зауытында, “Тұрмыстық химия” зауытында, Гагарин атындағы тігін
фабрикасында істейтіндер еді. Осы зауыттар мен фабрикаларда жұмыс
істейтін жігіттер мен қыздарда аз қорлық көрген жоқ. Кейбірі абақтыға
жабылып, 5-6 жылдан бас бостандығынан айрылып жатса, кейбірі қудалауға
ұшырап желтоқсан қозғалысы кезінде соққыға жығылды.
1986 ж. Желтоқсан оқиғасы тек Алматыда ғана емес, аймақтарда да
арпалыс туғызды. Бұл кезде митінгілер
мен шерулер Жезқазғанда,
Қарағандыда, Талдықорғанда, Арқалықта, Көкшетауда,
Өскеменде,
Сарыөзекте, Семейде, Талғарда, Шымкентте және т.б. қалаларда өтті.
Мысалы, Жезқазғанда 19 желтоқсанда педагогикалық және политехникалық
институттардың 500-ге тарта студенттері Ленин көшесінің бойына шықты.
Олардың қолдарында орталықтың әділетсіз ұлт саясатына наразылық
білдірген ұрандар болды. Бейбіт шеруге шыққандарға шабуыл жасалынып,
күшпен қуылды. Екі жүздей қолға түскен студенттер қалалық өрт сөндіру
бөлімінің депосына қамалып, сол жерде жедел тергеу жұмыстары жүргізілді.
Халық көп жиналатын дүкендер мен кинотеатрлардың
қабырғаларына бір
түнде майлы бояумен наразылық ұрандарын жазып шыққан жас кенші
Мұратбек Шекербаев екі жарым жылға сотталып, түрме азабын тартты.
КОКП ОК-нің Қазақстан басшыларын өзгерту жөніндегі алғашқы қадамы
Қарағандыдан басталды. ЖОО арасында байланыс орнап, сол күнгі кешкі
сағат 20.00-де Гагарин атындағы алаңға студент қазақ жастары жиналды.
Топтасқан жастар алдында партия активтері шығып, сөз сөйлеп, ақылдарын
айтып-ақ бақты. Бірақ жастарды жаттанды, жалпылама, жадағай сөз
қанағаттандырмады. Жиналғандар нақты сұрақ қойып, басшылар оған жауап
таба алмай, дал болған дағдарыстан соң жоғарыдағылар
бұл тығырықтан
шығудың жолын Ішкі істер органы қызметкерлерінің көмегіне сүйену арқылы
шешті. Қызыл жағалылар бұйрықтың берілуі сол екен, шұғыл әрекетке көшті.
Арнайы дайындықтан өткен милиционерлердің алдында кеше ғана мектеп
табалдырығынан шыққан қыз-жігіттер бөлшек-бөлшек шағын топқа бөлініп,
кейбіреулер төбеден жауған жұдырықтан құтылу үшін бас сауғаласа,
бірқатары қоршаудан сытылып кетті, тәртіп сақшылары қолға іліккендерді
дарылдата сүйреп, автобустарға өңгерді, ұсталғандардың бәрін Ішкі істер
органдарына жеткізді. Қарағандыда 19-20 желтоқсан күнгі оқиғаға
қатысушылардың бәрі де тиісінше жазаланды. Милицияның қолына түсіп,
тізімге іліккендердің жазасыз қалғандары болмады.
Қарағандыдағы оқиғаға
қатысқандардың ішінде ресми тізімге 269 адам ілікті. Мұның 206-сы студент
жастар. Солардың ішінде университтеттің 12, политехникалық институттан 6,
медициналық институттың 28, педагогика институтынан 53, кооператив
институтынан 3 студент оқудан шығарылды. Мәдени-ағарту училищесінен 9,
индустриалды-педагогикалық техникумнан 2 оқушысы да оқудан қуылды.
ЖОО-дағы 59 адамға қатаң сөгіс берілді.
Алматыдағы Желтоқсан қозғалысының жаңғырығы Өскемен қаласында да
етек алды. Әр түрлі оқу орындарында оқитын құрылыс-жол, ауыл
шаруашылығы, педагогикалық, медициналық, мәдени ағарту училищелері
студенттері 21 желтоқсан күні кешкі сағат 18-де Ленин атындағы алаңда
жиналып, наразылық митингісін ұйымдастыруды жоспарлады. Аталған
мерзімде алаңға 400-дей жастар жиналды. Бірақ
ішкі істер орындарының
күшейтілген кезекшілері жиын өткізуге мүмкіндік бермей, жиналған жастар
қаланың орталық көшелері арқылы өтіп, студенттер қалашығында жиындарын
жалғастыруды мақсат етеді. Алайда, Ушанов атындағы алаңда студент
жастарды жан-жақтан қоршап, оларды құқық қорғау орындары қызметкерлері
тарапынан айуандықпен ұрып-соғу ұстау басталды. Осы оқиға бойынша, 12
студент ұсталып, түрмеге қамалды. Сот үкімімен педагогикалық институттың
студенті Ақтанов Ербол екі жылға бас бостандығынан айырылды. Өскемен
педагогикалық училищесінің алты студенті комсомол қатарынан шығарылды.
Нәтижесінде орынсыз қорлау, жала жабу мен тергеуге шыдай алмаған студент
Сәбира Мұхаметжанова барлығын ұйымдастырған мен деп мәлімдеп,
жатақхананың 5-қабатынан секіріп, мерт болады. Сөйтіп ол желтоқсан
құрбаны, батырына айналды. Жалпы Алматыдағы желтоқсан қозғалысын
қолдау мақсатындағы 1986 жылғы 21-22 желтоқсандағы
өткен наразылық
шараларға қатысқаны үшін 32 жас комсомол қатарынан, оның 26-сы оқудан
шығарылды.
Арқалық қаласындағы “Октябрьдің 50 жылдығы” атындағы кинотеатр
алаңына 80 адамнан тұратын жастар тобы жиналып, Қазақстан Компартиясы
ОК-і V пленумына және Алматы қаласындағы оқиғаларға байланысты
сұрақтар қойған. Оларға түсіндіру жұмысын жүргізу үшін қалалық партия
комитетінің алдына шақырылды. Олардың барлығы таратылды. Облыстық
партия комитетінің бюро мүшелерінен жасақталған адамдар жастар
жатақханаларына кезекшілікке қойылып, облыс бойынша осы күндері 725
партия мүшелері мен белсенділері кезекшілік атқарды.
Шымкент қаласында технология институтының ІҮ курс студенті
Байназаров аудиторияларды аралап, Алматы қаласы студенттерінің толқуын
қолдауға шақырған. Бірақ ол тез ұсталған. Сөйтіп, аймақтарда да өз ұлтының
тәуелсіздігі үшін арпалысқан жастар қатары көбейген. Амал нешік қаһарлы
қызыл империяның коммунистік саясаты олардың жастығына қарамай жаппай
жазалаумен болды.
Достарыңызбен бөлісу: