Экономикалық өсудің тиімділігі - бұл тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсарту, олардың бәсекелік қабілеттілігін көтеру, өнімнің жаңа түрлерін жасау, өндірістің мамандандырылуын тереңдету, инновациялар мен жаңа технологияларды игеру сияқты экономикалық қызметтің әртүрлі бағыттарын қамтитын кең мағыналы ұғым.
Экономикалық өсудің сапасы- бұл халықтың материалдық жағдайларын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылым салаларының даму деңгейін арттыру, адам капиталына инвестиция құюды күшейту, адамдардың өмір сүру деңгейі мен еңбек жағдайларының қауіпсіздігін сақтау, толық жұмысбастылықты қамтамасыз ету және халықты әлеуметтік қорғауды күшейту сияқты маңызды көрсеткіштер арқылы сипатталатын ел экономикасының дамуының әлеуметтік бағыттылығы.
Экономикалық өсудің қарқыны мен оның сапасы арасында белгілі бір өзара байланыс болады. Бірқатар жағдайларда, экономикалық өсудің жоғары қарқыны сапаның өсуімен сәйкес жүрмеуі мүмкін немесе керісінше, экономиканың өсудің тым әлсіз қарқыны өмір сүру сапасының жақсаруына мүмкіндік беруі мүмкін. Сондықтан көптеген экономистер қазіргі уақытта экономикалық өсудің тұрақтылығын көрсететін өсудің орташа қарқынын (жылына 2-3%) қамтамасыз ету әлдеқайда тиімдірек деп санайды. Олай болса, дамыған елдердегі экономикалық өсудің стандартты деңгейі орта есеппен жылына 2-3%-ды құрайды деген сөз. Бұл жерде осындай стандартты өсу жұмыссыздық пен инфляцияның қалыпты деңгейіне сәйкес келетін жұмыспен толық қамту деңгейімен үштастырылуы тиіс. Бірақ кез келген экономикалық өсудің әрқашанда оң нәтижеге әкеле бермейтіндігін ұмытпағанымыз жөн, яғни теріс экономикалық өсу де болады. Экономикалық өсудің дағдарысы- бұл әлемдік тәжірибеде нақты жалпы ішкі өнім көлемінің қатарынан үш жыл бойы жалғасқан 9%-ға дерлік төмендеу кврсеткіші.
Ал қазіргі дамыған нарықтық экономика жағдайында экономикалық өсудің шын мәніндегі көрінісін тепе-теңдіктік экономикалық өсу сипаттайды.