Бақылау сұрақтары:
1. «Әдебиеттік оқу» пәнінің өту жоспары қандай?
2. Әдебиеттік оқу сабақтарында оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастырудың қандай жолдары бар?
Әдебиеттер:
С. Желдербаева. Мәнерлеп оқу, А., 1992
Т.М.Әбдікәрім. Әдебиеттік оқу, А., 2014
Ә. Дайырова, С. Тілешева. «Әдебиеттік оқу кітабына» методикалық нұсқау, А., 1982
Б.Т. Қабатай, С.Р.Рахметова, Ә.С. Амирова, А., 2013
С.Рахметова, Қазақ тілін оқыту әдістемесі, А.,1991
5-6 дәрістер. Оқудың түрлері
Жоспар:
1. Дауыстап оқу
2. Іштен оқу
Оқудың түрлері екіге бөлінеді: дауыстап оқу, іштен оқу.
Дауыстап оқу көбінесе І-ІІ класс оқушыларына тән болады. Бірақ І класта іштен оқытуға болмайды деген ұғым тумасқа тиіс. Іштен оқу І кластан-ақ басталады. Содан былай қарай, оқудың бұл көрсетілген екі түрінің екеуі де бір-бірімен ұштастырыла жүргізіледі. Балалардың дауыстап оқуы арқылы алған дағдылары іштен оқуға тасымалдана береді (ІІ-ІІІ кластан бастап дауыстап оқылған материалдар алдын ала дайындық жұмыстарынан кейін іщтен оқуға тапсырылады. Мұнда текстің мазмұнын оқушылардың түсінуін қамтамасыз ететін түрлі тапсырмалар беріледі: текске сурет ойластыру, тақырып табу, бөлімдерге бөлу т.б. ІІІ-ІV кластарда іштен оқылған текстерге балалардың түсінген-түсінбегендері түрлі сұраулар қойып, жауап алу арқылы немесе текстің мазмұнын айтқызу арқылы, текстен кейбір сөздерді тапқызу арқылы т.б. с.с тексеріледі. Оқудың бұл түрлерінің екеуінде де дұрыс оқу, шапшаң оқу және түсініп оқу талаптары орындалуға тиіс. Дауыстап оқуға бұларға қосымша мәнерлеп оқу талабы қойылады. Бұл талаптар бір-бірімен тығыз байланыста іске асады. Өйткені түсінбей, мәнерлеп оқи алмайды, ал дұрыс оқымаса түсінбейді.
Дұрыс оқудың негіздері алғашқы оқу-жазуға үйрету кезінде-ақ қалана бастайды. Осы кезде мұғалім әрбір жеке сөзді балаларға жеке әріптеп оқытпай, буындап оқуға жаттықтырғаны жөн, бірақ мұнда балаларды сөздің сыртқы түрін ғана меңгеріп, мағынасын жаңылыс ұғынудан немесе тіпті түсінбей оқудан сақтандыру керек. Егер бала буындап оқығанда қателессе, дереу түзетіп, оған қиын тиген сөздерге талдау жасап отырудың дұрыс оқуға дағдылану үшін пайдасы зор. Бастауыш класс оқушыларының оқу сабақтарында жіберетін қателерін топтап көрсетсек, төмендегідей:
1. Әріп, буын немесе сөз қалдырып кетіп оқушылық.
2. Кейбір буындарды, сөздерді екі рет қайталап, ежелеп оқитындар.
3. Тілі келмегендіктен немесе әдеттеніп кеткендіктен бір әріпті екінші әріппен алмастырып (оңда-онға, күзет-күжет т.с.с.) оқиды.
Мұндай кемшіліктерді мұғалім алдын ала есепке алып, түзету жолдарын ойластырады. Тәжірибелі мұғалімдер оқушыларды дұрыс оқуға үйрету үшін мынадай жұмыстар ұйымдастырады:
1. Оқушыны кітап оқуға жаттықтырып, дағдыландырады. Мұндай жаттықтыру жұмысының түрлері әр қилы. Бірде оқулықтың өзінен әр оқушыға арнаулы тапсырмалар береді; екінші бір жағдайда карточкалар жасап, соларды әрқайсысына оқытып дағдыландырады; енді бірде дидактикалық материалдар пайдаланады т.б.
2. Осындай жұмыстарды орындау үйге де тапсырылады.
3. Қате оқыған сөздерді буынға бөліп оқытады немесе тақтаға буындап жазып көрсетіп, дұрыс оқуды талап етеді, ол сөзге талдау жасайды, кеспе әліппеден құрастырады т.б.
4. Қате оқыған сөздерді қайта оқыттырады.
5. Қате оқыған жерін класта тыңдап отырған оқушыларға түзеттіреді.
6. Жаңылтпаштар айтқызып жаттықтырады.
7. Указканы қолданады. Бұл зейіндері тұрақсыз немесе көздері нашар көретін оқушылар үшін пайдалы және оқып отырған сөздерінің кітап бетінің қай жерінде екеніне бағыт береді, сөзді дұрыс оқуға көмектеседі.
8. Орфоэпия заңын басшылыққа алып отырады.
Басқа тілдердегі сияқты, қазақ тілінде де орфографиялық және орфоэпиялық заңдар бар. Ол заңдар оқушыларды дұрыс сөйлету мен дұрыс оқытуда басшылыққа алынады. Ал оқушыларға жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру үшін, сөздерді тақтаға жазып көрсету қажет болғанда, олар тек орфография ережесіне сай жазылады. Мысалы, ақ ешкі. Мұндай сөздерді оқығанда ағешкідеп айту керек екенін ескертіп,мұғалім балаларды солай (ағешкі) оқытып үйретеді.
Түсініп оқу дегеніміз оқушының оқыған текстің мазмұнын анық, терең ұғынуы болып табылады. Бұл әр сөздің, сөйлемнің мағынасына түсінуден, әр бөлімді логикалық, психологиялық байланыстырудан келіп шығады. Оқығанын толық түсіну балалардың текстегі басты ойды айыра алуларынан, оның мазмұнына өзінің көзқарасын білдіруден көрінеді.
Түсініп оқуда балалардың назары шығарманың идеялық мазмұнына аударылады. Түсініп оқу барысында оқущыларда елес, ұғым, бейне, жоғары сезімдер пайда болады. Түсініп оқуды жүзеге асыруда алғашқы кезде балаларға жеңіл, өздері түсіне алатын, сюжетті текстер оқытылады.
Оқущыларды түсініп оқуға дағдыландырудың бір жолы алдын ала дайындық әңгіме өткізу болып табылады. Сондай-ақ текст оқылмас бұрын бақылау, экскурсия жасау, тәжірибе жасау жұмыстары да түсініп оқуға жәрдем етеді. Түсініп оқуда қорытынды әңгіменің де тигізетін пайдасы мол.
Шығарманың идеялық мәні мен мазмұнын оқушыларға ұғындыру үшін сөздік жұмысын жүргізудің көп көмегі бар.
Сөйтіп, оқушыларға оқу техникасын игерумен бірге білім, тәрбие беру, олардың жеке басын қалыптастыру, дағдылары мен шеберліктерін жетілдіру мақсаты оқығандысаналы түсінгенде ғана нәтиже бермек.
Шапшаң оқу дегеніміз – текстегі сөздерді қалай болса солай бастырмалатып немесе сөздердің ара жігін айырмай оқу емес. Бұл – оқығанды түсінетіндей қалыптағы шапшаңдықпен оқу. Тексті тым баяу оқыған оқушы текстің мазмұнына түсінбек түгіл, бір сөйлемнің өзінде не айтылғанын да аңғара алмай қалады. Сондықтан тексті шапшаң оқу талабы да маңызды болып табылады. Шапшаң оқу барысында әр оқушының оқу қарқыны әр түрлі, осыған орай, олардың бір минутта оқитын сөздерінің саны да азды-көпті болып келеді.
Шапшаң оқу, дұрыс оқу, түсініп оқу бір-бірімен тығыз байланысты. Сөзді дұрыс, түсініп, белгілі бір қарқынмен оқығанда ғана шапшаң оқу талабы орындалады деуге болады.
Шапшаң оқуға жаттықтыру жұмысы барлық сабақтарда да іске асырылып отырылады. Дегенмен шапшаң оқу дағдыларын бекіту үшін арнаулы уақыт бөлу қажет. Мұндай арнаулы жұмытсың түрлерінен мыналарды атауға болады:
Көз бен кітаптың арасындағы қашықтықты дұрыс сақтау; тексті алдын ала іштей оқып шығу; шамамен қандай жылдамдықпен оқылуы тиіс екенін мұғалімнің өзі оқып көрсетуі; класта барлық оқушыға бір текст беріп, оны командамен бір мезгілде бастап оқытып, бір мезгілде аяқтау (әркім келген жерін белгілейді. Әр оқушының неше сөз оқыған мұғалім өзі жүріп есептейді).
Шапшаң оқуға дағдыландырудың тағы бір түрі – класта дауыстап оқу. Мұндай жұмысты орындатқанда мұғалім оқушыларды тақтаға біртіндеп шығарып, әрқайсысына тапсырма береді де, дауыстап оқытады (кейде әрқайсысына әр түрлі текст, кейде бір түрлі текстің өзін беруге болады).
Шапшаң оқуға оқушыларды жүйелі түрде күнбе-күн оқыту арқылы ғана дағдыландыруға болады. Шапшаң оқу оқушылардың сөйлеу мүшелерінің жетілуіне де байланысты. Мұғалім әр баланың сөйлеу мүшелерінің қалай жетілгенін байқау үшін оқушыларға тексті хормен де, жеке-жеке де оқытып көреді. Айтылуы қиын жаңылтпаштарды қайта-қайта айтқызып жаттықтыру әрі дұрыс оқуға, әрі шапшаң оқуға септігін тигізеді.
Мәнерлеп оқу дегеніміз – дауыс интонациясы арқылы автордың ойын білдіру, мазмұндық ой екпінін дұрыс қоя білу. Ақырында оқығанды түсініп, кейіпкердің көңіл-күйін сезіне оқи білу.
Оқушылар сөйлемдегі сөздің мәнін (әсіресе, омоним сөздер), шығарманың көркемдігін және оның әсерлілігін мәнерлеп оқу арқылы байқайды.
Мәнерлеп оқу үшін әр сөздегі ойдың ара жігін ескере отырып, дауысты құбылтып, тиісті жағдайда сөздерге реңк беріп оқиды.
Мұғалім көбінесе өзі мәнерлеп оқу арқылы оны оқушыларға үйрете алады. Мәнерлеп оқуды радио мен телевизорды, магнитофонды кең пайдалну арқылы да үйретуге болады.
Мәнерлеп оқуды үйрету үшін әр мұғалім оқу сабағына немқұрайлы қарамай, жан-жақты дайындалуы керек. Ол үшін мұғалім қандай мәселені жете білуге тиіс? Мәнерлеп оқуды дұрыс ұйымдастыру үшін, оқушы сөйлемді немесе тексті оқығанда, қалай дем ала білу керек, дауыс қалай шығуға тиіс, дикцияның қандай болуы қажет – осының барлығын мұғалімнің өзі айқын білгені жөн. Өйткені мәнерлеп оқу үшін кеуде қуысына толған ауаны орынды пайдаланып, дұрыс дем ала білудің мәні зор. Өкпедегі ауаны сарықпай, оқу процесінде үнемі дер кезінде дем алып, ауаны керегінше жұтып отырған оқушыны мәнерлеп дұрыс оқи алуына жағдайы бар.
Мәнерлеп оқу дауыстың өзіне де қатысты. Дауыс неғұрлым таза, күшті шықса, оқу да мәнерлі болады. Ол үшін әр оқушы даусын күте білуі қажет. Дауыс желбезегіне онша күш келтірмеу, суық күндерде далада азырақ сөйлеу, суыққа шалдықпау – дауыс күші мен оның тазалығын, үнін сақтаудың басты шарты.
Дауыстың өзіндік белгілері бар, олар: күші жоғарылығы, қарқыны (шапшаңдық), тембірі (құбылуы). Мәселен, «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген сөйлемді оқығанда, «оқу», «білім» сөздері көтеріңкі дауыспен, ал «білім бұлағы», «өмір шырағы» сөздері жай, баяу дауыспен айтылады. Сөйлегенде адам бірде жылдам, бірде баяу сөйлейді. Бұлар әр адамның дауыс қарқынына байланысты. Мұғалім жаттығу арқылы өз дауысының орташа қарқынын анықтай алады. Ол жылдам сөйлеуден аулақ болғаны жөн. Егер жай сөйлей алмайтын болса, жаттығуы қажет.
Дауыстың тыңдаушыға әсерлі болуы тембріне (құбылуы) байланысты. Құбылта оқу, дауыс ырғағына келтіре оқу да жаттықтыру, дағдыландыру арқылы қалыптастады. Мәнерлеп оқуда дикцияның мәні зор. Сөйлеушінің ашық, анық, айқын айтуы соның айтқанын ұғуға, оның әсерлі болуына ықпалын тигізеді. Дикциясында ақау болса, оны арнаулы жаттығулар арқылы түзету қажет. Дикциядағы кемшілік – сөйлеу мүшелеріне дұрыс жұмыс істете алмаудың салдары. Сондықтан да сөйлеу мүшелерінің дұрыс қызмет атқаруын қадағалау керек. Мәнерлеп оқу үшін орфоэпия заңдарын сақтап, сөз екпінін дұрыс қойып оқуға тиіс.
Мәнерлеп оқуда зор роль атқаратын – интонация. Интонация дегеніміз сөйлеу сазы. Ол сөйлеудің ритмі мен үнін, дауыстың бірде жоғарылап, бірде төмендеуін білдіреді. Интонация мына элементтерден тұрады: сөз бен ой екпіні, сөйлеудің қарқыны, ритмі (ырғағы), пауза (кідіріс) сазы.
Интонация жайында анығырақ түсінік беру үшін, оның кейбір элементтеріне арнайы тоқталайық.
Сөз екпіні және ой екпіні. Сөз екпіні – фразалық екпін, ал ой екпіні – логикалық екпін. Сөйлемді айтқанда я оқығанда, оның ішіндегі сөздер интонация мен мағынасына, айтылу ырғағына қарай, өзара топ-топқа бөлінеді. Ол топ синтагма деп аталады. Синтагмада бір я онан да көп сөздер болады. Әр синтагмада бір сөз көтеріңкі дауыспен ерекшелене айтылады. Міне, соны екпін түскен сөз дейміз.
Сөз екпіні түскен сөздер ой екпіні түскен сөздерден көп төмен айтылады. Кейде оларға екпін түсіп тұрғаны сезілмейтін кездері де болады. Бұдан шығаратын қорытынды – екпін түскен сөздердің бәрін көтеріңкі дауыспен айта бермеу керек. Тек ой екпіні түскен сөзді ғана даралай айтуға болады.
Пауза сөйлеуді сөйлемге, сөйлемді синтагмаға, синтагманы сөзге ажыратып, ара жігін көрсету үшін қолданылады. Сонымен қатар пауза сөздердің басынбіріктіріп, бір синтагма жасай да алады. Паузаны сақтамау оқып отырған текстің мазмұнын дұрыс түсінбеуге әкеліп соғады. Мәселен, «Ол үй емес» деген сөйлемді паузасыз айтсақ, айтып тұрғаным басқа үй деген ұғымды білдіреді, яғни ол сөзі сөйлемде үй сөзіне анықтауыш ретінде қолданылады. Ал сол сөйлемде ол сөзінен кейін пауза жасасақ, онда айтып тұрғаным үй емес, қора немесе басқа бірдеме дегенді білдіреді. Мұнда «ол» бастауыш қызметін атқарады.
Көркем шығарманы мәнерлеп оқу үшін, оныменалдын ала танысып, сонан соң оқығанда ғана автордың идеясын жеткізе оқып шығуға болады. Көркем шығармада адам психологиясы жан-жақты суреттеледі. Оны өз мәнінде тыңдаушысына жеткізу үшін, мұғалім оқитын текстегі қай сөздің, сөйлемнің қандай мағынаны, қандай көңіл күйді білдіретінімен алдын ала таныс болуға тиіс.
Міне, осы сияқты жәйттерге көңіл бөліп, дайындық жұмыстарын жұргізген мұғалімдер ғана оқушыларды мәнерлеп оқуға үйрете алады.
Достарыңызбен бөлісу: |