Зерттеу базасы: Эксперименттік жұмыс Шымкент қаласындағы № 46 орта мектепте өткізілді.
Дипломдық жұмыстың құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
І-ТАРАУ. ОҚУШЫЛАРДЫҢ МІНЕЗ БІТІСТЕРІН ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1. Мінез – адамның жеке психикалық қасиеті ретіндегі мәні мен
мазмұны
Қазіргі таңдағы білім беру жүйесінде бастауыш мектеп кезеңі бала өмірінің алты, жеті жастан – он, он бір жасқа дейінгі аралықтағы кезеңді қамтиды.
Бастауыш сынып оқушыларының мінез бітістерін қарастыру үшін, жеке адамның тұлғалық қасиеттерінің жиынтын білдіретін мінез ерекшеліктеріне тоқталу қажет.
Әрбір адам қоғамда басқа адамдардан өзінің даралық өзгешелігімен ерекшеленеді. Бұл орайда, адамдар мінез ерекшеліктеріне орай ажыратылады. «Мінез» деген психологиялық қасиеттің төркіні гректің «характер» деген сөзінен шыққан. Мәнісі – із қалдыру. Психологияда бұл дербестік мағынасы бар адамға байланысты ұғым. «Мінез» ұғымына психологиялық әдебиеттерде әр ғалымдар түрліше анықтама берді:
Ә.Алдамұратов: «Мінез – әрбір адамның жеке басына тән өзіндік психологиялық қасиеттер мен ерекшеліктердің жиынтығы. Мінездің қасиеттері мен ерекшеліктері әркімде әрқилы жағдайда байқалып, адамның сол жағдайларға қатынасын білдіреді. Мінез ерекшеліктері – адамның даралық өзіндік психикалық қасиеттері».
Қ.Жарықбаев: «Мінез – адамның негізгі өмірлік бет алысын және оның өзіндік әрекетінің айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешелік. Мінез – көп қасиеттің бірлігі, түрлі өзгешеліктердің қосындысы және адамды әр қырынан көрсететін қасиет. Мінез – даралық өзгешеліктің өзегі, адамның негізгі тіршілік бағытының өрнегі. Мінез – кең мағыналы ұғым. Онда түрлі сапалар тоғысып жатады. Мінездің моральдық жағынан тәрбиелілігі, бірқалыптылығы, толықтылығы, күшті мен айқындығы, салмақтылығы – оның негізгі сапалары».
С.Бабаев: «Мінез – жеке адамның өзіне тән қылық-әрекетінде, тіл қатынасында тұрақты қалыптасатын дара ерекшеліктерінің жиынтығы. Мінез-нақты адамның шыншыл, адал, ақ көңілдігіне орай сипатталмайды, аталған сапалар-әр түрлі жағдайларды көрініс беретін жеке адам қасиеттері. Мінез көрсеткіші-адамның барша жағдайлардағы мәнді сипаты мен тұрақты сақталатын таңдаулы қасиеттері».
Психологиялық сөздікте: «Мінез, сипат (характер; грек Character – ерекше белгі) – адамның өмірлік бет алысын білдіретін, оның бір сыдырғы тұрақты және тұрлаулы жеке-дара қасиеттері, мінез – жеке адамның тіршілік жағдайындағы қылығын бейнелейтін тұрақты және мәнді психикалық ерекшеліктерінің үйлесімі». Мінездің екі сипаты бар: Бірінші сипаты – адамның ақиқат дүниеге қатынасы және оны жүзеге асырудың өзіндік амалдары. Екінші сипаты-өз әрекетін тәртіпке келтіре алатын өзіндік еріктері.
Адам мінезінің даралық ерекшелік екендігін ғылым тарихында тұңғыш рет сипаттап жазған ертедегі грек философы Теофраст (б.з.д. IV-III ғғ.) оның түсінігінше, «мінез – адамның адамгершілік сапасына тән қасиет» деп түсіндірді.
ХVІІІ ғасырда Лабрюйер де «Теофраст мінездері» деген еңбегінде мінезді осы мағынада қолданды. Алғашқы кезде мінез – адамның әлеуметтік адамгершілік ерекшеліктерін білдірген. Бұл темпераментке кері анықтама. Өйткені, темперамент – адамда туа болатын генотипті организм қасиеті. Осы көзқарасқа орай, мінез – адамның туа пайда болатын фенотипті ерекшелігі.
ХІХ ғасырда француз ғалымы А.Бен мінезді – тек психологиялық ерекшелік, дара адамның ақыл-ойы мен сезімінің және ерік ерекшеліктерінің қасиеті деп саналады. Т.Рибо мінезді сезім мен ерік ерекшелігі десе, ал орыс медигі, әрі педагогы П.Ф.Лесгафт мінез – ерік қасиеті деп қарастырған.
ХVІІІ ғасырда И.Кант мінезді темпераментпен салыстыра отырып, оны адамда жүре пайда болатын қасиет деп анықтады. Оның еңбектерінде мінездегі адамның даралық қасиеттеріндегі туа пайда болатын ерекшеліктер мен жүре пайда болатын ерекшеліктерді бөліп көрсетеді. Т.Рибо мінезді адамда туа пайда болатын икемделу десе, ал малапер, Фурье және т.б. мінездің туа пайда болумен қатар, жүре пайда болатын ерекшеліктері де бар дейді. Поланның пікірінше, мінездің барлық сипаттары адамның тіршілік жағдайымен байланысты деп қарастырған. Осы ғалым-ойшылардың көзқарастарын топшылайтын болсақ, мінездегі екі түрлі көзқарас психология ғылымында әлі де болса шешімін таба алмай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі болып саналады.
Мінез ерекшеліктері адам қызығуларымен тығыз байланысты, бірақ оның бұл қызығулары мәнді, әр тұрақты болуы шарт. Ал қызығулар үстірт, тұрақсыз болған жағдайда, дербестігінің кемдігі мен тиянақтылығыболмағанынан жеке адам еліктегіш болып келеді. Қызығулар ұқсастығы мінез теңдігін аңдатпайды. Мысалы, өнертапқыштар арасында көңілді не мұңды, кішіпейіл, не өзіншіл тұлғаларды айыруға болады.
Мінез – адамның қолы бос уақытындағы өзі қалап шұғылданған істерінен де танылуы мүмкін. Мұндай қызығулар тұлға мінезінің жаңа, ерекше қырларынан хабардар етеді. Мысалы, ұлы ғалым-химик Ебней Бекетов қолы босаса, аудармашылықпен айналысып, орыс, батыс қаламгерлерінің көптеген әйгілі көркем шығармаларын қазақ оқырманына жеткізген атақты тіл ғалымы Әбдуәли Хайдари демалыс уақытында қазақи ер-тұрман, қамшы және т.б. заттарды оралап, жолдастарын таң қалдырған; ғұлама-түркітанушы академик Рахманқұл Бердібай қолы босаса, күйшілік өнермен айналысады. Адамның рухани немесе заттайқажеттіліктерінің қайсысының басым болуына қарай оның тек ой, сезімдерінің ғана емес, сондай-ақ іс-әрекетінің де бағыт-бағдары айқындалады. Бұл арада аса маңызды нәрсе – іс-әрекеттің алға қойылған мақсатқа тікелей сай болғаны, себебі адам не істеп жатқаны немесе не істейтініне қарай бағаланбайды, әңгіме сол істі қалай орындайтынында. Осыдан, мінез қалпы – адамның бағыт-бағдары мен іс-әрекет кейпінің бірлігінен келіп шығады.
Мақсатқа жетуде бағыт-бағдар бірдейлігі болғанымен, әр адам өз жолын таңдайды, өзіне қалай, қайталанбас әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Осы дербестіктен адам мінезінің ерекшелігі көрінеді. Белгілі ықпалға ие мінез бітістері әрекет немесе қылық түрін таңдауда айқын жүз береді. Бұл тұрғыдан тұлғаның табысқа жету қажеттілігін туындатқан ықылас, ниет көрінісінің деңгейін (табандылық, шешімділік немесе еріксіздік, қорқақтық, күдікшілдік т.б.) мінез бітісі деп тануға болады. Осыған байланысты, кейбір адамдар күмәнсіз табыс қамтамассыз ететін әрекеттерді (ынта білдіру, жарысқа түсу, тәуекелге бел байлау т.б.) таңдап алады, ал екіншілері – сәтсіздіктен қашуды көздейді (жауапкершілік алмайды, жүрексінеді, ықыласы мардымсыз т.б.).
Шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фараби өзінің психология туралы трактаттарында мінез ұғымына түсініктеме береді. Оның айтуынша «рухани дүниесі бай қажеттері мен қызығулары, талғамы мен ой-өрісі кең адамдарды толық мінезді адам дейді. Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез сапаларының бірі – оның бірқалыптылығы. Мұндай адам құйындай ұйытқып тұрмайды, оның қастерлейтіні сөз бен істің бірлігі. Кімнің мінезі толық болса, соның мінезі бірқалыпты да келеді. Бұл екеуі мінездің егіз қозыдай, бірінен екіншісі ешқашан ажырамайтын бітістері. Мінездің тұрақтылығы адамның саяси моральдық ұғымынан, түсініктерінен туындайды. Бұл қасиеттер адамның өмір сүруінің мән-мағынасын, әрекетінің мазмұнын белгілейтін мінездің сапасы.
Бірқалыпты, тұрақты мінезі бар адам басқалардың жетегінде кетпейді, оның өзінің белгілі көзқарасын, принципі, өзіндік мінез – құлқы болады, ол қауіп-қатерден бой тасаламайды, керек жерінде батылдық көрсете біледі. Инициатива мен белсенділік, достық пен жолдастық, адалдық пен шыншылдық – мінезді адамға тән қасиеттер. А.Құнанбаевтың қара сөздерінде мінездің кейбір қасиеттерін бейнелейді. Мысалы, мінездің күшіне мақсатқа жету жолында алда тұрған кедергілерді жеңе білуде көрінетін адам ұстамдылығының мөлшері жатады. Оның түсінігінше мінезді «Бойда қайрат, ойда көз, болмаған соң айтпа сөз» деп көрсетеді. Жақсы мінезге тән сапалардың біріне оның байсалдылығы жатады. Мінез – адамның дүниеге көзқарасы мен сеніміне байланысып жатса ғана жоғарыда аталған сапалар қорымолаяды. Тек осындай мінезі бар адам ғана алдына айқын мақсат қоя алады. Соңғысы берік сенімінен туады. Мұнсыз тиянақты әрекет ету қиын. Қабілетсіз адам болмайтыны сияқты, мінезсіз де адам болмайды. Жаман болсын, жақсы болсын, әйтеуір, дамда бір мінез бітісі болады. Бірақ, жоғарыда айтқандай түрлі сапалары қиысып келетін үлкен мінезді адамдар жиі кездесе бермейді. Біреуде ол жағы, біреуде бұл жағы жетпей жатады. Адам сондай-ақ, түрлі жағдайда түрліше қылық көрсетуі де мүмкін. Осыған қарап оның мінезі тұрақсыз екен деп бағалай салуға болмайды. Өткені, ол әншейінде батыл, жігерлі болғанымен, бірде осындай қасиеттерімен көзге түсуі мүмкін. Мінез үшін тұрақты қасиеттердің мәні өте зор. Мәселен, барлық жерде де адам тәртіп сақтай алатын болса, тек сонда ғана тәртіптілікті сол кісінің мінез бітісі деп санауға болады.
Мінез – адамның психикалық қасиеттерімен атап айтқанда, қабілет, темпераментімен тығыз байланысты. Адамда қабілеттіліктің дамуы кейбір тиісті мінез бітістерінің болуын қажет етеді. Мәселен, табандылық, уақытша сәтсіздікке мойымау, еңбексүйгіштік, энтузиазм сияқты мінез бітістерінің қабілеттер үшін ерекше маңызды екендігі түсінікті. Ал темперамент болса, мінез бітістеріне өзіндік бояу, реңк береді. Жақсы мінездің ықпалымен темпераменттердің де кейбір нашар жақтары өзгеріп отырады. Мінезді қалыптастыруға ерік-жігердің қосар үлесі зор. Еркі күшті адамның мінезі де берік. Жігерсіз адамның мінезі де бос, сылбыр келеді.
И.П.Павлов адамның мінез бітістерін жоғары жүйке қызметінің тума типтері мен өмір сүру барысында қалыптасатын уақытша жүйке байланыстарының өзіндік «құйындысы» деп түсіндірді. Бұл жөнінде ол былай деп жазды: «адам» ... адамның мінез-құлқының бейнесі жүйке жүйесінің туа біткен қасиеттеріне ғана байланысты болып қоймайды, сонымен бірге, организмнің жеке өмір сүру барысында болатын ықпалдарға да байланысты, демек, кең мағынасында айтқанда, үнемі тәрбиелеу немесе үйрету жұмыстарына да байланысты болады.
Адам мінезінің қалыптасуы қоғамдық болмыспен, әлеуметтік ортамен (мектеп, балалар мекемелері, оқу, өндіріс ұжымы, қоғамдық ұйымдар т.б.) тығыз байланысты. Осы айтылғандар мінездің дамуы үшін шешуші рөл атқарады. Мінез – өзгермейтін тума қасиет емес, ол өмірде қалыптасады. Мәселен, ешбір бала тумысынан «еңбек сүйгіш не жалқау, тәртіпті, не ұстамсыз» болып тумайды. Оның мінезі ұзақ жылғы өмір сүру барысында өмірдің сан алуан ағымына қарай тәрбие процесінің ықпалымен қалыптасын отырады. Адамның сыртқы ортамен жасайтын қарым-қатынасы белсенді қарым-қатынас. Әл-Фарабидің психологиялық көзқарастары бойынша, «Сөз жүзінде емес, мінез-құлықты іс жүзінде жүзеге асыруға болады» – деп көрсетеді. Сондықтан да оны қоршаған ортасына ғана төселмей, өзі де шама шарқынша сол ортасына тиісті өзгерістер енгізеді. Адамның нақтылы іс-әрекетінде мінез бітістерінің қалыптасуында шешуші рөл атқарып отырады:
Соңғы кездері психологиялық әдебиеттерде мінез – жеке адамның психикалық қасиеті ретінде жан-жақты қарастырылып, талдануда. Атап айтсақ, неміс ғалым-ойшылы И.В.Гете: «Мінез-құлық әркімнің кейпін көрсететін – айна» десе, Француз ағартушысы Н.С.Шандор: «Берік тәртіп ұстанбаған адам-әрқандай да мінезден құралақан адам»-деп қарастырса, ағылшын әдебиетшісі У.Гәзлит «Жақсы мінез – бүкіл өміріңнің сарқылмас байлығы», қазақтың педагог-психологы М.Жұмабаев: «...адамның өзін-өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне бірінші шарт»-деп түсіндіреді.
Бастауыш сынып кезеңіне тән негізгі белгілері мынадай: бұл жаста мектеп жасына дейінгі бала мектеп оқушысына айналады. Мұнда баланың өз бойында мектеп жасына дейінгі балалық шақтық белгілерін оқушының ерекшеліктерімен ұштастыратын өтпелі кезең болып саналады. Бұл белгілер оның мінез-құлқында санасында күрделі, ол кейде қиыншылықты үйлесім түрінде қатар жүреді. Кез-келген өтпелі күй сияқты бұл шақ көзі ашылмаған даму мүмкіндіктеріне бай, оларды дер кезінде байқап, қолдап отыру маңызды. Адамның көптеген психикалық қасиеттерінің негіздері нақ осы бастауыш сынып кезеңінде қалыптасады және әдетке айналады. Сондықтан бүгінгі таңда көптеген ғалым-психологтарының ерекше назары, бастауыш сынып оқушыларының дамытудың резервтерін анықтауға бағытталған. Бұл резервтерді пайдалану балаларды ары қарай оқу және еңбек қызметіне неғұрлым табысты дайындауға мүмкіндік береді.
Бастауыш сынып оқушыларының психологиялық ерекшеліктері мен міез бітістері туралы мәселелерді Ресей-Кеңес ғалым психологтары: А.В.Петровский, Р.С.Немов, В.С.Мухина, С.Ф.Жустков, Д.Б.Эльконин, Л.В.Занков және тағы басқалар. Ал Қазақстандық ғалым-психологтар: Қ.Жарықбаев, М.Мұханов, С.Жақыпов және тағы басқа еңбектерінен кездестіруімізге болады.
Тәжірибелі ұстаздарға белгілі, психологиялық жағынан расталған мынадай қағида бар. Баланың сыныпқа келген алғашқы күннен-ақ оған оқушының сабақтағы, отбасындағы және қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелерін айқын да, нақты мағынада түсіндіру керек. Балаға оның жаңа көзқарасын, міндеттерін және құқығын бұрынғы ол әдеттенген жағдайлардан айырмашылығы дереу түсіндіру маңызды. Жаңа ережелер мен нормаларды сөзсіз орындауды талап ету – бастауыш сынып оқушысына орынсыз қаталдық жасау емес, мектепке баруға даярланған балалардың өз түсініктеріне сәйкес, олардың тіршілігін ұйымдастыруа қажетті шарт болып табылады.
Бастауыш сынып оқушысының жеке басына тән қасиетінің дамуында «Мен» деген ұғымның мәні жатады. Бала өзін білген соң құрбыларына қарағанда бәлендей тізімде қандай орын алатынын ойлап, қайткенде жақсы орынға ие болсам деп арман етеді. Бұл жағдайда баланың өзінің қандай орын алғысы келетіні туралы бағасы мен құрбыларының, не үлкендердің ол жөніндегі бағасы арасында үлкен алшақтық болғаны жақсы. Егер бастауыш сынып оқушысының өзі жөніндегі бағасы, құрбыларының бағасынан асып кетсе, мұндай баланы мақтаншақ деп атайды. Керісінше, оның өзі жөніндегі бағасы өзгелердің оған беретін бағасына төменге түседі, осындай баланы кішіпейіл дейді. Кіші оқушы өзінің ісіне, не мінезіне әлі сын көзбен қарай алмайтын болғандықтан, оның өзі жөніндегі бағасы, әдетте өзгелердің бағасынан жоғары дәрежеде келеді.
Бастауыш сынып оқушысының жеке басына тән қасиеттерді тек «Мен» деген сала тұрғысынан бағалап қоймай, тиісті мөлшерлерге қалайша бағынады, мінезі, ерік-жігері қандай, ашуланғыш не сабырлы келе ме, әсемдікті ажыратудағы талғамы және өзгелермен қатынасы қандай екендігін қарастыратын болсақ, бастауыш сынып оқушысына қойылатын талаптарды мөлшер немесе норма деп атайды. Балада мектепке келмей тұрып, нені істеуге болатынын не болмайтынын әбден жақсы біледі. Мектепке кіргеннен кейін, бұрын орындап көрмеген міндеттерді игере білуі тиіс. Мысалы, сабаққа кешігіп, не берілген тапсырманы орындамай келуге болмайды. Тапсырманы орындамаса, сол сияқты мектепке таза киініп келмесе немесе тәртіп бұзса, бұл «нормаларды» бұзуға жатады. Әуелгі кезде осыған үйрене алмай қиналатын болады. Бірақ, бірте-бірте мөлшерлерді орындауға үйрене бастайды. Бұл мөлшерлерді норма дейтін себебі осыларды орындау дәлелденген және дәстүр болып кеткен.
Жалпы алғанда, осылардың бәріне бірдей тән қасиеттері мынада: әуесқой, ақкөңіл, өзгелерге жәрдем бергісі келіп, дәрменсіздерді не қарт адамдарды аяп, соларға қамқорлық көрсеткісі келетінінде. 7-8 жастағылардың әуесқойлылығын алсақ, өзгелерге сұрақ қойғанды, мектепке дейінгілер сияқты «Бұл не ?» деп сұрамайды, «Бұл неліктен ?» - дейді. Сұрақтарды осылай құруда үлкен мән бар, өйткені бастауыш сынып оқушылары нәрсенің не екенін ғана білгісі келмейді, соның бәлендей сырын, себебін білгісі келеді.
Бастауыш сынып оқушысында кейде ашуланғыштық қасиеті де болып тұрады. Баланы үйінде көп еркелетсе, онда ол болмашы нәрсеге тез ашуланып, күйіп-пісетіні кездеседі. Керісінше, күтпеген жағдайда, «Жақсы», «Өте жақсы», деген баға алса, жұрттың көзінше, соған қатты қуанғанын жасыра алмайды.
Бастауыш сынып оқушысының ерік-жігерін недәуір қалыптасып қалса да, кейде өзін-өзі меңгере алмайды, импульстік іс жасап қалатыны кездеседі. Импульстік іс – деп ойланбай, не болса соған қызып, бірдеңені бүлдіріп алуды айтады. Осындай жайт, баланың тәртіпсіздігінен емес, импульстік іске өзінің икем келуіне, яғни өзін-өзі меңгере алмауынан кездеседі.
Бастауыш сынып оқушысының өз құрбыларымен қарым-қатынасы әртүрлі және осының өзі бұрын бала-бақшада өстіме, соған орай келеді. Бұлардың ұжымшылдық қасиетінің қалай қалыптасатынын алсақ, осының өзі І-сыныпта әлі қалыптаспаған, балалар бақшасында тәрбиеленген балалардың бірқатары өзгелерден бөлшектеніп, өзін сол ұжым мүшесі деп санамайтыны кездеседі. Бұлар бір-біріне жаны ашып, көмектесу дегенді білмейді. Тек өзіне басқалар кедергі жасамаса болғаны. Бірақ 2-3 сыныптарда бұл қасиеттер жойылып, бұлар өзара достаса бастайды. Баланың бір-біріне көмектесуі әуелгі уақытта мұғалімнің басшылығымен іске асады. Кейін барлығы өзара достасып, бірі өзгесіне мейірімді келе бастайды.
Бастауыш сынып оқушыларындағы басты қажеттілік – оқушы болу. Ол сыртқы пішіні мен, оқуда озат болу ниетімен, оқушының мінез – құлқымен, «мектеп оқушысын» алдымен мұғалімнің, содан соң құрбыларының тануымен, сыныптағылармен бірге болуға талаптанумен айқындалады.
Оқушының мінез бітістері – осы міндеттерді орындауда көрініс береді. Бұл жаста баланың бойында өзін оқушы сезіну, жақсы үлгеруші, қолынан бәрі келетін «екінші» немесе «үшінші» оқушысымын деген мақтаныш сезімі билейді. Оқушының мінез бітістері дамуының мүмкіндіктері: Оқудағы таңдаулар – бұл сапалы білімді, оқу қызметін түсінуді дамыту, қарым-қатынасқа, бірлескен оқу қызметіне саналы түрде бірінші кезең ретінде қарау, қол жеткен табысты нығайту.
«Мінез бітістері» ұғымы адамдар арасында қалыптасатын қарым-қатынас, олардың іс-қимылдары мен қылықтарын сипаттауда қолданылады. Оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы тікелей «мораль» ұғымымен байланысты жүреді. «Мораль» ұғымы ең алдымен, қоғамның адам мінез-құлқына қоятын талаптарымен, яғни адамдардың бір-біріне болған, қоғамға деген қатынасы мен борыштарын анықтайтын мінез-құлық нормалары мен ережелерімен бейнеленеді. Бұл ұғым кейбір педагогикалық-психологиялық әдебиеттерде «ізгілік» деп қарастырылып жүр.
Ізгілік жүйе ретінде келесі бөліктерден тұрады, олар өзіндік ішкі байланыста, өзіндік сипатқа ие және өзінің даму механизмі болады. Олар: ізгілік сана, қатынастар, іс-әрекет, қадағалау механизмі (құндылықтар, идеалдар, нормалар, принциптер және т.б.). Атап айтқанда, ізгілік іс-әрекет пен ізгілік қатынастар моральдың объективті жағын анықтайтын болса, ізгілік сана – өзіндік-субъективтік жағын бейнелейді. Айта кететін жайт, тек теориялық абстракцияда ғана ізгілік жүйесінің бөліктерін жеке қарастыру мүмкін, ал шын мәнінде олар өзара байланыста жүреді.
Ізгілік қатынастарды мазмұнына қарай, түрлеріне қарай, адамдардың әлеуметтік байланысы тәсілдеріне қарай жіктеу жасалынады.
Жалпы алғанда, мінез бітістері қоғамға, табиғатқа, өзіне және т.б. деген қатынастары бойынша міндеттемелері етіп жіктеледі. Оны төмендегі 1-кестеде берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |