Нәзила: Иә, ол... ол кім? (Гауһар терезеге барып, ұзақ толқып тұрады). Гауһар, айтсаңшы тезірек. Ұялма. Тарих пәнінен сабақ беретін мұғалім бе?
Гауһар: Жоқ.
Нәзила: Енді кім? Сен басқалармен сөйлеспеуші едің ғой.
Гауһар: Сен... сен ренжімейсің бе? Ренжімеймін деп уәде бер, әйтпесе айтпаймын.
Нәзила: Ал, ренжімеймін. Саған ренжіп жын ұрып па? Айтшы, кәне?
Гауһар: Мен... мен... Ом... Ом... (бетін басады).
Нәзила: Омар-ды? Қалай? Неге? Жоқ, жоқ, тұра тұр (Басын ұстайды). Омарды? Сен онымен тілдескен де адам емессің ғой.
Гауһар: Өзің айтшы, тілдесу міндет пе?
Нәзила: Иә... иә... міндет емес. Тіпті... әрі-беріден соң шарт та емес.
Гауһар Нәзиланы құшақтайды.
Гауһар: Нәзила, кешір мені, кешірші! Егер... сен өкпелейтін болсаң... мен... бәрін де ұмытам. Бәрін!
Нәзила (ол да құшақтап): Жоқ. Мен өкпелемеймін. Бірақ, бір түрлі екен. Ең жақын құрбың, ең жақын ағаң... Мүмкін... мүмкін, бұл дұыс та шығар. А? Солай ма?
Гауһар: Білмеймін.
Нәзила: Міне, мұндай сұраққа келгенде бәрі түк білмейтін боп шыға келеді. «Диалектикалық материализм тұрғысынан қарағанда қыз баланы үйіне апарып салу деген...» деп жүріп, біздің Омекең...
Гауһар: Жоқ, өтінемін, олай деме. Ол менің не ойлап жүргенімнен мүлде бейхабар.
Нәзила: Солай де. Енді не істемексің? Хат жазасың ба?
Гауһар: Сен кісіні өліп жатса да, келемеждеуіңді қоймайсың.
Нәзила: Мінезім солай. Не тапсам да, тілімнен табатын шығармын. Бірақ, сені келемеждеп не табам? Мен... бәрін түсінем. Түсінем деп жүріп, ештеңе байқамағаныма таң қалам... Адам жанының бұл да бір жұмбақ сыры ғой. Айтқаның дұрыс болды. Шын жүрегімнен тілектеспін.
Гауһар: Рахмет, Нәзила.
Нәзила: Көп жаса, иманды бол демегеніңе шүкір. Сөйтіп, сен де кеттім де. Омар қайда барады дейсің. «Сүйемін» десең, «дұрыс» деп жауап береді ғой.
Достарыңызбен бөлісу: |