А. Қалшабек Әдебиет теориясы


-тарау. КӨРКЕМ ӘДІС. ӘДЕБИ БАҒЫТ, АҒЫМДАР



бет42/50
Дата24.01.2022
өлшемі0,5 Mb.
#113720
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   50
Байланысты:
әдебиет сыны лекция

6-тарау. КӨРКЕМ ӘДІС. ӘДЕБИ БАҒЫТ, АҒЫМДАР
6.1. Әдеби ағым
Ақиқатында әдіс, ағым, стиль дегендер өзара тығыз байланысты ұғымдар. Стиль өзі кең мағынада әдіс, ағым ұғымын берсе, тар мағынада бір жазушының қолтаңбалық өрнегі дегенді білдіреді. Яғни, қолтаңбалық ерекшеліктер бір жазушыға ғана тән болғанда стиль болса, бірнеше, яки көп тұлғаға тән болғанда әдіс яки ағым деген мағынаны береді. Осы ұғымдарға қатысты әр түрлі ой-пікірлердің әдебиеттану ғылымында көп болғанын да ескеру керек. З. Қабдолов өзінің «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбегінде соның біразын термелеп кеткен. Мысал келтірейік:

«Ұғым демекші,айтыстың үлкені әдіс деген сөзге тән ұғымға, мағынаға байланысты...

«Әдіс – творчестволық тәсіл», – дейді В. Щербина. «Творчестволық тәсіл дегеніңнің өзі не нәрсе, дейді Л. Тимофеев, оны нақты шығарма талдауға қалай қолданамыз?».

Біреулер әдісті суреткердің дүние танымына байланыстыра байыптаса, біреулер бұған қарама-қарсы, «әдістің таза дүние таным категориясымен қабыспайтынын» (Л. Новиченко) дәлелдеп жатады.

Г. Абрамович «әдіс – шындықты суреттеудің жалпы принципі» десе, Л. Щепилова «әдіс – өмірді образ арқылы көрудің айрықша типі» дейді.

Сондай-ақ, мәселен, Ф. Головенченко «Әдіс пен ағымның арасында анық шекара жоқ» десе, В. Сорокин әдісті ағымға қоса тексере тұра, екеуінің аражігі айқын екенін, яғни «әдіс – ағымнан әлдеқайда кең ұғым» екенін айтады. Шынында, қалай өзі? Айталық, романтизм немесе реализм...Осылар ағым ба, әдіс пе? Біреулер әдіс десе, біреулер ағым дейді; ал үшінші біреулер әрі әдіс, әрі ағым деп, екеуіне бірдей телиді.

...Жә, сонымен реализм, немесе романтизм...Ағым болды ма, әдіс болды ма? Жаңа ғана Посмыштың ағым дегенін білдік. Әдебиет теориясына арналған оқулықтардың көбінде ағым ретінде жүр: классицизм, сентиментализм, романтизм, реализм... Осылай тізбектеледі, бірін-бірі ауыстырады, бірінің орнына бірі келеді (Қараңыз: Сорокин В.И. Әдебиет теориясы, М., 1960). Біз де солай сырғытып өте шықсақ болмас па? Шынында да көркемдік әдіс деген ұғым әдебиет тану ғылымында күні кеше ғана шықты; керегі не әдіс деп, ағыммен жүре берсек қайтеді?..

Мүмкін, тіпті ағымды да әдісті де қойып, біржола стильге көшерміз. Бұрын солай болатын, оқымыстылар әдебиет пен өнер тарихын стильдер тарихы деп түсіндіретін: Ригль, айталық, өнер тарихын «оптикалық» (көру) стильдің «хаптикалық» (сезіну) стильге ауысуы десе, Кон-Винер конструктивтік, деструктивтік, декоративтік «стильдердің» өзара алмасуы, ал Вельфлин «ренессанстың» бароккоға көшуі деп білетін».

З. Қабдолов реализм, романтизм әдістерінің бар екенін дәлелдеу үшін Аристотель мен Белинскиді келтіреді: «Бір жолы (Гоголь повестеріне байланысты) В.Г. Белинский поэзияда өмірді өнерге айналдыру тәсілі екі түрлі екенін, бірі көңілдегі қиялға негізделген тәсіл болса, екіншісі өмірдегі шындыққа тамыр тартқан тәсіл екенін, екеуі – бір-біріне кереғар тәсілдер, бірақ бір мақсатқа апаратын бағыттас жолдар екенін дәлелдей келіп, жалпы поэзияны екі салаға – асыл мұрат поэзиясына және мөлдір ақиқат поэзиясына бөлген еді. Ұлы сыншының дәл осы арада айтып отырғаны (атын атап, түсін түстемесе де) көркемдік әдіс мәселесі екені даусыз.

Белинскидің пікірі бұдан жүз елу жыл бұрын айтылса, Аристотель дәл осындай ойды, тіпті, екі мың екі жүз елу жыл бұрын айтты. Өзінің «Поэтикасында» (129-бет) Аристотель Софоклдың «мен адамдардың ертең қандай болатынын суреттесем, Еврипид бүгін қандай екенін суреттейді» деген пікірін тілге тиек ете келіп, поэтикалық шығармада көркем жинақталатын арман мен ақиқат жайлы енді өз толғамдарын танытады. Ұлы философтың дәл осы арада айтып отырғаны (атын атап, түсін түстемесе де) көркемдік әдіс мәселесі екені тағы даусыз».



Әдебиеттегі барлық ұғымдар мен мәселелерді Аристотель мен Белинскийге апарып тірей беру бүгінде ескірген тәсіл екені белгілі. Кезінде кеңестік заман талабынан солай болғаны ақиқат. Бүгінде біз тәуелсіздік алған кезде санамызды да тәуелсіз ұстауымыз керек. Жоғарыдағы келтірілген пікірлердің бәрінің жаны бар. Әдіс жайлы айтыстың сонша қатты өршігені бір жағынан түсініксіз. Әдіс деген бір нәрсені танып яки іске асыру үшін сүйенетін нәрсе (құрал). Әдебиет те, әдебиеттану да сүйеніш болатын нәрсеге зәру, демек әдіс керек. Кеңестік дәуірдегі даудың түсініксіз жері: әдебиетте неге екі-ақ әдіс болуы керек (романтизм яки реализм)? Бұның бір себебі біздіңше кешегі кеңестік идеологияны насихаттау талабынан туындаған. Ақын-жазушыларды қатаң түрде бірқалыпқа түсіріп, тұсап қоюдың әлегі. Әдіс жайлы таластың ақыры «Соц. реализм» әдісінің жеңісімен аяқталғаны мәлім («Русская критика этого времени («Перевал» (1924-1932), «РАПП», «ЛЕФ») искала новые эпитеты к слову «реализм». Наиболее подробно и точно все эти филологические поиски исследованы Г.А. Белой (Белая Г.А. Из истории советской литературно-критической мысли 20-годов. М., 1985). Как известно, были предложены понятия «монументальный реализм» (А. Толстой), «романтический реализм» (Вяч. Полонский), «динамический реализм» (Дм. Горбов), «пролетарский реализм» (А. Зонин). В конце концов, как самый адекватный революционной эпохе был избран термин – «социалистический реализм». Как видим, с самого начала политическое определение предшествовало художественности» (Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика. Жанр. Стиль. Алматы, Ғылым, 1998. 240-241С). Өйткені, ол солай болу керек еді. Ақиқатында әдебиет деген ұғымды, әдебиет өнерін реализм, романтизм әдістеріне ғана теліп, қамап қоюға бола ма, ондай хұқықты кімге кім және қашан беріпті? Сондықтан бұндай мәселелерге қазіргі кезде байыппен қарап, кеңестік дәуірдегі терминнің бәрін трафарет етіп, көшіре беруден сақ болуымыз керек. Әдістің негізінде дүние таным жатады деген тұжырым шындыққа келеді, бірақ бұндай тұжырым да реализмнің пайдасына шешілмейді? Өйткені ондай болған жағдайда біздің дүние танымымыз неге реализмге (соц. реализмді айтпағанның өзінде) барып тірелуі керек? Ал дүниетаным, көзқарас деген нәрселер бұл өте қажетті ұғымдар, әдебиеттің ең бастауында тұратын нәрселер. Әдіс, стиль, ағым, тақырып, идея деген нәрселердің бәрі жазушы дүниетанымынан шығады, соған басыбайлы тәуелді. Кеңестік дәуірде әдебиетшілер образды, шығарма стихиясын автордың өзінен, жазушы дүниетанымынан да жоғары қойды. Содан жазушыға бағынбайтын кейіпкерлер класы (сыныбы) пайда болды. Осының бәрі соц. реализм идеясын әдебиетке зорлықпен тықпалап, сіңіру үшін жасалған-тын. Анығында бұл қате пікір. Ақиқатында реализм деген материалистік түсініктен шыққан өте шектеулі ұғым (яғни, тек көрер көзге сенген, дүниенің фотографиялық қалпын ғана қабылдап, жаратылыс дүниенің шын астарлы сырын аңдамау яки аңдаса да өтірік аңқаусып білмеушілік). Қазақ әдебиеті мысалы бұл ұғымға сыймайды. Академик З. Қабдолов өкінішке орай осылай жасауға талпынған: «Қай кезде жасамасын, бәрібір, барлық қазақ жазушылары (Махамбет пен Абай, С. Торайғыров пен С. Сейфуллин, Б. Майлин мен І. Жансүгіров, М. Әуезов пен С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов пен Ә. Тәжібаев, Ғ. Мұстафин мен Т. Жароков, Х. Есенжанов пен Қ. Аманжолов, т.б.) жайлы да дәл осыны айтуға болар еді: бәрінің творчествосында да реализм мен романтизм араласып жүр. Жалғыз-ақ бір есте болатын нәрсе – осылардың жеке алғанда әрқайсысы, жалпы алғанда барлығы, қолдан келгенше, романтизмнен реализмге келе жатады. Әдеби дамудың объективті заңы, әдеби әдістің эволюциясы тек қана осылай жылжуға тиіс.

Бұл – бір біздегі емес, бар елдегі жағдай. Осыған қарап, бүкіл әлемдегі күллі ілгерішіл әдебиет пен өнердің ғасырлар бойғы даму тарихын, бір себептен, дүниені көркем тану, дәлірек айтқанда, өмірдегі шындықты өнердегі шыншылдықпен тану жолында реализмнің туу, қалыптасу және даму тарихы деуге болар еді. Мұның өзі философияның тарихы – философиядағы материализмнің туу, даму тарихы деген қағидалы пікірлерге де сай келеді». З. Қабдолов. Әдебиет теориясының негіздері, Алматы, 1970. –369 бет).

Қазіргі таңда қазақ әдебиеті де, әдебиеттануы да өзінің төл әдісін, бағытын, құралын іздеу үстінде. Оның бірсыпырасын біз жоғарыда келтірілген «90-жылдардағы әдеби ой-пікірлер» атты тараушада келтіріп өттік. Қазіргі қазақ әдебиеті осы ізденулер арқылы шынығу үстінде. Ол қашан өзінің ақиқат болмысын тапқанша, солай бола бермек.

Енді, ақыры қозғалған соң, әдебиеттегі – идея, әдіс (метод), ағым, стиль деген түсініктер туралы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін өзімізше бізде түйе кетейік. Осылардың ішінде ең бастысы – идея. Идея деген не? Идея – адам өміріндегі ең басты нәрсе. Ол ұстаным, көзқарас, негіз, жүйе т.б. деген ұғымдарға келеді. Адам көзқарасы қандай болса, сондай өмір сүреді. Оның көзқарасы – оның ұстанған идеясы. Ал, әдіс (метод) – әркімнің өзі ұстанған көзқарасы, идеясы бойынша жүретін жолы. Ағым – сол жолда жүретіндердің істеген істері (жазған, сызған дүниелері, шығармашылығы). Стиль – сол жолда жүрушілердің істерінің әртүрлілігі (әртүрлі көрініс беруі, өрнегі). Мысал келтірейік: Идея – рационализм. Әдіс – реализм. Ағымдар – классицизм, натурализм, пролеткульт, сыншыл реализм, соц.реализм т.б. Стилдер – Державин, Лермонтов, Пушкин, Толстой, Белый, Горький т.б. стилдері.

ХХ ғасырдағы еуропа, орыс әдебиетінің бөлінісі басқашалау. Мысалы ондағы: Идея – иррационализм. Әдіс – модернизм. Ағымдар – дадаизм, сюрреализм, имажинизм, футуризм т.б. Стилдер: Арагон, Бретон, Элюар, Шершеневич, Хлебников т.б. стилдері.

Жоғарыда біз А.Байтұрсыновтың бүкіл қазақ әдебиетін екі түрге яки екі дәуірге ғана: діндар, сындар әдебиеті деп бөлгенін келтірген едік. Осы бөлініс не? Идея ма, әдіс пе, ағым ба? Әрине, идея! Енді қазақ әдебиетіне қатысты мысалдар келтірейік: Идея – Ислам. Әдіс – дінге сүйену (дінді жаю, насихаттау һәм оны басқа барлық тақырыпта негізге алу). Ағымдар – сопылық, жыраулар мектебі, зар заман ақындары, кітаби ақындар т.б. Стилдер – Иасауи, Бұқар жырау, Шортанбай, Мақыш Қалтайұлы, Абай, Ғ.Қараш стилдері т.б. Бұл бөлініс, мысалдар діндар дәуір әдебиетіне қатысты екендігін айтамыз. Ал, сындар дәуір әдебиетінің бөлінісі мүлде бөлек.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   50




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет