ҚОРЫТЫНДЫ
Өнегелі отбасында ғана тәрбиелі ұрпақ өсіп жетілетіндіктен, бүгінгі қоғамның біршама қиындық туғызып отырған өтпелі кезеңінде бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеуде ең алдымен, отбасы жағдайының ықпалы үлкен екендігі белгілі. Бүгінгі таңда отбасы тәрбиесін жақсарту, ондағы бала мен ата-аналар қарым-қатынасын гуманитарландыру мәселесі мемлекеттік тұрғыда маңызды орынға көтеріліп отыр. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Конституциясында: “Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі парызы”- деп көрсетіледі. Ал, әлемдік деңгейде “Баланың құқығы туралы конвенция” қабылданып, бала дүниеге келмей жатып, қамқорлық жасаудың жолдары қарастырылуда. Бұның өзі бүгінгі бастауыш сынып оқушылар тәрбиесінің өте күрделі екендігін дәлелдейді.
Әрбір ұлттың басқа ұлттан айырмашылығы оның тілі мен ұлттық тәрбиесі арқылы ерекшеленбек. Сондықтан бүгінгі бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тәрбие беру және оларды бүгінгі заман талаптарына сай етіп тәрбиелеу – қоғам алдында тұрған үлкен міндет. Қоғамның бір бөлігі болып табылатын отбасының бұл тұстағы мүмкіндігі ерекше. Отбасындағы бастауыш сынып оқушыларының бүгінгі заман талабына сай жан-жақты қасиеттерін және тәрбие алуын қамтамасыз етуде ата-аналардың педагогикалық білімдерін жетілдіру қажет. Ол мектеп пен отбасының ынтымақтастығын нығайтпайынша жүзеге асуы мүмкін емес.
Оқушылардың мінез бітістерін жан-жақты тәрбиелеу мектеп пен отбасының ынтымақтастығын нығайта отырып, тәрбиелік іс-шаралар мазмұнын гуманитарландыру арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі мектеп тәжірибелерінде мұғалімдердің ата-аналар мен отбасы тәрбиесі бойынша жұмыс жүргізуінде арнайы бағдарламаның жоқтығынан өз бетінше әрекет етуі байқалса, бұл жас педагог-мамандары үшін аса бір қиыншылық туғызып отыр.
Соның салдарынан мұғалімдер отбасымен тек ата-аналар жиналысы арқылы ғана байланысып келді. Осыдан кейін бізге мектеп пен отбасының, дәлірек айтқанда, сынып жетекшілерінің ата-аналармен ынтымақтастықта әрекет етуінің нақты міндеттерін анықтау, сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеу мақсатында ата-аналардың отбасы тәрбиесі бойынша педагогикалық білімдерін жетілдірудің мазмұнын анықтау қажеттілігі туды. Зерттеу жұмысы барысында оқушылардың мінез бітістерін тәрбиелеу ұлттық тәрбие тұрғысынан қарастырылды. Сонымен қатар, бүгінгі отбасы тәрбиесінің дамуына әсер етіп отырған нарық талаптары да назардан тыс қалған жоқ.
«Бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеудің теориялық негіздері» атты тарауда бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеудің ерекшеліктері, отбасында бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеудің теориялық негіздері, отбасы – бастауыш сынып оқушыларының тәрбиелеудің негізгі факторы туралы мәселелер жан-жақты қарастырылған. Бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктері мен ізгілік қасиеттерінің мәнін ашуда Ресейдің Кеңес-ғалым психологтары: А.В.Петровский, Р.С.Немов, Д.С.Мухина, С.Ф.Жустков, Д.Б.Эльконин және т.б. ал Қазақстандық ғалым-психологтар Қ.Жарықбаев, М.Мұханов және т.б. еңбектерін пайдалана отырып, осы жас кезеңнің көрініс беретін мінез бітістерін жағымды және жағымсыз деп топтастырған. Олардың бойында кездесетін мейірімділік, кішіпейілділік, тәртіптілік, ақкөңілділік, сүйкімділік және т.б. жалпы адамзатқа тән ізгілік қасиеттердің жиынтығы екендігін айқындаған.
Бастауыш сынып оқушыларының жеке басының дамуы үшін ізгілік қасиеттің алатын орны ерекше. Олай болса, олардың жағымды ізгі қасиеттерін қалыптастыруда отбасы тәрбиесінің ролінің мәнін жан-жақты ашу үшін «отбасы» және «тәрбие» ұғымдарына педагогикалық анықтамалар келтірілген. Сондай-ақ, отбасы – әлеуметтік орта ретінде оқушылардың жеке басының дамуына екі жақты әсер етеді және ол – баланың мінез бітістерін тәрбиелеудің негізгі факторы деп көрсеткен.
Жалпы, бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеудің үшін мектеп пен отбасы бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана оң нәтижелі мәнге ие болары анық. Осы мақсатты жүзеге асыруда мектеп пен отбасының бірлескен жұмысының бүгінгі күнгі ерекшеліктері, эксперименталдық нәтижелік жұмыстар, мектептің ата-аналармен жүргізетін жұмыстарының мазмұны, мақсаты мен міндеттері, әдіс-тәсілдері мен факторлары жан-жақты қарастырылған.
Сонымен зерттеу жұмысының нәтижелері бізге мынадай тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді:
1. Бүгінгі күні отбасындағы әлеуметтік жағдайдың төмендігіне байланысты тәрбиені жетілдірудің негізгі көзі – мектеп, соның ішінде сынып жетекшілері болуға тиіс;
2. Ата-аналардың педагогикалық білімін жетілдірудің бірден-бір жолы – жиналыстарда бала тәрбиесіне сай лекциялар ұйымдастыру керек;
3. Ата-аналар жиналысында оқылатын тақырыптары бастауыш сынып оқушыларының бойындағы мінез бітістеріне сәйкес алынуы аса мәнді болуы керек;
4. Отбасылық салт-дәстүрлердің оқушылар бойында мінез бітістерді тәрбиелеудің тәрбиелік мәнін ашу;
5. Әлеуметтік орта мен отбасының материалдық жағдайының тәрбиедегі алатын орны және т.б. мәселелер арнайы зерттеуді қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |