Адсорберлердің түрлері.
Адсорбция процестерін өткізуге арналған адсорберлердің төмендегі түрлері болады: 1)адсорбент қабаты қозғалмайтын; 2)адсорбент қабаты қозғалмалы(жылжымалы); 3)адсорбент қабаты жалған сұйылған.
Адсорбент қабаты қозғалмайтын адсорберлердің құрылымы қарапайым болып мерзімді әрекетті жұмыс істейді.Олар цилиндр пішінді болады да, тік немесе горизонталь орналасады. Адсорбентті регенерациялағанда қоршаған ортаға таралатын жылу мөлшерін азайту мақсатында адсорберлердің сыртқы беті жылулық оқшаулағышпен қапталады. Адсорбер ішіне тор бетіне адсорбент қабаты жүктеледі. Булы-газды қоспа адсорбент қабатынан өтіп, аппараттан келте құбыр арқылы шығарылады.
Адсорбентті регенерациялау үшін барбатер арқылы су буы беріледі. Мұндай аппараттар мерзімді әрекетті жұмыс істейді және процесс 4 сатыдан құралады: адсорбция, десорбция (адсорбентті су буымен регенерациялау), адсорбентті құрғату (ыстық ауамен) және адсорбентті суыту (суық ауамен).
Үздіксіз әрекетті қондырғы кемінде екі аппараттан құралады: біреуінде адсорбция, ал екіншісінде – десорбция өткізіледі.Аппараттарды ауыстырып қосу автоматтандырылған.
а) тік б) горизонталь
1-корпус, 2-тарату торлары, 3-адсорбентті шығаруға арналған люк, 4-адсорбентті салуға арналған люк
1.21 сурет. Адсорбент қабаты қозғалмайтын адсорберлер
1-адсорбциялау зонасы; 2-тарату табақшалары; 3-мұздатқыш; 4-ысытқыш; 5-тығын
1.22 сурет. Адсорбент қабаты қозғалмалы адсорберлер.
Адсорбент қабаты қозғалмалы адсорберлер ішінде суытқышы, ысытқышы және адсорбциялы секциясы бар бағанадан тұрады (9.2 сурет). Аппаратқа берілетін адсорбент жоғарыдан төмен қарай қозғалады.Оның жылдамдығы төменде орнатылған шығарғыш қақпа жәрдемімен реттеледі.Адсорбент алдымен суытқыштың құбырларында суытылады да, сосын келте құбырмен кіретін булы-газды қоспамен әрекеттеседі.Булы-газды қоспаның сіңірілмеген бөлігі келте құбырмен шығарылады.Одан кейін адсорбент десорбциялық секцияның құбырлы ысытқышында ысытылып, төмен қарай түседі де, келте құбыр арқылы берілетін өткір бумен әрекеттеседі.Регенерацияланған адсорбент шығарғыш қақпа арқылы аппараттан шығарылады.
Адсорбент қабаты жалған сұйылған адсорберлер. Адсорбент қабаты жалған сұйылған адсорберлер бір сатылы және көп сатылы болады. Бір сатылы адсорбер ішіне шаңұстағыш (циклон) және газ таратқыш тор орнатылған цилиндр пішінді корпустан құрылған.Адсорбент жоғарыдан құбыр арқылы беріліп, төменгі жағынан шығарылады. Булы-газды қоспа аппаратқа төменгі келте құбырмен кіріп, жоғарғы жағынан шығарылады. Адсорбент аппараттың жоғарғы жағынан беріліп, сатыдан сатыға төмен қарай құйылғы құбырлармен қозғалады. Адсорбент ең төменгі сатыдан шығарғыш қақпа жәрдемімен шығарылады.
1-корпус; 2-тарату торлары; 3-қайнау қабаты; 4-құбыр
1.23 сурет. Адсорбент қабаты жалған сұйылған адсорбер
Достарыңызбен бөлісу: |