18.Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінің идеялық-көркемдік ерешелігіне талдау жасаңыз Көркемдік ерекшілігі: Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген жолдағы «қайран» одағайының ақынның ішкі ойын беруде мәні зор. «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» бұл одағайдың «дариға» сөзінің мағынасына жақындығы көрсетіледі және де «қайран» одағайы «ардақты, сүйікті, қымбатты мағынасында қынжылу, назалану түрінде келіп, өткенге аяныш, өкініш туралы айтылады» делінген. Осы сөздікте «қайран» одағайының мағынасын тереңірек түсіндіру үшін сөздік құрастырушылары қырғыз тіліндегі «Жаманға айтқан сөзің қайран», қазақтың «Жаманға айтқаның тамға сөйлегенмен бірдей» деген мақалдарын мысал қылып келтіреді. Сонымен бірге тілімізде «қайран» одағайына мағыналас «әттең, есіл, шіркін» секілді синоним одағайлар кездеседі. Бұл түсініктемелерді қорыта келе ұғынатынымыз: ақын «қайран жұртым» деп халқының рухани-әлеуметтік жағдайының төмендегенін көріп, сол жағдайын түзетуге еш талпынбай жүргеніне, ілгері басып, келешегім деп білімге, ғылымға, еңбекке ынталанбағанына өкініш-назын айтып отыр.
Абайдың 1886 ж. жазған өлеңі. Көлемі ЗО жол. Бұл шығармада тұтас халыққа арнап айтылған терең де күрделі ойлар шерлі жүректен шамырқанып, толқып шыққан. Үлкен адамгершілік, қайраткерлік, оқымыстылық биікке көтерілген ақын үні бірде айбарлы, бірде кекті, бірде мұңлы. Қазақ халқын бөлмей-жармай, түгел қамтып, тұтас шолып, баршасына бағыштап айтылған өлеңнің әлеуметтік салмағы орасан зор. Ақын алдымен көз алдыңызға мұрты аузына түскен, бір ұрты май, бір ұрты қан, алғашқыда шырайы сартша жылтырап тұрған қазақтың кескінін алып келеді. Осыдан кейін барып оның ішкі әлемін, мінез ерекшеліктерін айқындап аша бастайды. Бұл өзі іске жоқ, қу сөздің адамы, өзі сөйлесе болды, өзгені тыңдауды білмейді, мылжың, бөспе, қырт. Күндіз күлкі, түнде ұйқысының бұзылу себебі - өз малына өзі ие емес сорлы. Байлауы жоқ көрсе қызардың әлеуметтік қалпы тіпті сиықсыз, тұтастық, бірлік жоқтықтан, береке жоқтықтан дәулеті шайқалып, байлық шашылған. Жыртың-жыртың мағынасыз күлкіге малданған тиянақсыз, байлаусыздың түбіне жеткен елдің соры биліктен айрылып өзгенің табанына түсіп құл болатынын ақын ашына зар етеді. Ұлттың бойындағы сордың үлкені-күндестік, бірін- бірі көре алмау, етектен тарту, пыш-пыш халқымызды сан рет орға жығып, өртке қамаған алауыздық. Зығырданы қайнаған шерлі ақын елді түзеудің амалын қарап, тығырықтан шығар соқпақ іздеп, басын тауға, тасқа соқса да, жол таба алмай, ақыры елінің ырқынан айрылып, өзгеге бодан болатынына бармағын шайнайды. Халқының бойындағы қаны сорғалаған жараларды аша отырып, ақын омырауы жасқа толса да, сай-сүйегі сырқыраса да, сесті, кекесінді күйінде қалады. Жеңіл-желпі басу айту, оңай өріс нұсқау жоқ. Ары ширығып, намысы қайнаған ұлы ақын туған халқының барлық буын, барлық нәсілін өзі күйдіріп айтқан кесел-кесепаттардан, сор-сұмдықтардан арыл, тазар, сонда ғана белге шығасың деп тұрғандай. Өлең 11 буынды қара өлең ұйқас түрінде жазылған. Алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.