3.1 Орыс жылнамаларындағы түркі текті есімдердің әлеуметтік мәні мен тарихи-этимологиялық сипаты
Көне түркі ономастикасына қатысты маңызды материалдар түркілер мен славяндардың ұзақ уақыт бойы тығыз қарым-қатынаста болғанын дәлелдейтін ежелгі славян ескерткіштерінде көрініс тапқан. Бұл қарым-қатынас пен өзара тығыз байланыс Киев Русінің қалыптасу кезеңінде және оның тарихи даму кезінде Шығыс Европада мекендеген, осы территорияда бірқатар мемлекеттік билігін жүргізген түркі тайпасымен тығыз қарым-қатынас орнату кезеңінде ерекше мәнге ие болды. Н.А. Баскаков славяндар мен көне түркі тайпаларының арақатынасын былай көрсетеді: «Ежелгі орыс жазба ескерткіштерінде, оның ішінде негізінен қолжазба ескерткіштері мен көркем шығармаларда Шығыс Европадағы көне түркілердің топонимдері, антропонимдері мен этнонимдері сақталған. Бұл мәліметтер филологтардың, этнографтардың, тарихшылардың қызығушылығын арттырып, зерттеуге септігін тигізген». Ежелгі орыс мұраларынан табылған түркілер ономастикасына қатысты бұл құнды материалдар зерттеушілердің бірқатар еңбектерінде айқын жарық көрді. Мысалы, Н.А.Баскаковтың еңбегінде қыпшақ антропонимдері мен этнонимдеріне дәйекті талдау жасалды, Шығыс Европадағы көне түркілер этнонимдері мен антропонимдерінің моделіне типологиялық сипаттама берілді, түркілердің мифологиялық және эпикалық кісі есімдері әртүрлі аспектілерде зерттелді, т.б. Кең көлемді бұл материал ғалымның «Слово о полку Игореве» деген монографиясы мен «Русские фамилии тюркского происхождения» кітабында, бірқатар мақалаларында жан-жақты қарастырылды [100, 75 б.].
Ежелгі орыс тіліндегі түркі лексикасын зерттеуші И.Г.Добродомов ежелгі орыс мұраларындағы түркі ономастикасы мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Оның зерттеулерінде функционалды және этимологиялық тұрғыдан бірқатар қыпшақ антропонимдері талданды, ежелгі орыс этнонимдеріндегі булгаризмдер, ежелгі орыс мұраларындағы түркілік топонимдер мәселелері қарастырылды.
К.Менгестің «Восточные элементы в «Слово о полку Игореве» еңбегінде түркі ономастикасы мәселесіне қатысты бірқатар құнды ескертпелерін көрсетеді. Тіліміздегі антропонимдердің шығу, даму негізі халқымыздың өткендегі тарихымен тікелей байланысты. Қазіргі тіліміздегі кісі аттарының көбінің көне түркі есімдермен түбірлес, мағынасы ұқсас, жасалу тәсілі мен құрылысы жағынан бірдей болып келуінің сыры - есімдердің шығу тарихы жағынан көне түркі заманы мен орта ғасырларда пайда болған антрополексемалық жүйенің жалғастығы болып саналатындығында.
Осымен байланысты көне қыпшақ антропонимдерін әлеуметтік лингвистика тұрғысында зерттеу дегеніміз бұл есімдердің пайда болу табиғатын анықтауға әлеуметтік факторларды қатыстыра отырып зерттеу. Ескі қыпшақ тілі, қазіргі кезде қолданыста жоқ, өлі тіл болғандықтан бұл тілдегі есімдер әлеуметтік лингвистиканың зерттеу объектісі болып табылады. Ескі қыпшақ тілінде сөйлеген этностардың ХІ-ХІІІ ғасырларда шығыста Ертіс, батыста Днепр өзендері аралығындағы Евразия далаларын мекендегендігі тарихшы-археолог, этнолог, шығыстанушы ғалымдардың еңбектерінен белгілі.
Половец - қыпшақтар мен кумандардың тарихын, этнографиясын зерттеген «Половцы» деген еңбегінде С.А.Плетнева оларды: ку-кумандар және половецтер дейтін екі үлкен тайпалар бірлестігіне бөледі [101, 60б.]. Бұл екі тайпалар бірлестігін, куман және половец қоғамдары деп қарауға болады. Куман жэне половец қоғамдарын, әлеуметтік терминологиямен айтқанда топтық қауымдар немесе әлеуметтік топтар құраған. Әлеуметтік топ немесе тайпа дегеніміз этнос, ал этнос әлеуметтануда социум. Этноним немесе соционим негізінде пайда болған кісі атаулары антропонимдер де соционим немесе социоатау болып аталады. Әртүрлі әлеуметтік топтар өзара бір-бірімен байланысты және иерархиялық түрде қоғам болып ұйымдасатыны белгілі. Осы әлеуметтанымдық заңдылықты біз, куман және половец қоғамдарынан көреміз. XI ғ. Днепрдің батысын жайлаған кун - куман, печенег, оғыз жэне Днепр мен Еділ өзендерінің аралығын мекендеген печенег, оғыз, болгар, алан қалдықтары мен Анджоғлы, Башқұрт, Бурджоғлы, Джузан, Дурут, Емяк, Етебичи немесе Иета, Канғароғлы, Қарабароғлы, Китанопа, Отперлю, Саксин, Тарголове, Токсоба т.б. этностар немесе әлеуметтік топтар ретінде өзара бір-бірімен саяси-экономикалық, тілдік, мәдени жағынан байланысты болып, иерархиялық түрде қоғам болып ұйымдасқан.
Әлеуметтік топты немесе этносты сипаттағанда, мәдениет түсінігіне соқпай өту мүмкін емес. Жалпыға белгілі түсініктегі мәдениет, әрбір әлеуметтік топта немесе социумда болады. Социум деңгейіне қарамастан оның мәдени ерекшеліктері, тілінен байқалады. Тілдің сөздік құрамы, сол тілді тудырған қоғамның материалдық және рухани мәдениетін нақтылап айқындап беретіні белгілі. Тура осы сөздік құрамынан мәдени айырмашылық өте-мөте айқын көрінеді. Тілдер лексикасының ажыратылу деңгейі, социумдар мәдениетінің айырмашылық деңгейімен анықталады. Тілдегі жеке лексикалық бірлік, социум мәдениетіндегі жаңа ұғымға атау беру керек болған кезде ғана пайда болады.
С.А.Плетневаның жоғарыда көрсетілген еңбегінің деректері мен мазмұнына сүйене отырып, біз ол этноатауларды тілдік табиғаты, тіл мен мәдениет сабақтастығы тұрғысынан қарастырып талдауға тырыстық. Сөйтіп, олардың қазақ антропонимикасының этномәдени негізімен астасып жатқан тұстарына ерекше назар аудардық. Сонда байқағанмыз - половец қоғамындағы экономикалық мәдени-әлеуметтік өзгерістерге байланысты көптеген курен басшылары есімдерінің соңына «баспана», «тұрақ» мағыналарын білдіретін «оба» дейтін көне түркі сөзінен туындаған «опа», «епа» морфемалары қосарланып, содан Урсоба, Алтунопа, Аепа секілді кісі атаулары пайда болған.
XI ғасырда половец қоғамында әскери демократиядан ерте феодализмге өту кезеңі жүргені тарихи деректерден белгілі. Табормен көшу сатысындағы экономикада қоғамдық қатынастардың әскери-демократиялық құрылымда болатындығы белгілі. Ал, әскери-демократиялық құрылысқа тайпалар одағы сияқты саяси-әлеуметтік бірлестік тән. Еділ мен Днепр аралығында алғашқыда XI ғасырда көшіп-қонған, Боняк, Шарукан, Тугоркан, Урусоба сияқты хандар басқарған бірлестіктер тура осындай тайпалар одағы болған.
Бірнеше тайпалардың бірлестігін С.А.Плетнева "орда" дейтін терминмен атаған. Половец және куман қоғамдарының әрқайсысынан бірнеше орда құраған. Ал орданы көптеген курендер құраған. Курен дегеніміз токсоба, төртоба, етибичи, иета секілді этнонимдердің бірлестігі. Қыпшақтану мәселесімен айналысқан зерттеушілердің барлығы дерлік токсоба этнонимінің бірінші компоненті-токс сөзін, тогуз немесе тоғыз сан есімінің ықшамдалған фонетикалық варианты. Ал, екінші компонент -оба сөзін, жоғарыда көрсетілгендей «ру-тайпа» мағынасын білдіретін көне түркі атауы деп қарайды. Осы сияқты тортоба да, төрт сан есімі мен оба дейтін көне түркі сөзінен біріккен екі компонентті этноним.