3.6. Ертегілер
Ертегілер – бала дамуында үлкен маңызы бар, әдеби жанр.
Көрнекті психоаналитик Б.Беттельхейм «Қиял-ғажайып ертегілердің пайдасы мен маңызы» кітабында ертегілердің баланың жүйке жүйесіне әсері жөнінде өзінің тәжірибесін жинақтаған. Ол, бала дамуындағы ауытқушылықтың себебі, өмірге деген қызығушылығын жоғалту, оған көмектесетін ертегілер, деген. Ертегілер баланың құмарлығын оятып, бүкіл санасын, назарын аударатын, қиялын шарықтататын, өзін-өзі танитын, интеллектін дамытатындай, келешекке сеніммен қарайтындай болу керек. Ертегілер ауызша айтуға лайықты түрде құрылады. Сөз, сөйлем құрылыстары да осыған лайық келеді. Қай елдің ертегісінде де дәстүрлі салтқа айналған бастамасы және шешуі болады.
Мәселен, қазақ ертегілері:
Бар екен де, жоқ екен,
Аш екен де, тоқ екен...
Ерте, ерте ,ерте екен,
Ешкі жүні келте екен, - деп басталады. Ертегінің бұлай басталуы – айтушылар үшін керекті әдіс, өйткені адам әрдайым білмегенін білуге құмар.
Дидактикалық ертегілер тәрбиеші-педагогтардың құрастыруымен жазылады. Бұндай ертегілердің кейіпкерлері де ерекше: әріптер, дыбыстар, цифрлар, сөз, сөйлем, сөз таптары, сөйлем мүшелері, тыныс белгілер болып келеді. Дидактикалық ертегілер негізінен төмендегідей түрде құрастырылады.
Белгілі кейіпкерлер тұратын ертегілер әлеміне саяхат.
Жағымды кейіпкерлер, олардың көмегі, жақсы іс-әрекеттері, оларды «нағыз достар» ретінде қабылдау.
Ұнамсыз кейіпкерлер (айдаһар, жалғыз көзді дәу, мыстан кемпір) су тасқыны, жалғыздық, адасып кету сияқты сәтсіздік тудыратын іс-әрекеттер.
Баланы берілген оқиғаға байланысты көмекке дайындау.
Көркем шығарма жанрларының ішіндегі балалар әдебиетінде ертегінің рөлі ерекше. Есте жоқ көне заманнан бастап халықтың ауыз әдебиетінде ең көп дамыған көркем шығарма түрі – ертегі. Ертегіні оқу – баланы ғажайып қиялға бөлеп, шым-шытырық оқиғаға араластырып жеті қат жер астына, ғарышқа самғатады. Ертегілердің түрлері мен тақырыбы өте көп. Жан-жануарлар, аң-құстар, табиғат туралы, адамгершілік туралы ертегілер көптеп кездеседі. Қандай ертегінің түрлері болмасын оның ең басты кейіпкерлері – жағымды. Олардың мақсаты адамға жақсылық істеу, қол ұшын беру, жақсыны үйретіп, жаманнан жирендіру. Ертегінің тілі шұрайлы, оқиғасы қызық. Сондықтан шағын ертегіні бала әлі оқу мен жазуға төселмей тұрған алғашқы аптадан бастап-ақ тәрбиешілер әсерлі оқып, әңгімелеп беруінен есте сақтайды.
Халықтық ертегілер өмір шындығын баяндайтын фантастикалық негізге құрылған көркем шығарма. Онда еңбекші халықтың ғасырлар бойы жасап келген өмір тәжірибесі, оның мәдениеті мен салты, әдеті мен ғұрпы, шаруашылық кәсібінің түрлері, тілінің шебер өрнектері қамтылған. Табиғаттың адам баласына жұмбақ болып келген неше алуан қияметі айтылады. Халық ертегілерінің негізгі өзінің тыңдаушысына ақыл-парасатты баяндайды. Адам арманының жарқын болашағына жөн сілтейді. Өмір күресіне бастайды.
Халық ертегісі ішінде балалардың сүйіп тыңдайтын, олардың жас ерекшеліктеріне тән мұралар сондай көп, халық ертегісі ғасырлар бойы балалардың ықыласын өзіне қызықтыра тартып, жас жанына әсер етіп, көңілді шаттық күлкіге бөлеп, қуантады. Халық ертегілерінің бай фантастикасы балалардың ойына қозғау салып, ақыл-ой қызметінің ерте дамуына, ерте қалыптасуына жәрдемдеседі.
Халық ертегісін балалардың сүйіп оқитыны, барлық ықыласымен сүйсіне тыңдайтыны, оның ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа айтылып, әбден екшеліп, халықтың даналық, тапқыр ой пікірлері жинақталып, әрі көркем, әрі жеңіл тілмен берілетіндігінде. Басталған жерден-ақ оқиғасы қызықты, ұшқыр қиялды болып келеді де, баланың ойын бірден қызықтырып, жетектеп әкетеді.
Халық ертегісінің балаларды қызықтыратын тағы бір ерекшелігі, ондағы адам бейнелері барлық жағынан әбден жетілген болады.
Профессор Мұхтар Омарқанұлы Әуезов өзінің ертегілер деген ғылыми зерттеу еңбегіне халықтық шығармалар ішінде үлкендермен қатар балаларға тән, екеуіне бірдей қызмет ететін неше алуан қызықты материалдардың барлығын айтып, талдаулар берген. «Хайуанат жайындағы ертегілердің көбі балаларға арналған күлкі, жеңіл әнгіме болып та келеді. Олар «Құйыршық», «Қотыр торғай», «Мақта қыз бен мысық», «Шудалы торғай», «Күшік пен мысық» сияқты көптеген ертегілер. Құйыршық ғажайып түрде ешкінің құйыршығынан біткен кішкентай бала болады. Ол қасқырды, жолаушыларды, үй иесін – бәрін алдап соғады. Ажалдан қалып, әке-шешесіне келеді. Бұл алуандас ертегілер орыста да бар» дейді.
Ертегі кейіпкерлерінің басым көпшілігі – аңдар мен құстар, жыртқыштар. Әрине, табиғаттағы жан-жануарлар сөйлемейді, бұны – бәрі біледі. Бірақ солардың тіршілігі, немен күн көретіні, кейбір жыртқыштардың мінезі, пайдасы мен зияны, олар туралы мағлұматтар белгілі. Сондықтан түлкінің даусы, қасқырдың даусы, арыстанның даусымен оқу деген талап жоқ. Бірақ, әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын жаратылысы сияқты, бір-біріне ұқсамайтын даусы да болуы керек деп түсінгеніміз дұрыс.
Ертегі кейіпкері:
Қасқыр – жыртқыштардың ішіндегі ең бір қорқауы.
Арыстан – айбатты да күштісі. Ертегідегі «аңдар патшасы».
Түлкі – айлакер, қу. Өз пайдасы үшін бәрін де сатып кетеді, мұзға отырғызады.
Аю – епетейсіз, жалқау, топас, қара күш иесі.
Қарсақ, қояндар – қорқақ, әлсіз, өз басын зорға қорғайды.
Қарға – мақтаншақ, үй-үйлердің, қора-қопсының арасында талтаңдап жүргеніне мәз.
Торғай - әлсіз, әлжуаз.
Үй жануарлары балаларға біршама таныс. Олардың барлығы да пайдалы. Адамға өте жақын дос. Сондықтан ертегілерді үй жануарлары қанша қиыншылыққа кездессе де аман аман қалып отырады. Соның ішінде: қой – момын, салмақты, қысылғанда ақыл тауып құтылып кетеді. Ешкі – жеңілтек. Сондықтан көбірек қолға түсіп қалып отырады. Айласын асырып, ол да құтылып кетеді.
Жылқы – төрт түліктің ішіндегі қарулысы, жүйрігі, тұяқтысы, жауына алдырмайды т.б
Ертегі кейіпкерлерін дұрыс талдап, түсініп олардың даусын аз да болса бір-біріне ұқсас етпей, сәл өзгертіп оқу қажет. Мысалы, аюдың сөзін жуан дауыспен созыңқырап, түлкінің ісі қулық, айлакерлік болғандықтан жіңішкелеу, тезірек оқып аярлығын үнмен жеткізсе, қасқырдың сөзі өктемдеу үнмен күштіліктің, зорлықшыл тәкаппарлықтың лебі ескендей әсермен оқылса қандай жақсы.
Заманның жарқын болашағын, бақытты тұрмысын, арман-тілегінің орындалуын ертеден көксеген халық, мұң-мұқтажының барлығын да ертегілерге енгізе білген. Сондықтан ертек балаларға осындай ерекшеліктерімен танылып, қызықтырып, олардың ой-еркін билеп әкетеді. Жаңа ой серпінін тудыруға, көңіл күйін оятуға себепші болады.
Ертегілерді балаларға мәнерлеп оқудың барлық тәсілдерін пайдаланып, дауыс сазымен оқып беру үшін бір еретегіні алдын ала оқуға даярлаудың үлгісін талдап көрейік. Мысалы, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ертегілердің түрлеріне тоқталайық.
Достарыңызбен бөлісу: |