1.3. Отбасы жүйесі – бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеудің негізгі факторы
Отбасы тәрбиесі туралы алғашқы педагогикалық-психологиялық түсініктер мен идеялар этнопсихология мен этнопедагогика ғылым аймағында пайда болған. Педагогикалық-психологиялық ғылымдардың дамуы барысында отбасы тәрбиесінің мәселелері нақты ғылыми-теориялық және әдістемелік мазмұнға ие бола бастады. К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, П.Ф.Лесгафт және басқалар тәрбиесін ұйымдастыруда олардың даралық ерекшеліктерін, бейімділіктерін, дене-күш және психологиялық даму деңгейін ескеру керектігіне ерекше көңіл бөлген. Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский балалар тәрбиесінің теориясын атап көрсеткен. Қазіргі зерттеушілердің еңбектерінде баланың отбасындағы қарым-қатынасындағы қызмет-әрекетін ұйымдастыру және олардың бойындағы жауапкершілік, мақсаткерлік, достық, адалдық және т.б. жағымды мінез бітістерін қалыптастыру, салауатты өмір салтын құру, мектеп пен отбасы ынтымақтастығы т.б. мәселелері қамтылған.
Оқушының отбасында орындайтын тапсырмалары оларды орындауға қатынасы. Оқушының отбасындағы орындайтын тапсырмалары оның деңгейі педагогикалық процестің бірлігін қамтиды. Бұл деңгей арқылы ата-ананың ұйымдастыру және бағыттаушы ролін, ата-ана мен бала арасындағы өзара қатынастың сипатын, оқушылар тәрбиесіне әсер ететін отбасының мақсатты адамгершілік бағыттарын; оқушының жанұядағы араласатын іс-әрекетінің алуан түрлілігін, ата-ананың тәрбие құралдарын, әдістерін, тәсілдерін пайдалана алу қабілеттерін оқушы белсенділігінің дәрежесін көруге болады.
Ата-ананың тәрбие жұмысының сапасын оқушының күн тәртібін ұйымдастыруынан көруге болады, онда отбасы тәрбиесінің маңызды ерекшеліктері көрініс табады, отбасының әдет-ғұрыптарының бір бөлігі болып табылады. Күн тәртібі оқушының уақыт аралығындағы іс-әрекетінен тұрады: дене және еңбек қызметі, ой белсенділігі, бос уақыт, дер кезінде тамақтану, гигиена, ұйқы. Олардың арақатынасы баланың жасына, оның жеке тұлғасының психикалық ерекшеліктеріне және тілек қалауларына байланысты өзгеріп отырады. Баланың бос уақытты оның күн тәртібінің құрамды бөлігі болып табылады. Оқушының бос уақытын пайдалануы, оның іс-әрекетінің түрлері отбасының тәрбие мүмкіндіктерінің айқын көрсеткіші.
Ата-ана арасындағы, ата-ана мен бала арасындағы, балалардың арасындағы өзара қатынас педагогикалық процестің тәрбиелік механизмдері болып табылады. Олар жеке тұлғалық мән беріп, көзқарастардың дамуына, балалардың мінез-құлығына, олардың адамдарға деген қатысына әсер етеді. Отбасындағы өзара қатынас сипаты әдет-ғұрыптармен, ата-ананың өзінің бұрынғы отбасынан алған тәрбие-нұсқауларымен, темперамент ерекшеліктерімен, ерлі-зайыптылардың эмоционалдық деңгейімен, олардың адамгершілік және педагогикалық мәдениетімен анықталады. Осының бәрі ата-ананың балаға деген қатынасындағы орын алады.
Отбасының негізгі міндеті – баланы еңбек етуге, жарқын сезімдер мен нұрлы мұраттарға тәрбиелеу және адамдар арасында өмір сүре білуге үйрету. Бұл қасиеттердің бәрі негізінен отбасында қалыптасып нығаяды. Мұнда әсіресе, өнегесі арқылы жас балалардың бойында мінез бітістері қалыптасады.
Өз ата-анасын сыйлап, құрметтеп үйренген бала өзге ата-аналарды да құрметтей біледі, қашан да үлкендер алдында өзін дұрыс ұстап, құрмет пен қамқорлық танытады және жауапкершілік, мейірімділік пен ізгілік қасиеттерін көрсете біледі.
Босағасы берік отбасында әрбір адам өзара қамқорлық пен татулыққа, үй іші жұмыстарын жұмыла кірісіп орындауға, жақсы мен жаман туралы пікірлерін ортаға салып ұштастыруға, қаражатты дұрыс бөлігін тұтынуға, еңбекпен табылған ақша құнын бағалап, қадірлеуге үйренеді. Отбасындағы тіршіліктің дұрыс ұйымдастырылуы оқушылардың еңбекқор болуы, әр нәрсеге жоғары жауапкершілік сезіммен қарау, адамды құрметтеу сияқты адамгершілік, ізгілік сияқты қасиеттердің қалыптасуына мүмкіндік туғызады.
Педагогика және психология ғылымдарындағы отбасы жүйесінің жеке тұлғаның бойындағы мінез бітістерінің қалыптасуына ежелгі Рим философы Квинтиллиан, педагогика ғылымының негізін салушы Я.А.Коменский, ағылшын философы Дж.Локк, француз ағартушысы Ж.Ж.Руссо, швейцар педагогы И.Г.Песталоций, орыс педагогы К.Д.Ушинский, ұлы жазушы Л.Н.Толстой, қазақ ағартушылары Ы.Алтынсарин және А.Құнанбаев, кеңес педагогтары И.К.Крупская, А.С.Макаренко, С.Т.Шацкий, қазақ психологтары М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және көптеген басқа педагогтар өз үлестерін қосты.
Барлық зерттеу жұмыстары баланы өмірге дайындауға отбасы тәрбиесіне үлкен жауапкершіліктің жүктелетінін көрсетеді. Әділдік пен бауырмашылдық, өзара түсінушілік, ата-анаға және туған-туыстарға деген сүйіспеншілік пен сыйластық, Отанға және айналадағы қоршаған табиғатқа деген махаббат, адамдарға және еңбекке деген құрмет тағы басқа сол сияқты қасиеттер баланың кішкентай кезінен отбасында және мектеп қабырғасында қаланады. Сондықтан, отбасындағы, мектептегі және айналадағылармен қарым-қатынас жасаудың дұрыстығы өте маңызды.
Ата-ана балаларын адамдарға деген құрмет пен ризашылық сезімдерге тәрбиелей отырып, оларға үлкендермен сөйлесе білуді, қашанда «сіз» деп сыпайылық танытып, сөзін бөлмей тыңдауды талап етеді. Үлкенді сыйлап қадір тұту мен ілтипатты қарым-қатынас жасауды қазақ отбасында ертеден-ақ берік ұстаған. Мұны ғасырлардан ғасырларға ауысып келе жатқан мынадай нақыл сөздердің өзінен-ақ байқауға болады.
«Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды,
Кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды»
«Аға әдепті болса, іні де әдепті,
Ана әдепті болса, сіңлі де әдепті»,
«Әдептінің не екенін, әдепсіз адамды
Көргенде ұғарсың»,
«Жібек мінезді қыз жұртқа жағады».
Ата-ананың тәрбиесі – бала мінезінің іргетасы. Сондықтан балаға өмірінің алғашқы жылдарынан-ақ мінез бітістерін тәрбиелеудің орны ерекше жастайынан бойға сіңген мінез бітістері есейгенде де сақталады. «Сүтпен біткен мінез, сүйекпен кетеді» деген мақал, алдымен, тәрбие мәселесіне қаншалықты терең мән берілетінін көрсетеді. «Тәрбие – табалдырықтан басталады» деген нақылдың өзі өмірден алынған шындық. Оқушыларға тән тағы бір қасиет – еліктегіштік. Еліктегіштік қасиет, әсіресе, мектеп жасына дейінгі балаларда жиі кездеседі. Егер жасөспірімнің өскен ортасында өрескел қылықтар мен балағат сөз орын алатын болса, онда бала өзінің еліктегіштік қасиетіне байланысты жағымсыз қылықтарды дағдысына айналдырады. Олай болса, баланы жөргегінен ізгі адамгершілік мінез-құлықтарға баулуға, әрбір ата-ана міндетті. Отбасындағы тәрбие ісін негізінен ата-ана басқарады және бұл үшін халық, мемлекет алдында, балаларының келешек өмір алдында жауапты. Егер ата-ана тәрбие мәселесіне жауапкершілікпен қарап, өздерінің әрбір әрекеті мен мінез-құлықтар есеп беріп отырса, мұндай отбасындағы тәрбие оң нәтижесін береді, әрі ата-ананың балалары алдында беделі де жоғары болады. Ата-ананың ұстамсыздығы, отбасындағы ұрыс-жанжал, дөрекіліктер – бәрі баланы бұзады, оны теріс қылықтарға тәрбиелейді. Егер бала үйде үлкендердің айтқанын бірден орындайтын болып үйретілмесе, ол мектепте де тіл алмайтын қырсық болуы мүмкін.
Ата-аналардың дағдылы іс-әрекеті, бір-бірімен өзара қарым-қатынасы балаларына үнемі әсер етіп, отырады. Оқушылардың жақсы қасиеттерге дағдылануы үшін оны үнемі көзден таса қылмай, өсірудің қажеті жоқ. Себебі, ол сіз жоқта да өзін қандай жағдайда болмасын дұрыс ұстай білуі, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстай білетін болып өсуі керек.
Педагогтар әрбір отбасындағы тәрбиенің міндеттерін анықтауға және баланың өмірін, оның барлық әрекеттерін ұйымдастыру талаптарының мектеп пен отбасындағы байланысын анықтауға көмектесуі керек. Өзбектің ғалым-педагогы Н.Зуннун өзінің «Данышпандардың тәрбие жайлы айтқан ойлары» деген еңбегінде ата-аналарға бала тәрбиесінде бірқатар кеңестер берген. Онда ата-аналарға:
Балаларыңызды бар ықыласыңызбен тәрбиелеңіз. Таза жүруге, үйлесімді киінуге және жарасымды мінез-құлыққа үйретіңіз.
Балаңызды шектен тыс еркелетіп өсірмеңіз. Балаға деген мейірімділік, еркелету, жазалау бәрі де өз кезегімен орын алып отыруы керек.
Баланың батыл да ержүрек болып өсуі үшін, оларды әртүрлі «бүжи», «құбыжық» сынды сөздерді айтып қорқыта бермеңіз.
Балаларыңызды жас кезінен бастап тәрбиелеңіз, олардың пәк, нәзік көңілдеріне жарасымды мінез-құлықтың, адамгершіліктің, инабаттылықтың қандай екенін түсіндіріңіз. Керегі болған кезде аздап қаталдау да, мейірімділеу де болған жөн.
Бұл дүниеде адамдардың қадір-қасиеті тек өзінің күш-жігеріне байланысты екенін, әркім өз міндетін өзі атқаруы керектігін балаларыңызға түсіндіріңіз.
Балаларыңыздың бәрін бірдей көріңіз. Беретін болсаңыз бәріне бірдей беріңіз. Жасырын түрде бермеңіз. Ол балаңызды алдау, қаталдық, өз пайдасын ғана ойлау, мейірімсіздік секілді қасиеттерді қалыптастыруға әкеліп соғады және т.б.
Ата-ана баланы ерте бастан белгілі бір тәртіппен әрекет жасауға үйретуі қажет. Оның ұсынысы бойынша балаға белгілі бір міндеттерді бөліп беру, мынадай педагогикалық талаптарға сай болуы керек:
Барлық тапсырмалар баланың жас және жеке ерекшелігіне, денесі мен интеллектуалдық мүмкіндіктеріне лайықты берілуі тиіс.
Орындалған жұмыстың қорытындысына көңілі толып қанағаттануы үшін, балаға берілетін тапсырмалар қысқа мерзімде орындалатын болуы қажет.
Тапсырманың орындалуын талап ете отырып, баланың жеке басын құрметтеу қажет.
Жақсы орындалған жұмысы үшін бала міндетті түрде мақтау, қолдау түрінде ынталандыра алып, көтермеленуі тиіс.
Еңбек ету іс-әрекеті саналы түрде дұрыс ойластырылған болуы қажет.
Отбасында баланы еңбек етуге үйретуді ұйымдастырғанда, олардың өз бетінше еңбектенуін үйретуді ескеру керек. Оларға мынадай ережелерді сақтау арқылы жетуге болады.
Баланың алдында әртүрлі еңбек құралдарын пайдаланып жұмысты орындалуына болатын бірнеше міндеттер тұруы керек. Мұнда баланың жауапкершілік, борыш сезімдерін тәрбиелеу өте маңызды.
Ата-ана баласын шыдамдылыққа, ұнамаған жұмысты да ұқыптылықпен орындауын тәрбиелеуі тиіс.
Жұмыстың нәтижесі баланы қуантатындай, қанағаттану сезімін тудыратындай болуы керек.
Оның жұмысын жоғары бағалап, қанағаттанушылық білдіру, оның еңбегі үшін берілген ең үлкен сый болып, оны ойлап шығарушылыққа, еңбек етуге деген қызығушылығын арттыра түсуге жетелеуі тиіс.
Жеке тұлғаның қалыптасуы – ұзақ уақытқа созылған көп қырлы процесс. Мысалы, дене тәрбиесі – бұл тек қана балалардың денсаулығының мықты болуы үшін ғана емес, дұрыс тамақтанып, дұрыс демалуына т.с.с. қамқорлық жасау екенін, ол баланың адамгершілік, ерік күші, батылдық, шыдамдылық, қиыншылықты жеңе білу, тәртіптілік сияқты қасиеттерінің қалыптасуымен тығыз байланысты екендігін ұмытпаған жөн.
Отбасы оқушының мінез бітістерінің қалыптасуына екі жақты әсер етеді:
Біріншіден, отбасының материалдық жағдайын сипаттайтын өзіндік өмір сүру дәстүрі арқылы, яғни отбасы мүшелерінің материалдық және рухани қажетсінуі мен әлеуметтік құндылықтары арқылы.
Екіншіден, әлеуметтік және белгілі бір мақсатқа бағытталған әсер арқылы. Бұл көбінесе отбасындағы негізгі көзқарас пен тәрбие үрдісі қоғамның тәрбиелік мақсатына, идеялық, адамгершіліктік және эстетикалық талаптарына қаншалықты сәйкес келуіне байланысты жүзеге асырылады.
Оқушының мінез бітістерін тәрбиелеу «әлеуметтендіру» ұғымымен байланысты түсіндіріледі. Әлеуметтендіру тәрбие жүйесінде оқушыларды белгілі бір мақсатта әрекетке түсіру кезінде жүзеге асырылады. Оған бірнеше факторлар ықпал жасайды. Олар отбасы, отбасынан тыс тәрбиелік мекемелер және оқу орындары еңбек ұйымдары, қоғамдық ұйымдар, жолдастар, таныстар және т.б. Соның ішінде негізгі фактор – отбасы болып табылады. Бүгінгі нарықтық қатынас отбасына және ондағы тәрбие үрдісіне үлкен әсерін тигізіп отыр. Өмір тәжірибелері мен ғалымдар зерттеулері (А.А.Вербицкий, Э.Д.Днепров т.б.) отбасы тәрбиесінің мынадай даму тенденцияларын бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.
1-тенденция. Отбасы тәрбиесінің әлеуметтік тенденциясы. Нарықтық қатынас жағдайында оқушының мінез бітістерін тәрбиелеуде отбасының жаңа тұрғысындағы ролі айқындалып келеді. Әлеуметтік жағдайы жақсы отбасыларындағы балалар жоғары саналы ақылы мектептерде білім алып, өнер, спорт және басқа тәрбие институттарында тәрбие алу мүмкіндік алады. Отбасы тәрбиесі мен оқушылар болашағын жоспарлау ең алдымен әрбір отбасының әлеуметтік жағдайына қарай жүзеге асады.
2-тенденция. Тәрбиенің индустриалдық тенденциясы, яғни қоғам өміріндегі өндірістік қатынастардың жан-жақты дамып, мектеп пен отбасы өміріне ықпал жасауы. Әрбір отбасы қоғамда пайда болған өндіріс құралдарын пайдалануға мүмкіндік алды.
Оған әрбір отбасында компьютердің пайда болуы, жоғары сапалы фотоаппараттар мен бейнекамералар және т.б. құралдардың күнделікті тұрмыста қолданылуы дәлел бола алады. Бұл үрдіс «қоғам» → мектеп → отбасы → бағытымен жүзеге асуда.
3-тенденция. Отбасы тәрбиесіндегі баланың субъектілік ролі. Бүгінде қазақ балаларының психологиясы мен мінез-құлқында, жүріс-тұрысында өзгерістер пайда бола бастады. Ұлттық болмысымызға тән ұяңдық, үлкеннің алдын кеспей, тіл алғыштық т.б. қасиеттерді қолдай отырып, бүгінгі нарықтық қатынас тұсындағы қарым-қатынаста қажеті көпшілдік, белсенділік, өз пікірі мен көзқарасын дәлелдеуге талпынушылық, алға ұмтылушылық және т.б. ұнамды қасиеттерді балалар бойында қалыптастыру қоғам талаптарына айналып отыр.
4-тенденция. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы тенденциясы. Осы тенденция оқушылардың мінез бітістерін тәрбиелеуде басшылыққа алатын бірнеше қағидаларды айқындауға мүмкіндік берді. Олар:
1. Оқушылардың мінез бітістерін тәрбиелеуде қоғам, мектеп, отбасы және басқа да арнаулы институттардың тәрбиелік мүмкіндіктерін интеграциялау.
2. Тәрбиені гуманизациялау. Оқушылар бойында жоғары инттелектуалдық, материалдық азаматтық қасиеттерді қалыптастыруда әрбір баланың қоғамның ең жоғары әлеуметтік байлығы, құндылығы деп санап, онымен гумандық қарым-қатынас жасау.
3. Мектептің педагогикалық ұжымының отбасымен тығыз байланыс жасай отырып, әрбір баланың қабілетін толық ашу мен дамытуға мүмкіндік жасауын даралау мен жалпылау.
4. Мұғалімдер мен оқушылардың және ата-аналардың белсенділігін, бастамашылдығы мен шығармашылдығын арттыруды демократияландыру.
Жоғарыда келтірілген әдебиеттерге талдау отбасы – оқушылардың мінез бітістерін тәрбиелеуде психологиялық-педагогикалық негізгі фактор болатынын дәлелдейді. Дегенмен, оқушылардың мінез бітістерін тәрбиелеуде ықпал ететін фактор отбасы, мектеп, орта (қоғамдық орта, жолдастары және т.б.) көпшілік хабар құралдары (газет-журнал, теледидар, радио және т.б.) ішінен біз отбасын ең негізгі фактор деп бөліп алғанымызбен, ол қоғамнан әлеуметтік ортадан тыс өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан, отбасының тәрбиелік мүмкіндігіне бірнеше ішкі факторлар да әсер етеді. Олар:
Биологиялық фактор
Әлеуметтік фактор
Педагогикалық фактор
Қоғамдық фактор
Психологиялық фактор
Биологиялық фактор. Бұл ата-анадан немесе ата-бабаларынан берілетін жеке басының ерекшелігін білдіретін қасиет. Олар балажандылық, ақ көңілділік, сабырлылық, ұяңдық және т.б. қасиеттер бола алады. Осындай туа бітті ерекшеліктердің өзі де отбасында оқушылардың мінез бітістерін тәрбиелеуге біршама мүмкіндіктер мен жеңілдіктер туғызады. Қазақта,
Жаманнан жақсы туды деп қуанба,
Жақсыдан жаман туды деп ренжіме,
Негізіне тартар бәрі бір,- деген мақал бар.
Бұл баланың болмысы ата-тегінен деген түсінікті растайды.
Қоғамдық фактор. Бұл қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сұраныстардың отбасына тигізетін әсері. Отбасындағы өмір сүру салты мен қабылданған дәстүрлердің қоғам талабымен белгілі бір мөлшерде сәйкес келуі болып табылады.
Әлеуметтік фактор. Бұл, қоғам талабына сай өмір сүруде материалдық жағдайдың мүмкіндіктері адам денсаулығының күйі мен жеке басты дамыту құралдарының жеткіліктілігі және т.б. жағдайлар болып табылады.
Психологиялық фактор. Отбасында бала тәрбиесі үшін қолайлы психологиялық ахуалдың болуы ондағы әрбір отбасы мүшелерінің өзіне және өзгелерге деген сенімді көзқарасы мен ынтымақты қарым-қатынасының болуы.
Педагогикалық фактор. Балалардың жас және дара психологиялық қалыптасу ерекшеліктері туралы ата-аналардың жалпы педагогикалық білімдерінің болуы. Отбасындағы жағдайлар мен ықпалдардың бала тәрбиесіне оң әсер етерліктей мүмкіндігі.
Отбасы – қоғамдық-әлеуметтік құрылымдық орта бола отырып, бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиеленуіне жүйе ретінде жан-жақты ықпал етеді. Оны мына №4 сызба арқылы көрсетуге болады.
№ 3 сызба
Әлеуметтік ортада қосымша өкілеттік алған отбасы мүшелерінің басты қызметтері: сыртқы зиян келтіретін факторлардан отбасын қорғау, отбасы мүшелерінің бір-біріне көмек көрсетуі, сау қалуын қамтамасыз етуі, балаларды тәрбиелеу, отбасы мүшелерінің экономикалық, әлеуметтік, эмоционалдық және дене жағынан жекелік дамуы үшін алғы шарттарын құру, бір-бірімен тығыз эмоционалды байланыста болуына қолдау жасау, сондай-ақ өзара мінез-құлыққа әлеуметтік бақылау жасау.
Оқушылардың ата-ана және құрбыларымен қарым-қатынаста болуы әлеуметпен кездесуге дайындық болып табылады. Осылайша, отбасы оларға бір әлеуметтік мінез-құлық үлгісін құрап, әлеуметтік өзара қимыл-тәсілдеріне үйретеді. Қазіргі кезде баланың әлеуметтенуі оның құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасы және мектеп, қоршаған орта туралы түсінігі басты ролге ие екендігі мойындалып отыр. Қалай десек те, қоршаған ортада болып жатқан жағдайларды оқушы бағалап отырып, бәрінен бұрын өзінің ең жақын туыстарының тәжірибесіне сүйенеді. Осылайша, оқушының отбасында маңызды мөлшерде меңгерген іс-әрекет үлгілері, оның келесі бір әлеуметтік тәжірибесін айқындайды.
Мектептің отбасымен бірлесе отырып жұмыс жүргізуде педагогикалық-психологиялық ағарту жұмыстары, отбасы психотерапиясы және т.б кеңінен қолданылады.
Отбасы психотерапиясында қолданылатын жүйелі ықпал ету түрі –отбасының әрбір мүшесі дамудың қандай сатысында болса, онда отбасы толықтай сол деңгейде деген болжам жасайды. Мүдделі жағдайда отбасы мүшелерінің дамуы және жүйесі екеуі өзара байланысты болуы мүмкін.
Отбасы дамуы процесс барысында бірыңғай жүйе ретінде бірнеше кезеңдерден өтеді. Отбасы дамуы некелік одақтың құрылуынан басталады да, бірінші баланың туылуы, келесі баламен жалғасуы, осылайша жаңа деңгейлерге өте береді. Отбасы дағдарысы алдағы екі деңгейде дамиды.
1. Кері құрылымдық, бұл отбасы қатынасының бұзылуы және оның қалыптасуына кедергі келтіретін әрекет.
2. Құрылымдық, отбасының жаңа деңгей қызметіне көтерілуіне мүмкіндік жасайды.
Отбасында оқушының мінез бітістерін тәрбиелеу ерекшелігін зерттеуде соңғы кезде авторлар, жас ерекшелік кезеңдерін, даму заңдылығын ескеру арқылы, өз кезеңдік көзқарасында қосуда. Алғаш психоанализде жас ерекшелік кезеңдеріне, әсіресе, балалық шаққа көп көңіл бөлген З.Фрейд болды. Фрейдтің ізбасары Э.Эриксон да өзінің кезеңдік бөлу негізіне басқа да белгілер енгізді. Оқушының мінез бітістерінің тәрбиеленуі өмір сүрген ортасының мәдениеті мен экономикалық деңгейіне байланысты «әрбір келесі кезеңге сәйкес дағдарыстың берілуі қоғамдағы негізгі элементке жатады. Оның қарапайым себебі адам институты мен өмірлік даму циклы бірге эволюцияланған болып табылады».
1. Бірінші кезең (туылғаннан бір жасқа дейін) негізгі сенім сенімсіздікке қарама-қарсы деген атқа ие болды. Бұл кезеңде ана мен бала арасындағы жағымды қатынастың қалыптасуы төтенше маңызға ие. Егер ана баласына қажеттіліктерін қанағаттандыруда аз қамқорлығын, сүйіспеншілік пен мейірімділік танытса, бала өз жағдайының жақсы екенін, іс-әрекетінің басқаның күтуіне сәйкес келетінін сезеді.
2. Екінші кезең бір жастан үш жасқа дейінгі жас кезеңіне сәйкес келеді, «ұятқа қарама-қарсы автономия» деген атқа ие болып, оның аяқталуы «мен өзім» дағдарысын туындатады.
Бала дамуының қарқындылығы оны дербес етеді. Ата-ананың бақылау жасау, шектеу, тыйым салуы жиілей бастайды. Тұрақты түртпектеу баланың өз қажетсіздігін сезінуге негіз болады.
«Шектен шығара ұялту» жасанды мінез-құлықка әкеледі, егер бұл ұялу сезімін жоймаса, онда жасырын шешім шығаруда бала қалайда жағдайдан шығуға талпынады. Бала осы жастың өзінде секем алу және ұялу сезіміне ие болып, қоғамға балалық қарғыс және ауыр сөздер арқылы үндеу тастайды. Сондықтан да ата-ана міндеті – бала жеке басын сыйлау және мөлшерден тыс басынбау болып табылады. Осы жағдайда ғана балада әділеттік қалыптасып, «кінәлілік сезіміне қарсы белсенділік» деген жас ерекшелік даму кезеңіне қоғамның толыққанды мүшесі болып енеді.
3. Үшінші кезең «бастамашылдық немесе кінәлілік сезімі» 4-5 жаста балада айналасын зерттеу белсенділігі артады. Олар әлемнің құрылымын және оған қалай әсер етуге болатынын біле бастайды. Олар үшін әлем шынайы және қиялындағы адам мен заттан тұрады. Жалпы зерттеушілік іс-әрекеті нәтижелі жүзеге асқанда, олар айналасындағы адам мен затпен конструктивті тәсілде қатынас жасауға үйренеді және бастамашыл бола бастайды. Алайда оларды қатаң сынап және жазалайтын болса, олар көптеген іс-әрекетінде өзін кінәлі сезінуге әдеттенеді.
Төртінші «Еңбексүйгіштік немесе бүтінсіздік сезімі». 6-11 жаста мектепте, үйде және өз құрбылары ортасында бірқатар дағды мен іскерлігін дамытады. Эриксон теориясына сәйкес, түрлі бағытта бала құзыреттілігінің артуы «Мен» сезімін едәуір толықтырады. Өзін құрбыларымен салыстыру үлкен мәнге ие бола бастайды. Әсіресе осы кезенде басқалармен салыстырғанда өзін жағымсыз бағалау зор зиянын келтіреді.
Дегенмен, аталған факторлардың отбасы жүйесіне ықпал етуінде, кері әсер беретін кедергілер де жоқ емес. Бүгінгі нарықтық қатынас тұсындағы әлеуметтік жағдайдың төмендігі, психологиялық ахуалдың қолайсыздығы, ата-аналардың оқушының ізгілік қасиеттерін қалыптастыру бойынша педагогикалық-психологиялық білімдерін жетілдіріп отыруға мүмкіндіктерінің төмендігі отбасы жүйесінде біршама қиындықтар туғызуда. Бұл тұста ата-аналарға отбасы тәрбиесі бойынша бағыт-бағдар беріп, ынтымақтастықта әрекет етуді қажет етеді.
Отбасының ықпалы мен педагогикалық мүмкіндіктері көптеген педагог-ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан. Т.М.Афанасьева өзінің “Семья” деген еңбегінде: “Кез-келген жұмыс саласы және бос уақытты өткізуге біздің өзіндік ерекшелігіміз, қабілетіміз, сапалық қасиеттеріміздің қандай да бір бөлігі қажет болып жатады. Бір жерде – біздің ақылымыз, екіншісіне – шеберлігіміз, үшіншісіне – ептілігіміз, төртіншісіне – сезімталдығымыз және т.б. қажетке асады. Ал балаға ата-ананың жеке басындағы қасиеттер толығымен керек болады: ақылы да, шеберлігі де, күші мен мейірімі де, көз әлпеті мен дауыс ырғағы да, тіпті балаға әке-шешесінің иісі де қымбат әрі маңызды; - делінген. Бастауыш сынып оқушыларының ізгілік қасиетіндегі – рухани және эмоциялық негізін қолдау – отбасы тәрбиесінің мақсаты мен мәні бола алады. Жанұяда баланың жан-жақты өсіп дамуы үшін қажетті жағдай – еңбек. Бастауыш сынып оқушылары еңбегінің негізгі түрі – оқу іс-әрекеті болып табылады. Баланың жақсы оқып, табиғат пен қоғам өміріндегі заңды құбылыстарды жан-жақты түсінуді – оның болашағына да жол ашады.
Баланы көптеген тапсырмалармен жүктемей, керісінше аз да болса, оның миына қозғау салатындай әсер етуге болады. Оны осылайша ойлауға тәрбиелеу керек. Бұл тұста ұйымдастырылмайтын ойындардың маңызы зор. Бала әрекет үстінде, ойын арқылы тәрбиеленетінін ата-ана жақсы білуі керек.
Егер ойын мақсатты көздеп, баланы ойлауға, тапқырлыққа, дамыту шылыққа, тәрбиелейтіндей етіп ұйымдастырылса өте пайдалы. Ойын – балаларды жан-жақты тәрбиелеудің құралы, олардың өмірін ұйымдастырудың формасы. Ойын – баланың бойында ізгілік, әділдік сияқты жақсы сезімдерді тудыруы тиіс. Сонда ғана ойын балаға жақсы қасиеттерді қалыптастырады. Осы тұста Н.К.Крупская былай деген болатын: “ Кейбір ойындар бар, баланы қатыгездікке, дөрекілікке тәрбиелеп, нерв жүйесіне кері әсер етеді, ал кейбір ойындар – ерік күшін қалыптастырып, әділдікке, қиын жағдайда көмектесуге дайын болуға, қамқорлық жасуға тәрбиелейді”. Ойын кезінде бала өзін табиғи түрде ұстайды. Кейбір бала өзінің көпшіл екендігін, кейбірі өз сөзін үнемі дәлелдеп, өз идеясының дұрыстығына жұрттың көзін жеткізіп, үлкен беделге ие болады, үнемі айтқанын орындайтын лидер болады. Ал кейбіреулері өзінің басқалармен тіл табыса алмайтынын, нәтижеде жиі ренжісіп қалатынын көрсетеді. Поляк педагогы Я.Корчак “Егер балалар ойынын сыртынан қарап отырсаңыз, сіз балаларыңыздың әрекеттері арқылы, оны өз ортасында, өмірде, адамдар арасында қандай екендігін көрсеңіз”,- деген.
Көптеген ғалым-педагогтардың еңбектеріндегі педагогикалық-психологиялық көзқарастарды қорытындылай келе, қазақ отбасыларында баланы тәрбиелеу мынадай төрт бағытта жүзеге асырылады деп тұжырымдауға болады.
1. Балаларды отбасында ерте кезден үлкенді сыйлауға үйретеді. Олар әртүрлі жолмен жүзеге асырылады. Ең бірінші жолы – ата-аналардың өз өнегелері. Сондай-ақ, жанұялық салт-дәстүрлер, әдеп-ғұрыптар, әртүрлі нанымдар және т.б.
2. Отбасындағы балаларға жүйелі түрде өз бауырларына қамқоршы да, көмекші болу керектігін олардың болашағына жауапкершілікпен қарауды түсіндіріп, сендіріп отырады.
3. Балаларды өз бетінше еңбектенуге, қоршаған ортаға, адамдарға үнемі көмектесуге дайын болуға тәрбиелеп, ізгілік қасиеттерінің негізін қалайды.
4. Жастайынан өнерге баулып, шығармашылық қабілеттілігін (сөз шешендігі, күй, ән т.б.) қалыптастырады.
Кейбір отбасыларда тәрбиелік маңызы бар өзінше қалыптасқан салтты байқауға болады. Осы салт отбасындағы күнделікті еңбек әрекетін жолға салып, тәлім-тәрбие жұмысын жоғарылатып, жақсы сапаға келтіреді. Баланы жан-жақты дамытып, ынталы, жігерлі болуын жетілдіру мақсатында жүргізілетін жұмыстарда жанұяның ролі өте зор.
Сонымен, халқымыздың отбасындағы тәрбиелік ықпалдарды біріне-бірі ұштасып жатқан үш сатыдан тұрады деуге болады. Олар: ата-әже, әке-шеше, ұл мен қыз – осы үш ұрпақтың арасындағы міндеттері мен парыздары. Жанұяда ата-ана ұл-қыздарын бағып, тәрбиелеп, оларды жақсы азамат, бауырмал, еңбекқор етіп тәрбиелеумен қатар, өздерін кезінде тәрбиелеп өсірген ата-аналарын күту мен оларға қызмет көрсету парызын өтеуге борышты. Мұны ел аузынан тараған мынадай әңгіме дәлелдей түседі: «Маңдай терін төгіп жүріп тапқан еңбек ақысын үшке бөліп жатып бір кісі: «Бірінші бөлігін қарызымды өтеуге беремін, екінші бөлігін қарызға беремін, ал үшінші бөлігін өзіме жұмсаймын» – депті.
Жоғарыда келтірілген әдебиеттерге талдау – отбасы – бастауыш сынып оқушыларының бойында мінез бітістерін тәрбиелеудің негізгі фактор болатынын дәлелдейді.
Дегенмен, бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеуде ықпал ететін фактор – отбасы, мектеп, орта, көпшілік ақпараттық құралдар және т.б. ішінен жанұяны – ең негізгі фактор деп бөліп алғанымызбен, ол қоғамнан, әлеуметтік ортадан өмір сүруі мүмкін емес.
Бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін тәрбиелеудің сәттілігі көбінесе мектеп пен отбасындағы тәрбие жұмысының ынтымақтасып жүргізілуіне байланысты болады. Мектепте бала қоғамдық мінез-құлықтар мен қоғам алдындағы өз міндетін орындау, үйдегі міндетін орындау т.б. үйреніп, оның орындалу деңгейінде жауап берудің алғашқы тәжірибелерін жинақтайды. Осы міндеттерге байланысты мәселелерді шешуде ең бірінші орында көмекші, әрі сүйеніш болатын адам бұл ата-ана және отбасындағы ересек адамдар. Оқушылардың мінез бітістерін тәрбиелеуде және қалыптасуында олардың әсері өте үлкен.
Отбасында ата-ана балаларын адамдарға деген құрметпен ризашылық сезімдерге тәрбиелей отырып, оларға үлкендермен сөйлесе білуді, қашан да «сіз»-деп сыпайылық танытып, сөзін бөлмей тыңдауды талап етеді. Осындай адамдарға құрметпен қарауға жанұяда үлкен мән берілсе, өнегелі тәрбие тамырын терең жаяды.
Үлкенді сыйлап қадір тұту мен ілтипатты қарым-қатынас жасауды қазақ отбасында ертеден-ақ ұстанған. Мұны ғасырлардан ғасырларға ауысып келе жатқан мынадай нақыл сөздердің өзінен-ақ байқауға болады. «Үлкенді сен силасаң, кіші сені силайды, кіші сені силаса, кісі сені силайды», « Аға әдепті болса, іні де әдепті. Ана әдепті болса, сіңлі де әдепті», «Әдептінің не екенін, әдепсіз адамды көргенде ұғарсың», «Әдепті жігіт әсіресе, ауылдың абыройы», «Жібек мінезді қыз жұртқа жағады».
Отбасындағы ата-ана мен ересектердің тәрбиесі, үлгі өнегесі – баланың мінез бітістерін тәрбиелеудің ірге тасы. Сондықтан, балаға өмірінің алғашқы жылдарынан-ақ мінез бітістерін тәрбиелеудің орны ерекше. Жастайынан бойға сіңген мінез, есейгенде де сақталады. «Сүтпен біткен мінез, сүйекпен кетеді» - деген халық мақалы ең алдымен тәрбие мәселесіне қаншалықты терең мән берілетінін көрсетеді. «Тәрбие - табалдырықтан басталады» - деген нақылдың өзі өмірден алынған шындық. Бастауыш сынып оқушыларына тән тағы бір қасиет – еліктегіштік. Олар ересек адамдардың жақсы ісіне де, жаман ісіне де еліктейді. Егер жасөспірімнің өскен ортасында өрескел қылықтар мен балағат сөз орын алатын болса, онда бала өзінің еліктегіштік қасиетіне байланысты жағымсыз қылықтарды дағдысына айналдырады. Олай болса, баланы кішкентайынан бастап ізгі ізгілік мінез-құлықтарға баулуға әрбір ата-ана міндетті. Отбасындағы тәрбие ісін негізінен ата-ана басқарады және бұл үшін халық пен мемлекет алдында, балаларының келешек өмірі алдында – жауапты. Егер отбасында ата-ана тәрбие мәселесіне жауапкершілікпен қарап, өздерінің әрбір әрекеті мен мінез-құлықтарына есеп беріп отырса, мұндай тәрбие өз нәтижесін береді әрі ата-ананың балалары алдында беделі де жоғары болады. Отбасында ата-ананың ұстамсыздық әрекеті, ұрыс-жанжалдар, дөрекіліктер – бәрі баланың бойында жағымсыз қасиеттер мен қылықтарға тәрбиелейді. Егер бала үйінде ересектердің айтқанын бірден орындайтын болып үйретілмесе, ол мектепте де тіл алмайтын қырсық болуы мүмкін. Бастауыш сынып оқушыларының сөзге құлақ қойғыш болып өсуі мектеп өмірінде де, үй тұрмысында да, алдағы өмірі үшін де қажет.
Отбасында ата-аналарының және ересектердің дағдылы іс-әрекеті, бір-бірінен өзара қарым-қатынасымен балаларына үнемі әсер етіп отырады. Егер бала ата-анасының өзін шын мәнінде сыйлайтынын, яғни біреудің қорлауына, жол бермейтініне көзі жететін болса, ондай ата-аналар балалары алдында өте беделді болмақ. Сондықтан, отбасындағы ата-ананың беделі баланың назарындағы басты мәселе болып саналады да, бала әке-шешесіне ұқсауға тырысады. Ата-ана беделіне нұқсан келтірмеуін көбірек ойлап, әрекет етеді, яғни «осы әрекетімді әкем білсе, ренжиді ғой», «үйдегілерге не бетіммен барам», - деген секілді, үнемі өз әрекеті арқылы ата-анасының көңілінен шығып отыру, оларды ренжітіп алмау, оларды ұятқа қалдырмау мақсаты алға қойылады. Отбасында ата-ананың баланың бойындағы мінез бітістерінің тәрбиеленуіне ықпал етуінің негізі – олардың балаға деген махаббаты, сүйіспеншілік сезімі, оған талап қоя отырып, қамқорлық жасауы болып табылады. Осы қамқорлық пен махаббатқа бала өз ата-анасына деген бауыр басуы, сағынуы олардың беделін жоғары ұстап, оларға еліктеу, олардың қылықтарын қайталаумен жауап береді. Ата-ана тарапынан болатын әрекеттер жағымды және жағымсыз болуы мүмкін. Сондықтан, педагогтар әрбір отбасындағы тәрбиенің міндеттерін анықтауға және баланың өмірін, барлық әрекеттерін ұйымдастыру талаптарының мектеп пен жанұядағы байланысын анықтауға көмектесуі керек. Өзбектің ғалым – педагогы Н.Зуннун өзінің «Данышпандардың тәрбие жайлы айтқан ойлары», - деген еңбегінде ата-аналарға бала тәрбиесінде бірқатар кеңестер берген. Онда ата-аналарға:
- Балаларыңызды бар ықыласыңызбен тәрбиелеңіз. Таза жүруге, үйлесімді киінуге және жарасымды мінез-құлыққа үйретіңіз.
- Балаларыңызды жас кезінен бастап тәрбиелеңіз, олардың пәк, нәзік көңілдеріне жарасымды мінез-құлықтың, ізгіліктің, инабаттылықтың қандай екенін түсіндіріңіз. Керегі болған кезде аздап қаталдау да, мейірімділеу де болған жөн.
- Бұл дүниеде адамдардың қадір-қасиеті тек өзінің күш-жігеріне байланысты екенін әркім өз міндетін өзі атқаруы керектігін балаларыңызға түсіндіріңіз және т.б.
Баланың мінез бітістерін тәрбиелеуге отбасы тәрбиесінің ролі туралы мәселелерін кеңес педагогы А.С.Макаренко да көптеп қарастырған. Оның айтуы бойынша, отбасы тәрбиесінің сыры – балаға белгілі бір міндеттерді бөліп беру болып саналады және ол мынадай педагогикалық талаптарға сай болуы керек.
- Барлық тапсырмалар баланың жас және дара ерекшелігіне денесі мен интеллектуалдық мүмкіндіктеріне лайықты берілуі тиіс.
- Жақсы орындалған жұмысы үшін бала міндетті түрде мақтау, қолдау түрінде ынталандырып, көтермелеуі тиіс.
- Еңбек ету іс-әрекеті саналы түрде дұрыс ойластырылған болуы қажет.
- Тапсырмалар немесе іс-әрекеттер басқа әрекеттерді теріске шығармауы керек.
Егер бала өзіне тапсырылған жұмысты орындау кезінде қатты шаршайтын болса, онда балада жұмыстың кез-келген түріне деген салқын қандылықтың пайда болатынымен анықталған.
Баланың әрекетін қадағалап отырмаушылық та теріс нәтиженің болуына әкеледі. Сондықтан отбасында өз бетінше орындау алған кез-келген тапсырманың нәтижесін қадағалап, тексеріп отыруы керек. Осылайша баланы болашаққа, яғни алдағы уақытта өз бетінше тиянақты еңбек ете алушылыққа үйретіп, дайындаймыз. Отбасындағы негізгі міндет – еңбек тәрбиесін беру және еңбек етуге үйрету болмақ.
Отбасында балалар кішкентай кезінен ұнамды әрекеттер мен ұнамсыз әрекеттерді айыра біледі, үлкенді алдау, кішілерді ренжіту – бұл жаман, үлкенді сыйлау, кішіге қамқоршы болу – бұл жақсы деп болжайды. Барлық әрекеттердің түрлері жақсы әдеттерді бекітуге бағытталуы керек. Отбасында бала тәрбиелеуде көбіне ата-аналар өздері кемшіліктер жіберіп отырады. Оған отбасындағы баланың өмірін ұйымдастыруға дұрыс көңіл бөлмеу, талаптың бірдей болмауы жатады. Ол баланың мінез бітістерін тәрбиелеуге жауапкершілікті ата-аналар мектепке немесе бала-бақшаға аудара салуынан, үй жұмыстарына қатыстырып отырмауынан, мадақтау мен жазалау әдістерін әділ де орынды қолданбаушылықтан, күш көрсетушіліктен, баламен қарым-қатынас жасау тактісінің болмауынан баланың көзінше ата-аналардың ұрсуынан, балаға немқұрайлықпен қараудан шектен тыс еркелетіп жіберуден пайда болады. Бұл кемшіліктер баланың сабақ үлгеріміне ғана емес, сонымен қатар, оның еңбексүйгіштік, көпшіл болу ынтасына, талабына жауапкершілігі мен өзіне деген талап қоюшылығына да кері әсер тигізеді.
Отбасындағы баланың ұнамсыз қасиеттерін тәрбиелеудегі кемшіліктерін жоюдың нақты жолын көрсету мүмкін емес. Ол әрбір баланың ерекшелігі мен тәрбие әдістерін дұрыс таңдап қолдануымен анықталады. Баланың жақсы оқуына көмектесу үшін оған қосымша тапсырмалар беру арқылы оқу үлгерімін жақсартуға болады деп есептейтіндер үлкен қателікке жол береді.
Сондықтан азамат ұрпағына отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Сол секілді балаға ата-ана тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |