3. Тұтынушыларға ұсынылатын қызметтер, тауарлар, өнімдер сипаттамасы. Бұл бөлімде кәсіпкер ұсынылған жоба шеңберінде өндірілетін өнімі немесе қызметі туралы сипаттамаларды көрсетеді. Оларды бәсекелестердің өнімдерімен салыстырады және өндірісті дамыту жоспарларына талдау жасайды. Мұнда өнімге қатысты келесі мәселелер қарастырылады: өнім атауы, функционалдық тағайындалуы, оның негізгі қасиеттері, қабылданған стандарттарға сәйкестігі, тауарлары мен қызметтері қандай сұраныстарды қанағаттандырады, нарықта олардың басқалардан айырмашылығы, жетістіктері мен кемшілікгері, тұтынушының осы тауарлар мен қызметтерді пайдалана отырып, нені ұтатындығы туралы айтуы қажет. Сонымен қатар кәсіпорынның қандай интеллектуалды меншікке (патент, лицензия, кәсіпорын құпиялары) жататындығын көрсету маңызды болып саналады. Өнім сипаттамасын қарастырғанда бәсекелестердің өніміне де талдау жасалуы тиіс. Ол үшін бәсекелес өнімдердің функционалдық және тұтынушылық қасиеттерін сипаттау, не себепті бәсекелестердің өнімдері белгілі бір сұранысқа ие болып отырғанын зерттеу, олардың баға белгілеу қағидаларын ескеру, бәсекелестердің пайдаланып отырған өткізуді ынталандыру тәсілдерін анықтау қажет.
4. Сұраныс, сату көлемі, өтімі сияқты нарықты талдау мен бағалау. Нарық пен маркетинг барлық кәсіпорындар үшін шешуші фактор болып табылады. Егер өндірілген өнім нарықта сұранысқа ие болмаса, оның өмір сүруіне жоғары технологияны қолдану, қосымша капитал салу т.б. көмектесе алмайды. Сондықтан кәсіпкер өз өнімін берілген нарықта сата алатынына және нарықтың белгілі бір бөлігін иелену мүмкіндігіі бар екендігіне инвесторлар мен кредиторлардың көзін жеткізу керек. Бұл бөлім нарықты зерттеуге арналған, яғни ұсынылып отырған жоба нарыққа және ондағы қалыптасқан жағдайға қалай әсер ететіндігі қарастырылады. Ең алдымен нарықтың мүмкіндіктері мен сұраныс анықталады. Сонымен бірге нарықтың негізгі сегменттері, мәні мен сипаттамалары, сатып алушылар қажеттіліктерінің өзгеру келешегі, жаңа тауарларға нарықтың әсері және т.б. жан-жақты талқыланады. Мұнда қажеттілік пен бағаны жобалау үздіксіз зерттеліп, тауарларды сату мен өндіру көлемі кәсіпкерлік жобаны жүзеге асырудың уақыт кезеңдері бойынша анықталады. Берілген тарауды өңдеу барысында кәсіпкерге бәсекелестерінің жағдайын, мүмкіндіктерін, қабілеттерін, артықшылықтарын және баға саясатын ескеру керек. Осы мақсатта бизнес-жоспарда жобаланған өнімді сату көлемін реттеу енгізіледі.