3 1-тарау. МӘнерлеп оқУ



бет50/126
Дата29.11.2022
өлшемі5,95 Mb.
#160312
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   126
Байланысты:
Мәнерлеп оқу КІТАП

3.5. Мақал-мәтелдер

Мақалдар мен мәтелдер - халық ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан өзіндік ерекшеліктерімен танылған халықтың асыл ойының көркем жиынтығы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып шешетін асыл мұра. Ақылына ақыл қосатын, жарқын болашағына дұрыс бағыт сілтейтін, өмірді танытатын - қамқоршы. Онда халықтың өмір сүру барысындағы барлық тәжірибенің өнегелі өсиеттері айтылған. Онда халық даналығы сақталған.


Мақалдар мен мәтелдер көркем әдебиетіне сөздің әрін келтіретін, айтайын деген ойдың мағынасын толықтыратын, сонымен қатар ұтымды да, ықшамды да қолданылатын әдемі форма. Өйткені, бұл мол тәжірибенің ұзақ уақыт әбден сұрыпталған, екшелеген сыннан өткен асыл түйіні.
Бала өсіруде, тәрбиелеуде халық өзінде бар барлық асыл сөз, даналық ойларын балаларға, жеткіншектеріне арнады. Өз өмірінің ғасырлық тәжірибесінен алынған асыл ойларын мақал, мәтел етіп, үлгі ретінде өмірінің жалғасы болатын баласына, немересіне қалдырып отырған. «Бала – бауыр еті, көздің нұры» деп босқа айтпаған. Кім болса да өз баласын білімді, өнегелі халық азаматы болып өссін дегенді арман етеді. Сол арманын іске асыру үшін қолда бар барлық мүмкіншілігін бала болашағының игілігінен аямайды. «Оқу - білім бұлағы, білім - өмір шырығы» деген ақыл сөздерді әрқашан құлағына құйып отырады. «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деп өз болашағының ырысты болуы да сол білімділіктен туатынын айтады.
«Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен» деп оның болашағы да соншалық баянды, мығым болатынын сан рет ескертеді. Бірақ, мұның өзі де еңбексіз, әрекетсіз тектен-тек қолға түсе қалатын оңай олжа емес. Асуы қиын бел-белес, ұшы-қиыры көрінбейтін құба-жон екенін де ашық айтады. Қажымай қайрат көрсету арқылы ғана оның үдесіне жетуге болатынын ескертеді. «Білім қымбат, білу қиын» деген мақал осыдан алынып, жастарға әдейі айтылған. Білім алу жолына түссең, оның қиындығын ауырсынба, «Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен жоқ болса, кішіден сұра», қалайда оның үдесіне жет, шыңына көтеріл дегенді насихат етіп, балақайларды жастайынан білім алуға, еңбекке баулиды.
Егер білім алу жолында қиыншылыққа төзбесең, еңбектенбесең қатарыңнан қалып қоясың, өкінішті боласың. «Өкініш естен кетпейді, бір тойғаның түске жетпейді». Осы жағын да ескеріп қой. «Өнерлі жігіт өрде озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп жастардың намысына тие, ойына қозғау сала айтатын жақтары да халық мақалдарынан көп кездеседі.
«Адам болар баланың кісіменен ісі бар, адам болмас баланың кісіменен несі бар» деп баланың психологиялық өсу процесіне зер салып, үздіксіз бақылап, сынап, дұрыс бағытқа жөн сілтеп отырған. Адам болатын баланың талабы, ынта-жігері жас кезінен танылады. Көпшілікке, оның игілікті жақсы жақтарына үйір бола бастайды. Қоғамшыл, көпшіл бола бастайды. Ақыл парасатқа бой ұрып, игі жұмысқа тез үйренеді. Адам болмас баланың қыңыр-қисық жақтарын дер кезінде біліп, дер кезінде нашар бағыттан, өнегесіздіктен арашалап алуды қажет ететінін ескертеді. Бала тәрбиелеу аса қиын, аса жауапты іс екенін тәжірибенің өзі-ақ көрсететінін осыдан аңғаруға болар еді.
Халық мақалдарының балаларға арналған түрлерінде жастарды білімге баулумен қатар, оларды тәрбиелеу керектігі де толық ескерілген. Адам баласына пайдалы, өнегелі істердің барлығы да мақал, мәтел етіп айтылған. «Есер баладан ерке бала жаман» деп баланы жас кезінен ерке, шолжақ етпей өсіруді жақтайды. «Жорғаның тері кеппес, еркенің көз жасы кетпес» деп ерке өскен баланың пайымсыз, ақылсыз, шолжақ болатынын айтады. «Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман» деп көңіл соқырлығы жас кезінен ерке өскен пайымсыздығынан келіп шығатынын оңай түсінуге болады. «Балаң жаман болса, көрінгеннің мазағы». Ол ата-анаға күйік, ауыр-қайғы болатынын да қатты ескертеді. Баланы шолжақ етпеу үшін онымен сөйлесуде үлкен кісілердің өздері парасатты әңгіме айтуға, балаға баласынып қарамау керектігін де әрқашан еске салады. «Балаңа байқап сөйлесең, ақылыңа көнер, байқамай сөйлеген көп ішінде өлер» деп баланың қалай өсуі алдымен ата-анаға байланысты екенін құптайды. Балаға «ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» дегенді қатты ескертеді.
Білім алу, жақсы өсу, еңбек сүюшілікке дағдылану – осының бәрі де адамның саулығына, жақсы тәрбиеге байланысты екені де мақалдар мен мәтелдерде толық қамтылған. Халық өз өмірінің тәжірибесінен көрген-білгенінің бәрін де өзінің ұрпақтарына мақал-мәтел етіп, үлгі насихат ретінде қалдырып отырған. «Ден саулық зор байлық» деп, алдымен саулығыңды сақта. Саулығың жақсы болса, ойлаған мақсатыңа жетесің, деп үйретеді. Саулық та өз өзінен келе бермейді. Таза тұрып, таза жүруді қажет ететінін ескертеді. «Тазалық - саулық негізі, шаруашылық - байлық негізі», - дейді. Осының барлығы да біріне бірі тығыз байланысты. Бірінсіз бірі қаз қалпында тұруы мүмкін емес. Саулықтың негізі таза тұрып, таза жүруге байланысты болса, саулық пен таза жүрудің негізі ұқыптылыққа байланысты екені де айтылады. Өз өзіңе ұқыпсыз сылбыр-салақ болса, мұның бәрі де іске аспайды. Сондықтан да «ұқыптының тоны тозбас, ұқыпсыздың ісі оңбас», - деп, қатты айтады. Қай нәрсеге болса да ұқыптылықпен, зейін ықыласпен, ынта-жігермен кірісуге шақырады. Осы айтылған мақал-мәтелдердің бәрі де жас буынға ой салып, өмір танытады.
Мақалдар мен мәтелдерде жолдастық қатынастар жайында да айтылған. Жасөспірімдерді мейірімді, кішіпейіл болуға, берілген уәде, айтқан серттен айнымайтын адал дос, жақсы жолдас болуға үйрету бар. «Ат жаманы жолда қалдырар, жолдас жаманы қолда қалдырар», - деп, жаман адамның соншалық опасыз, тұрақсыз, табансыз, тайғақ болатынын білдіреді. «Жаман аттан – аяғым артық, жаман жолдастан – таяғым артық» - деп, жаман жолдастың опасыздығын қолдағы таяқтан да қадірсіз екенін ескертеді. «Жаман дос көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың», деп қорытынды жасайды. Жолдастық достық мәселесін айтқанда, жас буынға көбіне адамгершілік сипатқа жатпайтын жат мінездердің барлығынан аулақ болуды көздейді.
Баланы тәрбиелеудегі негізгі мақсат оны алдымен еңбек процесімен таныстырып, еңбектенуді сүйе білуге үйретуді көздейді. Қалған барлық мәселе осыдан өрбитінін, осыдан тарайтынын түсінген. «Ағаш кессең ұзын кес, қысқартуың оңай, темір кессең қысқа кес ұзартуың оңай» - деген мәтел сөздерге тәжірибесі мен көргені аз балалар алғаш бұл жұмбақталып айтылған сөз бе деп түсінбей де қалуы мүмкін. Ойға салып талқылай келе, өмір тәжірибесінен алынып айтылған өнегелі сөз екеніне сүйсініп, өзіне үлгі етеді. «Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес» - деп қай нәрсені болса да еңбексіз қолға түспейтінін баладан жасырмай, сендіре айтады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» - дегенде осы негізге сүйеніп айтылған. «Еңбек түбі зейнет» - деп, оның арты бақыттылыққа, дәулеттілікке, абырой-атаққа, ойлаған мақсатқа жетуге бастайтынын көрсетеді. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» - деп, оның қызығы мен рахаты алда екенін де ескертеді.
Мақалдар мен мәтелдердің терең мазмұны мен тәрбиелік әсері, өмір оқулығындай болатын идеялық сипаты, өткір де көркем тілі, оның мейлінше ықшам қолданылатыны өзінің оқушысын таң-тамаша етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет