Тақырыбы: Халықтық наным-сенімнің ұлттық сипаты
2017 жыл
МАЗМҰНЫ:
Кіріспе ............................................................................................................ 3
Халықтық наным-сенімдерді білдіретін лексиканың этнолингвистикалық аспектілері .............................................................. 4
Фразеологизмдердің ұлттық-мәдени ерекшеліктері ................... 6
Аң, құсқа байланысты халықтық наным-сенімдерді білдіретін сөздер ............................................................................................................... 11
Киелі жеті санының халықтық дүниетанымы ........................... 19
Қорытынды ................................................................................................ 23
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі .......................................................... 24
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазіргі кезеңде халықтық наным-сенім мәселесіне қатысты тіл біліміндегі көптеген зерттеу жұмыстары тілдегі ұлттық сипатты, ұлттық танымды, ұлттық рухты тануға, танытуға негізделген. Дегенмен, мәдениеттің дерегі ретінде тіл әлі де жеткіліксіз қарастырылуда. Осыған сай халықтық наным-сенімдердің тілдегі айқын үлгілері, әсем өрнектері ажарланған ұлттық символдар болмысын тіл арқылы ашуды «тіл - мәдениет - ойлау» үштағанының айналасындағы зерттеулердің жалғасы деуге болады. Ғылыми жұмысымдағы тілдік көріністер ретіндегі халықтық наным-сенімдер рухани мәдениет шегінде қаралады. Этнолингвистика ғылымының негізгі міндетіне сәйкес тіл байлығы негізінде халықтың рухани, мәдени өмірінің тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық дүние танымын жан-жақты ашып көрсетіп, ол халыққа түсіндіріледі.
Зерттеу нысаны. Халықтық наным-сенімдерді білдіретін тілдік бірліктердің табиғатын ашу.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Халықтық наным-сенімдерді нақты материалдар арқылы жан-жақты қарастырып, халықтық наным- сенімдердің тілдік көріністерін (жеке сөздер, сөз тіркестері, фразеологизмдердің), олардың табиғаты мен уәждерін саралау. Осы мақсатты айқындауда мынадай міндеттер туындайды:
Зерттеуші ғалымдардың этнолингвистиканы зерттеудегі пікірлеріне, талдауларына сүйене отырып талдау жасау;
Тілдік көріністер арқылы халықтың ертедегі рухани байлығын жан-жақты қарастыру;
Қазақ халқының ертедегі ру-тайпаларының қандай наным- сенімдердің ықпалында болғандығын дәлелдеп, осыған байланысты тілімізде қандай сөз тіркестері, тұрақты тіркестер қалыптасқандығын қарастыру;
Аң-құстар, сандарға байланысты қалыптасқан тұрақты теңеулер мен тұрақты тіркестердің тілдік қорымызда сақталғандығын айқындау;
Жеті санының көптік мағынасына байланысты тілімізде қалыптасқан тұрақты тіркестердің қолданылуына тоқталу.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу материалдары көркем әдебиеттен, қазақ этнолингвистикасын зерттеуші ғалымдардың еңбектері, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1-10), «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінен» (І.Кеңесбаев, 1977), «Қазақ мақал-мәтелдері» жинағынан алынды.
Зерттеудің әдістері: Зерттеу жұмысында талдау, сипаттама жасау, салыстыру және басқа зерттеулердегі лингвистикалық ой-пікірлерді, тұжырымдарды қорыту әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Ғылыми жұмыс кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен құрылған.
1. Халықтық наным-сенімдерді білдіретін лексиканың этнолингвистикалық аспектілері
«Лингвомәдениет» және «лингвомәдениеттану» терминдері мен оған қатысты мәселелер бұрыннан бергі ғылыми дәстүрге ие болғанмен, ғылыми ой дамуының әрбір кезеңінде жаңадан өзекті болып отырады. Тіл қай дәуірде болмасын этностың мінез‑құлқын анық сипаттайтын құрал болып табылады.
Лингвомәдениеттанудың басты мәселелерінің бірі – мәдени ұғым, ондағы тектілік, ұлттық мінездің мәдени көрінісі.
Кез келген ұлттың дүниетанымы, ұлттық болмысы, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан, ғасырлар бойы жасаған ұлттық мәдениеті оның тілінде көрініс табады. Ұлттық мәдениеттің тірегі тілде. Тіл – дүниетаным құралы. Тілде халықтың бүкіл тыныс-тіршілігі, оның шын мәндегі (табиғи) болмысы мен дүниетанымы сақталған. Тіл – мәдениет айнасы. Онда ұлттық таным, ұлт менталитеті, ұлттық мінез, өмір салты, әдеп-ғұрпы, құндылықтар жүйесі, дүниеге көзқарасы, түйсігі, сана-сезімі көрініс табады. Сондықтан қазіргі таңда ұлттық тіл мен ұлттық мәдениетті байланыстыра зерттейтін тіл білімінің лингвомәдениеттану деп аталатын саласы кең қанат жаюда. Лингвомәдениеттану ұлттық тіл деректерінің бойынан мәдени нышанды тауып, қарастырып, сол атаудың ұлт мәдениетіндегі өзіндік ерекшелігін танытуға көбірек бағыт бұрады.
Тілдік мәдени (лингвомәдени) бірліктер әр түрлі салалы сөздердің топтарынан көрінеді. Ұлттық салт-дәстүр, жөн-жоралғы, ұлттық көзқарастар, ұлттық болмыс, бір сөзбен айтқанда ұлттық мәдениетті, ұлттық мінезді білдіретін сөз және сөз тіркестері. Бұған кәсіп атаулары, кірме элементтер, тыйым сөздер, туыстық, далалық демократияға қатысты сөздер, рухани ұлттық мәдениет, ұлттық теңеу, баға т.т. категориялары бойында бар сөздер де енеді. Мысалы; тілдік мәдени бірліктер: ұлттық өнер: ою, өрнек; ұлттық үй: абылайша үй, қараша үй, отау үй; ұлттық өлшем: құрық бойы, қозыкөш жер, сүт пісірім, бие сауын, бармақтай-бармақтай, шаш етек т.т.
Салт-дәстүрлер – рухани мәдениеттің негізгі аспектісі. Ол – ұлтты рухтандырып, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттарының бірі. Оның негізгі бір сипаты – оның тұрақтылығы. Ол оңайлықпен өзгере салмайды, тіл арқылы ол ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Сол арқылы ұлт өмірінің желісі үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі.
Алғыс, бата беруге байланысты лингвомәдени бірліктер. Қазақ халқының мәдени өмірінің ерекшелігін танытатын тілдік белгілердің бірі – бата. Халқымыздың бата беру салтынан ұлтқа тән қасиеттерді аңғаруға болады. Бата беру дәстүрінің қазақ халқының өміріндегі мәні В.В.Радлов, А.Диваев, Г.Потанин, В.Васильев, Ә.Марғұлан т.б. этнограф-ғалымдардың зерттеу еңбектері бар. Қазақ фольклорын жинаушы А.В.Васильев бата туралы: «Қазақ даласында болған адам халық арасында батаның қаншалықты бағалы екенін жақсы біледі. «Бата» қазақ поэзиясының ерекше түрі. Батаны көбінесе үлкен кісілер, ақсақалдар береді» деп баға берген.
Қарғыс мағынасындағы лингвомәдени бірліктері: Алғыс сөзіне қарама-қарсы мәнде қолданылып, адамның психологиялық жай-күйін білдіруде жұмсалған бұл бірліктер жазушы өмір сүрген кезеңдегі ұлттық көзқарасты, ұлттық сана-сезімді сипаттайды.
Ұлттық киім атаулары: Әр халықтың киім үлгілері, олардың атаулары сол ұлттың материалды және рухани мәдениетінен хабар береді. Қазақ халқының ұлттық киім атаулары ата-бабаларымыздың дүниетанымынан, бітім-болмысынан, рухани дүниесінен сыр шертеді. «Киім-кешек атаулары ұлттық, мәдени, тілдік процестер туралы «ақпарат» беріп қана қоймайды, олар тілдік шығармашылықтың «тірі қазынасы» іспеттес. Талғам мен салтанаты жарасқан қазақтың киімі ұлттық мәдениеттің жарқын көрінісі».
Ескі ұғымдар, наным-сенімді, ырымды білдіретін лингвомәдени бірліктер: молаға түнеу, бақсыға сарнату, көшірту, тұмар тақтырту, ішірткі беру.
Ұлттың рухани дүниетанымын, салт-санасын, ұлттық мінезін өн бойына жиып, сан ғасырлар өтсе де санадан өшпейтін ұлт тіліндегі асыл қазыналардың бірі – фразеологизмдер. Фразеологизмдер – сандаған жылдар мен ғасырлардың қазынасы, бұл, бір жағынан, екінші жағынан, ол – жеке қаламгерлердің табысы, еңбегі, ізденісі. Фразеологиялық тіркестер – семантикалық шоғырлар, яғни жеке сөз мағыналарының бір-бірімен түйісуінен туған жаңа мағыналық дүниеліктер. Демек, белгілі бір қаламгердің жалпы тілдік қазынасын және көркемдік байлығын зерттеуде оның фразеологиясын тауып тану ерекше орын алады [1].
Рухани-діни сөздердің лингвомәдени мәні. Рухани мәдениет адамдардың қоршаған дүниеге көзқарасы, діни танымы, наным-сенімі, мінез-құлқы, қабілеті т.б. ұғымдар арқылы танылады. Адамның рухани болмысының қалыптасуында тіл мен діннің маңызы зор. Діни лексиканы зерттеу - дінді зерттеу емес, ол тіл арқылы халықтың ертедегі рухани байлығын жан-жақты қарастыру, байымдау болып табылады. Қазақ даласына араб мәдениеті тараған соң қазақ халқының рухани өміріне үлкен әсер етті. Ислам әлеміне тән көптеген сөздер мен ұғымдар кірді.
Алла, Тәңірі рухани атаулар ұлт дүниетанымындағы ең жоғарғы мәдени мәнге ие лингвомәдени бірліктер. «Қазақтардың ата-тегі түріктердің басты құдайы – Көк Тәңірі. Көк Тәңірін көшпенділер жалғыз жаратушы деп түсінген, кейін қазақтарда Тәңірі мен Алла синонимге айналған».
Ұлттың рухани мәдениетінде қаланып, бекіген кейбір әдеп-ғұрыптар мен наным-сенімдер қаншама замана жылдар өтсе де жоғалмай, ұлт санасында қайта жаңғырып, ұлт өміріне қайта оралып отырады. Айырылып қала жаздаған рухани құндылықтарымызбен қайта қауышар сәт туғанда, жоғарыдағы аталмыш бірліктер де тілімізде қайтадан қылаң бере бастағаны мәлім. Сол себепті рухани мәдениетіміздің асылдарын жаңғыртуда осындай мұраларды танудың мәні зор.
Жалпы мәдениет, оның ішінде рухани мәдениет адамдардың өмір сүру тәсілі, дүниеге көзқарасы, дінге сенімі, психикалық ерекшелігі, моральдық өлшемі, танымдық қабілеті т.б. ұғымдарды қамтиды. Тіл - қарым-қатынас құралы болуымен қатар, қаймағы бұзылмаған мәдени игілік, мәдениеттің бір формасы. Егер бізге жетіп отырған адамзат мәдениетінің ішінде тарихы ең ұзақ, ең жүйелі дамыған мәдениетті атауға тура келсе, расында да алдымен тілдің аталатындығы сөзсіз.
Тіл — мәдениеттің барлық саласының дамуындағы дәнекері. Адамзат қоғамы тілдің осы қасиеті арқылы дамыды. Атап айтқанда, қандай халық болмасын оның ұлттық тілі сонау ру-тайпалық дәуірінен бастау алып, сол тұстардан мәдениетпен бірге өмір сүріп, бірге оны өзара ұштастырып, бүгінге дейін жетуіне негіз болды.
2 Фразеологизмдердің ұлттық-мәдени ерекшеліктері
Кез-келген сөз ертедегі адамзат үшін ерекше мифологиялық құпияға ие болған, оның мағынасы мифтік түсініктер мен сырларға толы, адам үшін киелі болған. Ата-бабалар үшін сөздің киелі мағынасын білу, оның құпиясын ашу аса қажет болған.
Өркениеттің дамуымен бұл құпия сырлар жиынтығы ұмтылуы түсінікті де, бірақ баба мұрасы болып табылатын тіл мәдени ошақтарда міндетті түрде сақталады, қажет кезінде оны ұрпақтары қайта жаңғырта алады.
Талай ғасыр куәсі болған әдет-ғұрыптарымыз бен салт-санамыздың бүгінгі таңда жаңаша орын алуы осыған куә. Мәселен, жаңа жүре бастаған баланың аяғына жіп байлап кестіретін дәстүр тұсау кесер деп аталады. Бұл ырым тез жүріп кетсін, тез ержетсін деген тілекпен жасалады. Оған арнайы ала жіп дайындалады. Ала жіптің өзінде де киелі мағына бар, яғни ешкімнің ала жібін аттамасын «шыншыл болсын, алдамасын» деген ниет жатыр. Осыған орай тілімізде «Тұсау кесер» жыры да сақталған.
Тұсау кесер ұғымының қазіргі жаңарған, қайта жаңғырған мағынасы «презентация» ұғымындағы мағына. Мысалы: Бүгін Қазақстанның бас ордасы – Астана қаласында Евразия университетінің жаңа ғимаратының тұсаукесері болды (Егемен Қазақстан). Мысалдан көріп тұрғанымыздай, тіл өз бойына мағлұматтарды сақтап қана қоймай, керек кезінде қайтадан жаңғырта алатын мифологиялық ойлаудың қандай да бір механизмін сақтаған болған болу керек.
Осыған орай, қазақ тіліндегі ұлттық мәдени маңызы бар деректерге талдау жасай келіп ғалым Г.Смағұлова былай дейді: «Егер тілде фразеологизмдер сақталмай, бізге жетпеген болса, қазақтардың рухани өмір сферасы қалай анықталып, қандай мәдени өмірге сүйеніп, пікір айтылар еді. Сақалын сипау – мораль, этика үлгілері болса, қара шаңырақ – мұнда да мораль бар, әрі этнографиялық ұғым, ат кекілін кесісу, ақ түйенің қарны жарылу – этнолингвистикалық білімдері қажет еді. Осыған орай, әр ұлт тілінің әлеуметтік қуат арқылы мәдениет сақталады» [2,15 б.].
Ұлт мәдниетінің сақталуы ұлт тілімен тікелей байланысты. Тілсіз мәдениеттің, рухни байлықтың сақталуы мүмкін емес. Тіл мәдени ақпаратты сақтап қана қоймайды, сонымен қатар ол туралы білімдерді жинақтап, сұрыптап, қажетінше қайта жаңғыртып отырады. Мәселен, тұсау кесер дәстүрімен сабақтас келетін адамның дүниеге келуін алайық. Қай халық болмасын, отбасын құрып, үй болғаннан кейін нәресте сүюді арман еткен. Бала – өмірдің жалғасы, жеміс берер гүлі, жанұяның тірегі. Тілдегі бесіксіз үйде береке жоқ, балалы - үй базар, баласыз - үй мазар, бала тілі – бал,бала – бауыр ет және т.б. бейнелі тіркестер осыған дәлел.
Баланың, перзенттің дүниеге келуін ерекше табиғат-ана сыйы, ұрпақтың, адамзаттың жалғасы деп білген. Сондықтан да тіл тілде халық ертегілерінен бастап, ауыз әдебиетінде, эпостық және лирикалық жырларда, толғаулар мен дастандарда, көркем әдеби шығармаларда және т.б. жанрларда көрініс тапқан.
Мысалы: Шаруа жиып кенеліп,
Бала сүйіп мал жиып,
Керселіне бал құйып,
Өмір де сүрер ме екенсің немесе
Оның екі қатыны болыпты, олар бала таппапты. Қорасы толған мал екен, бір перзентке зар екен (Халық ертегісінен); Не бетімді айтайын, Ақ бала шошып бала тастай жаздапты... – деп көршілердің бәріне суық хабар таратып жіберді.(Ә. Нұрпейісов) және т.б.
Сонымен қатар тілдегі бала тапты / сүйді, туды, босанды; бала басты болды, бала көтерді, екіқабат болды, жүкті болды және т.б. фраземалар нәрестенің дүниеге келуіне байланысты пайда болған тіркестер. Осыған орай жақсы тілектер де сақталған: Бауы берік болсын!, Жасы ұзақ болсын!, Ұзағынан берсін! және т.б.
Адамның дүниеге келуіне байланысты көптеген салт–дәстүрлнр сақталған және олардың тілдегі көрінісінің жоқ емес.
Бесікке салу – түркі халықтары балаларын ағаш бесікке салып өсірген. Бесікке салар кезінде «Бесік жырын» айтқан. Ол жыр әдетте былай басталады: Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем, ... Сөзіңді жұрт мақұлдап, Шешен болар ма екенсің ... және т.б.
Қазақ халқында жастайынан балаларын атастырып, бесік құда болысқан. Бұл ата-анасының қызы жақсы жерге тұрмыс құрса, ұлы текті жерден қыз алсын деген ақ пейілі мен арманынан келіп туған дәстүр. Мысалы: Қайнағаның үйіне келген жігіт сол үйдегі бикештің бесік керті күйеуі екен (Т. Ахтанов); Бұл жастардың ата-аналары балаларын бесікте жатқан кезінде-ақ атастырып, құда болысқан (Ғ.Мұстафин) және т.б. [1, 97 б.].
Нәрестемен байланысты туған, негізгі мотиві бала сүю болып табылатын дәстүрдің бірі – құрсақ шашу. Көптен бала көтермеген әйел екі қабат болғанда жасалатын ырым. Аяғы ауыр әйел ұялмасын, тіл-көзден сақтасын деген оймен, перзентті болатынын ашып айтпай, күмәнді, аяғы ауыр, ішінде көжегі бар деген сөздерді қолданған. Құрсақ шашуға келгенде әйелдің жерігін қандыруға, жеймін дегенін тауып беруге тырысқан. Себебі жерігі қанбаған әйел басы айналып, ауыра береді деген. Мұндайды ит жерік деп атаған, жерік асын жегендей қуанды тіркесі осының дәлелі.
Жаңа туған баланы қырқынан шығару, шала туған баланы тымаққа салу, жоғарыдағы тұсау кесер, шілдехана тойы және т.б. дәстүрлер халық санасында сақталып қана қоймаған, аталмыш мағлұматтардың тілдегі көрінісі де сақталған.
Әдет-ғұрып, салт-сана негізінде халық мәдениетін, рухани байлығын, менталитетін көрсек, бұл біржақтылық қана болған еді. Себебі мәдениет көздері тіл арқылы сақталып, көбінесе тіл арқылы көрініс табады.
Мәдениеттің ұрпақтан-ұрпаққа тілсіз жетуі мүмкін емес. Ұлттық мәдениеттің кілтін кез келген халық өкілі шеше алмайды, ол үшін сол тілде сөйлеп, сол тілде ойлап, сол халықтың топырағында аунап, суын ішіп, ауасымен демалу керек. Себебі мәдени кодты ашудың кілті сол атрибуттармен тікелей байланысты.
Тіл халықтың рухани байлығының ең қажеттілерін – мифологиясын өз бойына жинайды. Осындай тіл фактілеріне талдау жасау – мәдени тамырымызға үңіле түсуге, оның құпия сырларын түсінуге септігін тигізеді.
Фразеологизмдерді мифтік танымға, әдет-ғұрыпқа, салт-санаға әкеп жүктеу, оларды бір-бірімен байланысты дүние ретінде қарастыруға, оларды мәдениеттің құрамдас бір бөлігі, ұлттық тілдегі бейнесі деп тануға жол ашса, екінші жағынан, ғылымдар сабақтастығын (тіл, мәдениет, тарих, фальклор, этнология, әдебиет және т.б. ) жан-жақты теориялық тұрғыдан аша түсуге мүмкіндік береді.
Фразеологизмдерді өткен тарихтың, әдет-ғұрыптың, салт-сананың, аңыздар мен мифтердің және т.б. жиынтығы деп қарауға болады. Лингвистика мен мәдениеттің тоғысуынан пайда болған лингвистикалық мәдениеттану пәні этнос мәдениетінің тілге әсерін зерттейді.
Мәдениет тілдік форма арқылы атадан балаға беріледі, мәдениеттің жинақталуы және оның сақталуы тілдің әлеуметтік қызметімен тікелей байланысты. Кез келген мәдениет тіл арқылы көрініс табады. Мысалы: тілде кездесетін көз тиді, тіл-көз тиді фразеологизмдері халықтың наным-сенімімен, тұрмыс-тіршілігімен тікелей байланысты:
Құлагер қуанышпен қосып едім,
Алдыңмен үмітпенен тосып едім,
Жиылып арғын, найман қарағанда
Тіл мен көз тиер ме деп шошып едім (І. Жансүгіров)
Халық арасында қазіргі уақытта көз тиеді фразеологизмі ырым ретінде сақталған. Халық ырымы бойынша жақсы адамға, жас балаға, жүйрік атқа, сұлу қызға көз тиеді деген ұғым бар. Ондай адамдарды көзі бар немесе назар керде дейді. Жаңа туылған нәрестені қырық күнге дейін көз тиеді деп көп адамға көрсетпейді; нәрестенің бесігіне немесе киіміне тұмар жасап тігеді немесе бетіне күйе жағып қояды. Тұмар ұғымы тіл-көзден аман жүрсін, көз тимесін деген халық дүниетанымымен тікелей байланысты.
Қазақ тіліндегі көзі жаман фразеологизмі көз тиді, көз тигіш, Тфә, тфә, өз тимесін! Көзің тиеді, түкір! және т.б. тіркестермен жалғасып жатыр. Көз тимесін, тіл тимесін деген ырым негізінде шыққан бұл тіркестер халықтың психологиясымен, дүниетанымымен, сенім мен түсініктерімен тығыз байланысып жатыр.
Халық арасында сонымен қатар көз тиді деп секем алған жағдайда сол адамның үйінен бір нәрсесін әкеліп түтетеді. Осылайша қас күштердің беті қайтады деп сенген. Халық көзінің қалы бар адамның қарағаны тегін жібермейді деп жаңа туған нәресте бар кісілер үйіне қалы бар адамдардың келуінен қатты сақтанған. Немесе көзі тиді-ау деген адамды таптырып алып, оған түкіртетін болған.
Ауыз әдебиеті үлгілерімен, аңыздармен, яғни мифологиямен тікелей байланысты фразеологизмдер тілде мол көрініс тапқан. Тіл-тілде сақталған мифологиялық мотивтер барлық дәуірге және халықтарға ортақ қазына.
Демек, әр халықтың ұлттық мәдени ерекшеліктері оның ғасырлар бойы жасаған тілінен көрінеді. Кейде сол ұлттың тілінде ұлттың әлде бір қасиеттерін өзгелерден оқшау етіп бағалайтын, анықтайтын тіркестер қалыптасады. Қолданылу аясы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа сақталады.
Дербес мағыналы лексикалық бірлік болып табылатын фразеологизмдер – тіл байлығы ғана емес, тілдің рухани қазынасы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тарихтың куәсі. Сөз байлығын ғылыми тұрғыдан зерттегенде, халық санасында, салт-дәстүрлерінде, ауыз әдебиетінде сақталған ақпараттың барлығы сабақтастық жүйемен игерілуі қажет. Тек сонда ғана халықтың болмыс-тіршілігінің, мәдениетінің құпия сырлары толық жан-жақты ашылады.
Ұлттық өмірдің айнасы болып табылатын фразеологизмдердің орны -әлемнің тілдік бейнесін жасауда ерекше. Оны толыққанды тұрғыда талдау –адамзат өркениетіндегі ұлттық мәдениеттің табиғатын ашуға мүмкіндік береді.
Тіл құпиясы адамзат құпиясымен байланысты болғандықтан, олардың сырын ашу, ғасырлар қойнауындағы жұмбақтар сырын ашуға жол ашады. Тіл – мифтердің сақталуының негізгі көзі болғандықтан, осы деректердің тілдің бейнелі тіркестері, халық мәдениеті мен менталитетінің қайнар бұлағы, аңыздар мен дәстүрлердің мотивтері фразеологизмдермен байланысын талдау зерттеудің өзекті жағы болмақ.
Алғыс мәнді тіркестер. Қазақ тіліндегі алғыс мәнді фразеологизмдер адамның жағымды көзқарасын білдіретін, бір-біріне деген достық, жолдастық, ізгілік қарым-қатынасы әрекетіне пайда болған. Мәселен, адам қуанышты жағдайға кез болғанда, алдына үлкен мақсат қойып, бір мәнді іс тындырғанда, сапарға шыққанда, үйленгенде, қыз ұзатқанда, үй ішіне, жастарға ұзақ өмір, денсаулық, береке тілеу мағынасында, адамның біреуге деген ризашылығын және жол жүргелі тұрғанда айтылатын тілектер. Олар: құдай жолыңды оңғарсын, құдай ұзағынан сүйіндірсін, құдай тілеуіңді берсін, құдай амандығын берсін, құдай жарылқасын, алла жар болсын, алла амандық берсін, тәңірі пана болсын, тәңір қуат берсін т.б. Қыздың бағы үйде емес, түзде. Жаратылыс солай жаным. Жыламай бар. Жолыңды құдай оңғарсын! (Б.Нұржекеев).
Тілімізде алғыс мәнді сөздерге бата беру, жақсы тілек айту сияқты сөз тіркестері жатады. Мәселен, Құдайым жарылқасын, бай қылсын, Төрт түлігін сай қылсын! Кетпес дәулет берсін! Кең пейіл берсін! (А.Байтұрсынов)
Қарғыс мәнді тіркестер. Адамға айтылатын қарғыстар: а) бала тіл алмайтын кезде айтылатын қарғыстар: құдай атқыр, құдай сілегір, құдай соққыр, құдай ұрсын, құдай тас төбеңнен ұрсын, алла жазаңды берсін, тәңір тапсын, тәңір алғыр т.б. Дәл Абайлар кіре бергенде Байдалы бір кішкене қара пұшық қызды май құйрықтан шапалақтап ұрып: – Құдай сілегір. Тыныштық бермедің ғой, сен-ақ! – деп, жылатқан бойында итеріп тастады (М.Әуезов). ә) балаға да, үлкенге де айтылатын ортақ қарғыстар: құдай жүзін көрмегір, құдай атқыр, құдай төбеңнен ұрсын, құдай соққыр, алла жазаңды берсін, тәңір тапсын т.б. Шық, көрінбе, көзіме, қуарған. Құдай төбеңнен ұрғыр! Тас төбеңнен құдай ұрсын! Айуан шошқа!–деп айдап шықты. (М.Әуезов).
Қарғыс мәнді тіркестер сонымен қатар малға да айтылады: жау алғыр, жау жегір, ақшелек келгір, қарасан келгір, қасқыр жегір, мәлік келгір, тышқан елгір, арам қатқыр т.б.
Бейтарап мәнді тіркестер. Бұл тіркестер сөйлеу тілінде болсын, кітаби –жазба стильдерінде болсын жалпылама қолданылатын тұрақты сөз тіркестері. Бейтарап мәнді тіркестерге: құдай тағала, құдай тоба, құдай үшін, құдай куә, қу құдай, шұнақ құдай, жаппар құдай, аққа құдай жақ, құдайға шет болу, құдайға құлшылық етті т.б. Құдай куә, не қыз жүрегіне, не жақындар көңіліне өзім жақпас болсам, қолқа жоқ (М.Әуезов). Құдайға шүкір, біздің қариямыз әлі мықты! Сұлу келіншек көрсе, белінің құяңын да елемейді...(Ж.Молдағалиев) Бұл мысалдардағы құдай, куә, құдайға шүкір тіркестерінің эмоционалдық-экспрессивті бояулары алғыс және қарғыс мәнді тіркестерден әлдеқайда солғын, сезім-күйге әсері біршама төмен. Солай бола тұра, басқа, “бейтарап” тіркестермен салыстырғанда, бұлардың стильдік мүмкіндігі мол. Бұлардан таң қалу, риза болу, қанағаттану, құптау секілді мағыналары ап-айқын сезіліп тұрады.
Тура мағыналы тіркестер. Сөз тура мағынасында алуан түрлі сөздермен қарым–қатынасқа түсіп, олармен емін-еркін тіркесе алады. Алғыс мәнді фразеологизмдер тура мағынада жиі кездеседі. Олар: а) бақыт, ырыс, дәулет, береке тілеу мәндегі тіркестер: құдай береке берсін, құдай бағыңды ашсын, құдай тілеуіңді берсін, алла жарылқасын, алла жар болсын, тәңір бақыт берсін, тәңір пана болсын, жасаған ием жарылқасын т.б. ә) жолаушыға амандыық тілеу, кездейсоқ болған жамандыққа жақсылық тілеу мәндегі тіркестер: құдай амандығын берсін, құдай артынан жақсылығын берсін, құдай оның бетін көрсетпесін, алла оң сапарын берсін, тәңір оңғарсын т.б. “Ашылсын бағың, балам” – деп, “Тәңірі болсын панаң” – деп, Ер Шегеге алғыс берді (Батырлар жыры). Оның зұлымдығы әркімнің-ақ шымбайына батты, құдай оның бетін көрсетпесін (Ғ.Мұстафин).
Алғыс және қарғыс мәнді фразеологизмдер тілде үнемі бір-біріне қарама-қарсы мәнде жұмсалады. Мәселен, құдай бағыңды ашсын – құдай жазаңды берсін, құдай жар болсын – құдай атсын, құдай алдарыңнан жарылқасын – құдай жүзіңді көрмегір, құдай пешенеңді ашсын – құдай сілегір, құдай жолыңды оңғарсын – құдай соққыр, құдай пейіл тілегіңді жарылқасын – құдай тас төбеңнен ұрсын, құдай тілеуіңді ұрсын – құдай тапсын, құдай ұзағынан сүйіндірсін – құдай жүзін көрмегір, алла жар болсын – алла бұйыртпасын,алла оңдасын – алла жазаңды берсін, тәңір жарылқасын – тәңір атсын, тәңір бақыт берсін – тәңір алғыр т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |