Алғашқы ұйымдастырылған экскурсиялар.
ІІ ғасырдың аяғы мен XVІІІ ғасырдың ортасында ұлы ойшылдардың ықпалымен Еуропаның кейбір оқу орындарында оқушылар үшін қысқа экскурсиялар мен жаяу серуендер қолданыла бастады. Олар белгілі поляк педагогы Ян Амос Коменскийдің әдістері бойынша оқыту мен тәрбиенің нақтылығы мен көрнекілігі үшін өткізілді.
Ресейде экскурсиялық қызмет XІX ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Бұл кезде жаратылыс тану әуесқойлар қоғамы Петербургте, Мәскеуда, Қазанда, Екатеринбургте, Тифлисте және басқа қалаларда белсенді жұмыс атқарды. 1902 — 1909 жылдары Кавказ тау қоғамы (Пятигорск) жұмыс істеді. 1905 жылы Ресейдегі алғашқы экскурсиялық мекелердің бірі — Қырым-Кавказ тау клубының Ялталық экскурсиялық бюросы құрылды. 1899 жылдан бастап Мәскеудегі Педагогикалық қоғамда гимназиялардың, коммерциялық мектептердің оқушылары үшін жалпы білім беретін экскурсияларды ұйымдастыру бойынша комиссия жұмыс істеді, ол Мәскеулік оқу аймағының жанындағы Орталық экскурсиялық комиссияның жұмысын да бағыттап отырды.
Экскурсиялық қызметтің дамуы тарихи, мәдени және табиғи ескерткіштердің, ансамбльдердің, мұражайлардың және әр түрлі көрмелердің ашылуымен қатар жүрді. Бұл жағдайда ғылыми қоғамдардың ұсыныстық қызметі, зиялы қауым өкілдерінің ұсыныстары әсер етті. 1872 ж. Мәскеуде Политехникалық мұражай, ал 1873 ж. Тарихи мұражай құрылды. XІX ғасырдың екінші жартысында Ресейде тау саяхаттары кең тарай бастады. 1877 ж. Тифлистегі Кавказ жаратылыс тану қоғамы жанынан елдегі алғашқы альпілік клуб құрылды. 1890 ж. Одессада құрылған қырым тау клубы өзінің филиалдарын Ялта мен Севостопольде ашты. XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында туризмнің дамуына көптеген ғылыми және әуесқойлық қоғамдар көп көңіл бөле бастады. Олардың ішінде Орыс география қоғамы, Жаратылыстану әуесқойлары қоғамы, Петербургтың халық университеттері қоғамы т.б. бар.
Экскурсиялардың, шыңға шығудың, жаяу жорықтар мен велосипед серуендерінің кең таралуы, көптеген ғылыми және кәсіподақтың қоғамдардың, ұйымдардың, оқу орындарының туризм мен экскурсияларға деген ынтасы, орыс зиялы қауымының саяхаттарды, қозғалыс пен танымдық экскурсияларды халықты ағарту үшін пайдалануға ұмтылуы туризм мен экскурсия әуесқойларының арнайы ұйымдарға бірігуіне алғышарт жасады. Сөйтіп, 1895 ж Орыс туристер қоғамы, ал 1901 ж Орыс тау қоғамы құрылды. Осы екі қоғам да 1917 жылға дейін негізгі туристік ұйымдар болды.
Достарыңызбен бөлісу: |