5.2. Лирикалық жанрлар
Лирикалық жанрлар әр түрлі жікке бөлінеді. Қазақ әдебиетінде: қара өлең жоқтау, айтыс, мақтау, даттау, ділмар сөз, той бастар, беташар, жар-жар, сыңсу, бесік жыры, терме, т.б. А. Байтұрсынов сындар дәуір лирикасын (толғауды): сап толғау, марқайыс толғау, налыс толғау, намыс толғау, сұқтаныс толғау, ойламалдау, сөгіс толғау, күліс толғау деп жіктеген. Қазіргі кезде лириканы философиялық, табиғат, махаббат, саяси лирика деп бөлу үрдісі бар.
Еуропаша – біздіңше (шығыста) :
лирика – толғау,
ода – мақтау,
сонет – ғазал,
катрен – рубай,
дистих – бәйіт,
эпитафия – жоқтау,
былинный стих – қара өлең,
поэма – қисса,
эпиталама – беташар,
элегия – шерлі өлең, т.б.
Айтыс – екі импровизатор ақынның өлеңмен айтысуы, қазақтың дәстүрлі өнері, өзі лирика мен драмаға жақын, әйтсе де ол әдеби үш текті де қамтитын синкреттік жанр.
Айтыс жанры тәуелсіздік тұсында жаңадан түлеп, өсіп біраз қоғамдық пікірді серпілтуші, қозғаушы күйде болды. Оған ат салысқан Мұхамеджан Тазабеков, Шорабек Айдаров, Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, т.б. сынды ақындар болды. Олар көбіне елдің көкірегінде жатқан сыр сөзді сахна төрінен жалпақ жұртқа дер кезінде, қолма-қол жеткізуші рупор бола білді.
Эпиграмма (грекше: epigramma – жазу) – бір тұлғаны яки құбылысты мазақтап жазатын сатиралық өлеңнің шағын түрі. Эпиграмма шебері –Мағжан Жұмабаев пен Жарасқан Әбдірашев. Ж. Әбдірашевтен мысал келтірейік:
Сағат Әшімбаевқа
Белинскийден бастайды,
Жирмунскимен жасқайды.
Алдыңды орап Абаймен,
Апарып біраз тастайды.
Жуковскиймен састырып,
Жүзіңді әбден пәс қылып,
Пушкинмен періп өтеді,
Толстоймен басқа ұрып.
Көрсетпес шағын төбені,
Шыңдар да неткен көп еді...
Тартады сосын көлденең
Кафка мен Кобэ Абэні...
Танымал талай дананы
Тізімге солай алады...
Қаламдастарға келгенде,
Қаламы жүрмей қалады.
Шындықпен шымшып, қатырған ғой Жарасқан Сағатты... Қазақ әдебиетінде эпиграмма жайлы тұңғыш кітапты осы Ж. Әбдірашев жазды (Әбдірашев Ж. Әзілің жарасса... Алматы: Жалын. – 1989). Ежелгі грек әдебиетінде бұл жанрдың Платон, Анакреонт, Эзоп, Эсхил, Менандр, Алкей, Лукиан, Диоген Лаэртский, Апполинарий сынды шеберлері болған. Латын әдебиетінде – Катулл, Марциал, Тибул, Проперцийдей өкілдері болған. Французда – Вольтер, Руссо, орыста – Кантемир, Пушкин, Курочкин, Д. Минаевтар болған. Қазақта Қазтуған, Жиембет, Бұхар жыраулар һәм Абай қарап жатпаған. Кеңес дәуірінде:
Сабыр ойла саспашы,
Тым ертерек таспашы.
Бірден Пушкин болмай-ақ,
Баймұқанша басташы! –
деген Қ. Аманжоловтардың тілі тым ащы болғанға құсайды. Орыс әдебиетінің теңдесі жоқ жазушысы Л. Толстой өзіне арнап «Анна Каренинаның авторына деген» эпиграмма жазған, былай деп:
Толстой, ты доказал с терпением и талантом,
Что женщине не следует «гулять»
Ни с камер-юнкером, ни с флигель-адьютантом,
Когда они жена и мать.
(Ж. Әбдірашев. Сөз иесінен бір сөз // Әзілің жарасса...)
Буколика – малшылар әні дегенді білдіреді. Антикалық әдебиетке тән александрлық поэзия жанры. Фольклорлық негізі бар: екі әншінің айтыс түріндегі өнер көрсетуі (біздің қара өлең сияқты). Элементтері: ауыл өмірін һәм малшылық еңбекті мақтау. Кейін анакреонтикалық поэзиямен ашына боп махаббат тақырыбын жырлауға көшті. Жанрды ойлап табушы – Феокрит, Мосха, Биона (б.д.д. 2 ғ.) сындылар. Римге көшкен буколикалық поэзия саясат тақырыбын көтерсе (императорларды мақтау. Вергилий). Кейін дидактикаға көшеді ( Кальпурния б.д. 1 ғ., Немесиан б.д. 2 ғ). Кейінгі еуропалықтар антикалық өнерге құмартудан буколистік өлеңдерді жаңғыртып отырған. Пушкиннің кезінде ол ескіріп мысқылға ұшыраған:
И дрожь и злость меня берет,
И шевелится эпиграмма
Во глубине моей души,
А мадригалы им пиши!
Пушкин бұл жерде мадригалды эпиграммаға қарсы қойып отыр. Буколистік жанрлар: мадригал, пастораль, идиллия, эклога сияқтылар.
З. Қабдолов: «Қазір идиллиялық өлең жазып жүрген ешкім жоқ» деген.
Достарыңызбен бөлісу: |