Сабақтың мақсаты: сурет салуға деген қызығушылығын арттыру, қағаз, қарындашпен таныстырып жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру. Еңбек етуге, үстелде дұрыс отыра білуге үйрету.
Көрнекіліктер: сурет салуға арналған ақ қағаз, түрлі-түсті қораптағы қарындаштар «Өз түсіңді тап» ойынына арналған әр түрлі жолақ қағаздар (немесе ойыншықтар т.б.)
Сабақтың барысы: тәрбиеші балалардың назарын өзіне аударады.
Қазір мен сендерге ертегі айтып беремін. Ерте, ерте, ертеде... бір қорап өмір сүріпті. Ол міне мынадай екен. Сырты қандай әдемі безендірілген, (сыртқы суреттеріне тоқталып өтеді де), оның ішінде не бар екен? Қорапты қозғалтып қарындашты тықырлатады. Тыңдап көріңдерші, бұл қорап ерекше, сиқырлы қорап болады. Өйткені, ішіндегі таяқшалар да сиқырлы көрінеді. Қане, ашып көрейік, - деп ұшталған қарындаштарды жартылай ашып көрсетіп, бұл таяқшалардың түстері де сан алуан екен. Қызыл және қара түстерді алып балалардан сұрау немесе өзі айтады. Бұл таяқшалар көңілді би билегісі келіп тұр. Олар қағаз бетіне кезек-кезек шығып би билеп «Көңілді із» қалдырмақшы болады. Қағазбен таныстырғанда ақ қағазды көрсете отырып сұрау. Мынау не? Ол қағаз. Түсі қандай? – Ақ. Ақ қағазға түрлі қарындашпен сурет салуға болады, бірақ қарындашты өте қатты батыруға болмайды. Ол жыртылып қалады. Сендер қағазды жыртпаңдар, сонда біз көп нәрсенің суретін салып үйренеміз. Тәрбиеші ақ қағазға ұшталған қарындашты жоғарыдан төмен қарай түзу сызықтар жүргізіп көрсетеді де «балалар із түсті ме?» - деп сұрайды. Балалар: «жоқ! Ал із түсу үшін не істейміз?» Тәрбиеші: - ол үшін бұл таяқшаларды ұштаймыз. Міне, былай, - деп ұштап көрсетеді. Енді сиқырлы таяқша қарындашқа айналды. Бұл енді қарындаш деп аталады. Балалар қарындаш деген сөзді 1-2 рет қайталайды. Бұдан кейін «қарындаштар көңілді би билей алады» - деп, қағаз бетіне жоғарыдан төмен қарай бірнеше түзу сызықтар жүргізіп, «қандай әдемі түстер, мынау қандай қарындаштың ізі, кім айтады?». Қызыл, жасыл, көк, қара сызықтарды сызғанда батыл, үзіліс жасамай жүргізіп көрсетіп балалардың қол, саусақ қимылдарын жетілдіруге көңіл аударылады. Қарындаштың сырты ағаштан жасалғанын, ағаштарды қайдан көргендері жайында сұрайды. Қарындашты қалай ұстау керектігін көрсетіп 2-3 рет ауада сызық жүргізеді. Осы сызықтарды енді алдарыңдағы ақ қағазға түсіріп көріңдер деп ұсыныс жасайды. Балалар жұмысқа кіріскенде аралап, іс-әрекетке басшылық жасап, бағыт беріп, жұмыстарын мадақтап сабақты аяқтайды.
- Енді бұдан былай сурет сабағында қағаз бен қарындашпен әр түрлі сурет салып үйренеміз, келесі сабақтарда жалғастырамыз, қарындаштарыңды жинап орнына қойыңдар. Қағаздарды тәрбиеші жинап алады да, қарындашпен салынған суреттерді балаларға көрсетіп әңгімелейді. «Өз түсіңді тап» ойынын ұйымдастырады. Серуенде ағаштардың түр-түсіне, көлеміне назар аударып таныстырады.