Үй іші (интерьер) суреті шығармадағы кейіпкерге көп мән дарыта алады. Мысал:
«Балташ кабинетіне кіріп келді.
Қызыл шұғамен кежімделген емен үстел. Сұр ала тас дәуіт, қалам сауыт, шамдал, басқыштар. Былқылдақ барқыт орындық. Тақтай – айнадай. Үстел – шытырдай. Оңында – Ленин, солында – Сталин суреті. Үстелде – телефон. Қолын созса – электр. Бір түймені басып шылдыр еткізсе – хатшы жетіп кеп, мойнын қылқың еткізеді.
Осы сынды кабинетіне Балташ кіріп келді.
Орындық та, үстел де, қаламдар да жегулі аттай жалаңдап «отыр да өкірте бер!» деп тұр.
Балташ сары портфельді үстелге бір алып ұрып, бетті бір сипап, былқылдақ орнына алшая келіп отырды. Сол қолының түймелі жеңін ашты да уақытты білді. Тоғыздан қаңғып барады екен. Сол жағындағы қаттаулы қағаздарды алдына таман алып, қой қырқатын кісіше икемдей баурап, түйіліп қарай бастады. Біріне «анықталсын», біріне «тексерілсін», біріне «мәжіліске салынсын», енді біріне «қаржы жоқ», тағы біріне «тыңдалсын», «қайқайтылсын» деген тәрізді бұрыш-бұрышына қиғаштап «резолюция» тартып қап жатыр еді. Есік тырс етті». (Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романынан)
Пейзаж, портрет, заттар әлемі, үй-іші (интерьер) – бұлардың бәрін А.Байтұрсынов әліптеме деп атаған.
Сұрақтар:
1. Образ, тип ұғымдары.
2. Футуризм ағымы өкілдерінің образ жайлы түсінігі.
3. М. Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңіндегі тарихи тұлғалар бейнесі.
4. М. Жұмабаев эпиграммасындағы портрет сомдау шеберлігі.
5. Абайдың «Болыс болдым мінеки» өлеңіндегі болыс бейнесі.
6. Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогіндегі Бауыржан бейнесі.
7. Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесіндегі Қожа бейнесі.
8. Көркем бейне (образ) жасау жолдары.
9. Көркем бейне және тарихи тұлға.
Достарыңызбен бөлісу: |