Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» жұмысындағы ұлттық тарихтың стратегиялық көрінісі. «Халық тарих толқынында» атты тарихи зерттеулердің президенттік бағдарламасы
62. Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» жұмысындағы ұлттық тарихтың стратегиялық көрінісі. «Халық тарих толқынында» атты тарихи зерттеулердің президенттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы – «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын көтерген тамаша тарихи құжат, Елбасы мен ел тынысының қосылуын паш еткен саяси памфлет болды. Қайта құру жылдарының «жариялылық» кезеңінен бері зерттеле бастаған ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ беттері арқылы ұрпаққа жарық сыйлаған ТАРИХИ САНАНЫҢ қалыптасуы жаңа кезеңге жол ашты. Қазақ азаттық қозғалысы мен «Тұтас Түркістан» идеясының тарихы арқылы тамырымызды таныдық. Бұл жолда, 1931 жылы Түрік тарих қоғамын құрып, «Түрік тарихының басты бағыттары» деген бағдарламалық мәні бар еңбек жазған Ататүрік сынды, қазақ тарихымен тікелей айналысуға мәжбүр болған Елбасының «Тарих толқынында» атты еңбегі де үлкен мәнге ие болды. Тарихымызбен табысу арқылы «Тұтас түрік елі» идеясынан «Біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың ЕЛ АЗАТТЫҒЫ жолындағы ұлы күресінің мазмұнын ұғындық.
Ұлттық тарихты ұғыну бойынша стратегиялық мақсаттарды Мемлекет басшысы өзінің «Тарих толқынында» кітабында 1999 жылы қамтыған. 2003 жылы Президент Қазақстан халқына Жолдауында «Мәдени мұра» атты теңдессіз бағдарламаға бастамашы болды. Бағдарламаны іске асыру кезінде елімізде тарих саласында көптеген жұмыстар атқарылды. Тарихи естеліктер мен әділдікті қалпына келтіруге бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізіліп, мақалалар мен монографиялар және кітаптар дайындалды. Ұлттық тарихты зерттеу мен оның мәнін ұғыну идеясын Президент «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты тарихи Жолдауында тарқата түсті.
Елбасы біздің ортақ сәйкестігіміз халықтың тарихи сана-сезімінің арқауы болуы тиіс екендігін айта келе, «Халық тарих толқынында» атауымен тарихи зерттеулердің арнайы бағдарламасын әзірлеу мақсат-міндетін жүктеді. Оның басты мақсаты - ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру. Тарихи өткенге сүйенбей - болашақ мүмкін емес. Қазіргі кезде әлемде мән-мағына мен құндылықтардың күресі жүріп жатыр. Көптеген түрлі түсініктер біздің ұлттық тарихымызда да кездесіп жатады. Бағдарламаның мақсаттарына байланысты ұлттық тарихтың жаңа кезеңінде Тұңғыш Президенттің рөлін зерттеу айрықша ғылыми және тарихи мағынаға ие.