А. Қалшабек Әдебиет теориясы



бет47/50
Дата24.01.2022
өлшемі0,5 Mb.
#113720
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   50
Байланысты:
әдебиет сыны лекция

6.2. Стиль
Стиль (грекше: stylos)әрбір суреткердің жеке даралық ерекшелігі. Стиль шығармада идея, тақырып, сюжет, тіл төңірегінде бой көрсетеді. Стиль – шын мәнінде нағыз дарындарға тән нәрсе. Стилсіз шығарма – мінезсіз адамдай, тұзы жоқ тамақтай. Стиль жоқ шығарма – нашар шығарма. Ол көбіне дарынсыз, үстірт, әлжуаз, айтары жоқ шығармаларға тән болады. Әдетте олардың шығармашылық ғұмыры да ұзаққа бармайды, су бетіндегі көбіктей әп-сәтте із-түссіз әдебиет әлемінен жоғалып отырады.

Л.И. Тимофеевтің айтуынша, стилдің мағынасы біртіндеп өсіп, кеңіп отырған. Әуелгіде стил деп бір басы үшкір, екінші басы күрекше тәрізді таяқшаны айтқан. Бұндай таяқшаны римдіктер бетіне балауыз жағылған тақтайшаға жазу жазу үшін пайдаланған. Таяқшаның үшкір басын қаламұш етіп, күрекшемен бұрын жазылған не қате кеткен жазуды өшіру үшін, балауыздың бетін сүртетін болған.

Кейіннен стил деп бір адамның жазу қолтаңбасын айтқан (почеркін). Одан соң стилдің мағынасы тағы кеңіп, онымен жазу мәнерін, тілдік ерекшелікті айта бастаған. Ең ақырында стил деп жазушының бүкіл шығармашылық және даралық қасиеттерін айтатын болған.

А. Байтұрсынов қолтаңбалық өрнек туралы «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгіреді». Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзінше құрастырып, өз оңтайымен тізеді. Өз білуінше пікірлейді. Сондықтан әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Ол айырым белгілерін жай айтып түсіндіру қиын, әрқайсысының шығарған сөзін оқып, әбден танысып, үйреншікті болғанда ғана сезілетін белгі. Шеберлердің қолынан шыққан нәрселермен таныс адам сол шеберлердің істеген нәрселерін қай жерде көрседе айтпай таниды: мәселен, пышақты көріп, «мынау пәлен ұстаның қолы» дейді, ерді көріп, «мынау пәлен ершінің қолы екен» дейді. Сол сияқты сөз өнерпаздарының да шығарған сөздерін оқып, лұғатына үйір болғаннан кейін, оның бұрын оқылмаған, аты қойылмаған сөздерін де айтпай тануға болады. Сөздің өзін танытатын белгі тіл, яки лұғат белгісі болады. Ол белгі әр кісінің өз ыңғайымен, өз оңтайымен сөз тізіп, әдеттенуінен, салттануынан болады», – деген.

Бір жазушының стилдік өрнегін дөп басып тауып айта қою оңай шаруа емес. Осы орайда мысал ретінде Абайдың стилдік ерекшеліктері туралы Ж. Аймауытов пен М. Әуезовтің айтқанын келтірейік: «Абайдың ақындық өнері тар жолды, бірбеткей емес. Әр тараулы, сегіз қырлы. Ол тараулар мынау: мінез түзететіндік (ахлақ), тереңнен толғайтындық (пәлсәпә), сыншылдық (критика), суретшілдік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілдік, ызамен күлетіндік (сатира), һәм керемет переводшілдік». Тілі туралы: «Енді Абайдың тіл жағына келсек, тілі ұғымды, қысқа, аз сөзге көп мағына сыйғызғыш, өрнекті, дәлшіл, күйлі, таза һәм анық келеді», – дейді («Абайдың өмірі һәм қызметі» мақаласынан). Абайдың стилдік өрнегін екі жазушы дәл тапқан деуге болады. Оның үстіне бұл пікірдің 1918 жылы айтылып жатқанын ескеру керек, әрине.

Теорияшы ғалымдардың айтуынша стилді дұрыс анықтау үшін оның басым ерекшелік жағын (доминантын) таба білу керек. Стилдік доминант көркем шығармада оның әртүрлі қырынан көрініп байқалады: бірде тіліне қатысты, бірде композициясына, енді бірде шығармадағы суреттелер әлемге қатысты, т.б. Жазушылар Асқар Сүлейменов пен Оралхан Бөкей шығармаларында риторикалық тілдік қабат қатты ерекшелік болып көрінеді. Шыңғыс Айтматов романдарының структурасы күрделілігімен көзге түседі. Ілияс Есенберлин шығармашылығы тарихи тақырыпты қозғауымен әйгілі болды. Мұқағали лирикасы қара өлеңді өзіне поэтикалық үлгі-модель тұтуымен жаңа сапалық дәрежеге ие болды. Ақын қара өлеңнен өзіне қажетті рухани һәм формашылдық өрнек пен бағыт таба білді. Мұхтар Шаханов шығармашылығындағы негізгі желілердің бірі – халықтық тарихи һәм өмір даналығынан алынған сюжеттердің жаңаша бейнелілікке көшірілуі болды. Оның халықпен жақындығы осыдан көрінді. Ақын кеңестік дәуірде өмір сүрсе де соц. реализм ұстындарынан бойын аулақ салды. Ол тіпті кеңестік қоғамда өмір сүрмегендей әсер қалдырады. Өткінші идеялардан бойын аман сақтаған жандар ол кезде сирек болды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   50




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет