 жылдары Мәскеуге шақырылып, РКФСР (ЭКОСО) экономикалық мәжілісінің мүшесі болып тағайындалады.


1930-1937 жылдары Қазақ Республикасы оқу ісі халкомы, ғылым жөніндегі комитеттің төрағасы, қорықтар мен ескерткіштерді қорғау жөніндегі кеңхалкомы басқармасының бастығы болды. С.Меңдешев аштықпен күресу жөніндегі Төтенше комиссияны басқарды. Орта Азия республикаларын ұлттық-мемлекеттік межелеу комиссиясының, республика үкіметінің құрамына жұмысшы қазақтарды тарту жөніндегі ұсыныстарды жасау үшін құрылған арнайы комиссиясының жұмыстарына белсене қатысты.


Абдолла Розыбакиев


Розыбакиев Абдолла Ахметұлы (1897-1938) – қоғамдық қайраткер, журналист. Революцияға дейін Верный мұғалімдер семинариясында білім алған. 1925-1927 жылдары Я.М.Свердлов атындағы Коммунистік университетте (Мәскеу), 1933 жылдан БК (б)П ОК жанындағы лениндік курстардың аспирантурасында, кейіннен КСРО ОАК жанындағы Ұлттар институтында оқыды.


1917 жылы «Верный қаласы мұсылман жұмысшыларының біріккен одағы» басшыларының бірі, Жетісуда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске қатысушы, Әскери-революциялық комитеттің, Жетісу облыстық атқару комитеті мен облыстық әскери комитетінің мүшесі болды.


1918 жылдан мұсылман большевиктерінің Верный секциясының төрағасы, РК(б)П Жетісу облыстық Комитеті жанындағы ұлттар істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, уездік комиссар қызметтерін атқарды. 1920-1922 жылдары Түркістан РК(б)П ОК-нің аз ұлттар жөніндегі бөлімнің меңгерушісі, Жетісу облыстық партия комитеті бюросының хатшысы болды. 1922 жылдан ұйғыр және дүнген комммунистерінің өлкелік бюросының төрағасы.


1918-1925 жылдары ұлтық газеттердің «Жетісу әшчи- халык мухбири», «Жетісу жұмысшы-шаруа тілшісі», «Көмек», «Бұхара»(«Халық»), «Кедей еркі», «Камбагалар авази» («Кедейлер үні») редакторы және алқа мүшесі. 1931 жылы «Қызыл таң» журналының редакторы сияқты журналистік жұмыстарды да атқарды. 1937 жылдан Қазақстан КП(б)П ОК-нің баспасөз бен баспаханалар бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы атылды. 1957 жылы ақталды.


1921-1922 жылдардағы жер реформалары патша өкіметінің аграрлық қатынастар саласындағы отаршылдық саясатына соққы берді. Реформа жұмысшы табы мен қазақ шаруаларының ұйғыр, өзбек, дүнген диқандары одағының нығаюына көмектесті, ұлтаралық келісімді қатынас қалыптастырды.


23)
Партияның 1925 жылы (18-31 желтоқсан) өткен ХІY съезі елді соцалистік индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндетін қойды. Социалистік индустрияландыру саясаты өзінің мазмұны жағынан ірі машиналы өнеркәсіпті, ең алдымен ауыр индустрияны бүкіл халық шаруашылығының салаларын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз ететіндей дәрежеде дамытуға бағытталды. Кеңестер одағының экономикалық тәуелсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін алдыңғы қатарлы капиталистік елдерді индустриялды даму жағынан барынша қысқа тарихи мерзімде қуып жетіп, елді индустриялды державаға айналдыру міндетін қойды. Партия мұндай міндетті орындау үшін елдің бүкіл материалдық және өндіргіш күшін толығымен осы мақсатқа бейімдеу қажет деп шешті.
Алайда социалистік индустрияландырудың капиталистік индустриялан- дырудан ерекшелігі болды. Капиталистік мемлекеттер өздерінің индустриялды дамуын, әдетте, пайда тез түсетін жеңіл өнеркәсіп салаларын дамытудан бастайды. Осы салаларға тән болып келетін кәспорындардың шағындылығы мен оған жұмсалатын қаржының (капиталдың) айналымдылығы әуелгі кезде жеңіл өнеркәсіпті өте тиімді салаға айналдырады. Тек уақыт өткен соң ғана жинақталған қаржы біртіндеп ауыр өнеркәсіпке ауысуына байланысты ауыр индустрия салаларын дамытуға мүмкіндік туады.

Кеңестік тарихнамаға партияның 15-ші съезі елді индустрияландыру съезі болып енді. Көптеген кеңестік кезеңдегі зерттеулерде лениндік индустрияландыру саясаты республикалардың ұлттық ерекшеліктерін қатаң ескерді деген пікір басым болды. Алайда большевиктер партиясының басшылығымен жүзеге асырылған елді индустрияландыру саясаты шеткері орналасқан ұлттық аймақтар, оның ішінде, әсіресе, Қазақстан үшін отаршыл бағытта болды.


Жалпы Қазақстанда индустрияландыру саясатының бағыты қандай болу керек деген мәселе сол кездің өзінде өте үлкен пікір-таластар туғызды. Бір топ өлкедегі кеңес және партия қызметкерлері көшпелі халық бірден социализмге өте алмайды деп есептеді, яғни қазақтың көшпелі өмір салты ұлттық ерекшелік болып табылады, олай болса елді индустрияландыру бағыты оның осы ұлттық ерешелігін жояды деп есептеді. Мұндай пікірдегі партия мүшелерін большевиктер негізгі партиялық жолдан ауытқушылар, яғни “уклонистер” деп айыптады.


Келесі бір топтың өкілі С. Садуақасов өнеркәсіптің дамуы қазақ халқын ауыл шаруашылығынан алыстатып, қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығының құлдырауына әкеледі деп есептеді. Бірақ, ол мүлде индустрияландыру саясатына қарсы болды деуге болмайды. Оның пікірі бойынша Қазақстанның өндірістік бағытта алға жылжуы үшін республикада индустриялық өнеркәсіптерді көптеп салып, оны ары қарай дамыту қажет. С. Садуақасов шикізат қоры көздеріне өнеркәсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Ол өлкеден шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан дайын өнімді қайта алып келуге кететін шексіз транспорттық қаржы жұмсауға, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды.


Қазақстанға өнеркәсіпті күштеп ендіру мүмкін емес, ол қазақ қоғамының табиғи қалыптасқан жағдайына жат деп есептегендер болды. Олардың пікірінше артта қалған көшпелі халық индустрияландырудың өте жоғарғы қарқынына ілесе алмайды. Сонымен қатар өндіріс орындарына жергілікті ұлт өкілдерін көптеп тарту, яғни жергіліктендіру (коренизация) саясаты өндірісті өте-мөте қымбаттатады, қазақтар жұмыс істей алмайды, олар бәрібір даланы аңсайды деген көзқараста болды. Мұндай пікір айтушы топты большевиктер “ұлыдержавалық шовинистер” деп айыптады.


Осылайша большевиктер социалистік индустрияландыру саясатының бағыттары жөнінде пікір айтушыларға әртүрлі айдар тақты. Ал өздері белгілеген елді “социалистік индустрияландыру” бағытын ешбір қатесі жоқ, толық аяқталған саясат деп қарастырды. Большевиктер белгілеген индустрияландыру саясатында Қазақстан Одақтың шикізаттық бөлшегіне айналуы керек болды. Орталық ұсынған бұл көзқарасты осы кезде өлкенің партия ұйымының басшылығына тағайындалған Ф. Голощекин де қолдады. Республика өмірімен мүлде таныс емес Ф. Голощекин өлкенің шаруашылық жүйесіндегі ерекшелікті мойындамады.


Қазақстанда индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысы елдің орталық аудандарымен салыстырғанда өте күрделі жағдайда жүргізілді. Біріншіден, өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуы Рессейдің орталық аудандарымен салыстырғанда артта қалған еді. Екіншіден, өлкеде соғыстан қираған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру шаралары созылып кетті. Яғни, ол уақыт жағынан бірінші бесжылдықпен сәйкес келді.


Осындай жағдайларға қарамай большевиктер Қазақстанды бүкілодақтық көлемдегі елді индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы Түркістан–Сібір темір жолы болды. Индустриаландыру жылдарында Қарағанды-Балқаш, Гурьев –Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жолдары салынды. Өлкені индустрияландыру барысында кеңес үкіметі түрлі-түсті металлургия, көмір және мұнай өндіріс орындары мен теміржол саласын одан әрі өркендету міндеттерін қойды. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын салу және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қайта құру үшін тек 1933-34 жылдары 566,6 млн сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрияны дамытуға жұмсалды. Олардың ішінде Қарағанды шахталары, Шымкент қорғасын және Балхаш мыс қорыту зауыттары, Ақтөбе химия комбинаты болды.


Екінші бесжылдық кезінде республикада Қарағанды көмір бассейні мен Балқаш мыс қорыту комбинатын салу жоспарланды. Республиканың сол кездегі экономикалық ресурстары мұндай күрделі құрлыстарды салуға мүмкіндік бермейтін еді. Алайда соған қарамастан Кеңес үкіметі бұл құрылыстарды тез аяқтау міндетін қойды. Қарағанды көмір өндіріс орындарын да тез қарқынмен дамыту қажет болды. Себебі түрлі-түсті метал өндіру саласын тез дамыту барысы елде көмір өнімдеріне деген сұранысты ұлғайтты. Ал сол кездегі елдегі көмір өндіріс орындары сұранысты қамтамасыз ете алмады. Осыған байланысты большевиктер төтенше жағдайда Қарағанды көмір өндірісінің бар мүмкіндіктерін жұмылдыруға тырысты.


Қазақстанды индустриаландыру барысында Текелі полиметалл және Жезқазған мыс қорыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттары салына бастады. 1933 жылы ақпан айында Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші жұмыс істеді. Бұлар Қазақстанда ғана емес бүкіл ел көлеміндегі түрлі-түсті металдардарды өндіруші өте ірі өндіріс орындары болды. 1939 жылы Шымкент зауыты бүкіл Одақтағы қорытылған қорғасынның 73,9 процентін берді. Балқаш мыс қорыту зауыты республикадағы қорытылған мыстың 51 процентін берді. Осының бәрі Қазақстанды түрлі-түсті металдар шығарудан одақ көлемінде 2 орынға шығарды.


Мұнай өндірісінен де Қазақстан алдыңғы орынға шықты. 1940 жылы мұнай өндірудің көлемі 700 мың тоннаға жетті. Мұнай өндіруден Қазақстан Одақ көлемінде 3 орынға шықты. Эмбі мұнай орны игерілді. Сағыз және Құлсары мұнай орындары ашылды.


Қазақстанда химия өндірісі қалыптасты. 1933 жылы қарашада Ақтөбе химия комбинаты мен Аралсульфат комбинаты да іске қосылды. 1928-1940 жж. темір жолдардың өсуі 50 процентке артып, оның ұзындығы 6581 км. жетті.


Қазақстан 20-жылдардың аяғы мен 30 жылдары, өте қысқа мерзімде аграрлы елден индустриялы елге айналды. Большевиктер өлкені индустрияландыруды өте жоғарғы қарқынмен жүргізді. Мысалы: Одақ көлемінде мұнай өндіру 1926-1940 жж. 3 есе көбейсе, Қазақстанда - 5,9 есе көбейді; көмір өндіру Одақ бойынша 5,7 есе артса, Қазақстанда ол 77,4 есеге артқан; электр қуатын өндіру Одақ көлемінде 23,7 есе артса, Қазақстанда–486 есе артқан, яғни одақтық көлемнен 20 еседен артық болған; темір жолдар салу Одақ бойынша 1,4 есеге, ал Қазақстанда –3,1 есеге артқан.


Қазақстанда индустрияландырудың өте кең көлемде және жоғарғы қарқында жүзеге асырылуы инженер-техникалық маман кадрларды қажет етті. Әсіресе, 1933-1934 жылдары өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы жаңа құрал-саймандармен, машиналармен қамтамасыз етілді. Оларды игеру үшін маман кадрлар қажет болды. Бұл мәселені шешу үшін қысқа мерзімді курстар, фабрика-зауыт мектептері, техникалық минимум кружоктары ашылды. Өнеркәсіп орындары шоғырланған қалаларда орта мамандандырылған оқу орындары ашылды. Жоғары дәрежедегі маман кадрларды даярлау үшін республикада Қазақ мемлекеттік университеті, Тау-металлургия институты сияқты алғашқы жоғары оқу орындары ашылды. 1933-1937 жылдары жоғары оқу орындары мен техникумдар 13 мың маман кадрларды даярлады. Сонымен қатар республиканың өндіріс орындары үшін маман кадрларды Рессейдің орталық аудандарындағы жоғары оқу орындарында даярлады. Алайда айта кететін бір жәй, Кеңес үкіметі өте күрделі инженер-техникалық маман кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарын республикада ашпады. Бұл мәселеде республика орталыққа тәуелді болды.


Қазақстанда өндірілген шикізаттарды өңдейтін өндіріс орындары салынбады. Өлкені индустрияландыру барысында өнеркәсіп өндірісінің жүрегі болып саналатын машина жасау бағыты, оның мынадай жетекші салалары: станок жасау, автомобиль шығару, трактор, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мүлде қамтылмады. Республиканы индустрияландыру тек шикізаттық бағытта болды.


Осындай сипатта жүргізілген өлкені индустрияландыру саясатының қазақ халқы үшін зардабы өте күрделі болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық дәстүрі толық өзгерді, өнеркәсіп саласының өркендетілуі ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарағанда өнеркәсіп өнімдері үлесінің көбейюіне әкелді. Екіншіден, қала халқы санының артуына, қалалардың урбанизациялануы мен күшеюіне әкелді. Қала халқының жартысы дерлік (47,5 %) 50 мыңнан астам халқы бар қалаларда жинақталды. 1928-1939 жж. Қазақстан қалалары тұрғындарының санының көші-қонымның нәтижесіндегі механикалық өсуі 1,8 млн адамнан асты. Үшіншіден, көші-қонымның нәтижесінде демографиялық өзгерістер болды, яғни Қазақстан көп ұлтты республикаға айналды. Большевиктер өлкеге жұмысқа басқа ұлттардың алдыңғы қатарлы өкілдерін әкелді деуге болмайды. Себебі кеңес үкіметі әртүрлі қылмысы үшін сотталып, түрмеде отырғандардың еңбегін арзан жұмыс күші ретінде пайдаланды. Сонымен қатар индустрияландыру саясаты республикада жергілікті ұлт өкілдерінің санының азаюына да әсер етті. Төртіншіден, индустрияландыру саясаты нәтижесінде өлкедегі ұлтаралық қарым-қатынас шиеленісті. Оның себебі Орталықтан әкелінген европалық ұлт өкілдерінен шыққан партия, кеңес қызметкерлері мен жұмысшылар қазақ қызметкерлері мен жұмысшыларына менмендікпен жоғарыдан қарады. Мұндай көзқарас туралы фактілерді құжаттардан көруге болады. Большевиктер, сонымен қатар ірі өндіріс орындарынның басшылығына жергілікті ұлт өкілдерін жібермеуге тырысты. Орталық үкіметтің нұсқауын бұлжытпай орындайтын адамдарды орталықтан жіберіп отырды.


Қорыта айтқанда, большевиктер индустрияландыру саясатын жүзеге асыру нәтижесінде өлкенің экономикалық даму үрдісіне толық өзгеріс әкелді. Бұрынғы кезеңде жетекші орында болған ауыл шаруашылығы, әсіресе, көшпелі мал шаруашылығы және оның өнімдері әрі қарай дамытылмай, дағдарысқа ұшырады. Оның себебі большевиктік саяси басқару жүйесі өлкенің экономикалық дамуының бағытын өзгертті, яғни халық шаруашылығының жетекші саласы етіп өнеркәсіп өндірісін белгіледі және оның қарқынын жеделдетті. Кеңес үкіметі экономикалық дамудың объективті заңдылықтарын мүлде жоққа шығарды. Халық шаруашылығының барлық саласы әкімшіл-әміршіл большевиктік басқару әдісіне бағынышты болды. Өлкенің бұл кездегі өнеркәсіп өндірісінің дамуы шын мәніндегі индустриялық даму жолымен жүргізілмеді. Кеңес өкіметі республиканы тек шикізат көзі етіп пайдаланды. Сөйтіп, большевиктер патшалық Ресейдің өлкені экономикалық тұрғыдан отарлау саясатын одан әрі жалғастырды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет