47. «Біржан-Сара» айтысы «қыз бен жігіт» айтысы ретінде сюжеттік құрылым-құрылысы, тілдік-стильдік ерекшеліктері тұрғысынан көркемдік талдау
Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті, шындықты өзекті де әлеум. тақырып етіп көтереді. Екі ақын өздері тұрған екі өңірдің жақсы-жайсаңдарын кезекпе-кезек сараптай отырып, олардың сан алуан адамгершілік қасиеттері мен келеңсіз іс-әрекеттерін жайып салып, оларға халық талабына сай келетіндей баға беріп отырады. Сонау қияндағы Сарыарқадан Сараны жеңемін деп Жетісуға келген Біржан сал ә дегеннен амандасу рәсімінің өзін бойында дос тұрмақ дұшпан кемітер бір міні жоқ сұлудың, шебер ақын, шешен қыздың бетін қайырып, жігерін жасытып алуға пайдаланбақ болады. Бірақ білімді де ақылды қыз Хауа анаға Адам атаның өзі келгенін “Хиссас-ул-Әнбиядан” оқып білгенін дәлел етіп ұсынады. Мұндай жауапты күтпеген Біржан қатты тосылса да, сөз кезегін әрі қарай жалғастыра береді. Қос жүйрік бұдан әрі жалпы ақындық өнер, адам бойындағы сан алуан қасиеттер, ел дәстүрі, байлық, салтанат, ел басшыларының іс-әрекеттері секілді мәселелерді сөздеріне арқау етеді. Айтыс алғашында рулық бағыт алса да, кейін дәстүрлі арнадан ауытқып, жүйелі өнер сайысына, көркем де кестелі сөз жарысына айналады, қазақ қоғамындағы әлеум. қарым-қатынастың адам өміріне әсері, тұрмыстың мән-мазмұны философиялық ой-толғамдармен қосыла өріліп, өз нақышын тауып жатады. Айтыста халқымыздың әдептілік пен әсемдік туралы пікірлері, эстет. талғам-талаптары кең көрініс тапқан. Осының бәрі Біржан мен Сара айтысының 19 ғасырдағы қазақ халқының болмыс-тіршілігін жан-жақты суреттейтін көркем туынды екенін айқын аңғартады. Біржан мен Сара айтысы атақты екі ақынның арасындағы сөз айтысы ғана болмай, айтыс өнеріндегі көркемдік қуаты, тіл бейнелілігі жағынан ерекше эстет. талғам биігінен көрінген айтыстың үздік үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады.
Айтыстың негізгі өзегі әйел бостандығы болса да, мұнда айтыстың дәстүрлі әдісі бойынша, өз рубасыларын, би-болыстарын дәріптеу, мадақтау сияқты қайшылықтар да кездеседі. Соның өзінде де Біржан сөздерінде жаңа бағытқа аз да болса талпыну бары байқалады.
Халық айтыстары, негізінен, екі ақынның бір-бірінің қай жағынан болсын кемшілігін табуға құрылады. Бұл әдіс Біржан мен Сара айтысында да бар. Біржан Сараны сүріндіру үшін оның күйеуінің нашарлығын тілге тиек етеді. Ақыры, сол Жиенқұлдың айналасынан ұзатпай, Сараны жеңеді.
Екеуі де айтыста өздерінің адамгершілік, ақындық сипаттарымен көрінеді. Біржан да, Сара да – үздік өнер иесі. Бір-бірінің бойындағы осы қасиеттерді қапысыз тани біледі. Өлшеусіз талант, әрі әнші екі саңлақтың шешен сөздері – өзінің көркемдік жағынан бүгінге дейін үлгі. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан, көркемдік, сұлулық жағынан да қазақ әдебиетінің төрінен орын алады.
Достарыңызбен бөлісу: |