Дәрістердің қысқаша сипаттамасы
Дәріс 1 1941-1956 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
Дәрістің мақсаты: XX ғасырдың 41-56 жылдары қазақ халқының қоғамдық
өмірінде өткен ең үлкен тарихи кезеңді түсіндіру.
Дәрістің жоспары:
1.Ұлы Отан Соғысының басталуы.
2. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ поэзиясы.
3.Ұлы Отан Соғысы кезіндегі қазақ прозасы.
XX ғасырдың 41-56 жылдары қазақ халқының қоғамдық өмірінде өткен ең үлкен тарихи кезеңді қамтиды. Ол – Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңдері.
Кеңес Одағының құрамында болған, Қазақстан халқы да 1941-1945 жылдардағы фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы соғысқа белсене қатысты. Бұл соғыс жалпы одақ және оның бодандығындағы халықтар үшін де ауыр кезең болды. Большевиктер өзінің тәуелсіздігінен айырылып қалмас үшін өзіне қарасты барлық халықтарды соғысқа жұмылдырды. Солардың қатарында қазақтар да соғысқа көптеп алынып, Қазақстан елі тұтас күйінде соғыс мүддесіне қызмет етті. Кеңес Одағының Еуропалық бөлігінен көптеген зауыттар мен оқу орындары, сол өңірдің соғысқа жарамайтын кәрі-құртаң, бала-шағалары Қазақстанға көшірілді. Оның үстіне өкіметке сенімсіздік көрсеткен біраз халықтар (шешен, неміс, кавказдық мұсылмандар, т.б.) жер ауып, осында келді. Бұлардың барлығы елдегі жағдайды ауырлатып, тұрғылықты халықтың күн көрісіне кері әсер етті. Ерлер майданға кетіп, жұмыстың ауыртпалығын әйелдер мен жас балалар көтерді. Соған қарамастан, коммунистік партияның үгітінің күштілігімен, одан бұрын да жылдар бойы адам санасына сіңірілген социалистік Отанды қорғау идеясы елді тік көтеріп, соғыста жеңіп шығу жолындағы іске жұмылдырды. Халықтық құлшыныстың күштілігі сондай, көп жерлерде (әсіресе, ауылдарда) жұмыс еңбек ақы төленбей атқарылды. Халық уақытпен де есептескен жоқ. Бейбіт құрылыс ісі тоқтап, елдің бүкіл экономикасы соғыс қажетіне ыңғайланып қайта құрылды. Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетінің мазмұнын да осы жағдайлар белгіледі.
Жауынгерлік тақырыбы қазақ әдебиетіне бұрыннан да жат емес еді. Қаһармандық эпос пен әр қилы жаулаушылық кезінде туған халықтық лириканың үлгілері де болған. Отызыншы жылдарда Отан қорғау тақырыбының кең қойылуы да қазақ әдебиетінде жаңа ізденістерге жол ашқан. Еуропада фашизмнің бас көтеруі, оның жаулаушылық әрекеттері кеңес елін сақтыққа үйретті. Шекараны берік күзету, ондағы сақшылардың ерлігі бүкіл кеңес әдебиетінде көтерілген. Қазақ әдебиетінде де шекара тақырыбына біраз шығармалар жазылды. Бірақ таныс емес өмірдің қыры мен сырын жетік білмеу қазақ қаламгерлерін онша биік табысқа көтере алған жоқ-ты. Алайда мынандай төтен соғысты қазақ халқы басынан кешірмеген-ді. Сондықтан жаңа дүниежүзілік соғыс жағдайында әдебиетті дамыту оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру бағытында жүруі керек болды.
Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетін қалыптастыруға қаламгерлердің барлық ұрпағы қатысты. Бұл кезде елде С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Ж.Хұсайынов, Ә.Әбішев, М.Хакімжанова әдебиет саласында құлшына еңбек етті. Т.Жароков, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ.Аманжолов, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Бекхожин, Б.Бұлқышев, Б.Момышұлы, С.Омаров сынды ақын-жазушылар қолына қару алып, майданға аттанды. Бұлардың қатарына майдан газеттерінің беттерінде жарияланған жауынгер жырларымен танылған жаңа ұрпақ өкілдері С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев, С.Сейітов сияқты ақындар келіп қосылды. Халық поэзиясының өкілдері Жамбыл, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, тағы басқалары өздерінің отаншылдық рухтағы жыр-толғауларын шығарды. Қазақ әдебиетінің осы секілді әр тобынан құрылған қалам иелері бір мақсатқа жұмылып, әдебиеттің алдына соғыс шындығы қойған міндетті атқаруға кірісті.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап ұшқырлық танытқан әдебиеттің шағын жанрларының да өз алдына қойған міндеттері бар еді. Олар тұтқиылдан шабуыл жасаған фашизмнің екіжүзділігін, соғыста көрсеткен зұлымдығын әшкерелеп, елді оларға қарсы бүкіл халықтық күреске шақыруға үн қосты. Отанға берілгендікті, халықтар бірлігі мен ынтымағын, майдандағы күрес пен тылдағы жанқиярлық еңбекті жырлады. Мазмұны жағынан үгіттік сипатта жазылған ондай туындылардың халықты дұшпанға өшпенділікке тәрбиелеуге маңызы зор болды. Сөйте жүріп қазақ өлеңі азаматтық лириканың жаңа үлгілеріне бет бұрды. Ол кеңес адамдарының бойындағы азаматтық сезімнің шыңдалуын, майдандағы ерлікті нақты материалдар негізінде жырлау саласында жаңа ізденістер жасады. Бұл тектес шығармалардың бәрінде, әрине, әдебиеттің көркемдік міндеті мен талабы сақтала берген жоқ. Қаламгердің көбі бұрын әбден зерттеп, жазып жүрген етене тақырыптарын тоқтатып, төтенше тақырыпқа ден қоюға мәжбүр болды. Алайда мұның өзі де үлкен сабақ, тарих сабағы еді. Әдебиет қоғам мен дәуір алға тартқан осы міндеттер мүддесінен шығуға ұмтылып, жаңа бағытта ізденістер жасады.
Қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігі, әсіресе, Мәскеуді қорғау кезінде 1941 жылдың күзінде Волоколамск тас жолы бойындағы ұрыста қазақстандық Панфиловшылар дивизиясының ерекше көзге түсуі қазақ әдебиетінің майдан тақырыбын жырлауына тың, мол мәліметтер берді. Қазақ ақындары Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдуллиннің, Төлеген Тоқтаровтың, Мартбек Мамраевтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, тағы басқа панфиловшы 28 батырдың ерліктерін нақты деректерге сүйене жырлауға тырысты. Мұның өзі соғыс тақырыбын жалпылама жазбай, жеке адамның іс-әрекеті, ой парасаты, жеке басының сезім күйі арқылы көрсетуге бетбұрыс болды. Майдан өмірінің шындығын терең бейнелеуі, солдаттың ішкі сезім күйіне еркін де батыл үңіле алуы жағынан соғыстың ауыртпалығын бастан кешкен майдангер ақындардың шығармалары ерекше бағалы.
Әдебиеттің шағын жанрларының қатарында дәстүрлі өлеңге қоса, публицистика ерекше көзге түсті. М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Әбішевтің мақала түріндегі толғаныстары, әңгімелері мен очерктері халықты ерлік күреске үндеуде, майдан жауынгерлерінің батырлық істері мен тыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жедел суреттеуде көрнекті қызмет атқарды. Майдангер жас жазушы Баубек Бұлқышевтің әскери публицистикасы («Заман, жастар, біздікі», «Жауыздық пен махаббат», «Өмір мен өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», т.б.) жас жауынгердің жүрек тебіренісін бейнеледі. Туған елі мен жерін мейлінше беріле сүйген жас азаматтың отаншылдық сезімі де, дұшпанға деген кегі де, замандасына арнаған өмір туралы сыр толғаныстары да осы мақалаларда кең қойылды.
Әскери тақырыптың әр алуан жағдайын драманың шағын үлгілері арқылы бейнелеуге Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, Ғ.Мұстафин сияқты жазушылар қатысты. Олардың бір-екі актілі пьесалары колхоз, совхоз театрларында, көркемөнер үйірмелерінің сахналарында қойылып, елді қырағылыққа шақырды, дұшпанға өшпенділікке баулыды.
Достарыңызбен бөлісу: |