КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІ
5В071900 – Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар бағыттары студенттеріне арналған әдістемелік нұсқаулар
Алматы 2013
Құрастырушы: Тілембекова А.И. Кәсіби қазақ тілі: 5В071900 –Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар бағыттары студенттеріне арналған әдістемелік нұсқаулар. – Алматы: АЭжБУ, 2013. - 34 б.
Әдістемелік нұсқаудың мақсаты – радиотехника, электроника және телекоммуникациялар бағытында оқитын студенттерді «Кәсіби қазақ тілі» курсы бағдарламасына сай өз мамандықтарына қатысты мәтіндермен жұмыс істеуді жалғастырып, кәсіби лексикамен таныстыру, аударма, оның түрлері және әдіс-тәсілдері жайлы теориялық білім беру, мамандықтарына қатысты түпнұсқа мәтіндерді орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне түрлі сөздіктерді пайдалана отырып, аудару дағдыларын жетілдіру.
Әдеб. көрсеткіші – 12 атау.
Пікір беруші: аға оқытушы Э.К.Темірханова
«Алматы энергетика және байланыс университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2013 жылғы жоспары бойынша басылады.
Ó “Алматы энергетика және байланыс университеті” КЕАҚ, 2013 ж.
2013 ж. жиынтық жоспары, реті 54
Алғы сөз
Бұл әдістемелік нұсқау білім берудің жаңа концепциясына сәйкес бакалаврларға арнап енгізілген «Кәсіби қазақ тілі» атты жаңа пән бойынша құрастырылды.
Әдістемелік нұсқау радиотехника, электроника және телекоммуникациялар бағытында оқитын студенттерге арналған. Осы бағыттың мамандықтарына сәйкес ғылыми-техникалық түпнұсқалардан іріктеліп алынған мәтіндерді қазақ тілінде оқу барысында студенттер кәсіби лексикамен танысып, ғылыми стильдің ерекшеліктерімен, терминжасам, мәтінтүзім элементтерімен танысады. Сонымен қатар сөздіктерді орынды пайдалану, жаңа сөздерді меңгеру мақсатында сөздік жасауға дағдыланады. Аударма, оның түрлері және әдіс-тәсілдері жайлы теориялық білім алып, аударма техникасының әліпбиін меңгертуге арналған тапсырмаларды орындайды. Мамандықтарына қатысты түпнұсқа мәтіндерді орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне түрлі сөздіктерді пайдалана отырып, аудару дағдыларын жетілдіреді. Бұл мақсатқа жету үшін осы екі тілдің ерекшеліктеріне сәйкес аудару үдерісінде пайдаланылатын грамматикалық амалдар және қолданылатын трансформация әдістері жайлы түсінік алып, нақты практикалық тапсырмалар орындау нәтижесінде білімдері бекітіліп отырады. Ол үшін түрлі тапсырмалар жинақталып берілген. Бұл тапсырмаларды орындау барысында студент өзіне қажетті грамматикалық, лексикалық минимумдарды және техникалық терминдер мен сөз тіркестерін меңгере отырып, өмірде іс жүзінде пайдалана білуге машықтанады.
Аударма туралы
Аударма дегеніміз – бір тілде берілген ақпаратты екінші тілдің тәсілдерімен басқа тілге жеткізу. Яғни аударма дегеніміз – түпнұсқа сөзін аудару немесе грамматикалық конструкциялары мен тілдің басқа тәсілдерін беру емес, түпнұсқаның ойын, мазмұнын жеткізу.
Аударма ортақ тілде сөйлемейтін адамдар арасында үнемі туындайтын қажеттіліктерді қанағаттандырады.
Аударманың бірнеше түрлері бар.
Сөзбе-сөз дәлдік немесе сөзбе-сөз аударма дегеніміз – грамматикалық оралымдарды механикалық түрде көшіру, жеке тілдік бірліктерінің мағынасын беру, терминологиялық және лексикалық тәсілдерді дұрыс таңдамау, түпнұсқа сөйлемдерінің құрылымын өзгертпей сақтау, аудармашыға еркіндік бермеу. Мұндай аударма сапасыз аударма ретінде саналуы мүмкін. Бірақ сөзбе-сөз аударманың артықшылығы да бар, ол аударманың ең объективті түрі болып есептеледі. Бастапқы мәтіннің жеке тілдік бірліктерінің мағынасын бере отырып, синтаксистік конструкцияларды көшіріп бере отырып, аудармашы өзіне еркіндік бере алмайды. Сөзбе-сөз аударманың кемшілігі – аударманы қолданатын адамның коммуникативтік мүмкіндіктерін ескермеу.
Мағыналық дәлдікке немесе мағыналық аудармаға екі тілдің стильдік ерекшеліктерін терең біліп, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі мен сөйлемдер құрылымындағы айырмашылықтарды біліп, керек кезінде түпнұсқаның мағынасын сақтау үшін сөзбе-сөз аударудан аулақ болғанда ғана қол жеткізуге болады.
Мағынасын сақтап аударуды еркін аударма деп те атайды. Еркін аударма аудармашыға түпнұсқа мәтінін түсіндірулер мен қосымшалар, түбегейлі өзгертулер арқылы жеткізуге шексіз мүмкіндіктер береді. Сол себептен еркін аударма объективті емес, өйткені аударылатын мәтінді жазған адамның дәл солай дегеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Көптеген жағдайларда, мысалы, келісімшарттарды, маңызды құжаттарды аударғанда ол жарамсыз болып қалады.
Нағыз аударма сөзбе-сөз аударма мен еркін аударманың жиынтығы болып табылады. Сөзбе-сөз аудармадан бастапқы мәтінге мүмкіндігінше мағыналық және құрылымдық жағынан жақындықты алады, бірақ бұл тілдік норманы бұзбауы және түсініксіздік туғызбауы керек. Түсініксіздік туған жағдайда және барабарлық болмаған жағдайда бейімдеуді қолдануға болады, бірақ ол шектеулі көлемде болуы керек. Түпнұсқаға мағыналық-құрылымдық жақындықтан шегіну, яғни бейімделу қажеттіліктен туындаған амалсыз шара ретінде қарастырылады.
Бір-бірімен қосылып, жетілдіріле отырып, сөзбе-сөз және еркін аударма аударманың дамуына негіз жасайды.
Аударманы мына формуламен белгілеуге болады:
түпнұсқа – a, аударма – b, аударылған мәтін – c деп алсақ, a=b, b=c болады да, одан a=c болуы керек.
Аударма туралы мәтіндерде кездесетін сөздермен танысыңыз.
түпнұсқа – оригинал
тілдік тәсіл – языковое средство
мазмұн – содержание
мағына – смысл, значение
сөзбе-сөз аударма – дословный перевод
еркін аударма – вольный перевод
көшіру – копировать
дәлдік – точность
дұрыс таңдау – правильный выбор
сөйлем құрылымы – структура предложения
грамматикалық оралымдар – грамматические обороты
Алдымен сөзбе-сөз аудармасын, содан соң мағыналық аудармасын жасаңыз.
Аудару барысында есімшелі оралымға назар аударыңыз.
Транзакционный вызов Web-методов – это очень мощная возможность, позволяющая избавиться от многих проблем при реализации бизнес-логики.
Сөйлем қалай аударылған? Сөйлемдегі сөздерді орын тәртібімен қойыңыз, редакциялаңыз. Көсемшелі оралымға назар аударыңыз.
Всегда можно повысить безопасность АD (Active Directory), автоматизировав процессы, выполняемые вручную, например построение контроллеров домена (DС).
Әрқашан болады арттыру қауіпсіздік автоматтандырып процестерді орындалатын қолдан, мысалы, құру контроллер домен.
Сөйлемнің сөзбе-сөз және мағыналық аудармасын беріңіз. Тиіс, жөн, қажет модаль сөздерінің қолданысын ескеріңіз.
Поэтому необходимо составить руководство по обслуживанию АD для администраторов. От них следует потребовать строгого соблюдения некоторых правил.
Жартылай өткізгіштің электр тогын өткізу қабілеті
Мәтін алды тапсырмалар.
1. Сілтеу есімдіктерін еске түсіріп, біреуін берілген үлгі бойынша септеңіз: ол, оның, оған, оны, онда , одан, онымен.
2. Мынадай тіркестерді баяндауыш қызметінде жұмсап, сөйлемдер құраңыз, аударыңыз:
Пайдалану керек, енгізу қажет, өмір сүруі тиіс; өмір сүре алады, баға беруге болады, сәйкес келеді екен, белгілеу керек, жүгінуге болады, бағалай алмайды, бөлініп шығады.
Жартылай өткізгіштер өткізгіштік жағынан диэлектриктер мен металдар арасында орналасқан. Олар өзара меншікті және қоспалы болып, ал соңғысы p және n текті болып екіге бөлінеді.
Жартылай өткізгіштерге негізінен Менделеев кестесінің IV тобының элементтері Si (кремний), Ce (германий) жатады. Олардың өте қатты денелер қатарына жататынын білеміз.
Жартылай өткізгіштердің электр тогын өткізу қасиетін зоналық теория тұрғысынан айқындап, дәлелдеген жөн. Бұл теория бойынша әрбір атомның құрылысында бірнеше электрондық қабаттар, яғни энергетикалық деңгейлер болады. Тұрған деңгейіне байланысты әрбір электронға өзіндік орбита сәйкес келеді. Электронның осы энергетикалық деңгейін сипаттау үшін физикада 4 кванттық сан енгізілген: 1 – «бас» кванттық сан; 2 – «орбиталық» кванттық сан; 3 – «орбиталық-магниттік» кванттық сан; 4 – магнит спині.
Осы қабылданған сандардың физикалық мәндерін түсіну үшін мынадай физикалық ұқсастыққа жүгінуге болады. Мәселен, өз алдына жеке-дара алынған атом жер шарына ұқсас делік. Онда атом орбитасында айналып жүрген электрондардың, былайша айтқанда жер серіктерінің күйін сипаттау үшін қандай анықтамалық көрсеткіштер енгізуіміз керек? Біріншіден, жер серігі орбитасының ең алыс (апогей), ең жақын (перигей) шектерін белгілеуіміз керек. Осы шамаларға атом құрылысындағы бас және орбиталық квант сандары сәйкес келеді екен, яғни олар электронның атом құрылысындағы орбитасының апогейі мен перигейін көрсетеді.
Айтылған екі шама тек орбита көрсеткіштері болып қалады да, электронның өз жағдайын толық бағалай алмайды. Ондай анықтаманы алу үшін қосымша тағы екі шама енгізуіміз қажет:
а) электрон орбитасының кеңістік бойынша бағдарлануы – орбиталық-магниттік кванттық сан;
ә) электронның өз қозғалысының орбита кеңістігіне бағдарлануы немесе өз осі бойынша оңға немесе солға бұрылуы.
Осы аталған төрт сан арқылы электронның энергетикалық деңгейіне толық баға беруге болады.
Бор постулаттары бойынша электрон шексіз өмір сүру үшін тек белгілі бір рұқсат етілген орбитада ғана (кванттық сандарына сәйкес) айналуы керек, яғни тек белгілі энергетикалық деңгейде өмір сүруі тиіс. Тек осындай жағдайда ғана электронның энергиясы шығындалмай, ол шексіз өмір сүре береді. Егер электрон тыйым салынған деңгейге (орбитаға) өтетін болса, онда оның энергиясы бірте-бірте шығындала келіп, ол түбінде ядроға құлап түскен болар еді. Сондықтан әрбір атомның электрондары тек белгілі бір рұқсат етілген энергетикалық деңгейлерде ғана өмір сүреді де, ал бір деңгейден екінші деңгейге (рұқсат етілген) шығарумен ұштасады. Мысалы, электрон жоғарғы орбитадан төменгі орбитаға ауысты делік. Бұл электронның жоғарғы энергетикалық деңгейден төменгі энергетикалық деңгейге ауысуымен сәйкес келеді де, артық энергия сыртқа жылу немесе сәуле ретінде бөлініп шығады. Ал электронның төменгі деңгейінен жоғарғы деңгейге шығуы электронның сырттан қосымша энергия алуына байланысты.
Мәтін бойынша тапсырмалар.
1. Мәтіннен мына сөздер мен сөз тіркестерінің баламаларын тауып жазыңыз.
энергетический уровень –
полупроводник –
твердое тело –
разрешенная орбита –
дополнительная энергия –
удельное сопротивление –
запрещенная зона –
можно оценить –
вращение налево –
2. Мәтінді толық оқып шығып, сөздік жасаңыз.
3. Мәтінде жиі кездесетін сөздер мен сөз тіркестерін теріп жазып, статистикасын көрсетіңіз.
4. Мәтіндегі «аталған элементтер», кездесетін «олар», «соңғысы», «қабылданған сандар», «айтылған екі шама», «төрт кванттық сан», «екі шама енгізуіміз қажет» деген тіркестерді айқындайтын тіркестер мен сөйлемдерді жазбаша қатарластырып жазыңыз.
5. Мәтінді толық аударыңыз.
6. Мәтінді бірнеше бөлікке бөліп, ат қойыңыз.
7. Әр бөліктің мазмұнына сай бірнеше сұрақ қойып, оларға жауап беру арқылы мәтінді өз сөзіңізбен баяндауға тырысыңыз.
Ғылыми-техникалық әдебиетті аудару
Ғылыми-техникалық әдебиетті аударушының ең негізгі міндеті – автордың ойын бұрмаламай, толық беру, аудармада қажетті терминологияны қолданып, сауатты әдеби тілмен аудару. Ғылыми-техникалық әдебиеттің аудармасына қойылатын негізгі талап аударманың түпнұсқаға толық сәйкес келуі керек, оны орысша «адекватность перевода» дейді. «Адекватный» - латын сөзі. Қазақ тіліндегі мағынасын: тең, толық сәйкес келетін, барабар, ұқсас, бірдей, тепе-тең, теңбе-тең деген сөздер береді. Ғылыми-техникалық мәтіннің бірдейлігіне ақпараттық, ғылыми-техникалық дәлдікті сақтай отырып және түпнұсқаның стилистикалық ерекшеліктерін ескере отырып, қол жеткізуге болады. Мұндай аударманы басқаша эквивалентті (лат. тең, тең мағыналы) және аутентивті (грек тілінде - түпнұсқаға сәйкес, дұрыс, шын) деп те атайды.
Аударманың өн бойында бір затты немесе ұғымды білдіретін бір ғана термин қолданылуы керек. Белгілі бір кәсіпорында ғана қолданылатын жергілікті сөздерді, архаизм-терминдерді қолданбау керек. Қазіргі кезде аудармада бір сөзді бір мәтіндік бірліктің өзінде бірнеше құбылтып қолдану жағдайлары кездеседі. Мысалы, «схема» деген сөзді бір мәтінде немесе бір ақпараттық бірлікте «сұлба», «схема», «сүлбе» деп немесе «сеть» сөзін бірде «желі», бірде «торап» деп аударатын жағдайлар жиі кездеседі.
Тілдің барлық грамматикалық нормаларын сақтап, күрделі грамматикалық конструкцияларды көп қолданбай, аударылатын ақпаратты қарапайым және түсінікті етіп беру керек.
Радиобайланыс жүйесінің түрлері және радиобөгеуілдерге қатысты терминдер
Жалпы қолданыстағы радиотелефон жүйесі – автоматты телефон желісімен әсерлесетін және автоматты қосылу мен дуплексті байланысқа (АТС абоненттері мен жылжымалы немесе станционарлы радиоабоненттер арасында, радиоабоненттерімен ведомстволы диспетчер, сонымен қатар ведомстволы телефонды желі абоненттер арасында) арналған радиобайланыс жүйесі. Сонымен бірге радиотелеграфты алмасу мен мәліметтер таратуды орындауға мүмкіндік береді. Жалпы қолданыстағы радиотелефон жүйесі құрылғы сипаттамаларымен, жұмыс жиіліктері ауқымымен өлшемі анықталатын бағытқа немесе белгілі аймаққа қызмет көрсетеді.
ТМД-да жалпы қолданыстағы радиотелефон жүйесінің 150-300 МГц ауқымы қолданылады, олардың бір немесе бірнеше діңгегі болады және абоненттік радиостанса мен станционарлы коммутациялық қондырғылардың радиоорталықтарынан тұрады.
Ведомстволы диспетчерлік радиожүйелер – өндірісті оперативті басқаруды жүзеге асыратын диспетчерлік қызметті жабдықтауға арналған радиобайланыстың жергілікті жүйесі. Ведомстволы диспетчерлік радиожүйелер үшін қысқа: 1,5-8 МГц және метрлік 30-174 Мгц толқындар қолданылады.
Кез келген радио құрылғыларға бөгеулер кері әсер етеді. Радиобөгеуілдерге қатысты терминдер радиотехника саласында көптеп кездеседі, олардың бастыларына тоқталып өтер болсақ.
Электромагниттік шуыл – ешқандай сигналға сәйкес келмейтін, әдетте импульсті және кездейсоқ, кейде периодты сипаттағы электромагниттік құбылыс. Электромагниттік бөгеуіл – пайдалы сигналға қосылуы мүмкін электромагниттік шуыл.
Радиобөгеуіл – электромагниттік бөгеуіл. Мысалы: кейбір жүйелерде импульсті дискретті түрде таратқан кезде пайда болады. Электромагниттік үйлесімділік – берілген электромагниттік жағдайдағы радиоэлектронды жабдықтардың сапа көрсеткіштерін нашарлатпай жұмыс істеу қасиеті. Сонымен қатар олар өзге радиоэлектронды жабдықтарға жайсыз әсер етпеуі керек және оның әсеріне қарсы тұруы қажет. Электрлік желіден бөгеуілді тасымалдау коэффициенті – желідегі кедергі келтіретін электрлік құрылғының жоғары жиілікті жылдамдығының қабылдағыш антеннасының жоғары жиілікті кернеуіне қатынасы.
Радиобөгеуілдер болжамы – өлшеу нәтижесінде алынған радиобөгеуілдер сипаттамасы мен олардың өзгерісі туралы мәліметтер. Бөгеуілдер нормасы – халықаралық электротехникалық сөздіктің ұсыныстарында регламенттелген бөгеуілдердің жоғарғы шамасы.
Мәтін бойынша тапсырмалар.
1. Мәтінді толық оқып шығып, сөздік жасаңыз.
2.Техникалық әдебиетті аудару жөнінде алған теориялық білімдеріңізді пайдалана отырып, мәтінді аударыңыз.
3. Орыс тіліндегі мәтінді қазақ тіліне аударыңыз.
В основе конфигурационной коммутации лежит нахождение соответствия между конкретным портом коммутатора и определенным сегментом сети. Это соответствие может программно настраиваться при подключении или перемещении пользователей в сети.
Радиобайланыс жүйелеріндегі модуляция түрлері
Модуляция – хабар заңы бойынша сигнал параметрлерінің биоөрістік өзгеруі.
Радиобайланыста модуляцияның 3 түрі қолданылады:
а) Амплитудалық.
б) Бұрыштық.
в) Импульстік.
Амплитудалық модуляция ДВ, СВ, КВ (500 кГц-тен 30 МГц-ке дейін) ауқымында қолданылады. Біржолақты және екіжолақты болады.
Бұрыштық модуляция жиілікті және фазалық модуляцияға бөлінеді. Фазалық модуляция – тасушы сигнал фазасының хабар амплитудасына тәуелді өзгеруі. Жиілігі 30 МГц-тен жоғары ауқымда қолданылады. Фазалық модуляция тарату күре жолының сұлбасы күрделі болғандықтан, ол сирек қолданылады. Фазалық модуляция топтық хабарларды таратуда қолданылады.
Импульстік модуляция 10 МГц-тен жоғары жиіліктерде телефония және телеграфия сигналдарын тарату үшін пайданылады. Импульстік модуляцияның бірнеше түрі бар. Модуляция түрлері сигнал алатын жолақ еніне, ақпаратты тарату сапасына, таралатын ақпарат санына немесе жылдамдығына, жүйе қабылдағыштары мен таратқыштарының әртүрлі қуаттарына әсер етеді.
Амплитудалық модуляция – дауыс, бейне, әуенді қашықтыққа сымсыз тарату үшін радиотаратқыш антеннасынан кеңістікке сәулеленетін жоғары жиілікті жылдамдықпен қолданылады. Сигналды радиотелефонды тарату үшін таратқыштың жоғары жиілігінің амплитудасы немесе жиілігі төменгі (дыбыстық) жиілік заңымен өзгеруі тиіс.
Модуляция процесінде ток амплитудасының өзгермеуі, оған сәйкес қуаттың да өзгермеуі жиіліктік модуляцияның негізгі айырмашылығы болып табылады. Бірдей сигналмен модуляцияланғандағы фазалық модуляцияның тербелістік спектрі жиіліктік модуляцияның тербелістігінен кең, сондықтан тәжірибеде үздіксіз хабарды модуляциялағанда фазалық модуляция қолданылмайды.
Мәтін бойынша тапсырмалар.
1. Түсініксіз сөздерді теріп жазып, аударыңыз.
2. Мәтіндегі қысқарған сөздердің толық нұсқасын жазыңыз. Өлшем атауларын түсіндіріңіз.
3. Себеп-салдарлық қатынастағы сөйлемдерді табыңыз, мәтіннен өзгеше 3 сөйлем құрастырыңыз.
4. Мәтінді толық жазбаша аударыңыз.
5. Бір-біріңізбен осы тақырыпқа сұхбаттасыңыз.
Техникалық терминдердің жасалу әдістері
Терминденудің семантикалық тәсілі
Термин сөз бен оның жасалуына негіз болған термин емес сөздің мағыналарын құрайтын ортақ семаларды анықтауға болады, ал семалар ортақтығы термин сөз бен оның жасалуына негіз болған жалпы қолданыстағы сөз мағыналарының арасындағы байланысты көрсетеді.
Мысалдар: ток көзі, қоректену көзі, хабар, желі, кесте, кіріс-шығыс жолдары, жоба, өрнек, тінтуір т.б.
Аналитикалық тәсіл:
1. Сөзқосым тәсілі:
а) Радиобайланыс, теледидар, автотербеліс, электржабдық, электронсызба, фазаыдыратқыш, фотокедергі, ультрақысқа, ультрадыбыс, термореттегіш, телеорталық, магнитөткізгіштік, инфрақызыл т.б.
ә) Ұзынтолқындық, аратісті, сүйірбағытты, бастиек, бейнебастиек, бейнеүнжазба, шалаөткізгіш, дауысзорайтқыш, екісатылы, жарықсезгіштік, жылуалмасу, көпарналы, көпқадауышты, көпталшықты, қалааралық, қолжетушілік, толқынжол, дыбысалғыш, таржолақтылық, төменжиілікті, ширектолқынды, шыныталшықты бумасым, жылутұрақтандырғыш т.б.
Келтірілген мысалдардан техниканың өскелең салалары – радиотехника, электроника, байланыс салалары бойынша бірігу тәсілі арқылы жасалған терминдердің негізі радио, теле, авто, инфра, ультра, магнит секілді халықаралық сөз бен қазақ сөзінің бірігуінен және қазақтың өз сөздері біріккенде, тірек сөз ретінде толқын, екі, бейне, дыбыс, көп, үн деген сияқты сөздер алынғанын байқаймыз.
2. Тіркестіру тәсілі: жүк кедергісі, сәуле ағыны, сәуле қабылдағыш, сәуле шоғырландырғыш, жіңішке түтікше сымдар, қуат күшейткіштері, сәйкестік кестесі, кіріс кедергісі, шыдам шегі, ығысу кернеуі т.б.
Демек, жоғарыда келтірілген мысалдарға сүйене отырып, ғылыми терминдердің тіркесу арқылы жасалуы электроника, байланыс салаларындағы өте өнімді тәсіл деп түйіндеуге болады.
3. Қысқарту тәсілі:
Оқулықтарда, әсіресе жиі кездесетіні – графикалық шартты қысқартулар. Және де сөз тіркестерінің бас әріптерінен қысқарған түрі көптеп кездеседі: ТК, ПӘК, СД, АТС, ИС, ЭЕМ т.б.
Қазір жоғары технологияға қатысты мұндай қолданыстар тек орыс тілінен енген сөздермен ғана шектелмейді. Мысалы, қазіргі кезде медицина т.б. салаларда жиі қолданылатын лазер сөзінің өзі – ағылшын тілінен аударғанда “жарықтық электромагниттік толқындарды күшейту” деген мағына беретін сөз (Light amplification by Stimulated emission of radation).
Тілші-ғалымдардың қысқарған сөздер жайлы пікірлерінің қайшылығына қарамастан, олардың әдеби тілде, әсіресе ғылым тілінде жиі қолданылатыны даусыз. Біз қарастыратын әдебиеттерде де олар өлшем атауы ретінде (Гц, А, Ом, В, Вт, м, см, км), күрделі атауларды қысқартып айту әдісі ретінде (лазер, СД – сәулелі диод; АТС – автоматты телефон стансасы т.б.) қолданылады.
Демек, ғылыми терминжасамда сөздердің қысқару арқылы жасалуының да өзіндік орны бар екендігіне талданған мысалдар арқылы көз жеткізуге болады.
Терминденудің аффикстік тәсілі
Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, сөзжасамның синтетикалық тәсілі қазақ тілінде негізгі тәсілдердің бірі боп саналады.
Терминологиялық сөздіктен мысалды молынан келтіруге болады. Мысалы, -у: реттеу, дәлдеу, туралау, жаймалау, бұрмалану, бүркеу, бейнелеу, жаңғырту, тарату, баптау, айыру, торуылдау, ажырату, жиіліктік тығыздау, жолды ағыту, қоспа жалату, тұйықталу, ауытқу, дәнекерлеу, перделеу, пішімдеу, сәулелену, тармақтау, қанығу, тіркеу, тыну, хабарларды жалғау т.б.
Қазіргі терминжасамда ең өнімді тәсіл ретінде көзге түсіп жүрген -м, -ым, -ім жұрнақтары: айналым, орам, өлшем, құрылым, созылым, көрсетім (индикация) т.б.
Сонымен қатар, техника саласында бастауыш, баяндауыш терминдерінің үлгісімен жасалған терминдер де баршылық. Мысалы: жалғауыш, пішіндеуіш, орауыш, санауыш, дыбысқармауыш, есептеуіш, торуылдауыш, құрауыш, кодалауыш, іздеуіш, қадауыш, нысаналауыш, өлшеуіш, хабарлауыш т. б.
-қыш, -кіш, -ғыш, -гіш жұрнақтары арқылы жасалуы: түрлендіргіш, таратқыш, дыбыс тұмшалағыш, дірілдеткіш, бөлгіш, тұрақтандырғыш, түзеткіш, жіктегіш, іріктегіш, бәсеңдеткіш, шектегіш, көрсеткіш, ағытқыш, қосқыш, шалаөткізгіш, реттегіш, тежегіш, үдеткіш т.б.
-қы, -кі, -ғы, -гі: құрылғы, сүзгі, қондырғы т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |