Қамажай: Жеттік-ау осы күнге, әйтеуір. Жолың болсын, жолың болсын...
(Ақырын басып келіп, Омардың бетінен сүйеді).
Нәзила: Гауһа-ар! Сен не, қуанбайсың ба?
Гауһар: Мен... мен..
Нәзила: Менді қоя тұр. Бұлай сәті түсе бермейді. Бол!
Гауһар: (сасқалақтап Омарға жетіп келіп, оның қолын қысады). Құттықтаймын!
Омар: Рақмет.(Бәріне қарап). О-оу, сіздер... Бұл қалай, мен бір тап диссертацияны қорғап шыққандай...
Нәзила: Қорғайсың, қорғайсың. Сен сияқты білімді жігіт неден сүрінбек.
Қамажай:Айтпақшы, бүгін қай күн?
Нәзила:10 маусым.
Қамажай: Япыр-ай, келіп те қапты ғой.
Нәзила: Жұмыстан тағы сұранғалы отырсыз ба?
Қамажа: Енді ... Әрине. Жол жабдығын әзірлеу керек.
Нәзила: Демек, ертең автобус тағы да кондукторсыз жұмыс істейтін болды ғой.
Тимур кіреді. Гауһар тез жинала бастайды. Тимур: Сәлемсатсыздар ма? Бұл не жиын?
Нәзила («кетпе» дегендей Гауһардың қолынан ұстап). Костюмің құтты болсын-ей. Өзің таңдап алдың ба, әлде «мысығың» әперді ме? Әпкем жаңа ғана: «Көзі шүңірейіп, азып кетіпті», - деп еді, жүдеген дәнеңесі жоқ, қайта толып келе жатыр екен ғой.
Қамажай: Назила, сарнай бермей қойшы, енді. Теміржан, кел, шешініп столға отыр. Қарындасыңның мұндай сөзіне үйренетін кезің болды ғой. Омар Мәскеуге жүргелі отыр. Диссертациясын қорғауға барады. Қорғауға.
Тимур: Ом, рас па?
Омар: Рас.
Тимур: Құттықтаймын! (Келіп құшақтайды). Сәтті болуын тілеймін. Әттең, банкетіңде бола алмайтыным өкінішті.
Омар: Неге?
Қамажай: Бола алмайтыны несі?
Нәзила: Не, 15 тәулікке түсетін болдың ба?
Тимур үй ішінде әрлі-берлі жүреді. Әлденеге толқып, батылы жетпейтін сияқты. Қамажай: Айтсаңшы, жайшылық па?
Тимур: Мамуля, мен... біз... кететін болдық. Төрт жігіт осылай деп шештік.