7-8 дәрістер. Байланыстырып сөйлеу методикасы
Жоспар:
1. Байланыстырып сөйлеу
2. Байланыстырып сөйлеудің кейбір психологиялық педагогикалық және лингвистикалық ерекшеліктері
«Мектеп жас ұрпақтарды олар болашақта өмір сүріп, жұмыс істейтін қоғамдық жағдайларды мейлінше ескере отырып, өсіруге, оқытуға және тәрбиелеуге тиіс», - делінген «Жалпы білім беретін және кәсіптік мектеп реформасының Негізгі бағыттарында». Қазіргі кездегі қоғам дамуындағы, ғылым мен техникалық прогреске байланысты ерекшеліктердің бірі – еңбектің творчестволық сипат алуы.
Баланы ойлау мен сөйлеуге үйрету негізі бастауыш кластарда қаланады, яғни бастауыш класс оқущылары ойлау мен сөйлеу дағдысына төселіп, істі творчестволықпен ұтымды орындауға үйренеді.
Сөйлеу арқылы адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Сөйлеудің пікірлесу ретіндегі әрекетінің әр түрлі болып келетінін психология ғылымы зерттей отырып, оны үлкен екі топқа, сырттай және іштей деп аталатын топтарға бөліп қарастырады. Сырттай сөйлеудің өзі ауызша (дыбысты тілдің көп және кең тараған түрі) және жазбаша сөйлеу болып бөлінеді. Сөйлеудің бұл түрлері бір-бірімен өзара тығыз диалектикалық байланыста болады. Өйткені сырттай сөйлеу (ауызша, жазбаша) мен іштей сөйлеудің физиологиялық негізі бір – ми жарты шарлары қабығындағы екінші сигнал системасының механизмдері. Олардың негіздерінде сөйлеу органдарының қозғалысынан шығатын кинестетикалық сезімдер жатыр.
Кинестетикалық түйсікке негізделген шығарма мен мазмұндама жазу балалардың қабылдауын дамытып, зейін өрісін кеңейтеді, ойын, тілін дамытады, оларды қиял шыңына шарықтатып, тәтті сезімге бөлейді.
Психологтардың анықтауынша, бастауыш класс оқушыларының қиял дүниесіне бой ұруы, әр түрлі оқиғаларға кездесуге құштарлығы, өзін ертегі кейіпкерлерінің орнына қойып, ойға алғанын іске асыруға әрекет жасауы басым болады. Олардың бұл ерекшелігін творчестволық жұмысқа пайдаланудың зор маңызы бар. Қиялыдың шарықтап дамуының ең жоғарғы сатысы творчестволық әрекетпен тығыз байланыста болады. Қиял екі түрлі. Пассивтік және активтік. Пассивтік қиялға түс көру жатады, ал активтік қиялдың өзі қайта жасау және творчестволық болып екіге бөлінеді. Шығарма, мазмұндама жұмыстары активтік қиялдың екі түрін де дамытады, өйткені кітап оқу, түрлі суреттер көру, диафильмдер көру арқылы уақиғаларды көз алдына елестету – қайта жасау қиялының көрінісі. Ал бала қиялының бетін шындыққа бұрып, оның іс-әрекетіне өз ойынан шығарғанын, өздігінен тапқандарын қосып дамытуға, толықтыруға үйрету творчестволық қиялды дамыту болып табылады. Осыған орай, еркін тақырыпқа шығарма жаздыру т.б. жұмыстарды көбірек жүргізу бала творчествосын дамытады.
Балалардың мектепке келіп түскен кездегі психикалық және дене даму ерекшеліктері жөнінде оқулықтарда берілген мағлұматтарға сүйене отырып, мазмұндама мен шығарманы да осы кезден, ІІ кластан бастап жүргізуге толық мүмкіндік бар екені анықталды. Шығарма мен мазмұндама жұмыстары:
1. Балалардың психикалық процестерін (түйсік, қабылдау, зейін, ес, ойлау, қиял, сезім, ерік) күшейтеді, әсіресе ой қызметінің белсенділігін арттырып, мидың үлкен жарты шарлар қабығында өтіп жататын анализдеу, синтездеу әрекетін күшейтеді. Мидың жарты шарлар қабығында өтіп жатқан әрекетті үздіксіз күшейтіп, уақытша нерв байланыстарын (анализаторлардың мидағы ұштарының арасында туып жататын уақытша нерв байланыстары) жасайды және жетілдіре түседі.
Шығарма мен мазмұндамаға дайындалу барысында, әсіресе ІІ класс оқушыларының психикасында І сигнал системасының қызметі мен эмоция басым болғандықтан, балалардың өмірде көрген білгендеріне, заттың тікелей өзін көрсетіп, сол жөнінде қабылдауларына, уақиғаны бақылау қабілеттеріне сүйену керек. Тексті алдынала синтездеу жұмысына ерекше назар аударған жөн. Өйткені тексті алдын ала синтездеудің, яғни жазбас бұрын тексті жобалап алудың, қате жібермеу үшін де тигізер пайдасы мол. Жазу процесінің аналитикалық-синтетикалық жолы неден көрінеді: 1) сөзді тыңдағанда әңгімеленгелі отырған уақиғаға сай келетін сөздерді таңдап ала білсе, бұл – аналитикалық процесс, ал осы сөздерді текстің ішінде енгізуі синтетикалық процесс болып есептеледі, 2) сөйлем құрастыруда анализ – субъектілер мен предикаттарды және заттың белгілерін көрсететін сөздерді іріктеп алу, ал синтез – осыларды сөйлемнің ішінде орын-орнына қойып, орналастыру, 3) текст құрастыруда анализ – тұтас тексті бірнеше бөлімге бөлу, синтез – сол бөлімдерді бір-бірімен жалғастыру. Мұнда анализ жазуға дайындық кезінде, текске жоспар жасау жұмысында іске асса, синтез сол жасалған жоспар бойынша, құрастырып айтып не жазып беру жұмысы болып саналады. 4) шығарма жазу процесінде анализ үнемі синтезден бұрын жүреді. Анализдің бұрын келуі синтезге жол ашады.
5. Психология оқулықтарында бастауыш мектеп жасындағы балалардың қабылдауы эмоциямен, сезіммен сабақтас жүретіні айтылады.
Сондықтан мазмұндамаға алынатын текстер мен шығарма тақырыптары балаларда болатын көңілділік, сенгіштік, сезімталдық, қызығушылық, еліктегіштік сияқтықасиеттерге сай келетіндей болып іріктелуге тиіс. Алайда қандай әсерлі шығарма ұсынылғанымен, ол нақышына келтіріліп, дұрыс дауыс ырғағымен оқылмаса, балаларда болатын жоғарыда айтылған қасиеттерді дамытуға пайдасы тиіп жарымас еді. Өйткені мазмұндамаға ұсынылған текстерді балаларға оқып беруде болсын, шығарма жаздыру үшін материал жинау барысында балаларға айтылатын әңгімеде болсын, мұғалімнің дауыс сазының әсерлі болып, сөздер мен сөйлемдерді анық айтуының маңызы зор. Бұл жөнінде К.Д. Ушинский: «... мүмкін егерде біз: бізде анықтап дауыстап, ырғағына келтіріп, әсерлі етіп оқи алатын төменгі кластың мұғалімін табу өте қиындыққа түседі десек, кейбіреулерге ерсі болып көрінер еді, бірақ зейіннің қабілеті жетілмеген балаларға мұндай мұғалім ерекше қажет» – дейді.
Адам психологиясының нәзік сырларын бақылаған А.С. Макаренко даөзінің балалармен күнделікті сөйлеу барысында дауыс ырғағына ерекше көңіл бөлген. Ұлы педагог балалармен сөйлескенде оларға әсер ету үшін дауыста эмоция мен сезімнің басым болуы керек екенін айтады. Сондықтан бастауыш кластарда оқуда да, түсіндіруде де, әңгімеде де мұғалім дауыс ырғағын бірқалыпты сақтап, өзінің дикциясына қатты көңіл бөлген жөн. Мәнерлеп оқуға екі түрлі шарт қойылады, олар: физикалық және психикалық. Біріншісіне оқыған кезде дұрыс тұру, демді еркін және терең алу, дауысты бірқалыпты сақтау сияқтылар, ал екіншіге дауыстың,оқудың ритмін сақтау, сөзді анық айту, бір қалыпты оқу, пауза жасау, дауыс ырғағын тыныс белгілеріне сәйкестендіру т.б. жатады.
Сөйтіп, шығарма мен мазмұндама жазу процесінің психологиялық негізі жөнінде аздап болса да мағлұмат алу – оның жүйесін жасап, методикалық тәсілдердің қолайлысын таңдап алуда жол-жоба көрсетеді.
Оқушыларды мазмұндама мен шығарманың жазылуына үйретуде біз дидактиканың негізгі талаптарына сүйенеміз. Бастауыш мектептерде мазмұндама мен шығармаға үйрету жұмыстарында, басқа пәндерге сияқты, оның ғылымилығы, теорияның практикамен байланысы, көрнекілік, саналылық, оқушылардың белсенділігін арттыру және жүйелілік пен беріктік принципі ескеріледі.
Біз осы еңбектің кейінгі бөлімшелерінде психология, педагогика, тіл білімі және әдебиет тану ғылымдарының соңғы жетістіктерін басшылыққа ала отырып, шығарма мен мазмұндамаға қойылатын талапты белгіледік. Бұл талаптар ғылыми қорытындыларға негізделгендіктен, шығарма мен мазмұндаманың да ғылыми принципін шешеді деп ойлаймыз.
Шығарма мен мазмұндаманың жүйелілік және оқушылардың жас ерекшелігіне сай келу эксперименттен өткен жұмыстардың бірте-бірте күрделене беруінде, сондай-ақ балалардың бұрыннан бар білімдік қоры мен дағдыларын, шеберліктерін есепке алып, алдағы программалық талаптар ескеріліп жасалуында.
Оқытудың саналылығы мен оқушылардың белсенділігін арттыру принципін сақтау мақсатында балаларды өз ойының барысын байқауға, біреудің айтқанын тыңдай білуге, айналадағы өздерін қоршаған табиғаттағы өзгерістерді бақылай білуге, нәрселер мен құбылыстарды салыстырып, олардың арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды таба білуге үйрту жұмыстары мазмұндама мен шығарманың өн бойынан орын алады.
Шығарма мен мазмұндаманы біз ана тілін үйретуде теория мен практиканың бір-бірімен ұштасуының нәтижесі, соның құралы ретінде қарадық. Өйткені объективтік шындықты танудың диалектикалық жолы – тікелей сезуден абстрактілік ойлауға одан практикаға көшу. Практика – ақиқаттың өлшемі, практика – таным процесінің шам-шырағы «Әрекеттің нәтижесі дегеніміз – субъективтік танымды тексеру және ақиқат – бар объективтіліктің өлшеуі». Ендеше шығарма мен мазмұндама – теориялық білімді меңгерудің дұрыстығының өлшемі, яғни шығарма мен мазмұндама оқушылар еңбегін, балалардың өз бастарынан өткен тәжірибелері мен мектепте және мектептен тыс алған білімдерінің нәтижесін көрсетеді.
Оқушыларды шығарма мен мазмұндама жазуға үйрету барысында оларға қандай дағдылар мен шеберліктер берілетіні белгіленеді. Өйткені оқушының бойында бар дағды мен шеберлікті қалайша пайдаланып, оларды жаңадан қандай дағдыларға төселдіріп, шеберліктерге үйрететінімізді біліп алмайынша, жұмыстан белгілі бір нәтиже күту қиын.
Балалар орфографиялық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік дағдыларға төселіп, шеберліктерін ұстартуда мазмұндама мен шығарма жұмыстары орасан зор көмек етеді. Мазмұндама мен шығарма жұмыстарының мақсатының өзі оқушылардың ой операцияларын (жалпылау, анализдеу, синтездеу, нақтылау, абстракциялау, даралау) жан-жақты дамыту болғандықтан, осы жұмысты іске асыру барысында кейбір процесстер автоматтанып, дағдыға айналды.
Шығарма мен мазмұндама жұмыстарын жүргізу барысында жасалған қорытындылар мен методикалық әдебиеттерде айтылған пікірлерді салыстыра келіп, оқушылардың жазба жұмыстарында жіберген қателіктерін ескере отырып, тұжырымдағанда, бастауыш класс оқушылары мазмұндама мен шығарма жазу барысында мынадай педагогикалық дағдылар мен шеберліктерге үйренулері тиіс:
1. Мазмұндамада оқушылар оқылған тексті қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғырта алуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құрау, сөйлем құрау шеберліктеріне жаттығады. Осы жұмыстың барысында бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер, бейнелі сөздер автоматталып, оқушының есінде қалады, оқылған тексті қайта жазып беру үшін сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады. Мұндай процестерге жаттығу балаларды шығарма жазуға дайындайды.
2. Шығармада ұсынылатын тақырыпқа түсініп, оның жігін ажырата алу дағдысы мен шеберлігі қалыптасады. Мысалы, «Мен қалай кезекші болдым» тақырыбы бойынша шығарма жазу тапсырылды делік. Мұнда оқушы жалпы кезекші болғанда не істеу керектігі, кезекшінің міндеті жөнінде емес, өзі кезекші болғанда не істегені жөнінде жазуға тиіс екенін білуі қажет. Немесе, «Мен мамама көмектесемін» тақырыбына берілсе, жалпы үй шаруасына балалрдың қалай көмектесетіні, не істейтіні жөнінде емес, сол тақырып берілген кезде қандай шаруаға көмектесетіндігі туралы жазуы керектігін оқушы ажырататындай болуы қажет. «Ағашты қалай отырғызады» тақырыбы бойынша жалпы ағаш отырғызу жөнінде білетіндерін жазатын болса, «Біз ағашты қалай отырғыздық» тақырыбы бойынша өздерінің ағаш отырғызғанда не істегендерін әңгімелеу керектігін ажырататындай болуға тиіс.
3. Шығарма жазу үшін материал жинау дағдысы мен шеберлігі. Яғни материал жинау барысында бақылаудың кейбір тәсілдеріне дағдылану, оны меңгеру шеберлігіне үйрену. Мысалы, «Үй қалай салынды» тақырыбы бойынша материал жинау барысында балалардың кейбіреуі үй ішінен сұрауы, енді біреулері кітап оқу арқылы, біреулері егер жақын жерде құрылыс болса, соның басына барып, көзбе-көз бақылау арқылы т.б. тәсілдермен бақылаулары мүмкін. Оқушылар қандай тәсілмен болса да берілген тақырып бойынша материал жинауға дағдылануға тиіс. Егер оқушы материал жинау дағдысына жаттықтырылмаған болса, ол шығарма жұмысында талай-талай сәтсіздіктерге ұшырайды. Сондықтан бастауыш кластан бастап балалар бақылай білуге, кітаппен жұмыс жасауға, суреттерді қарап қабылдай білуге, кітаппен жұмыс жасауға, суреттерді қарап қабылдай білуге, экскурсия материалдарын жинактап, естерінде сақтай білуге жаттықтырылып, бірте-бірте бұл жаттығуларды дағдыға айналдыру шеберліктерін жетілдіруді іске асыра беру қажет.
4. Білетін, яғни жинаған, материалдарын жүйелей алу дағдысы, шеберлігі. Бұған бастауыш класс оқушылары алғашқы кезде мазмұндама арқылы үйретіледі. Өйткені материалдың жүйесін белгілеу, оны бөлікке бөлу, ат қою және керісінше, әр бөлікті бір-бірімен жалғастыру немесе шығарма мен мазмұндаманың жоспарын жасау кішкене балаларға оңайға түспейді. Бұл қиындықты жеңу үшін балалар алдымен дайын текстің жүйесін байқап дағдыланады, яғни қандай да болмасын, текстің белгілі бір жүйемен құрастырылатынын ұғынады, сонан соң бірте-бірте өздері көрген-білгендері жөнінде әңгіме құрастырғанда да, оны әуелі жүйелеп алуға дағдыланады. Егер оқушы бұған дағдыланбаса, жинаған материалдарын қалай жазуды білмей, білетіндерін айтып берудің ретін таба алмай, еш нәрсе жазбай отырып алады, ал кейбір жағдайда отырып-отырып, ызаланып жылап жіберетін балалар да кездеседі. Мұндай жағдайлар балаларды шығарма жазуға қызықтырудың орнына, керісінше әсер етеді де, олардың шығарма жазуға деген ынтасын кемітеді.
5. Оқушылардың өз ойын дұрыс және түсінікті білдіру дағдысы. Ойын дұрыс білдіру деген шығарма яки мазмұндама жазғанда белгілі тілдік норманы сақтау, әдеби тілдің ең шұрайлыларын пайдалана білу шеберлігі, сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырып, жатық тілмен жеткізе алу шеберлігі, ал ойын түсінікті білдіру дегеніміз оқушының ойының дәл, анық, көкейге қонымды болуы.
Шығарма мен мазмұндама жазу барысында балалар көптеген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін үйренеді. Олар арқылы балалардың лексикалық қоры байып, тілдері ұстарады. Мұғалім балалардың түсінігіне қиындық келтіреді-ау деген сөздер мен сөз тіркестерін түсіндіріп, тіл дамыту жаттығуларын жүргізіп отырады. Мысалы, оқушылар қыс кезіндегі түрлі ойынды немесе табиғатты суреттеу т.с.с. тақырыпқа шығарма жазатын болса, қардың түсін бірнеше сөзбен білдіруге болатыын (аппақ қар, күміс қар, жалт-жұлт еткен қар, ақша немесе үлпілдек қар, жаңа жауған қар т.б.) көрсетеді. Мұндай дайындық жұмысатары көбінесе грамматикадан өтілетін тілдік материалға сай, грамматика, оқу сабақтарында жүргізіледі.
6. Жазғандарын тексеру, түзету, жақсарту дағдысы, шеберлігі. Бұл да біраз қиындық келтіретінкүрделі жұмыс. Оқушылар мазмұндама, шығарма жазғанда көбінесе бұрын бітіріп, мұғалімге бірінші болып тапсыруға асығады да, жазғандарын қайта оқымайды, сөйтіп, жазған жұмыстарының бірде-бір сөзін, не тыныс белгісін, не әріп қатесін түзетпестен тапсырады. Бұл жөнінде мұғалімнің ескерткен сөзі де оларға әсер етпейді. Мұғалім бұрын тапсырған балалардың жұмыстарын қайтарып беріп, «оқып шығып, қатеңді жөнде» дегеннің өзінде де кейбір бала жұмыстарын алып, партаның үстіне қойып, біраз айнала қарап отырады да (мұғалім қасына жақындаса, дәптеріне көзін салады, мұғалім алысырақ кетсе, айналаға қарап отырады), қайта тапсырады. Бұл дағды мен шеберлікке балаларды үйрету қанша қиын болғанымен, жазғандаарын сын көзімен қарап оқып шығып, жазу барысында түрлі себептермен (асығыстық, ойланбаушылық, ережені ұмытып қалушылық т.б.) жіберген қателерін батыл түзету дағдысын, шеберлігін бастауыш кластарда үйренуге тиіс.
7. Оқушы жазған әңгімесін белгілі бір тұлғада (бастауыш пен баяндауыштың белгілі бір жақта қиысып, баяндауыштың бір шақтық тұлғада келуі) баяндай білу дағдысы мен шеберлігі.
Осы дағдылар мен шеберліктерге оқушыларды қалай үйрету керек? Балаларды орфографиялық, пунктуациялық, морфологиялық, синтаксистік дағдыларға бірден үйрете алмайтынымыз сияқты, бұл көрсетілген дағдылардың да барлығын бірден үйрете алмаймыз. Сондықтан бұл дағдыларды қалыптастыруда бірте-бірте бір дағдыдан екінші дағдыға сатылап көшіп отыру әдісін қолданған жөн. Мұнда тілдік дағдылар белгелі бір жүйемен грамматикалық сабақтарда қалыптасады, ал өз ойын жүйелі баяндау дағдысы оқу сабақтарында қалыптасады.
8. Қабылдаған таныс заттары мен құбылыстарды бір-бірімен байланыстырып, бір жүйеге келтіре алу дағдысы. Мұндай жаттығулардың мақсаты – заттардың жалпы және жеке белгілеріне қарай оларды топтауға, белгілеріне қарай атауға т.б. үйрету. Мысалы, кейбір оқушылар сөздердің арасындағы мәндік ұқсастықтар мен ерекшеліктерді айыра алмайды (пышақ, ет тартқыш т.б. ыдысқажатқызады).
Жұмыстың бұл түріне жаттығудың мына сияқтыларын ұсынуға болады: а) құбылыстар мен заттың суреттерін топтау (құстардың суреттерін іріктеп шығар. Балықтың, үй жануарларының т.с.с. суреттерін іріктеп ал). Жалпы бір топқа жататын заттарды атату (мысалы, сауысқан, қарға, торғай, тауық. Осыларды бір сөзбен қалай атауға болады).
ә) Заттарды екі немесе үш топқа бөлшектеу (үй жануарлары мен тағы жануарларды бөлек-бөлек ата).
б) Көрсетілген белгілеріне қарай заттарды ата (түсі ақ, өзі тәтті – бұл не? Түсі ақ, өзі суық – бұл не? т.б.).
в) Заттардың артығын шығарып таста: бала, ара, стол, пышақ – қайсысы артық, қалғандарын бір сөзбен қалай атаймыз?
г) Қарапайым атау (қасық-ыдыс).
д) Ұғымдарда бөлу: ыдыстың қандай түрлерін білесің? т.б.
е) Қарама-қарсылық арқылы жалпылату: пальто – киім, ал етік ше? Терек, қарағай – ағаш, ал өрік ше? т.с.с. Мұнда балалар тек нақты заттардың атын білдіретін сөздерді ғана бөлшектеп, топтап үйреніп қоймай, табиғат құбылыстарын білдіретін сөздерді (көктем, жаз, күз, күн, түн, іңір, таң сәрісі, жел, найзағай т.б.) де, дерексіз ұғымдарды да (мейірім, сарғыш, тереңдік, оқу, жазу, жүгіру т.б.) топтауға үйренулері қажет.
Осы аталған жаттығуларды шығарма жазуға дайындалу барысындағы жұмыстармен қалай ұштастыруға болады? Балаларға мазмұндама немесе шығарма жаздыру үшін, олардың бойында қалыптасқан дағдылар мен шеберліктер есепке алынады. Мысалы, шығарма жаздыруға «Ұмытылмайтын күн» т.с.с. тақырыпты ұсыну үшін, осы тақырыпты ашуға қажетті дағдылар балалардың бойында қалыптасқан ба, жоқ па – соны анықтау керек. Өйткені бұл тақырып бойынша шығарма жазу үшін, фактілерді іріктеп, оны жүйелей алатындай, ол күннің басқа күндерден ерекшелігін көрсету үшін бейнелі сөздер тауып, әсерлі сөйлем құрастыра алатындай шеберліктері керек. Немесе «Мен жексенбі күні не істедім?», «Балалар жексенбі күні не істеді?» сияқты тақырыптар оқушылардың бойында тақырыпқа түсініп, оның жігін ажырата алу дағдысы қалыптасқан кезде ғана ұсынылады. Яғни бірінші тақырып бойынша балалар жексенбі күні өзінің не істегенін жазуға тиіс болса, екінші тақырып бойынша, барлық балалардың не істегендерін жазу керектігін айыра алатындай мүмкіндікте болуы қажет.
Мұғалім, бастауыш класс оқушыларының психологиялық ерекшеліктеріне сай, педагогикалық талаптарды басшылыққа ала отырып, оларды шығрама мен мазмұндамаға үйретуде қандай лингвистикалық негіздерге сүйенеді?
Мазмұндама мен шығарма жұмыстарының методикасы үшін, грамматиканың, әсіресе жай сөйлем мен құрмалас сөйлем синтаксисінің маңызы зор. Өйткені жай сөйлем синтаксисі жеке ұғымдарды білдіретін сөздердің тіркесін, сөйлем болу жолдарын тексерсе, құрмалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесін, құрмалас сөйлем болуын тексереді.
Сөйтіп, бірінің объектісі сөз тіркесіне байланысты болса, екіншісінің объектісі сөйлемдер тіркесіне байланысты. Сондықтан сөз тіркесі мен сөйлемдер арқылы жүргізілетін жұмыстың әдістері де тіл білімінің осы бөлімінде белгіленеді, яғни сөздердің дұрыс қиысып, меңгеріліп, сөйлем құрауы, сөйлемдердің дұрыс байланысып, құрмаласуы, ойды анық, түсінікті тілде білдіру үшін, бірыңғай мүшелердің қолданылатыны, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі т.б. осы бөлімде қарастырылады.
Алайда мазмұндама мен шығарма жазуға үйрету үшін, жай сөйлем мен құрмалас сөйлем синтаксисін біліп қою жеткіліксіз. Өйткені жұмыстың бұл түрінде жеке-жеке сөйлемдер құрастырылып қана қоймайды, сонымен қатар тұтас текст жасалады.
Текст белгілі бір оқиғаны баяндайды, сондықтан ондағы әр түрлі жағдайларға, мақсатқа, айтушы яки жазушының көңіл-күйіне қарай, әр сөйлемнің құрылысында, сөз қолданылуында ерекшеліктер болады. Осыған орай, тұтас текст синтаксисі келіп шығады. Тұтас текст синтаксисі стилистика және әдебиет тану ғылымдарымен байланысты. Стилистика сөздердің қолданылу заңдылықтарын, сөздер мен сөз тіркестерін экспрессивтік тұрғыдан дұрыс пайдалану принциптерін зерттейді, тіліміздегі бейнелегіш құралдарды топтастырып, олардың стильдік қызметін, қолданылу заңдылықтарын көрсетеді. Ойды мәнерлеп жеткізу үшін морфологиялық формаларды (тұлғаларды) қандай жағдайда, қалай қолдануға болатынын қарастырады, яғни сөздердің, олардың варианттарының (синонимдердің) ішінен сөйлеуне жазу арқылы жеткізілетін ойдың эмоционалды, экспрессивті реңін білдіре алатындарын сұрыптап қолдану принциптерін зерттейді.
Стилистиканы білу сөйлеуде яки жазуда кеткен қателерді байқап, оларды болдырмау шараларын жасауға көмектеседі, жазуға дайындалу барысында сөздермен, сөйлемдермен және тұтас текстермен істелетін жұмыстарды дұрыс жолға қоюға септігін тигізеді. Оқушылар тұтас тексті құрастыру барысында тек сөйлемдерге байланысты жұмыстармен шектелмейді, олар енді құрмалас сөйлем синтаксисінің аясынан асыңқырап, тұтас текст компоненттерімен жұмыс істейтін болады. Мұнда дұрыс құрылған сөйлемдердің арасында өзара толық байланыс болуы қатты қадағаланады. Өйткені сөйлемдер қатары сындарлы тізіліп, әрі мағыналық, әрі синтаксистік сымбаттылығы сақталмаса, жазылған тексте көрік те, түсінік те болмайды.
Сөйтіп, тұтас текст құруда жүйелілік, сөйлемдер арасындағы грамматикалық мағыналық байланыстарды сақтау принциптерінің маңызы зор.
Бұл айтылғаннан шығарма мен мазмұндама жаздыруда бастауыш мектеп оқушыларын ғылымның осы салаларының теориялық қағидаларымен таныстыру керек деген ұғым тумасқа тиіс.
Алайда шығарма мен мазмұндама жаздыру процесінде тұтас текст синтаксисінің талаптарын мұғалімнің өзі жақсы білуі қажет, өйткені ол оқушылардың жазу тіліндегі байланыстылықты, жинақтылық пен дәлдікті сақтауға көмектеседі.
Тілдің тұтас текс синтаксисі мен стилистика – тың сала. Бұлар мұғалімдердің көпшілігіне әлі таныс емес. Өйткені тұтас текст синтаксисін зерттеу, тіл фактілеріне сүйеніп, талдау жасап түсіндіру әлі шешімін толық таба қойған жоқ.
Шығарма мәселесінде ең алдымен тақырыптың ішкі мағынасы мен оны қалай шешу ерекшелігіне түсініп алмай, жазуға кірісуден нәтиже шықпайтыны жөнінде жоғары кластарда шығарма жаздыру методикасын зерттеуші Е. Дайрабаев былай дейді: «Тақырып – талдап, талқыланатын мәселенің қысқаша атауы. Сырттай қарағанда осылай көрінгенімен, оның ішкі мағынасы тереңде жатыр. Өйткені тақырып шығармада жан-жақты айқындалып, ашылуға тиісті пікірлер негізінде белгіленеді. Олай болса, тақырып бір басқа, ал талдап талқыланған мәселе екінші басқа болып жүрмес үшін, оқушыны шығарма жазуға үйрету кезеңінен бастап, тақырып қойып отырған талап және сол талапқа байланысты негізгі пікір түйінін ажырата білуге дағдыландыру шарт. Тақырып қойып отырған талапты мейілінше ұғынып, оны әбден түсініп алмайынша, шығармажұмысына кірісуге болмайды. Тақырыптың әрбір сөзін саралап, оны зердесіне әбден қондырмай тұрып жазған шығармадан оқушы өз сыбағасын ала алмайды. Тіпті өзінің бойындағы бар мүмкіндігін пайдалануға да шамасы келмейді. Міне, тақырыпты ашып көрсету оған автордың қалай түсінгеніне байланысты екен. Олай болса, оқушыларды шығармаға үйретуде тақырып таңдап ұсыну, оны балалардың меңгеріп алуын қамтамасыз ету бірінші орында тұрады.
Қорытынды: 1) мұғалім мазмұндама, шығарма жұмыстарын ұйымдастыру үшін грамматиканың жай сөйлем синтаксисі мен құрмалас сөйлем синтаксисін және тұтас текст синтаксисін, сондай-ақ стилистиканы жете білуі керек; 2) тілдің тұтас текст синтаксисі мен стилистика салалары жөнінде педучилище оқулығында берілген мағлұматтарға сүйене отырып, шығарма жазу үшін ұсынылатын тақырыптарды оқушылардың жасына лайықты, нақты болу жағын қарастырып іріктеп ала білу керек.
Бақылау сұрақтары:
1. Тіл дамыту жұмысының психологиялық ерекшеліктері қандай?
2. Тіл дамыту жұмысының педагогикалық және лингвистикалық ерекшеліктері жөнінде айтыңдар.
3. Оқушылардың бірнеше шығармасын оқып, оның кемшілік, жетістіктерін көрсетіңдер.
4. Психологиялық, педагогикалық және лингвистикалық деректерге сүйене отырып, тіл дамыту жөнінде қандай қорытынды пікір ұсынар едіңдер.
Достарыңызбен бөлісу: |