Тәрбиеші балалардың алған білімдерін белсенді әрекетте қолдану үшін жағдайлар жасайды. Кітапханаға экскурсия жасағаннан кейін, ол кітап бұрышындағы кітаптардың қаншалықты жөнді қалыпта екендігін тексеруді ұсынады және оларды жөнге келтіру мақсатында ұжымдық еңбек ұйымдастырады. Келесі күні балаларға «кітапхана» ойынын ұйымдастыруды ұсынады. Сөйтіп белсенді әрекет үстінде (еңбекте, ойында) кітаптарды күтіп ұстау қажеттігі жайлы сабақтардан алынған білім нығая түседі.
Оқыту процесінде балаларды белсендірек ете түсу үшін әр түрлі тәсілдер ұсынылуы мүмкін.
Сабақтың барысында, ең алдымен, өздерін көрсете алмайтын тартыншақ балаларға белсендірек болуға мүмкіндік беру керек. Мәселен, сурет, жоспар, үлгі бойынша әңгіме өткізгенде, есеп шығарғанда алдымен сол балаларды сөйлету керек.
Жауап алу үшін шақыру тәрбиешінің бір ғана баламен сұхбаттасуына айналып кетпеуі тиіс. Балалардың біреуіне тапсырма бере отырып, соған топты тегіс қызықтыра тартқан жөн. Әңгіме, бақылау өткізу процесінде барлық сәбилер үшін ненің маңызды екенін, әр нәрсе үшін еңбек ете түсу керектігін атап айту қажет. Сонда балалар өздерінің әрқайсысының ісіне немесе сөзіне өзінің ісі, сөзі ретінде қарайтын болады. Сондықтан да олардың назарын белгілі бір баланың не сөйлеп, не істеп жатқанына аудара білу де қажет.
Бірте-бірте балалардың бәрі де белсенділікке ие болады, бірақ бұл үшін олардың достары арасындағы өмірін педагогикалық жағынан мақсатты етіп ұйымдастыру, оған жетекшілік ету қажет.
Көрнекілік принципі мектепке дейінгі балаларды оқытуда ерекше маңызды мәнге ие болады, өйткені баланың ойлануы көрнекі-образды сипатта болады. Я.А.Коменский әлдеқашан ұсынған бұл принцип былайша тұжырымдалған: «Мүмкін нәрсенің бәрін сезіммен қабылдау үшін жол ашу, атап айтқанда, көрінетінді көзбен көру үшін, еститінді құлақпен есту үшін, иісті иіскеп білу үшін, дәмге жататынды татып білу үшін, сипап сезуге болатынды сипап сезіну үшін. Егер белгілі бір нәрселерді бірден бірнеше сезім мүшелерімен қабылдауға болса, онда, мейлі, оларды бірнеше сезім мүшесі қамтысын».
К.Д.Ушинский мектепке дейінгі балалардың ерекшеліктеріне жүгіне отырып былай деп жазды: «Бала табиғаты көрнекілікті анық талап етеді. Балаға оның өзіне белгісіз бес сөзді үйрете бастасаңыз, ол ұзақ және бостан-босқа қиналады, ал енді осындай жиырма сөзді суреттермен байланыстыра үйретіңізші – бала оларды лезде қағып алады. Сіз балаға қарапайым ғана ойыңызды түсінідіріп отырсыз, ал ол сізді ұқпайды, сіз дәл сол балаға күрделі картинаны түсіндіре бастадыңыз делік, ол сізді тез түсінеді».
Балаларға жеке-дара қарау принципі. Балалар ақыл-ой ыңғайлылығы деңгейінің әр түрлі екендігімен айрықшаланады – біреулері тез жауап табады, енді біреулеріне дұрыс қорытындыға келу үшін асықпай ойлану қажет болады. Білімді игеру қарқыны әр түрлі болады – біреуі шапшаң қабылдап, еске сақтайды, енді біреуіне материалды игеру үшін ұзақ жұмыс істеу және қайталау қажет. Дағдылар да әр түрлі қарқында қалыптасады: бір бала әрекеттерді ондаған рет қайталаған соң шапшаң орындайды, енді біреулерінде мұндай қайталаудың саны екі, үш есе артып кетеді, содан кейін ғана әрекет шапшаң атқарылатын болады.
Тәрбиеші балалармен жұмысты олардың жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырады. Егер ол мектепке дейінгі балалардың бәріне бірдей қараса, онда олардың кейбіреулері материалды табысты меңгеріп, енді біреулері бірте-бірте қалған үстіне қала берер еді. Егер педагог өз жұмысында материалды білетін, үнемі қолын көтергендерге ғана сүйенсе, онда ол дұрыс жасамағаны, мұндай жағдайда белгілі бір балалар ғана белсене жұмыс істейді, ал олардың белгілі бір бөлігі селсоқ, енжар қалпында қалады. Ой жағынан белсенді балаларға ілесе алмай, олар даму және білімді игеру жағынан бірте-бірте артта қалады. Оқытуда балаларға жіктеп, даралап қарау тәрбиешіден белгілі бір икемділікті талап етеді. Күшті балаға күрделірек тапсырма беру, оның алдында қиынырақ мәселе қою, көлемді жұмыс тапсыру – бұл оның сабаққа деген ынтасын арттырады, сонымен бірге барлық балалардың алдарына қойылған тапсырмаларды орындауына жеткізіп, қолдарын көтермейтіндерді де сұрап тұру, нашарлау дегендерге дер кезінде көмек көрсету, олардың «дамуының таяу аймағы» шеңберінде әрқайсысына жеке тапсырма іріктеп алу, олардың ұғымына сай қою, олардың да материалды игеруге қабілетті екенін сезіндіру керек.
Оқытудың мазмұны. Мектепке дейінгі балаларды оқытудың мазмұны «Балалар бақшасындағы тәрбие бағдарламасымен» айқындалған. Оған тіл дамыту, қоршаған нәрселермен таныстыру, көркем әдебиетпен таныстыру, қарапайым математикалық ұғымдарды дамыту, құрастыру және сурет салу іскерліктері мен дағдыларына үйрету, музыкалық тәрбие, қимылды дамыту енеді.
Бағдарламалық материалды іріктегенде оның, бір жағынан балалар игере алатындай болуын, екінші жағынан, олардың ақыл-ой қабілеттерін мейлінше дамытуын, оның тек мәліметтер жиынтығы болмай мектепке дейінгі балалардың қоршаған дүниеге тән заңдылықтарды түсінуге таянуына мүмкіндік жасауын, балалардың айналадағыларды бақылауға, байланыс пен тәуелділіктерді анықтауға, қорытынды шығаруға жетелейтіндей білім алуын ескеріп отыру керек.