4-модуль бойынша 1-күннің өзіндік жұмысы
Ескерту***
Өзіндік жұмысты өз тәжірибеңіз бен курс материалдары негізінде орындауыңызға болады. Тапсырмаларға беретін жауабыңызды мейілінше жүйелі және толық орындауға тырысыңыз. Орындалған тапсырманы қайта жүктеңіз.
Өзіндік жұмыс №1.
Берілген кейстегі бала проблемасымен танысыңыз.
Кейс: Сұраныс мектептің ағылшын пәні мұғалімінен, 02.03.2019 жылы түсті. 7А сынып оқушысы, өзін түсініксіз сезінетіндігі және «сізде өлім туралы ойлаған сәттеріңіз болды ма? Өлім туралы көп ойлаймын, ата-анамды жақсы көрмеймін, әкеммен мүлдем сөйлеспеймін»,- деген сияқты ватцап желісіндегі жазған хабарламалары бойынша жағдаят анықталып, аса педагогикалық-психологиялық бақылауды қажет ететін «тәуекел тобының» тізіміне енгізілді.
Оқушы туралы жалпы мәлімет: Оқушы - 13 жаста, ер бала, мектеп жатақханасында тұрады. Денсаулығы қалыпты, «Д» есепте тұрған жоқ. Оқушы толық отбасында тәрбиеленуде. Заңды әке-шешісімен бірге, отбасында 3 бала бар, балалардың үлкені, өзінен кіші інісі- 7 жаста, және 2 жасар қарындасы бар. Әкесі құқық қорғау жүйесінде қызмет атқарады, анасы – беделді компанияда - заңгер, қазіргі күні бала күту демалысында. Бала тәрбиесімен анасы айналысады. Ата-анасы баланың демалыс күндерінде таза ауада серуендеу, шаңғымен сырғанау сияқты салауатты өмір салтын қалыптастыруға мән береді. Ата-анасы баланың оқуына аса мән береді, үлкен талап қояды. Әкесі жұмысбасты, ал анасы бала күтімінде болғандықтан ата-аналар жиналысына қатыса алмайды, сенім хат арқылы баланы басқа кісі әкеліп, алып кетіп отырады. Дегенмен де телефон арқылы куратормен, мектеп психологымен хабарласып, байланыс жасап тұрады.
Оқушының айтуынша, ата-анасына деген жақсы көру сезімі төмен, себебі тым қатал, әкесімен қарым-қатынасы нашар, тіпті, әкесіне деген ашу-ыза, жеккөрушілік сезімі қалыптасқан. Оның себебін, оқушы, «кішкентай күнімнен анам екеумізді көп ренжітті. Ол тек кішкентай бауырларыма көп көңіл бөледі. Маған тек ұрыса береді, сондықтан қазір мен әкеммен мүлдем сөйлеспеймін»,-деп түсіндіреді. Бала үшін маңызды адам- атасы. Оның айтуынша, атасы немересін жақсы көреді, қолдайды. Бірақ, өз мәселелерін атасымен бөліскісі келмейді, себебі атасына айтса, атасы әкесіне ұрысады, ал, сосын, әкем маған ұрысады, деген қорқыныштары бар. Атасы мен әжесін жақсы көреді.
Анасының айтуы бойынша: «Баласы, өзін жәбірленуші ретінде көрсеткенді жақсы көреді (яғни өте қатты шаршадым, өте көп жұмыс істеп жатырмын деген сияқты сөздерді көп қолданады) Өзін барлық нәрседен шаршаған сияқты көрсету өте ұнайды. Өте жалқау. Осындай мінез-құлық ерекшелігі бар»-деп түсіндіреді.
Оқушының мінезі ашық, өз ойын, өзінің барлық мәселелерін, өзіне көңілі толмайтын жағдайларды басқалармен бүкпесіз бөліседі. Адамдармен тез тіл табысады, өзіне назар аударғанды жақсы көреді, кішкене жақын тартып сөйлескен адамға тез бауыр басып, құшақтап, барлық сырын айтуы мүмкін. Бірақ көбіне селқос, шаршаңқы жүреді. Мұны соңғы уақытта түнде 3-4 сағат қана ұйықтауымен байланыстырады (түнде телефонмен көп уақыт отыруына байланысты, түнгі ұйқысы шала). Баланың айтуынша, бұрынғы мектеп лицейінде неліктен екенін білмейді, сыныптастары шеттетіп, өзі жалғыз жүрген. Ал, қазіргі сыныбы ұнайды. Мұғалімдер мен үлкендерге құрмет көрсете біледі, мектептің ішкі тәртібін бұлжытпай орындайды, бірақ, ережемен өмір сүргісі келмейді, ішкі қарсылықтарын білдіріп отырады. Ең сүйікті пәні ағылшын және ағылшын пәнінің мұғалімін жақсы көреді. Ұнамайтын пәні қазақ тілі. Оқушының айтуынша, отбасы мүшелері бір-бірімен тек қана орыс тілінде сөйлеседі, сондықтан да, қазақ тілінде өз ойын жеткізу өте қиын. Сынып кураторы тек «орындаушы» қызметін атқарады, деп, ұнатпайды.
Сүйікті ісі сурет салу, жатақханада «Сурет» үйірмесіне қатысады. Баланың айтуынша көңіл-күйі төмендесе, сурет салу арқылы ретке келтіріп отырады, сурет салу барысында өзі тынышталады. Өнер пәні мұғалімінің айтуынша, сурет салғанды өте жақсы көреді, кейде, «жалқаулық» кедергі келтіреді, бірақ, тапсырманы аяқтап келуді тапсырсаң, өте ұқыпты, шығармашылықпен орындайды. Классикалық музыкалық әуендер тыңдағанды ұнатады. Стратегия құруға арналған компьютерлік ойындар ойнайды. Тұрақты түрде «Биікке өрмелеу» секциясына қатысады. Таудан шаңғымен сырғанауды өте жақсы көреді.
Тапсырма.
1. Балада қандай қиындықтар бар екендігін кейс негізінде болжамалы түрде анықтап көріңіз.
2. Бала қиындықтарын анықтау үшін қолдануға болатын әдістемелерді ұсынасыз? Өз пікіріңізді білдіріңіз.
3. Сіздің тәжірибеңізде мұндай жағдай кездесті ме? Кездескен болсаңыз бұл проблеманы қалай шештіңіз? Тиімді тәжірибеңізбен бөлісіңіз.
4. Кеңес берудің 5 қадамына сәйкес жұмысыңызды жоспарлаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |