Ұлы даладағы ежелгі металлургия.Қазақ жері ертеден-ақ қазба байлықтарға бай өлке.
Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады.
Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қоладан жасалған әшекей бұйымдар, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осыдан қарап-ақ ежелгі заманда біздің жеріміздегі дала өркениеті қарқынды дамығанын көре аламыз.
Аң стилі.Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану,түрлі бұйымдарға бейнелеу- адам мен табиғаттың байланысының тығыз болғандығын, бабаларымыздың жануарды ерекше қастерлегенін көрсетеді.
Алтын адам.Алтын адам – Қазақстан тарихындағы ең танымал археологиялық қазба. Есік қаласында табылған сақ жауынгері, біздің еліміздің басты символына айналды.
Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Алтын адам – Қазақстанның азаттық символына айналды.Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі Елтаңбамызға енді.
1969 жылы археолог,көрнекті ғалымдар Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы мен Кемел Ақышев бастаған зерттеу тобымен Қазақстан жерінен сақ жауынгері -“Алтын адамды” тауып, қазақтың көне сақ тайпасының мұрагері екенін дәлелдеді.