Бақылау сұрақтары:
«Әдебиеттік оқу» пәнінің негізгі міндеттеріне нелер жатады?
«Әдебиеттік оқу» пәнін оқыту қандай негізде жүзеге асады?
Әдебиеттер:
С. Желдербаева. Мәнерлеп оқу, А., 1992
Т.М.Әбдікәрім. Әдебиеттік оқу, А., 2014
Ә. Дайырова, С. Тілешева. «Әдебиеттік оқу кітабына» методикалық нұсқау, А., 1982
Б.Т. Қабатай, С.Р.Рахметова, Ә.С. Амирова, А., 2013
С.Рахметова, Қазақ тілін оқыту әдістемесі, А.,1991
2-дәріс. Әдеби білім берудің алғашқы сатысы
Жоспар:
1. Әдеби білім берудің алғашқы сатысы
2.Әдеби білім беру ұғымы
Мектепте оқылатын әдебиет пәнінің – жас өспірімдерге идеялық, адамгершілік және эстетикалық тәрбие беруде, халқымыздың өткендегі өмірін, оның арманы мен мүдделерін білдіруде маңызы зор. Әдебиеттің осындай білімдік,тәрбиелік мәнділігі мұғалімдерді көп ізденіп, не бір ұтымды, тиімді деген әдіс – тәсілдерді тауып, заман талабына сай оқытуды міндеттейді.
Оқушыларға әдебиеттен білім берудің алғашқы сатысында мұғалімдерді ойландырарлық мәселелер баршылық, мәселен, 11 жасар бала ұғымына көркем шығарманы қай тұрғыда танытқан жөн, әдеби шығарманы оқудан,онымен жалпы таныстықтан талдаудың қандай айырмашылығы бар, көркем шығарманы талдау,әдеби- теориялық ұғымдарды қалыптастыру қажеттілігінің сыры неде, программада міндеттелген әдеби білім мен шеберлік дағдыларының арасындағы қарым-қатынасты, байланысты ұғындырудың тиімді жолы қайсы деген сұрақтар өзінен-өзі туындайды.
Мұнда,негізінен, программалық талап басшылыққа алынады.Мұғалім оқушының шығарманы дұрыс, нақтылы түсініп талдауына текстің негізгі, маңызды бөлімін қосалқы суреттеулерден бөліп ала білуіне, шығарманың мазмұны мен идеясын аңғарып оқуына басшылық етеді, оқушыларды кейіпкерлер тағдырларымен ортақтастырады, жазушының сөз қолданысы, синтаксистік оралымдарынан үлгі алуға бағыштайды, эстетикалық сезімін арттырады,оқушыны белсенділікке,творчествалық қабілеттілікке баулиды.
Әдебиет сабағының негізгі материалы – көркем шығарма.Оны жете білу талдау арқылы жүзеге асырылады.Көркем шығарманы талдау принципінде орта буын мен жоғары кластарда ұқсастық бар.Бірақ әр класс оқушыларының жас ерекшелігі мен іскерлік пен шеберлік дағдыларының сапасына қарай талдаудың әр буында өзіндік салмағы бар.Енді оқушыларға әдеби білім берудің сол кезеңдерін, онда қалыптастырылатын іскерлік пен шебелік дағдыларын байкап көрейік.
Бастауыш кластарда оқушылар көбіне оқу техникасына жаттығады.Әріптен сөз, сөзден сөйлем құрап оқи бастасымен – ақ оқушылар өзін қоршаған орта, жаратылыс,табиғаттың сырларын, көпті білуге деген ынта,көркем шығарманы оқу,мұғалім әңгімесін зейін қоя тыңдау,білмегенін сұрап алу белсенділігі басым болады.Қойылған сұраққа текстен жауап іздеу, жазбаша жаттығуларды орындау тәрізді творчествалық іске әзір тұрады.Алайда, баланың тілегін орындауға, программалық талапты толығымен қамтуға мұғалімнің мүмкіндігі бола бермейді.Әрі балаң оқушыда ықылас, ынта болғанымен жұмысты орындау сапасы төмен болады, шамадан артық тапсырманы орындай алмайды. Мәселен, бастауыш класс оқулықтарында танымдық мақала, іс қағаздарының жеке үлгілері, өлең, әңгіме, ертегі, мысал өлең, мақал мен мәтелдер берілген.Осы тұста көркем шығарма, оның түрлері мен жанры туралы мәлімет беруді міндеттеу дұрыс болмас еді.Олар жайлы алғашқы ұғым беруді IV – VII класс программасы талап етеді.Онда да оқушыларға көркем әдебиеттің тегін, түрлерін саралап түсіндіру емес соған барар жолға қадам жасалады,бет бұрады.Әдеби ұғымдарды программалық материалдардың табиғатына,бала ұғымына лайықтап ұғындыру міндеті жүктеледі.Әдеби білім беруді осы принцип тұрғысынан ұйымдастырған жағдайда көркем әдебиеттің теориялық негіздерін білмей тұрып – ақ балаң оқушы көркем шығарманы – оқу техникасына жаттығу материалы, тіл дамытудың қайнар бұлағы әрі тәрбие құралы деп қабылдайды.Сөйтіп, бұл кластарда көркем шығарманың практикалық мүмкіндіктеріне баса көңіл бөлінеді.Оқушылар оқу техникасын жетілдіреді,сөздік қорын молайтады, байланыстырып сөйлеуге жаттығады.Ал IV кластан бастап оқушыларға әдебиеттік білім беру, олардың әдебиетке құмарлығын арттыру,әдебиеттің білімдік, өміртанытқыштық қасиетін, оның тарихы мен бүгінгінің байланысын таныту әдебиет сабағының басты нысанасына айналады.
Сөзбен жұмыс істеу-сөздік қорын молайту – тіл көркемдігін, сөз өнерін меңгерту деген сөз.Ал сөз өнері - әдебиет.Көркем шығарманы оқу, талдау қолданатындығына, оның ерекше сыр мен сипатқа ие болатындығына көзі жетеді, ана тілінің көп қырлылығын меңгереді.Неғұрлым осындай жұмысқа тереңдеп барған сайын оқушының көркем әдебиетке деген ынтасы артады.
IV класқа арналған «Әдебиеттік оқу кітабындағы» оқу материалдары идеялық – мазмұндық байланысына және жанрлық сипаттарына қарай бірнеше тақырыптарға топтастырылып, хронологиялық принциппен орналастырылған. Мәселен, бірінші бөлімде халық ертегілері,екінші бөлімде ақын – жазушылар жазған әдеби ертегілер, үшінші бөлімде мысал өлеңдер, төртінші бөлімде қазақ балаларының кешегі өмірі мен бүгінгісі, бесінші бөлім Отан табиғаты, алтыншы бөлім халық тарихының көркем шежіресі тақырыбына топтастырылып берілген.
Программалық материалдарды осылай түрліше топтастыру сол класс оқушыларының іскерлік пен шеберлік дағдыларын, материалдарды қабылдау мүмкіндіктерімен санасудан туған.Әдеби материалдарды топтау принципі бастауыш кластарда да бар. Мәселен, мереке күндеріне арналған көркем туындыларды өту мерзіміне сәйкес берілуін,табиғаттың төрт мезгіліне байланысты шағармаларды маусымдылығына қарай орналасуын хронологиялық принциптің көрінісі деуге болады. Демек, IV класта оқушылар мүлде тосын құбылысқа тап болмайды.Олар өздеріне бұрыннан танымал тақырыптық, жанрлық, хронологиялық принциппен IV класта екінше рет кездескенде бұрын жеңіл – желпі қабылданған мәселеге танымдық қырынан көңіл бөлуге мүмкіндік туады. Соның нәтижесінде оқушылар сол танымал құбылыстан азды – көпті жаңаның ізін байқайды, программалық материалдың жеңілден біртіндеп күрделетіндігімен хабардар болады.
IV класс оқушыларына әдеби білім беру мәселесіне байланысты осы кластың « Әдебиеттік оқу кітабына» арналған методикалық нұсқау мен программадан бөтен еңбек жоқ.Әдебиет программасында IV класс оқушыларына берілуге тиісті әдеби білімнің мақсаты мен міндеттері, көлемі, жұмыс түрлері, оқытудың, талдаудың басты – басты әдіс-тәсілдері, қалыптастырылатын іскерлік пен шеберлік дағдылар, жаттығуға ұсынылған шығармалар мен кластан тыс оқылатын әдебиеттер тізімі берілген. Ал методикалық нұсқауда мұғалімдерге IV класта әдебиетті пән ретінде оқытуға бағыт-бағдар жасалады, жеке көркем тексті талдау үлгілері беріледі. Алайда, оқушыларға көркем шығарманы меңгерту, оларды әдеби білім берудің күрделі келер сатысына әзірлеу – мұғалімдерден үлкен жауапкершілікті талап етеді.Себебі бұл кластан басталатын әдеби білімнің негізін қалаудың методикасы бір нұсқаумен шешілмейді. Оның үстіне нұсқаудың бұған дейінгі басылымдары бұрынғы программа бойынша жазылған. Ал типтік программада әдеби-теориялық ұғымдар анықталып, жүйеге келтірілді, пәнаралық байланыс пен білім жалғастығы нақтыланды, бұл класта әдебиеттен берілуге тиісті білім, іскерлік пен шеберлік дағдыларының түрлері, көлемі анықталып, программа бірлі-екілі жаңа материалмен толықтырылды, кластан тыс оқитын шығармалардың тізімі ұсынылды. Оқулыққа біршама өзгеріс еңгізілді, сұрақ-тапсырмалар қайта қаралып, жекелеген әдеби-теориялық ұғымдарға анықтама берілді, иллюстрациялық материалдар ұсынылған.Осыған байланысты методикалық нұсқауды қайта жазу қажеттілігі туып отыр.
Әдеби білім көркем шығарманы талдау негізінде қалыптастырылады. Оқушылардың шығармамен таныстығы оны оқудан басталады. Онда да мақсатсыз, немқұрайлықпен оқымай түсініп, әсерленіп оқуы қадағаланады.Талдаудың дұрыс арнаға түсуі оқушының шығармамен бірінші рет танысуына, одан алған әсеріне байланысты.Сондықтан сабақтың бұл кезеңі оқушы белсенділігін арттыруды, мұғалімнің ұйымдастырғыштық шеберлігін керек етеді.
Көркем тексті талдау арқылы оқушылар адам тағдырымен, өмір шындығымен, жазушының поэзиясымен танысады.Әрине, ондай таныстық бұл класта жазушы жасаған кейіпкердің іс-әрекетін, мінез-құлқын ұғуға әрекеттену, көркемдікті, шығарма оқиғасын қызықтау тұрғысында болады. Оқушы бойында көріне бастаған осындай ой қаракеттерді әрі қарай дамыту, оларды білімдік арнаға салу, оқушыларды жазушының ойын аңғаруға, кейіпкер ісіне баға беруге баулу сабақтың басты мақсаты болуға тиіс.
Мектепте оқыту мен тәрбие беру тығыз бірлікте қаралады.Көркем шығарма – тәрбие берудің де пәрменді құралы.Сондықтан оны заман талабына сай оқыту арқылы жас ұрпақтарды тәрбиелеу құралына айналдыра білу басты міндет болып есептеледі. Мәселен, тәрбиенің бір түрі – патриоттық тәрбиеге IV класқа арналған « Әдебиеттік оқу кітабынан» мысалды көптеп келтіруге болады.
Патриоттық тәрбие-Отанға адал қызмет ету болса, ол оқушылардың саяси сауаттылығын, адамгершілік қасиетінің молдығын, эстетикалық талғамдылығын, еңбек сүйгіштігін қамтиды. Демек, халық қажетін өтерлік туындылар беріп отырған жазушының өз басынан бастап, оның шығарма кейіпкері бойындағы жақсы қасиеттер - кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге. Оқушылар әрбір туындыны бір ғана жазушының меншігі демей, оны Отанға қызмет етудің айқын айғағы деп қабылдайды, жазушыны, ол суреттеген адамдар тағдырын тарихпен байланыстыра тануға дағдыланады, әр шығармада көрінген өмір шындығы оларды түрлі сезімге баулиды, ойландырып, толғандырады.
Бұл ретте ауыз әдебиеті үлгілерінде көрінген халық арманы мен тілегі, әділдік пен жақсылықтың қастандық пен зұлымдықты жеңетіндігі, шығарма қаhармандарының жағымды, жағымсыз болып бөлінетіндігі, ондағы тартымды, қызықты уақиғалардың тәрбиелік мәні бар. Халық даналығы, эпикалық шығармалар бала ұғымына,түсінігіне жақын. Оның жанрлық ерекшелігі, уақиғасының бірден-бірге сатылы дамуы оқушылардың қызығушылығын ынтасын арттырады,жаттап алып, жадында сақтайды.
Әдеби ертегілер де – халық ертегілерінің бір түрі. Оның уақиғасында кейіпкерлерінің іс-әрекеттерінде шындықтан ертегілік, аңыздық сипат басым жатады. Айырмашылығы – авторы бергілі.
Ауыз әдебиеті үлгілерінің ұғымды болуы кейіпкерлер әрекеттерінің әдеттегіден тысқары қимыл - әрекетке батыл баратындықтары әрі олардың көздеген мақсаттарына түрлі кедергілерді жеңіп жететіндіктері, олардың ақтық, пәктік қасиеттері, мақсат-мүдделерінің көп тілегімен үндестігі, соның арқасында олардың дұшпанынан досының көп болатындығы, әділдіктің әділетсіздікті жеңетіндегі оқушыларды тексті қызығып оқуға жұмылдырады, ертегілік қасиетінің бала қиялымен ұштастығы олардың қанағаттанарлық сезімдерін оятады.
XIX ғасырдағы әдебиет үлгілерінен бастап оқушылар жазба әдебиет өкілдерінің шығармаларын оқу арқылы аталар мен әкелердің күрес жолымен, олардың асқақ армандарымен, мақсат-мүдделерімен танысады.Баяғы заманда қол созған асыл арман, жақсы ниеттің көбі жүзеге асты, қанау жойылды, теңдік берілді, халық еңбектенуге де, тынығуға да праволы болды, шаттық заман орнады. Ол ертегілерді оқу барысында оқушылар адамдар аңсаған асыл арманның ескірмейтіндігін, қайта олардың жаңа дәуірде жаңа мазмұнға ие болғандығын меңгереді.Ондай асыл арманға еңбек сүйгіштік пен адалдық, әділдік пен жақсылық, адамгершілік қасиеттер жатады.
XIX ғасырдағы әдебиет үлгілерінен IV класқа арналған « Әдебиеттік оқу кітабында» М.Өтемісовтың «Соғыс», «Махамбеттің Жәңгірге айтқаны », А.Құнанбаевтың «Күз», «Қыс» өлеңдері мен Ы. Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесі бар. Осылардың ішінен мысалдардан кейін іле-шала оқушылардың талдайтыны – Ы. Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы»әнгімесі.
«Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінде көшпелі қазақ аулының өмірі мен тіршілігі суреттеледі. Әрине, қазіргі оқушыға сол бір кездегі көшу, қону қарбалас өмірі беймәлім. Сондықтан Асан мен Үсеннің елсіз далада адасып қалуына оқушылардың немқұрайлы қараулары ықтимал.Бос жатқан жұртты көргенде бірі жылап, бірі сабырлылық жасап, қиындықтан шығудың жолын іздестіре бастауын табиғи қажеттілікке саюы мүмкін. Мәселе онымен шектелмейді, қиындықтан шығудың амалын іздеуші де, оның жолын табушы да, серігіне адал қызмет еткен де – Үсен. «Адамды адам еткен - еңбек» дегендей, алғашқы кездескен өмір сынынан оларды сүріндірмей алып шыққан Үсеннің өмірге бейімділігі мен құштарлығы, ақылдылығы мен зерделілігі, ал ол қасиеттер оның бойына еңбекпен дарыған деген жазушы идеясы аңғарылады.
Асан мен Үсеннің психологиясы да түрліше, Үсен бір қиындықты жеңіп, екіншісіне жол табумен үнемі еңбектену, іздену, ойланумен жүргенде, Асан қаннен-қаперсіз бейқамдыққа салынып Үсеннің адал еңбегіне ортақ,еншілес болуға арланбайды. Сәл-пәл қиындыққа төзімі жоқ, ол бір сәт қарын тойса, дүниенің бәрі ұмыт болады. Мұның осындай тоғышарлығына кімдер кінәлі, себебі неліктен деген сұрақтың жауабын жазушы таптық теңсіздіктен, сол ортадағы адамдардың еңбекке деген көзқарасы мен қатысынан ізде, Асанның дәрменсіздігіне оның өскен ортасы, алған тәрбиесі кінәлы дегісі келгендігі анық.
Қиындыққа тап болған жерде Үсен әке сөзін, оның істеген тірлігі мен кәсібін еске алумен болады, әке тәжірибесін басшылыққа ала отырып, іске кіріседі, өмір сынынан өткен әке ақылы мен насихаты баласын тура жолдан тайдырмайды дегеніне жеткізеді.Себебі ол – адал еңбегімен күнелткен еңбек адамының өсиеті еді. Шығарманың идеясы да, жазушының көздеген мақсаты да «Әке көрген оқ жонады» дегендей , Үсеннің тәрбиесі еңбек адамының тәрбиесі, оны адам еткен де, дегеніне жеткізген де, басына түскен қиындықтан алып шыққан да – еңбек, өмір тәжірибесінің жемісі, еңбектенбеген түйсіксіз адам Асандай болып қалмақ, оның әрекетсіздігіне ата-ана тәрбиесі, өскен ортасы, тап мешеулігі кінәлі екендігін көрсетпекші, жастарды дәрменсіздіктен, өмірге икемсіздіктен сақтандыру екендігі өзінен-өзі түсінікті.
Жазушы жастарға еңбек ет, өмірден, табиғаттан керегіңді ал дей отырып, оларды біреудің адал еңбегін қанаудан, арамтамақтықтан сақтандырады. Онда да жазушы өзінің ағартушылық пікірін біреуді көтере мақтау, екіншісін даттау немесе ұран тастау жолымен емес, екі түрлі семьяда тәрбиеленген адамдардың түрлі жағдайдағы іс-әрекеттері арқылы кімнің неге икемділігін, алдағы тағдырын жазушылық өнер мен педагогикалық әдептілікті сақтай отырып жеткізген.
Әңгімені оқыған сайын Үсеннің өмірге құштарлығына,оның алда талай қиындықтарды жеңіп шығатындығына, дәрменсіздіктің құлы болмайтындығына сенімің арта түседі. Оның әрбір ісі, әрекеті жедел, мығым. Жалшылық өмір оны қажырлылық пен қайсарлыққа, төзімділікке үйретсе, «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын»,- деп, Абай айтқандай, Үсеннің тоғышарлығына қадам басқан сайын көзің жете түседі. Ол жолдан адасса да жылайды, қарны ашса да жылайды, күн батып, кеш түссе бастаса да жылайды. Ал сәл көңілі жайлана бастаса, бәрін ұмытады.Қабілетсіз, айналада қалғанда нені тамақ етуге болатындығын да білмейді, ойлап басын ауыртқысы да келмейді.
Таптық теңсіздікті сөз етпей-ақ жазушы «бай», «жалшы» сөздерін қолдану арқылы оқушының өзінің өмір тану позициясынан хабардар етеді.Ол жалшы өкілі Үсенді жақтайды, жастарға оның ісін үлгі-өнеге тұтады, тоғышар Асанның мінезінен, ісінен сақтандырады.
XIX ғасыр әдебиетіне қарағанда совет әдебиеті – мұғалімдерге жақын, танымал тақырыпты туындылар болғанымен, қазіргі оқушылар үшін тарихи тақырып. Өзгені қойғанда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен ерлік пен патриотизмнің ерен үлгілерін оқушылар көркем шығармалардан, соғыс ардагерлерінің әңгімелерінен оқып біледі. Алайда оларды түсіну оқушыларға еш қиындық келтірмейді. Себебі Отанға адал қызмет ету, Отанды қорғау-әрбір совет азаматының борышы екендігі оларға түсінікті.
Бұларға қоса оқушылар әділдік, бейбіт өмір, адамгершілік т.б. тақырыпты шығармалармен танысады, әрі ол тақырыптардың күре тамыры ерте замандағы ауыз әдебиеті үлгілерінен бермен қарап тартылып келе жатқан желі екендігіне көздері жетеді.
VI класта оқушылар Махамбеттің «Соғыс», «Махамбеттің Жәңгірге айтқаны», Б. Майлиннің «Қанды кек», Ә. Нұрпейісовтің «Балықшылар», Қ. Бекхожиннің «Ер Чапай әлі өлген жоқ», В. Қатаевтың «Полк баласы», Ә. Шәріповтың «Партизан қызы», С. Мұратбековтың «Жабайы алма» тәрізді шығармалардан үзінділерді оқиды.
Бұлардың бірі – 1836-37 жылдарындағы шаруалар көтерілісі, екіншісі-1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, үшінші- азамат соғысы, төртінші-Ұлы Отан соғысы жылдарындағы заман талабына байланысты туған шығармалар екендігі мәлім. Мұндай шығармаларды оқып үйрену сабақтарында тақырып жалғастығын, дәстүр жалғастығын айта отырып мұғалім қай жазушы болмасын өз мақсатын қоғам мүддесімен, халық тілегімен ұштастыра білгендігін оқушыға түсіндіре кеткен жөн. Бұл оқушыларды жазушының өмірге көзқарасымен, өмірлік позициясымен таныстыру деген сөз.
Сөйтіп, IV кластан бастап көркем шығарманы түрлі қырынан тануға азды-көпті қадам жасалады. Сондай-ақ оқулық-хрестоматияда берілген сұрақ-тапсырмалардың орындалуы ескеріліп, шығарманы мазмұн мен форма бірлігін сақтай отырып таныту мүмкіндіктері қарастырылады.
Көркем текспен жұмысты тұрғыдан ұйымдастырған жағдайға, оқушылар әдебиет сабақтарында саналы оқуға үйренеді, оқу техникасын жетілдіреді, мәнерлеп оқуға жаттығады.Оқудағы мәнерлі ырғақ, сазды үн оқушылардың көркем шығарманың идеялық-көркемдік қасиетін дұрыс түсініп, саналы игеруінен, олардың эстетикалық әсерленуінен, эмоциялық тұщысынан пайда болады.
Қызығушылық пен оқуға құштарлық туған жағдайда оқушылардың көркем шығармаға деген талғамы артады. Талғам да өздігінен қалыптаспайды, оғанда мұғалімнің басшылығы қажет.Осы міндеттерді жүзеге асыруда мұғалім программада көрсетілген оқушылардың білімін, іскерлік пен шеберлік дағдыларына қойылатын басты талаптарды ескергені жөн. Оларды орындап шығу мұғалімдерден үлкен жауапкершілікті, асқан шеберлікті, керек етеді. Әдебиеттен берілуге тиісті әдеби білім, іскерлік пен шеберлік дағдылары көлемінің программада айқын көрсетілуі мұғалім жұмысына жеңілдік келтіреді, жоғары кластарда оқылатын әдеби курстың тынысын айқындайды, әдебиетті пән ретінде оқытудың негізін қалауға септігін тигізеді.
Ол әдеби білім, іскерлік пен шеберлік дағдылары мұғалімнің сабаққа мұқият дайындалуының, творчестволық ізденісінің, құрамы мен құрылысы жағынан алдын ала ойластырылған бір емес, бірнеше жүйелі талдау сабағында тиімді әдіс-тәсілдерді қолданудың негізінде қалыптасады.
Программа бойынша IV класта оқылатын көркем шығармалар тақырып, мазмұн жағынан алуан түрлі дедік. Соған лайықты мектептерде әдебиетті оқыту жұмыстарының түрлері мен әдістері түрліше болып келеді. Ол әдістер төмендегідей:
Достарыңызбен бөлісу: |