Түсінік хат
Күнтізбелік-тақырыптық жоспар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген «Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы негізінде жасалды.
Қазақ тілі пәнін оқыту мақсаты – ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету.
«Қазақ тілі» оқу пәнін оқытудың негізгі міндеттері:
қазақ тілін ана тілі ретінде тани отырып, өмірлік қажеттіліктеріне коммуникативтік әрекеттер түрінде (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым) сауаттылықпен қолдану;
тіл сауаттылығы мен сөйлеу сауаттылығын, сөз байлығын, басқалармен еркін қарым-қатынасқа түсу;
аудиовизуалды материалды тыңдау барысында өз көзқарастарын білдіру;
мәтіндерге қойылған мақсатқа сәйкес қорытынды, синтез, анализ жасау дағдыларын қалыптастыру.
6-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» пәнінің базалық білім мазмұны:
1) тыңдалым және айтылым: көтерілген мәселені болжау, әлеуметтік-мәдени, ресми-іскери тақырыптарға байланысты диалог, монологтердегі көтерілген мәселені талдау, мәтін мазмұнын түсіну, детальді ақпаратты түсіну, жетекші сұрақтар арқылы негізгі ойды анықтау, жалпы және нақты сұрақтар, мәтін мазмұнын шынайы өмірмен байланыстыру, ресми сөздер мен тіркестерді, терминдерді орынды қолдану, диалогке қатысу;
2) оқылым: мәтіннен негізгі және детальді ақпаратты анықтау, ауызекі сөйлеу мен көркем сөйлеуді тілдік құралдар арқылы тану, ауызекі сөйлеу мен көркем сөйлеудің құрылымдық және жанрлық ерекшеліктерін ажырату, мәтін негізінде нақтылау сұрақтарын құрастыру, оқылым стратегияларын қолдану, комментарий жасау, іріктеп оқу, рөлге бөліп оқу, сілтеме жасау;
3) жазылым: әртүрлі жанрдағы мәтіндер жазу үшін жоспар құру, мінездеме, өмірбаян, құттықтауды жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай жазу, графиктік мәтін құрастыру, эссе жазу барысында абзацты жүйелі құрастыру, «келісу, келіспеу» эссесін жазу, жинақы мәтін жазу, мәтіндегі орфографиялық және пунктуациялық қателерді сөздіктерге, емле ережелеріне сүйеніп, түзету, редакциялау;
4) әдеби тіл нормалары:орфографиялық норма: жеке, бірге, бөлек, дефис арқылы жазылатын сөздер;
орфоэпиялық норма: сөз екпіні, тіркес екпіні, логикалық екпін;
лексикалық норма: көнерген сөз, эвфемизим, дисфемизм, неологизм, термин, диалект сөз, кәсіби сөз, табу сөздер;
грамматикалық норма: есімдік, етістік, етіс түрлері, салт және сабақты етістік, үстеу, үстеудің мағыналық түрлері;
пунктуациялық норма: қазақ тіліндегі тыныс белгінің түрлері, даралаушы тыныс белгілері.
Достарыңызбен бөлісу: |