442-бап. Тауарды кредитке сату кезiнде төлемдi бөлiп-бөлiп төлеу
1. Тауарды кредитке сату туралы шартта төлемді бөліп-бөліп төлеу көзделуi мүмкiн.
Егер сатып алу-сату шартында басқа да елеулi талаптармен қатар, баға, төлемдердiң тәртiбi, мерзiмi мен мөлшерi көрсетiлсе, төлемдi бөлiп-бөлiп төлеу талабымен тауарды кредитке сату туралы шарт жасалған болып есептеледi.
2. Сатып алушы бөлiп-бөлiп төлеу арқылы сатылған тауар үшiн кезектi төлемдi шартта белгiленген мерзiмде төлемесе, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы, сатып алушыдан алған төлем сомасы тауар бағасының жартысынан асатын жағдайларды қоспағанда, шартты орындаудан бас тартуға және сатылған тауардың қайтарылуын талап етуге құқылы.
443-бап. Тауарды сақтандыру
1. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сатып алу-сату шартында сатушының немесе сатып алушының тауарды сақтандыру мiндетi көзделуi мүмкiн.
2. Тауарды сақтандыруға мiндеттi тарап сақтандыруды шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырмаған жағдайда, екiншi тарап тауарды сақтандыруға және міндетті тараптан сақтандыруға жұмсалған шығындарды өтеуін талап етуге не шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
444-бап. Сатушының тауарға меншiк құқығының сақталуы
1. Тауардың ақысы төленгенге дейiн немесе өзге бiр мән-жайлар басталғанға дейiн сатушының сатып алушыға берiлген тауарға меншiк құқығы сақталатындығы шартта көзделген жағдайларда, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе не ол тауардың мақсаты мен қасиеттерiнен туындамаса, сатып алушының өзiне меншiк құқығы көшкенге дейiн тауарды иелiктен айыруға немесе оған өзгеше түрде билiк етуге құқығы жоқ.
2. Берiлген тауардың ақысы шартта көзделген мерзiмде төленбеген немесе меншiк құқығы сатып алушыға көшетiн өзге де мән-жайлар басталмаған жағдайларда сатушы сатып алушыдан, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды өзiне қайтаруды талап етуге құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |