Төсенішсіз көң — жануарлардың сұйық және қатты қалдықтары мен мал астына төселген материалдар. Малдың жататын жеріне төселетін материалдар ретінде қамыс, ағаш ұнтағы пайдаланылады. Бұл материалдар қидың сапасын жақсартады. Қи бос болып сақталғанда тез ыдырайтын болады. Мал жататын жерге төсейтін ең жақсы материал сабан болып есептеледі. Ыдырау дәрежесіне қарай малдардың қилары жас қи, жартылай шіріген, әбден шіріген және шірік болып бөлінеді. Жартылай шіріген қидың әбден шіріген қидан және шіріктен айырмашылығы, оның құрамында органикалық заттар және азот көп болады, ол топырақтың сапасын күштірек жақсартады. Бұған қоса топырақта жартылай шіріген қи ыдырағанда шірікке қарағанда көмір қышқылы айтарлықтай көп бөлінеді.
Құс саңғырығы қоректік әлементтер құрамы жағынан көңнен асып түседі және тез әсер ететін, концентрациясы жоғары тыңайтқыш болып табылады. Құс саңғырығындағы барлық қоректік заттар өсімдіктер үшін тез сіңетін түрінде болады. Ондағы қоректік заттардың сапасы мал азығының сапасы мен мөлшеріне, құстың түріне, олардың тұратын жеріне төсейтін материалға байланысты. Көптеген құс фабрикаларында төсейтін материал ретінде ағаш ұнтағын пайдаланады. Құс саңғырығы үлкен үйінділерде тез қызады да, аммиак күшті бөлініп, үшып кетеді. Құс саңғырығыңан азоттың көп бөлігі оны суыққа қатырғанда және жібіткенде (еріткенде) жоғалады. Сондықтан азотты және басқа да қоректік элементтерді жоғалтуды бәсеңдету үшін оған ағаш ұнтағын, сабан немесе қорда қосады.
Қатты тұрмыстық қалдықтар мен төгінді су ағындылары топырақтағы органикалық заттарды толтыратын көзі болып табылады. Қатты тұрмыстық қалдықтарға әр түрлі тағам қалдықтары, қағаз, шүберек, күл және тағы басқалары жатады. Тыңайтқыштық сапасы жағынан тұрмыстық қалдықтар көңге жақын, олардың ыдырау жылдамдығы құрамындағы компоненттердің арақатынасына байланысты. Оларды пайдаланудың ең оңай жолы — қордалау. Көкөніс шаруашылығында қалдықтарды (қоқыстарды) жылыжайларда биоотын ретінде пайдаланады. Ағынды суларда ауыр металдар көп болады. Сондай-ақ, олардың құрамында әр түрлі патогенді микроағзалар бар. Сол себепті оларды егістікке тыңайтқыш ретінде пайдалануға болмайды. Ағынды суды көбінесе орман шаруашылығында пайдаланады. Бұл орайда олар гигиеналық жағынан залалсыз болуы керек, ауыр металл қалдықтары және микроэлементтер көп болмауы керек, өсімдіктерге керекті қоректік элементтерге бай болуы керек.