65. Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» жұмысы 2017 жыл. Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады. Сөз басында Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деп кітаптың мазмұнын айқындап береді.
Жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. Сондай-ақ, кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдарымен қозғаушы күштері сараланған. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Нақтырақ айтқанда, «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010-шы жылдар)» бөлімдері оқырман қауымның назарына ұсынылып отыр.
«Тәуелсіздік заманы Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір. Соның бәрінде елі үшін туған Елбасы Қазақ елін әлемдік қауымдастықтың ең алдыңғы қатарына шығарды. Қазақстан - бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік, үш бірдей жаңғыруды ойдағыдай өткізе білген абыройлы мемлекет. Оның туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлындай кемеңгер басшысы бар, - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.