64. Дайындықсыз ауызша сөздегі қателер Жүргізуші: Құрметті тыңдармандар, бұл – «Дұрыс сөйлейік!»



Дата17.06.2018
өлшемі21,04 Kb.
#42950
64. Дайындықсыз ауызша сөздегі қателер
Жүргізуші: Құрметті тыңдармандар, бұл «Дұрыс сөйлейік атты бағдарламалар циклі. Анар xанымға ендігі сауалымыз: «Дайындықсыз ауызша сөздегі қателер». Расында да, Анар ханым, дайындықсыз ауызша сөздегі қателер деген менің түсінігім бойынша, бұл дайындықсыз айтыла салған сөздер. Қазір байқасаңыз, көбіне жастардың арасында, білмеймін, осы тілге қатысты үлкен мәселе деп те айтса болатын шығар. «Барсам да», «келсем де» дегендей, керек емес жалғауларды қосады. Сіз қалай ойлайсыз?

Анар ханым: Иә, иә дұрыс айтасың, Самат. Дайындықсыз сөйлеу дегенде енді жіберілген қателерге кішкене кешіріммен қарау керек деп алдыңғы бағдарламаларда айттық қой. Себебі адам дайындалмайды да, ол тосыннан жағдаятқа тап болғанда сөйлеуіне тура келеді. Дегенмен тіл тазалығы үшін, тіліміздің мәдениеті үшін, бұл енді үлкен мақсаттар. Және сол сөйлеп тұрған адамда дайындық сөз кезінде өзі үшін қажетті кішкентай мақсат болады. Сені тыңдап тұрған адамның құлағына жағымды сөйлеу, ол сенің сөзіңді түсіну үшін, сен айтқандай, паразит сөздерді қайталаудан кішкене сақ болу керек. Кішкене емес, тіпті де сақ болу керек деп те айтамын. Мысалы, қазіргі жастардың тілінде «да», «ше» деген қажетсіз паразит сөздер деп айтуға да келмейді. Бұлар тіліміздегі бар шылаулар, дегенмен осы сөздерді айта береді. «Мен ше», «барғанда ше», «алғанда ше», «көргенде ше», «келгенде ше» деген. «Сен да», «сөйтсен да», «бүйтсен да», «мен бүйтсем да қайтет?» «Сөйтейік та», «бүйтейік та» дегендердегі «да», «де» дегендерді қосады да, мүмкін басында 1-2 рет қолданған кезде, сол сөйлеп тұрған адамға сөзіне бір ерекше реңк беретін де шығар, бірақ мұны қайта-қайта қайталай бергеннен сөздің мазмұны бұзылады. Осындай паразит сөздердің қандайы бар деп ойлайсың Самат?

Жүргізуші: Мына орысша аралас сөздер, «ағашка», «апашка» қайдан шыққанын білмеймін бұл сөздердің.

Анар ханым: Иә, дұрыс енді бұларды да паразит деуге болар, бірақ бұлардың паразит сөздерден айырмашылығы бар. Паразит сөздер деген ешқандай мазмұны жоқ. Адамның өзі әдетке айналдырып қоса беретін сөздер.

Жүргізуші: «Өлә» деген сияқты...

Анар ханым: Иә, «өлә» деген сияқты. «Өлә» кішкене диалект реңкі бар. Мысалы, жастар паразиттік сөздердің ішінде «негізі» деген сөзді көп айтады. «Негізі бүгін бар ғой, емтихан негізі», «Сен барасың ба, негізі барған дұрыс еді» деген сияқты қоса береді. Осы негізі паразит сөз. Ал енді жанағы «апашка», «ағашкаларың» өте дұрыс байқағансың, бұлар паразит сөздер емес. Бұлар варваризм сөздер деп аталады және оның ішінде шала «варваризмдер» деп атар едім. Жартысы орысша болады да, оған жалғанған қосымшалар қазақша болып кетеді. Бұл енді тіпті қасиетті апа, ата, жеңге деген сөздердің қадірін, қасиетін кетіреді, анау орыстың «–шка», «-чка», «-ка» деген орыс тілінің «уменьшительно ласкательный суффикс» дейтін формаларын қосады. Әдетте мен «ка»-ларды естіген кезімде «белка», «стрелка», «собачка», «мурка» деген орыстың иті мен мысығына қойған аттарын көз алдыма елестетемін. Сөйтіп, біздің апа деген қасиетті сөзге «шканы» жалғаған кезде тура ішім удай ашиды. Ол қалай апашка болады, ол қалай женгешка болады, ол қалай тәтешка болады? Оны қатты ерекшелеп айтқысы келсе, «апатайым», «апажан», «жеңгетайым», «жеңгежан» деп айтсын, өйтіп еркелеткісі келіп бара жатса. Міне, осындай сөздерден сақ болу керек. Тағы да бір осындай варваризмдердің ішінде таза орыс сөздер бар. Бірақ олар қазақша айтылымға қазақшаланып кетіп бара жатыр қазіргі кезде. «Сәбсім», «ваше» деген сияқты сөздер. «Сәбсім», «ваше» деген сөздерді сөз арасына қосқан кезде...

Жүргізуші: Айтсаң таза айт, айта алмайсың ба айтпа...

Анар ханым: Иә, «сәбсім» дегеннің орнына, мысалы, «тіпті» дегенді айтуға болады, «ваще» дегеннің орнына «мүлде» дегенді айтуға болады. Қазақтың сөзі де толып жатыр ғой. «Даже» дегенді қосамыз, «уже» дегенді қосамыз. «Вот» деп жібереміз. «Так» деп жібереміз. Міне, осындай сөздерге кішкене сақ болу керек. Бұл сіздің сөйлеп тұрған сөзіңіздің тіпті тұрмыстық аяда болса да, тіпті күнде көріп жүрген адамыңызға болса да, тіпті туған бауырыңызға, қарындасыңызға сөйлеп тұрсаңыз да, сөз сапаңызды төмендетіп жібереді. Көп қолдануға болмайды. Ал енді мынандай орыс тіліндегі жаргон сөздер бар. Олардан мүмкіндігінше аулақ болғандарыңызды сұрар едім.

Жүргізуші: Мысалы?

Анар ханым: Мысалы, «мамашка», «махан», «батя», «батяня». «Пахан», «братан»... Иә, бұлардың бәрі «кент» деген сияқты сөзінің бәрі орыс тіліндегі түрме жаргондары. Бұндай сөздерді қолданған кезде орыс мәдениетінің өкілі бұндай сөзді қолданып тұрса, мысалы, әдетте оған қылмыстық элемент өкілі ретінде баға беретін еді. Ааа.. бұл сондай қылмыстық элементтің өкілі шығар деп ойлап қаласыз. Осыны қазақтың қаракөз қыздары мен қаракөз жігіттері айтып тұрған кезде, тіпті құлаққа түрпідей тиеді.

Жүргізуші: Түп мағынасын түсінбей...

Анар ханым: Иә, түп мағынасын түсінбейді, бұл орыстың жаргонының ішіндегі түрме жаргондарынан қалған сондай пәс қолданыстар. Осыдан абай болу керек. Енді дайындықсыз сөздердің сапасын тағы не нашарлатады, тағы қандай қателер нашарлатады десе, диалектілерді де айтар едік. Әрине сіздің тіліңізде 1-2 сөз диалектілік реңкпен айтылып кетіп жатса, ештеңе жоқ. Дегенмен сіз сөзіңіздің әрбір бөлігінде «жүдә», «өлә», «өлә, саған», «өш», «қасқа», «мә» деген сияқты диалектілік қыстырмаларды қолданып, «де» дейтіндер де бар... Осыны қайта-қайта қолдана берсеңіз, мүмкін 1-2 рет қолдансаңыз, енді экспрессия болу мүмкін. Сөзіңіздің бояуы қанық болып. Дегенмен қайта-қайта қолдансаңыз, тыңдап тұрған адамды шаршатады. Одан кейін диалектілік формалар бар. «Берсеңдершиш», «барсаңдарсайш» деген. Енді осындай сөздерді қолданып тұрған адамыңыз сіз жақтың өкілі болса, ол түсінеді, сіздің не айтып тұрғаныңызды. Енді ол басқа жақтың өкілі болса, бұндай диалектілік қолданысты естімеген адам адам болса, ойыңызды түсінбей қалуы мүмкін. Сондықтан осы жағына да сақ болу керек. Әсіресе содан кейін мынау жастардың сөйлесу әдебінде сөздердің аяғын жұтып қою көбейіп бара жатыр. Әрине сондай жылы қарым-қатынастағы адамыңызбен, күнделікті бір көріп жүрген адамыңызбен сөйлескенде мүмкін болатын да шығар «баратырк» «келартрк» деп сөйлеу... «Айттым ғо», «келдім ғо» деп, «бердім ғо» деп сөйлеу... Осыны әдет қылып айналдырып алсаңыз, ертең ресми ортада да өстіп сөйлеп кету қаупі бар. Сондықтан кішкене ауызша сөздерде адам өзін кадағалап, осындай сөздерден қашуға тырысу керек «баратырқ» дегеннің орнына «бара жатырмыз», «келатрк» дегеннің орнына «келе жатырмыз», «мен ғо» дегеннің орнына «мен ғой» деп толық айтқан абзал болар еді.

Жүргізуші: Бәрекелді, орынды айтылған пікір. Біздің тыңдаушыларымыздың қаперінде жүрер деген ойдамыз. Көп рақмет!
Каталог: static -> electronic book -> text80
text80 -> 56. Көркем әдебиет стилінің ауызша формасы Жүргізуші: Сіздер «Дұрыс сөйлейік!»
text80 -> 30. Уәжcіз ауытқулар Жүргізуші: Құрметті тыңдармандар, «Дұрыс сөйлейік»
text80 -> 6. Ауызша сөз нормаларын қайдан білеміз? Жүргізуші: «Дұрыс сөйлейік!»
text80 -> 11. Сөз ағымы бірліктері Жүргізуші: Бұл «Дұрыс сөйлейік!»
text80 -> 29. Уәжді ауытқулар Жүргізуші: Құрметті тыңдармандар, «Дұрыс сөйлейік»
text80 -> 73. Грамматикалық қателер Жүргізуші
text80 -> 23. Бата беру Жүргізуші. Құрметті тыңдармандар, бұл – «Дұрыс сөйлейік»
text80 -> 72. Сөздерді дұрыс айтпау Жүргізуші: Қадірменді тыңдармандар, бұл – «Дұрыс сөйлейік!»
text80 -> 41. Ауызша сөздің үлкен 2 типі: дайындықты және дайындықсыз Жүргізуші: Құрметті тыңдармандар, бұл – «Дұрыс сөйлейік»
text80 -> 20. Қоштасу Жүргізуші: Бұл «Дұрыс сөйлейік!»


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет