Тәжірибелік әдістер. Балалардың алған білімдері ойларында қалуы үшін оларды тәжірибелік іске қолдануы керек. Осыған байланысты балаларды оқытуда олардың тәжірибелік ісін ұйымдастыруға көмектесетін, олардың жаңа білімдерді, іскерлік пен дағдыны игеруге жетелейтін әдістер қолданылады.
Тәжірибелік әдістердің маңызды элементі – балалардың алдына нақты міндет қою. Ол дайын үлгі бойынша (не істеу керек) немесе нұсқаулар бойынша (қалай істеу керек) тапсырма орындау болуы мүмкін.
Жаттығу. Тәжірибелік әдістердің ішінде әр түрлі істерге жаттығу үлкен орын алады, осының нәтижесінде балаларда қажетті іскерлік пен дағды қалыптасады. Тәрбиеші қанша жақсы көрсеткенмен, түсіндіргенмен бала өзі істеп жаттықпаса сурет салып, қайшымен қиып, есептей алмайды. Іскерлік пен дағдының қандайы болса да тәжірибелік іс-әрекет үстінде қалыптасатын болғандықтан, оқыту ісін түсіндіріп көрсетуде, тәжірибелік іс-әрекет көп орын алатындай етіп ұйымдастыру қажет.
Тәжірибелік іс-әрекет процесінде ойлауды дамыту үшін міндеттің баланы өз бетімен талдауға, осы міндетті орындалу мен іске асыру жолдарын белгілеуге итермелейтіндей етіп қойылуы маңызды. Баланың қолына дайын үлгі берілмейді, тек дайын затқа керекті жағдайларды айтып береді.
Оқытудың тәжірибелік әдістері көрнекілікпен тығыз байланысты, мысалы: үлгі немесе қойылған шарттар әрқашанда көрнекі болу керек. Дайын үлгі негізінде тәжірибелік іс-әрекет ұйымдастыру оны алдын ала қабылдауды және талдауды талап етеді. Балалардың көпшілігі заттарды өз бетінше оның болашақ түрінде елестете алмайды, оның үстіне бір нәрсені тұрғызу, суретін салу сияқты тәжірибелік міндеттер негізгі міндет боп қабылданады да, сәбилер соған кірісуге асыға ұмтылады. Мұның өзі көптеген қателіктерге, тіпті тапсырманың орындалмай қалуына апарып соғады.
Мұнда істің сәтті болуы балалардың үлгіні қаншалықты дұрыс қабылдауына, оны талдай білуіне байланысты. Сондықтан оқытудың тәжірибелік әдістерінде дайын үлгіде қимыл тәсілдерін және жағдайға қарай берілген тапсырмада талдау тәсілдерін көрсетудің ерекше маңызы бар. Мектепке дейінгі балалардың тапсырманы орындау процесінде алынған нәтижені берілген тапсырмамен салыстыра және дұрыс істелмеген жерлерін түзете білуді қалыптастыру керек. Бұл өзін-өзі бақылауды дамытады, ал мұның өзі оқу іс-әрекетінің маңызды сәті болып табылады.
Оқытудың тәжірибе әдістерін қолануда тәжірибелік тапсырмалардың бірте-бірте қиындай түсетін жүйесін жасау қажет. Бұл жүйе балалардың іскерлігіне қойылатын талаптардың бірте-бірте күшейе түсуімен сипатталады. Үлгіні зерттеу (немесе берілген шарттарға талдау жасау), қимылдарды орындаудағы бірізділікті жоспарлау, алынған нәтижені тәжірибелік міндеттермен салыстыра отырып бақылау. Ересек және мектепке дайындайтын топтардың балаларын тәжірибелік жұмыстарды жоспарлауға үйретеді. Олар тәрбиешінің басшылығымен жұмыстың негізгі кезеңдерін және әрбір кезеңде пайдаланатын қимыл әдістерін белгілейді. Сәби және ортаңғы топтардың балалары ең қарапайым формада жоспарлайды (қазір қабырғаларын тұрғызамын, содан соң шатырын жабамын).