Анықтаманың конструкциясы
1. Не не деп аталады?
2. Нені не деп атаймыз?/ атайды?
3. Не дегеніміз не?
Телекоммуникациялық жүйелерге қатысты анықтамалардың қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларын осы үлгіге сәйкес өзгертіп айтып жаттығыңыз:
Үлгі: цифрлық құрылғы: 1) цифр түрінде көрсетілген дискретті ақпаратты түрлендіруге арналған құрылғы цифрлық құрылғы деп аталады; 2) цифр түрінде көрсетілген дискретті ақпаратты түрлендіруге арналған құрылғыны цифрлық құрылғы деп атаймыз/атайды; 3) цифрлық құрылғы дегеніміз – цифр түрінде көрсетілген дискретті ақпаратты түрлендіруге арналған құрылғы.
Диэлектриктер: 1) электр тогын өткізбейтін активті және пассивті диэлектриктер диэлектрлік заттар деп аталады; 2) электр тогын өткізбейтін активті және пассивті диэлектриктерді диэлектрлік заттар деп атаймыз/ атайды; 3) диэлектрлік заттар дегеніміз – электр тогын өткізбейтін активті және пассивті диэлектриктер.
Сигналдарды, белгілерді, дыбыстық мәліметтерді, жазба мәтіндерді, бейнелерді, дыбыстарды сымдық байланыс, радио, оптикалық және басқа да электромагниттік жүйелер арқылы жіберуді және қабылдауды электр байланысы (телекоммуникация) деп атайды. (ҚР байланыс туралы заңы)
Электрбайланыс (Telecommunication) – бұл кез келген сәуле шығару, белгі, дыбыстық хабарлама, жазба мәлімет, бейне, дыбыс және кез келген түрдегі хабарламаны радиожүйе, сымдық байланыс және де басқа электромагниттік жүйелер арқылы қабылдау және тарату.
Қорыта келгенде, электрбайланыс дегеніміз - телекоммуникация.
Электрическая связь (телекоммуникация) - передача или прием знаков, сигналов, голосовой информации, письменного текста, изображений, звуков по проводной, радио, оптической и другим электромагнитным системам. (Закон Республики Казахстан о связи)
Электросвязь (Telecommunication) — это любое излучение, передача и/или прием электрических сигналов, которые представляют знаки, голосовую информацию, письменный текст, изображения, звуки или сообщения любого рода по радиосистеме, проводной, оптической и другим электромагнитным системам”. (Рекомендация ITU-T G.701).
Таким образом, электросвязь это – телекоммуникация.
Ақпарат – қандай да бір процестер, оқиғалар, айғақтар немесе заттар туралы мәліметтер.
Хабар – ақпаратты ұсыну үшiн ыңғайлы пiшiндегі мәлімет.
Сигнал – берiлетiн хабарламаны көрсететiн физикалық процесс.
Информация – сведения о каких-либо процессах, событиях, фактах или предметах.
Сообщение – форма выражения (представления) информации, удобная для передачи.
Сигнал – физический процесс, отображающий передаваемое сообщение.
Телекоммуникациялық жүйелер. Телекоммуникациялық жүйенiң анықтамасы:
Электрбайланыс жүйесi – хабар таратылуын қамтамасыз ететін техникалық құралдар мен хабар таралу ортасының жиынтығы.
Байланыс арнасы – қашықтыққа сигналдың берілуін қамтамасыз ететін (түрлендiргiштер) техникалық құралдар мен сигнал таралу ортасының жиынтығы.
Система электросвязи – совокупность технических средств и среды распространения, обеспечивающая передачу сообщений.
Канал связи – совокупность технических средств (преобразователей) и среды распространения, обеспечивающих передачу сигнала на расстояние.
Жалғау жүйелері
Мәтін алды тапсырмалар.
1. Мына сөздер мен сөз тіркестерін аударыңыз, оларды қатыстырып бірнеше сөйлем құраңыз:
Пайдаланушы, автоматтандырылған, ойлап шығарылғаннан кейін, жан-жақты зерттеу нәтижесінде, жылға дейін, күні бүгінге дейін, телефон желісі, қалааралық байланыс.
2. Талап, мүмкіншілік, жетістік сөздерін жазбаша тәуелдеңіз.
Телефон ойлап шығарылғаннан кейін пайдаланушыларды бір-бірімен жалғау мәселесі қолға алынды. 1889 жылы Америка ғалымы А.Б.Стоуджер ондық қадамды автоматтандырылған телефон стансасын (АТС) ойлап тапты.
Бұл стансаның құрылымы жеңіл және арзан болғанмен, атқаратын қызметі шектеулі және мүмкіншілігі өте төмен болды. Абоненттерді бір-бірімен жалғау үшін жылжымалы түйіспе пайдаланылып, тікелей басқарылды. Ондық қадамды АТС (бірінші буын) 1950 жылға дейін қалалық телефон мен телеграф желісінде қолданылып келді, кей жерлерде күні бүгінге дейін әлі пайдаланылуда.
Ғалымдар мен инженерлердің ізденістерінің арқасында 1906-1914 жылдар аралығында тіркеуішпен (регистр) басқарылып, бірнеше дүркін жалғанатын координаттық АТС-тер іске қосылды.
Үшінші буынның АТС-терін жобалап дайындау 1950 жылдары басталды. Бұл уақытта электроника біраз дамыған еді. Электронды шам және шала өткізгіш (транзистор, тиристор, диод т.с.с.) негізінде әртүрлі электрондық құрылғылар жасалынып, өндірісте кеңінен пайдаланыла бастады. Жан-жақт зерттеулердің нәтижесінде 1964 жылы Америкада пргораммамен басқарылатын квазиэлектронды АТС (ESS №1), 1975 жылы Францияда тұңғыш цифрлы АТС – Е10 іске қосылды.
Қазіргі кезге дейін АТС-тердің дамуы электроника саласындағы жетістіктермен тікелей байланысты. Бүгінгі күні телкоммуникация желілерінде өте үлкен жинақты сұлбалар (БИС, СБИС т.с.с.), микропроцессорлар, есептеу техникасы кеңінен пайдаланылып, АТС-тің жұмыс істеу ауқымы кеңейіп келеді.
Бүгінгі күннің байланыс немесе телекоммуникациялар желісі таратушы, қабылдаушы, хабар жалғаушы, ажыратушы, қателерін табу, түзеу т.с.с. қызметтік ақпараттан тұрады.
Мәтін бойынша тапсырмалар.
1.Мәтінді оқып шығып, оған сөздік жасаңыз.
2. Мәтіндегі термин сөздер мен сөз тіркестерінен мәтіндегіден бөлек сөйлем құраңыз.
3. Мәтіндегі аббревиатуралардың толық түрін жазыңыз.
4. Мәтінге бірнеше сұрақ қойып, соларға жауап беру негізінде мәтінді мазмұндаңыз.
5. Не неден тұрады?/ құралады? конструкциясын еске түсіріп, берілген сөйлемдерді аударыңыз. Осы үлгі бойынша бірнеше құрылғының құрылымын еске түсіріңіз (ұялы телефон, компьютер, радио, теледидар т.б.)
Талшықты-оптикалық кабельдер жарық сигналдары таратылатын (5-60 микрон) жіңішке, иілгіш, шыны талшықтардан (талшықты жарық тасымалдаушы) тұрады. Цифрлық операциялық құрылғылар басқарушы бөлім (басқарушы автомат) және операциялық бөлімнен тұрады.
Техникалық аударма
Техникалық аударма – әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар арасында арнайы ғылыми-техникалық ақпарат алмасу үшін қолданылатын аударма. Техникалық аударманы жүзеге асыратын адам екі тілді білуге міндетті. Түпнұсқаның мазмұнын сауатты, нақ, дәл беру үшін аудармашы екі тілдің біреуін еркін меңгеруі керек. Техникалық аударманы жүзеге асырушы адам жаңа материалдарды пайдаланады, сондықтан оны қабылдау үшін белгілі дайындығы және арнайы білімі болуы керек. Кез келген екі тілді білетін адам техникалық аударманы жүзеге асыра алмайды.
Техникалық аударма жасай алу үшін ғылыми-техникалық ақпарат алмасуда аудармашы (делдал) қызметін атқаратын адам қандай қасиеттерге, білімге, біліктілікке, дағдыға ие болуы керек?
Бұл жерде әңгіме қазақ тілі мен орыс тілі туралы болып отырғандықтан, біріншіден, аударып отырған тілін (мысалы, аудармашы орыстілді болып, түпнұсқа қазақша немесе керісінше болса), яғни қазақ тілін түсіне алатындай деңгейде немесе керісінше; екіншіден, басқа тілді (бұл жерде орыс немесе қазақ тілін) ақпаратты сауатты бере білу үшін жеткілікті деңгейде білуі; үшіншіден, ақпарат көздерін пайдалана білуі; төртіншіден, әртүрлі техникалық аудармалар жасай алуы; бесіншіден, терминологиялық минимумды білуі керек.
Аудармашы өзіне қажет арнайы мәліметтерді тез табу үшін қандай ақпарат көздері бар екенін, олардан не табуға болатынын, оларды қандай тәртіппен қолдануға болатынын білуі керек.
Барлық ақпарат көздерін жалпы, арнайы ақпарат көздері деп бөлуге болады. Жалпы ақпарат көздеріне жалпы қолданыстағы сөздіктер және жалпы энциклопедиялар жатады. Сөздіктер екітілді және біртілді болады. Біртілді сөздіктер: түсіндірме, синонимдер, омонимдер, антонимдер, орфографиялық, фразеологиялық болып келеді. Арнайы ақпарат көздеріне: арнайы сөздіктер, арнайы энциклопедиялар, ғылым мен техниканың әртүрлі салалары бойынша анықтамалықтар, арнайы әдебиеттер жатады.
Жалпы екітілді сөздіктерді табысты пайдалану үшін мыналарды есте сақтау керек:
1) Кез келген жалпы екітілді сөздік (фразеологиялық сөздіктен басқасы) сөздің аудармасын емес, әрбір сөздің мүмкін болатын баламаларын ғана береді, сөздік сөздің белгілі контекстегі мағынасын тұспалдап қана көрсетеді.
2) Қажет сөзді жылдам табу үшін алфавитті жақсы білу керек. Сөздікпен жиі жұмыс жасаған кезде алфавитті жақсы білу жұмыс уақытын едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.
3) Барлық шартты белгілердің, қысқартулардың, сөздік мақалаларында кездесетін тыныс белгілерінің мағыналарын жақсы білу керек. Ол үшін сөздікті пайдаланбас бұрын, сөздікті пайдалану туралы мақаланы зерде қойып оқып шығу және қысқартулар тізімімен танысу керек.
Мәтін бойынша тапсырмалар.
1. Сөздіктен төмендегі сөздер мен сөз тіркестерінің негізін тауып, аударыңыз. Тапсырманы қалай орындағаныңызды түсіндіріңіз.
Сұлбалардың, қарастыратын болсақ, күшейткіштердің, істерінде, қосылмаған қалпын суреттейді, айырмашылығына байланысты, ағымында, құбылыстарды.
2. Көз, желі, түйін, жол, арна, жүйе сөздерін сөздіктен тауып, тіркестер құрап, оның қай мағынасын техникалық аудармада қандай сөйлемдерде қолдануға болатынына бірнеше мысал келтіріңіз.
Баламасыз лексиканы аудару тәсілдері
Аудармада кейде сөздікте жоқ, яғни баламасыз лексика деп аталатын сөздер кездеседі. Мұндай жағдайда аударманы баламасыз лексиканы жеткізудің тәсілдерін қолданып, іске асырады.
Баламасыз лексиканы жеткізудің бірнеше тәсілі бар:
1) Транслитерация. Шетел сөзін алып, оны аударма тілдің әріптерімен бейнелеу. Ондай сөздерге зауыт, пошта, станса т.б. сөздер жатады, бұл сөздер қазақ тіліне сіңіп кеткен. Ал орыс тіліне шетел тілінен енген жаңа сөздер қазақ тілінде де өзгертілмей алынып жүр: дисплей, ноу-хау, программа, модем т.б. сөздер. Бұл тәсілдің артықшылығы – оның сенімділігі. Транслитерация – таныс емес, жеткіліксіз зерттелген сөздің тек дыбыстық сыртқы қабығын ғана көрсету. Мұндай сөздердің мазмұны контекст арқылы ашылады. Аудармашы осы тәсілді қолдана отырып, жаңа сөзді түсіндіруде қателік жіберіп алудан қашады.
2) Калькілеу. Бұл тәсілдің мәні баламасыз сөздің құрылымдық бөліктері олардың аударма тілдегі сөзбе-сөз нұсқаларымен ауыстырылады: іскерлік банк, қызметтік автомашина, жоғарғы палата, директорлар кеңесі, қауіпсіздік кеңесі т.б.
3) Баламасыз лексиканың өзіндік сонылығын сақтап, аударма тілдің мүмкіндігін пайдаланып, жаңа сөз немесе сөз тіркесін жасау. Зейнеткер, тіркелім, бағдаршам, іссапар, тікұшақ, күнтізбе т.б.
4) Сипаттама (түсіндірме) аударма тәсілі – баламасыз лексиканы тілдік бірліктің мағынасын кеңінен сипаттау (сөз тіркестері, фразалар) арқылы жеткізу. Оның артықшылығы сипатталатын құбылыстың мәнін толық ашу мүмкіндігін береді. Түпнұсқа тіліндегі сөз беріледі де, оның беретін мағынасы аударма тілдің тәсілдерімен түсіндіріледі.
5) Ұқсастырып аудару тәсілі – Аяз Ата, Қарша Қыз т.б.
Тапсырмалар:
1. Сөз тіркестерін аударып, техникалық терминдердің қалай жасалғанын түсіндіріңіз.
Радиопередающие устройства –
Генерация радиосигналов –
Устройство, генерирующее радиосигналы –
Полупроводниковые транзисторы –
Сверхчастотные транзисторы –
Гармонические колебания –
2. Терминдерді түсіндірме әдісін қолданып сипаттаңыз.
Үлгі: Флуктуация – «Флуктуация» латын тілінде тербеліс деген мағына береді. Көпарналы тарату жүйелерінде флуктуациялық бөгеуілдер (тербеліс түріндегі бөгеуілдер) электрлік бөгеуілдердің бір түрі ретінде қарастырылады.
Транзистор –
Модуляция –
Монитор –
Сигнал қуаты –
3. Сөз тіркестерін аударыңыз.
Основное усиление; на неизменной промежуточной частоте; полосовые фильтры; резонансная характеристика; полоса пропускания приемника; частота принимаемого сигнала; большой диапазон промежуточных частот; использование транзисторных радиопередающих устройств; волоконно-оптические линии связи; отличается высоким КПД и надежностью; снижается чувствительность; уровень внешних помех и внутренних шумов; качественные показатели приемника.
4. Сөздерді, сөз тіркестерін, сөйлемді аударыңыз.
қуат –
жоғары жиілікті –
тербеліс –
радиотехникалық аппаратурада –
қуаты 10 кВт-қа дейінгі –
жоғары жиілікті тербелістер –
транзисторлардың көмегімен –
Қазіргі радиотехникалық аппаратурада қуаты 10 кВт-қа дейінгі жоғары жиілікті тербелістерді транзисторлардың көмегімен генерациялайды.
5. Жақшаның ішіндегі сөздерді аударып, сөйлемдерді толықтырыңыз.
Сәулені, оның ішінде (свет), екі өлшемде өзгертіп, (преобразовать) болады. Мысалы, лазер сәулесі (в микронах) өлшенеді, ол нерв, нейрон талшықтарына операция жасауға (дает возможность). Сәулелік байланыс бір бағытты: сәуле шыққан жеріне (не возвращается), яғни қабылдау көздері хабардың шығу (источникам) қайтып әсер етпейді. (Полезное действие) коэффициенті де (мало). (В связи с этим) бағасы қымбат және жұмыс (надежность) төмен. Сонымен, оптикалық сигналды екі (измерениях) (пространство) және уақыт аралығында өзгертіп, модуляциялауға (можно).
6. Көп нүктенің орнына тұлғасы мен мағынасы жағынан сәйкес келетін сөздерді қойып, сөйлемдерді аударыңыз.
1. Қуатты каскадтары кілттік режимде ................... таратқыштарды құру мәселелері талқыланады.
а) жұмыс істеген
ә) жұмыс істейтін
б) жұмыс істеп
в) жұмыс істегіш
2. Мұнда транзистордың көрсеткіштері генерацияланатын ........... аз әсер етеді.
а) қуаттан
ә) қуатта
б) қуатты
в) қуатқа
3. Бұл оқу .................... сырттан қоздырылатын генераторлардың теориясы және оның әртүрлі сұлбаларын есептеу жолдары қарастырылған.
а) құралында
ә) құралда
б) құралдан
в) құралды
4. Жүктемелік және модуляциялық сипаттамаларды қоса, генератор сипаттамасының .............. қарастырылады.
а) кешенін
ә) кешен
б) кешені
в) кешенді
5. Дегенмен де ауыстырып қосу процестерінің инерттілігін ескеру .................
а) мүмкін
ә) қажет
б) шығар
в) сияқты
6. Мұндай генераторлардағы транзисторлардың кедергісі өте кең аралықта, тіпті нөлден шексіздікке ............... өзгереді.
а) дейін
ә) соң
б) кейін
в) шейін
7. Жақшадағы сөздің орыс тіліндегі баламасын қойып, сөйлемді толықтырыңыз.
1. Қазіргі радиотехникалық (в аппаратуре) қуаты 10 кВт-қа дейінгі (высокочастотные) тербелістерді транзисторлардың (с помощью) генерациялайды.
2. Алайда, (ключевых) генераторлардың (преимущества) транзистордағы процестердің (инертность) әсер етпейтін (в сравнительно низких) жиіліктерде айқындалады.
3. (Таким образом), кілттік режимді әлі де қолдануға болатын (промежуточных) жиіліктердің үлкен (диапазон) бар.
4. Гармоникалық (колебаний) транзисторлық генераторларын (проектирование) және оның теориясы мәселелеріне (зарубежных) және отандық (ученых) көптеген еңбектері (посвящено).
5. (А также), (мощные) каскадтары кілттік (режиме) жұмыс істейтін таратқыштарды (построение) мәселелері (обсуждаются).
6 (Здесь) кілттік режимдерді (применение) ерекше тиімді болып табылатын бір (боковой) жолақта істейтін байланыс (системам) айрықша көңіл (уделено).
Мағыналық аударма жасаңыз.
Диэлектрлік заттар, олардың жіктелуі
Диэлектрлік заттарға электр тогын өткізбейтін активті және пассивті диэлектриктер жатады. Әртүрлі электр потенциалдары әсер ететін электр құрылғыларының ток жүргізуші бөлшектерін бір-бірінен оқшаулайтын және ток жүрмейтін, бірақ өткізетін бөлшектерді (мысалы, корпус, кабельдің орамалары) ток жүретін бөлшектерден оқшаулайтын заттарды электр оқшаулағыш немесе пассивті диэлектрик дейміз.
Егер диэлектриктердің басқарылатын қасиеттері болса, олар активті диэлектриктер болады.
Электр тогын өткізбейтін заттар агрегаттық күйі бойынша 3 түрге бөлінеді: газ тәріздес, сұйық және қатты. Бөлек бір топқа қататын заттар жатады. Ол заттар бастапқы кезде сұйық болады да, дайын күйінде қатты болып шығады (мысалы: лактар, эмальдар, компаундтар).
Қатты оқшаулағыш заттар өз кезегінде органикалық қатты және органикалық емес қатты заттарға бөлінеді.
Мәтінді керекті қосымшалармен толықтыра отырып, оқыңыз, неге қандай қосымша қойғаныңызды түсіндіріңіз.
Телекамералы тоңазатқыш
«Электролюкс» деп ата.. швед фирмасы ішінде телекамерасы бар тоңазытқыш жаса... шығарды. Тоңазытқыш иесі кез келген компьютерден, тіпті керек де..., ұялы телефонның экранынан интернет арқылы «салқындатқыш сандығының» ішіндегі тағамдарды көр... ал... болады.
Сөздікті пайдаланып мәтінді аударыңыз.
ISDN желісіне енімнің ұйымдастырылуы
ISDN қызметіне енімнің екі деңгейі бар:
- негізгі деңгейдің енімі (ISDN BRI);
- кеңейтілген деңгейдің енімі (ISDN PRI).
ISDN BRI, кәдімгі телефон желісінде пайдаланылатын мыс жұбы негізінде құрылған байланыс желісі (U–интерфейс) арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, пайдаланушының ақырғы құрылғысына дейін өткізу қабілеттілігі 144 КБит/с-ке тең цифрлық синхронды мәлімет беру арнасы жасалынады. Берілген жылдамдық үш арнаны мультиплекстеуден: тарату жылдамдығы 64 Кбит/с-тік екі В-арнасынан (Bearer channels) және 16 Кбит/с-тік D-арнасынан (Delta channel) құрылады. Арнайы хаттамалар мен интерфейстердің көмегімен тарату жылдамдығын 384 Кбит/с-қа дейін арттыруға болады. Мұның өзі теледидарлық сапасы бар толықэкранды бейнеконференция өткізуге мүмкіндік береді.
В-арналары арқылы пайдаланушының ақпараты беріледі. Ақпараттар: дауыстық байланыс, бейне немесе мәліметтер болуы мүмкін. D-арнасы ISDN желісіне қосылған пайдаланушылардың ақырғы құрылғыларының жұмысын үйлестіретін қызметтік сипаттағы ақпаратты береді. Сондай-ақ D-арнасымен мәліметтер қаттамасы түріндегі пайдаланушылық ақпаратты беруге болады.
Сондай-ақ ISDN-ті құруда импульсті-кодалық модуляция техникасына негізделген тез жылдамдықты магистральдық цифрлық арна пайдаланылады.
Т1 арнасымен өткізгіш жұбы арқылы 1,544 Мбит/с жылдамдықпен цифрлық сигналдар таратылады. Т1 арнасы АҚШ стандарты болып табылатын ИКМ-нің 24 арнасы арқылы мәліметтер беруді қамтамасыз етеді.
Сигнал мынадай тәртіппен мультиплексияланады: әуелі ИКМ-нің бірінші арнасынан мәліметтердің 8 биті, сосын екінші арнадан 8 бит т.с.с. беріледі. 24-арнадан кейін кадрдың бір бит-бөлгіші қосылады. Сонда кадрдың ұзындығы 24×8+1=193 бит болады. Осындай кадрлардың секундына 8000-ы беріледі және жалпы жылдамдығы 153×8000 = 1540000 бит/с болып шығады.
Еуропа мен Ресейде құрамына 30-ы пайдаланушылар мәліметтері үшін және 2-уі қызметтік сипаттағы ақпаратты беру үшін ИКМ-нің 32 арнасы (жалпы жалдамдығы – 2,048 Мбит/с) кіретін басқа Е1 стандарты қабылданған. Демек, магистральда бір мезгілде әрқайсысының өткізу қабілеттілігі 64 кбит/с-тық 30 телефон арнасы жұмыс істейді. Осыған байланысты PRI кеңейтілген деңгейі енімінің құрамына 32 арна кіреді: оның 30-ы жылдамдығы 64 Кбит/с-тік негізгі енім күре жолының В-арнасына эквивалентті, бір арна синхрондауды жүзеге асырады, ал қалған D-арнасы (64 Кбит/с) ақпараттық В арналарының желіішілік өзара әрекеттесуін жүзеге асырады.
Мәтін бойынша тапсырмалар.
1. Сәйкес қосымшаны белгілеңіз.
Жылдамдық.....тан/пен/та таратылады; синхрондау.... ды/да/дың жүзеге асырады, енімнің құрам.......ға/ына/нан 32 арна кіреді: Е1 стандарт....ы/ын/ының қабылданған; арна....ны/н/ның мультиплекстейді; мәліметтер беру...ді/де/ден қамтамасыз етеді; арттыру...да/ға/дан болады.
2. Сұрақтарына қарап, бос орынға қажетті қосымшаны қойыңыз.
Пайдаланушылардың ақырғы құрылғылары..... (ненің) жұмысы; қызметтік сипат........ (қандай) ақпаратты беру үшін; екі В-арнасы...... (неден) (Bearer channels) және 16 Кбит/с-тік D-арнасынан (Delta channel) құрылады; кадр....... (ненің) ұзындығы 24×8+1=193 бит болады; бір мезгілде (қашан) 30 телефон арнасы жұмыс істейді; мәліметтер беру....(нені) қамтамасыз етеді; өзара әрекеттесу....(нені) жүзеге асырады; Е1 стандарт.... (не) қабылданған; негізгі енім күре жолының В-арна......(неге) эквивалентті; сигнал мынадай тәртіп.......(немен) мультиплексияланады.
Аудармадағы грамматикалық мәселелер
Түпнұсқаның грамматикалық формасын өңдеу, реттеу аударманың мақсатына жатпайды. Аударманың мақсаты – түпнұсқаның аударма тілге сай келмейтін грамматикалық формаларын жеткізу. Бұл жерде басты шарттың бірі сол, түпнұсқадағы грамматикалық формалардың өзгешелігі белгілі бір стильдік қызмет атқару керек. Мұндай ерекшеліктерге, мысалы грамматикалық формалардың ықшамдылығы, сөйлем құрылымындағы, синтаксистік күрделі бірлікті құрастырушы сыңарлар арасындағы жарыспалылық, белгілі бір сөз табын неғұрлым жиі қолдану т.б. сипаттар жатады. Осы сияқты грамматика-стилистикалық бірліктерді аудару не болмаса аударма тілде бар аналогиялық құралдарды қолдану жолымен жеткізу аударманың міндеті болып табылады.
Жат тілдегі кейбір өзгеше грамматикалық құрылымдарды игеру қиын болуы мүмкін. Алайда осы сияқты тұлғалардың аударма тілге белгілі бір сұлба арқылы жететіні де болады. Мысалы: Я знал, что придешь деген орыс тілінің сабақтас құрмалас сөйлемінің бағыныңқы компоненті («что придешь») қазақ тіліне Сенің келетініңді біліп едім деп көбіне тура толықтауыш болып аударылады. Мұндағы ерекшелік сол, қазақ тілінде толықтауыш бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем жоқ. Бұл сияқты грамматикалық сәйкессіздіктерді аудару, әдетте, сөз тіркесі, сөйлем шегінде ғана жүзеге асады.
Дәлме-дәл формальды – грамматикалық тұрғыдан аудару тұлғалық-формалық сәйкестіктердің болмауына байланысты көбіне мүмкін болмай қалады.
Бұдан шығатын қорытынды сол, аударуда грамматикалық санаттардың айнымалы өзгергіштігі, тіпті дәл аударылуы дегеннің өзінде, әрдайым болып тұратын құбылыс. Формалық-грамматикалық тепе-теңдік деген нәрсе аудармада тіпті өте сирек болады екен. Оның себептері мыналар:
1) Түпнұсқа тілде кездесетін элементтерге аударма тілде формалық-грамматикалық сәйкестіктердің болмауы. Мысал ретінде орыс тілін түпнұсқа тіл деп алсақ, ол тілдегі етістіктің вид категориясы, род категориясы, сын есімнің қысқа формасы т.с.с.
2) Керісінше, аударма тілде бар элементтер түпнұсқа тілде болмайды. Бұған орыс тілінен қазақ тіліне аударуда кездесетін қазақ тіліндегі етістіктің нақ осы шағы, бұрынғы өткен шағы, өзгелік етіс, тәуелдік жалғау т.с.с. жатқызуға болады.
3) Аударма тіл мен түпнұсқа тілде формалық-грамматикалық жағынан бір-біріне сай келетін элементтер болғанмен, аудару үстінде олар қызметтері жағынан әртүрлі болып келуі мүмкін. Мәселен, орыс тіліндегі «и» көп мағыналы, ол кейде себеп-салдар мағынасын берсе, кейде шарттылық мағынасын да береді. Мысалы: Он не жених тебе, и вам вместе жить нельзя. («и» салдар мағынасын үстеп тұр). Сумейте создать условия, и вы удлините жизнь растений. (Бұл жерде «и» шарт мағынасын білдіріп тұр). Сол сияқты қазақ тіліндегі шартты рай тұлғасы формалық жағынан орыс тілінің «бы» демеулігіне балама болатындай. Алайда қазақ тіліндегі шартты рай басқа мағыналарда да жұмсалады. Тағы бір мысал. Қазақ тілінің дейін шылауы орыс тілінің до предлогымен сай келеді. Алайда «Мне не до шуток» дегеннің қазақшасы «Менің қалжыңдайтын жайым жоқ» болып шығады.
Мәселен, орыс тіліндегі ырықсыз (пассив) құрылымды («дом построен рабочими») сөйлемдер ауызекі сөйлеу тілінен гөрі кітаби-жазба стильде көбірек тараған. Сондай-ақ қазақ тілінде баяндауыштың орын тәртібінің өзгеруі басқа стильден гөрі ауызекі сөйлеуге, поэзияға тән десек болады.
Кейбір қорытындылар:
Түпнұсқа тіл мен аударма тілдің грамматикалық жүйелерінің сәйкессіздігі, осыдан келіп шығатын кейбір грамматикалық формаларды дәлме-дәл бере алмау сияқты қиындықтан басқа грамматикалық құралдармен немесе грамматикалық тұлғалардың орнына лексикалық сөз қолданумен игеріледі.
Екіншіден, аударуда екі тілдің тұтас грамматикалық жүйесін есепке алып отыру керек, жекелеген жайттарды қуалап кету олқылыққа ұшыратады.
Келесі бір әрқашан есте ұстар мәселе, грамматикалық құрылымдарды аударуда да мағыналық-стильдік бояуды, контексті назардан тыс қалдыруға болмайды.
Аудармадағы трансформациялық үдерістер
Аудармада бара-барлыққа жету аудармашыдан әрқилы тіларалық өзгертулер жасай білуді талап етеді. Мұндай өзгертулер аударматануда трансформациялар деп аталып жүр. Мұндай трансформациялар көбіне түпнұсқа тіліндегі хабар, мағлұматтарды, мазмұнды аударма тіл нормаларын сақтай отырып жеткізу мақсатына бағындырылады.
Аудару процесінде кездесетін мұндай әрекеттер, ғалымдардың көрсетуінше, төрт типке бөлінеді:
1) Орын алмастыру (перестановки).
2) Ауыстыру (замены).
3) Қосу (добавления).
4) Түсіріп тастау (опущения).
Бұлай бөлу шартты бөлу болып табылады, өйткені көбіне бұлар аудару үстінде бір-бірімен қоса жарыса бірігіп, араласып кетіп отырады.
1. Орын алмастыру. Бұл – аудуару үстінде түпнұсқа тілдегі элементтердің орналасу тәртібін аударма мәтінде өзгертіп беру. Алмастырылатын, әдетте, сөздер, сөз тіркестері, құрмалас сөйлем сыңарларының орын тәртібі, дербес сөйлемдердегі тіркестердің орны.
Мыс: Я в отчаянье, если бы Вы на то не согласились. – Егер Сіз бұған келіспесеңіз, мен өкініп қалар едім.
2. Ауыстыру – түпнұсқа мәтіндегі сөз формаларын, сөйлемшелерін, синтаксистік байланыс түрлерін аударма тілде басқа тілдік бірліктермен беру. Сөйлем мүшелерін ауыстыру. Радио изобретено А.С.Поповым. – Радионы А.С.Попов ойлап тапқан. Бұл аударуда толықтауыш бастауышқа айналып тұр, өйткені ырықсыз (пассив) құрылым қазақ тіліне сол түрде аударылмайды. Алайда, өкінішке орай, біздің студенттеріміздің көбісі Радио А.С.Поповпен ойлап табылған деп қате аударады.
Орыс сөйлеміндегі пысықтауыш қазақ тіліне бастауыш түрінде аударыла алады.
Құрмалас сөйлем көлеміндегі ауыстырулар. Құрмалас сөйлем құрылысына байланысты синтаксистік трансформациялардың төмендегідей түрлері орыс тілінен қазақ тіліне аударуда жиі кездеседі.
1) Жай сөйлемді құрмалас сөйлем етіп аудару.
2) Құрмалас сөйлемді жай сөйлем етіп аудару.
3) Басыңқы сөйлемді бағыныңқы етіп немесе бағыныңқыны басыңқы етіп аудару.
4) Сабақтас байланысты салалас етіп немесе салалас байланысты сабақтас етіп жеткізу.
5) Жалғаулықты байланысты жалғаулықсыз етіп жеткізу, не керісінше.
Жалғаулықсыз байланысты жалғаулықты етіп аудару.
Жалғаулықты байланысты жалғаулықсыз байланысқа ауыстыру. Қазақ тілінде жалғаулық арқылы салалас құрмалас сөйлемді құрайтын сыңарлар ғана байланысады, оның өзінде жалғаулықтар сөйлемдер арасындағы мағыналық қарым-қатынасты анықтауда ерекше қызмет атқармайды.
Жалғаулықтар қатыспай тұрып-ақ құрмалас сөйлемнің компоненттері арасындағы мағынаны ажырата аламыз. Ал орыс тілінде жалғаулықтар құрмаластың компонеттері арасындағы мағынаны айқындап тұрады. Осы себепті орыс тіліндегі жалғаулықты байланысты қазақ тіліне жалғаулықпен аудару міндетті емес. Бұл жердегі аударудың мәні де осындай.
Лексикалық аударулар. Бұл туралы негізгі мәселелер аударманың лексикологиялық тұрғысына қатысты айтылды. Сондықтан біз бір ғана жайтқа ғана тоқталамыз.
Екі тілдегі сөздердің мағыналық ауқымы әртүрлі болады, соған байланысты түпнұсқа тіліндегі кең мағыналы сөздерді аударуда нақтыландыруға тура келеді немесе, керісінше, түпнұсқа тілдегі тар мағыналы сөзді аудармада кең мағыналы сөзбен береміз. Бұның бірінші тәсілін – нақтыландыру (конкретизация), екіншісін жалпыландыру (генерализация) деп атайды.
Шендестіре аудару (Антонимический перевод). Шендестіре аудару дегеніміз – түпнұсқадағы болымды мағынаны болымсыз түрде я, керісінше, түпнұсқадағы болымсыз мағынаны болымды етіп аудару. Мысалы: Астронавты вернутся на землю не раньше, чем в феврале. – Астронавтар ақпан болмай жерге оралмайды.
Қосу. Кейде түпнұсқа тілдегі құрылымда белгілі бір сөздің не элементтің айтылмауы көрінбей тұруы мүмкін. Ал аударма сол элементті көрсетуге тура келеді, міне, осыған байланысты қосу тәсілі қолданылады: Слава народам Казахстана! – Қазақстан халықтарының даңқы арта берсін!
Түсіріп тастау. Бұл – мәні жағынан қосуға қарсы тәсіл.
Достарыңызбен бөлісу: |