Қазақ ресми-іс қағаздары тілінің зерттелуі
Қазақ тіл білімінде ресми-іс қағаздар тілін зерттеуге арналған арнайы еңбек болмағанмен қазақ әдеби тілінің тарихына байланысты жазылған зерттеулер мен жазба ескерткіштер тілін зерттеуге арналған еңбектердің бұл тақырыпқа да қатысы бар екендігі даусыз. Бұл еңбекте ресми-іс қағаздар тілінің тарихы көне түркі жазба ескерткіштері жазылған кезеңнен басталып қарастырылатындықтан ескерткіштер тілін зерттеуге арналған Ғ. Айдаров, Ә. Құрысжанов жеке авторлығымен шыққан еңбектердің түркі тілдері тарихын, оның ішінде қазақ ресми-іс қағаздар тілінің тарихын зерттеуде өзіндік маңызы бар екндігі сөзсіз. Қ. Өмірәлиев «VIII-XII ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері» еңбегінде қарастырды. «XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» еңбегінде жазбалар тіліне талдау жасай келіп, оны ауыз әдебиеті, басқа да жанр нұсқаларымен салыстыру нәтижесінде ол ескерткіштер бір ғана стильде жазылмағандығын анықтайды. Ғалым өз пікірін: «VIII ғасырдың басында жазылған «Тоныкөк», «Күлтегін», «Могилян» сияқты ескерткіштер жазба әдеби нұсқалар. Олар- хан жарлықтары мен шежірінің алғашқы үлгі-нүсқалары»-деп қорытады.
Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілінің тарихы үшін де өте құнды деректердің бірі болып табылатын XIV ғасырда жазылған жарлықтар тілін зерттеуге арналған А. Ибатовтың «XIV ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі» еңбегі де іс қағаздар тілінің қалыптасу кезеңін көрсететін, нақты материалдарға ғылыми талдау жасалынған құнды зерттеу жұмысы. А. Ибатов: «Жарлықтар сан жағынан өте аз және іс қағазы болғандықтан, көлем жағынан да шағын болып келеді. Бірақ соған қарамай, онда қолданылған сөздер мен олардың неше алуан өзіндік ерекшеліктері- қазіргі тілдердің қалыптасып тұрақталу тарихын байыптап аңғару ісінде бірден-бір қажет материалдар»-деп, жарлық мәтіндері тілінің қазіргі ресми-іс қағаздар тілінің қалыптасу тарихын зерттеуге қажетті, құнды материал екендігін атап көрсетеді.
Т.Р.Қордабаевтың «Тарихи синтакси мәселелері» атты еңбегі XV-XIX ғасырлар арасындағы қазақ тілінің синтаксистік құрылысына жалпы шолу жасаумен бірге қазақ би-сұлтандарының, ру басыларының XVIII ғасырда Ресей патшалығымен жазыскан ресми хаттарының да синтаксистік құрылысын талдауға арналады. Ғалым: «Тіліміздің синтаксистік құрылысы бұрыннан бар амал-тәсілдердің, элементтердің, фактілердің бірден-бірге толығуы, жетілуі, айқындала, дәлдене түсуі арқылы да, немесе олардың ескеріп жойылуы, жойылғандардың орнына жаңа амал-тәсілдердің, конструкциялардың, элементтердің бірте-бірте еніп, орнығуы, қалыптасуы арқылы да байып, жетіліп отырған»-деп жазады. Еңбекте XVIII ғасырда жазылған ресми-іс қағаздары тіліндегі септік жалғауларының, шылаулардың, қызметі, сөйлем мүшелері және олардың бір-бірімен байланысы талданып, құжаттардағы жай сөйлем және құрмалас сөйлем синтаксисі қарастырылады. Ресми-іс қағаздар тіліне байланысты ғылыми пікірлер мен тұжырымдар I. Кеңесбаев, М. Балақаев, С. Исаев, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов, Б. Әбілқасымов т.б да ғалымдардың қазақ әдеби тілінің тарихына XVIII ғасырдан бастап талдау жасағанмен оған дейін де қазақ әдеби тілін танытатын үлгілердің болғанын жоққа шығармайды. Ол жөнінде: «XVIII ғасырдан бұрын да қазақ көркем әдеби тілін танытатын үлгілер бар болғанын ескере отырып, әдеби тіліміздің тарихын әзірге қолымыздағы талдау объектісі боларлық материалдары бар XVIII ғасырдаң бастадық»-деп жазады. Бұл еңбекте XVIII, XIX, XX ғасырлардағы қазақ ресми-іс қағаздар тілін танытатын материалдарға талдау жасалады. Р.Сыздықова еңбектерінің қазақ ресми-іс қағаздар тілінің даму, қалыптасу кезеңдерін анықтап, талдау, ерекшелігін көрсету мақсатында жүргізілетін зерттеу жұмыстары үшін маңызы зор. XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың I жартысындағы ресми қағаздардың тілі туралы: «Аталған кезеңдегі қазақ даласында тіл тәжірибесінің және бір түрі болды. Ол-қазатың хан, сұлтан, старшындарының орыс империясының әкімшілік орындарына және бір-біріне жазысқан әр түрлі сипаттағы қағаздары мен хаттарының тілі болды. ...ресми документтерді қазақтың сол тұстағы көркем әдебиеті үлгерінен бөліп қарау қажеттігі даусыз, өйткені, екіншіден, тіл мен стилі жағынан өзгеше болып келеді»-деп атап көрсетеді. Ғалымның тілдік норма, тіл мәдениеті, функционалдық стильдер т.б да мәселелерге арналған еңбектерінде де ресми-іс қағаздарының тілі мен стиліне қатысты мәселелер сөз болады. Б.Әбілқасымовтың «XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» атты еңбегінде ресми-іс қағаздар үлгілеріне әкімшілік орындарының бұйрық-жарлықтары, қазақша жазылған заң жинақтары мен ережелер, кейбір эпистолярлық стиль материалдары жатқызылады. Ғалым: «Жалпы іс қағаздарының сыртқы формасы мен стильдік жүйесі дүние жүзінің бірсыпыра тілдерінде, оның ішінде көршілес елдер тілдерінде,өзара ортақ болатын тәрізді. Сондықтан қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздарының қалыптасуына негіз болған көне түркілік іс қағаздарының қалыптасуына негіз болған көне түркілік іс қағаздары үлгілері мен орыс тіліндегі іс қағаз үлгілері бірін-бірі жоққа шығарған жок»-деп, іс қағаздарына тән ерекшелік- олардың негізгі баяндау формасы мен стиль тұрақтылығы, дәстүр жалғастығы сақталатындығын атап көрсетеді. Қазақ ресми-іс қағаздар тілін қалыптастыруда алғашқы қазақ баспасөзінің зор маңызы болғандығы мәлім. Ресми-іс қағаздар тіліне байланысты ғылыми пікірлер ғалымның «Алғашқы қазақ газеттерінің тілі» еңбегінде де айтылады.
Қазақ ресми-іс қағаздар тіліне қатысты алғаш жазылған зерттеу жұмысы Н.Ергазиеваның «Қазақ тіліндегі ресми-іс қағаздар стилінің қалыптасуы және дамуы» атты кандидаттық диссертациясы. Зерттеуші өз жұмысында ресми-іс қағаздар лексикасының, оның ішінде ресми-іс қағаздары терминдерінің қалыптасып, дамуына ерекше көңіл бөледі. Жұмыста ресми-іс қағаздары терминдерінің лексика-семантикалық топтарына талдау жасалынып, ресми-іс қағаздар стилінің құрылымдық-морфологиялық ерекшеліктері анықталады.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуымен байланысты іс қағаздарын қазақша жүргізу мәселесі қолға алынып, ресми-іс қағаздарының тілін зерттеуге де ден қойыла бастады. Оның кейбір мәселелері соңғы жылдары қазақ тілінде жазылған бірнеше кандидаттық диссертацияның зерттеу нысаны болды.
Ресми-іс қағаздар тілінің зерттелуіне жасалған шолу соңғы жылдарға дейін ресми-іс қағаздар тілі арнайы зерттеу объектісі ретінде алынбаса да жоғарыда аталған еңбектер оның тарихына, стиліне қатысты кейбір мәселелердің ғалымдар назарынан тыс қалмағанын байқатады. Қазақ тілінің қоғамдық қызметіне байланысты 1990 жылдарға дейін ресми-іс қағаздар тілін зерттеу мәселесі өзекті болған жоқ. Қоғам дамуының ықпалына, мемлекеттегі қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге, тіл саясатына байланысты соңғы жылдары қазақ тілі білімінде функционалдық стильдер проблемасына қатысты мәселелер көтеріліп, оның жеке тармақтарын зерттеу қажеттігі туып отыр. Қазақ іс қағаздары тілінің қалыптасуы, даму барысын ғылыми сараптау елегінен өткізіп, қазіргі іс қағаздар тілінің даму тенденциясын анықтау қазақ тіл біліміндегі бүгінгі өзекті мәселелердің бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |