кірген, бірақ ол демінің өзі де спирт сияқтанып, іші-бауырын
тиыштандырудың орнына ашыта түскен. Əлі де сасқалақтаған Шыңғыс,
Курагин – «же» деп алдына итерген легендегі жуантық балықтың біреуін
қолымен омырып жеуге шыдамай, бас жағын аузына молырақ тыққан да,
қарулы тісімен кебістей балықтың тең жартысын қыршып ап, сүйек-
мүйегіне, жылбыраған өкпе-бауырына қарамастан, ұртына бірер толғап
жұтып жіберген. Уланған өзектің, өртенуі балық жұтудан бəсеңдеудің
орнына, сүйектері қадалып бара жатқандай ашыңқырай түскен. Сонда да
балықты медеу көріп, семіз табандардың бірінен соң бірін күйсей берген.
Басына шапқан спирттің уыты біраздан кейін денесіне жайылып, мас
болған Шыңғыс отырған орнында теңселе бастаған...
Драгомиров осы кезде қор ете түсті. Ол үнді Шыңғыс естімеді. Оның
естігені, Курагинның:
– Сен ше? – деген жуан даусы.
– Не, не?.. – деді дауыстан селк ете түскен Шыңғыс.
– Ішесің бе?
– Не... нені?
– Арақты.
– Жо-жоқ.
– « Неге?
– Бо-бо-болдым-м-м.
– Жоқ, сен ішесің.
Курагин Шыңғысты боқтап жіберді де, екінші бокалға спиртті толтыра
құйды. Бұл шақта Курагинге ерегісіп емес, айла жасап емес, спирт билеген
Шыңғыс денесіне ие бола алмай жантая берді. Курагин ұсынған бокалды өз
бокалының қасына қойды да, Шыңғысты жағасынан қапсыра ұстады.
– Өтірік ұйықтама! – деді ол, Шыңғыстың былқылдаған денесін еркіне
жібермей. – Айла жасама! Құйған бокалды ішкеннен кейін ұйықта!
Айтқанын істете алмаған Курагин оң жақ алақанымен Шыңғысты құлақ-
шекеден бар пəрменімен тартып кеп жіберді. Оның күсті алақанының
жалпақтығы түйенің табанындай да, саусақтары жас баланың білегіндей
еді. Денедегі күші де сұмдық болатын, үлкен бөшкеге толтырып тұздаған
ауырлығы бір центнер балықты құшақтап жүре беретін, балық жинағанда
ұзын аудың бір басын бұл жалғыз тартса, екінші басына он шақты адам
əрең ие болатын. Қарамағындағы адамдарға сөзінің бұлды болуы да, осы
күшінің салдарынан да. Жəй айтқанда тыңдаса - тыңдады, егер тыңдамаса,
бетіне шапалақпен бір тартса жетті, - ырқына көніп жүре береді...
Мас кісі қызық екен!.. Сау кісінің көбі ұшып түсетін, кейбірі талып
қалатын шапалақтан, Шыңғыстың есі кіре қап, басын дауылдатқан спирт
көзінен ытқан жаспен бірге шыққандай, Курагинге «енді ұрма» дегендей,
екі қолын да көтеріп жасқана берді.
– Сен құдайыңның шешесін... – деді Курагин қазық қағатын тоқпақтай
жұдырығын Шыңғыстың төбесіне төндіріп, буындырған жағасын босатып,
– мынаны жесең сеспей қатасың. Жанық барда бокалды іш! Бұдан кейін
бермеймін.
Ұсынған бокалды Шыңғыс қолына еріксіз алды. Əлгінде соққан
шапалақтың зардабын ол енді ғана сезінді: Аузын ашайын десе, жағының
сүйегі қирап қалғандай қозғалтпайды. Курагин – «бол, іш!» деп дікеңдеп
барады.
– Ішесің бе, жоқ па? – деді Курагин, жағын аша алмай отырған
Шыңғыстың тұмсығына тоқпақтай жұдырығын тіреп, – əйтпесе,
кеңсірігіңді бұзып жіберем.
Төнген қауіптің екпінінен, қарысқан жақтарының қалай ашылып
кеткенін Шыңғыс білмей де қалды. Бокалды ол жұта салды.
– Бұл ұнамды іс, – деді Шыңғыстың бокалды түгелімен қотарғанын
көріп отырған Курагин, – енді зорламаймын. Ішкің келсе ықтиярың.
Бұл жолы байқауынша, спирт өзегін өртеу түгіл білінген де жоқ, оған
тұщы су жұтқан сияқтанды. «Қабірдің басын қар алады» дегендей, мына
спирт манағы спирттің уытын тартып алғандай, мең-зең болып отырған
басы да жазылғандай, дел-сал болып отырған денесі де сергігендей болды.
– Енді ішпеймін, – деді ол нық дауыспен.
– Ықтиярың. Жатам десең де ықтиярың кеңесіп отырам десең де
ықтиярың.
– Өзің ше?
– Мен екеуіне де бейілмін.
Шыңғыстың есіне Шоқан түсіп кетті. Ол манағы кеткеннен жоқ! Қайда
ол?!
Оның Курагинге білдірмей, Шоқанды төңіректен іздегісі келді.
– Тысқа шығып келейін, – деді ол орнынан қозғалып.
– Неге?
– Дəрет сындыруға.
Курагин «а-а-а» деді де қозғалмады. Шыңғыс тысқа шықса қалың шық
түскен. Қанаты суланса сары масаның жатып қалатын əдеті, қазір сөйткен
болу керек, ызыңдары естілмейді. Даланың желкемдеу ауасы таза, тынысы
кең төңірек құлаққа ұрған танадай тиыш жел жақтан көлдің дымқос
барқыны, судың толқыған сыбдыры сезіледі, құстардың шулаған
дауыстары естіледі. Бұл мезгілде, бұл араның түні қысқа болады. Жəне
іңірдің қызыл шапағы аспанның солтүстік жақ кебесін жиектеп отырады да
таң сəріге тұтасады. Қазір Де солай екен, аспанның шығыс жақ етегі сары
сызықтанып, құлқын сəрі басталып қапты, сол тұстағы Шолпан да
жарқырай қапты. Аспандағы ала шабыр бұлттың арасынан сансыз жұлдыз
жымың қағады. Ай күнгей жақ көк жиекте биік таудай қараңдаған, ара -
тұра найзағайы жарқылдаған бұлтқа батып барады.
Тамұқтан жұмаққа шыққандай болған Шыңғыс, табиғаттың тамаша
көрінісіне əсерленіп аз уақыт тұрды. Оның есіне осындай бір шақтың
рахаттары түсіп кетті. Оның ең жақсы көретін серуені – құс салдыру еді.
Жаздың алғыр құстарынан оның ұнататыны – тұйғын болатын. «Ақ ұлпа»
аталған бір тұйғынды оған Арғынның атақты байы жəне биі – Шегеннің
Бірімжəны сыйға тартып, Шыңғыс он шақты жылдай қызығын көрген еді.
Ол қайда барса да «Ақ ұлпаны» да, құсбегісін де ерте жүріп, таң осылай
білініп келе жатқанда құсқа шығар еді де, сулы жердің ық жағында
қыранын қолына ұстап тұрып, жел жағынан құсбегіге дабыл қақтырар еді.
Судан үрке ұшқан құстар, əсіресе қаз бен үйректер өзіне қарай қаптай
ұшып келе жатқанда, қуанған Шыңғыс аңшы қазақтардың салтымен
«қанды басын, бері тарт!» деп жымыңдар еді, зымырап келе жатқан
құстардың ұшуы оған өгіздің аяңындай сылбыр көрініп, жақындағанша
дəті шыдамай, тұла бойымен тыпырсыз тұрар еді, сонда да жемін көріп
талпынған «Ақ ұлпасын» босатпай күткен құстарының ілгері оза беруін
күтер еді, сабырсызданған «Ақ ұлпа» қатты талпынғанда көз алдынан жел
тұрғызып, қанаттарымен бетіне сабай жаздар еді; «Ақ ұлпаға» əрең ие боп
тұрған Шыңғыс, үйректердің ең ұшқыр-сұқсыр өзгелерден бұрын жетіп,
үстерінен сып етіп өте бергенде, бауын сыпырған «Ақ ұлпаны» Шыңғыс
ілгері сілтеп қалар еді, қазақтың «қыран құс қисық ұшып түзу ілер» деген
сөзін «Ақ ұлпа» дəлелдер еді, қолдан ұшқан ол, зымырап бара жатқан
сұқсырға тік ұшпай, жер бауырлап қиғаштай тартады, сондықтан сырын
білмеген адамдар «бетімен қаңғырып кетті» деп ойлар еді, сырын білетін
Шыңғыс «Ақ ұлпаға» қарай емес, үйрекке қарай шабады. Біраз екпіндеп
қызып алған «Ақ ұлпа» орағыта жүйткіп, үйректің астын ала деңгейлеп
барар еді де, «нысанама лекті» деген шамада, төменнен биікке бір-ақ
ырғып, ілген үйрегімен бірге төңкеріліп жерге түсер еді, далақтап шапқан
Шыңғыс жетіп келгенде, шарасыздықтан мойнын созып сұлық жатқан
жанды үйректің үстінде, қап-қара көздері едірейген «Ақ ұлпа» бүрген
үйрекке тұяқтарын батырмастан, жай ғана толғап қойып, тұмсығын
тигізбестен, тəкаппар бейнеде, кеудесін көтере отырар еді. Шыңғыс аттан
қарғып түсіп ұмтылғанда, «Ақ ұлпа» мақтанғандай шаңқ етіп бір шақырып
қалар еді де, иесіне құрмет көрсеткендей үйректің үстінен секіріп түсіп,
анадай жерге барып отырар еді. Тұйғынның өткір тұяғы өкпесіне қадалған
үйрек, жаны болса да қозғала алмас еді... Шыңғыс кісесіндегі кездігін алар
еді де, пісміллə келтіріп, үйректі бауыздап, табан аузында төсін сөгіп,
ыстық жүрегін «Ақ ұлпаға» жұтқызар еді.
«Қан сонарда» деген өлеңінде, осындай бір жағдайды, – «бір қызық ісім
екен бұл жалғанда» деп Абай айтқандай, «Ақ ұлпасына» құс алдыруын,
Шыңғыс өміріндегі ең қызығы санайтын еді.
Кейін ат жалын тартып мінуге жарағанда, құсқа шыққан Шыңғыс
Шоқанды ерте жүретін. Ол да əкесінен кем рахаттанбайтын.
Міне, енді көрсе, – сол əдемі табиғат əлі де сондай əдемі, сол əдемі таң
əлі де сондай əдемі! Жетпейтіні: қолында «Ақ ұлпа» жоқ, қасында Шоқан
жоқ, астында аты жоқ. Бары – балықшылардың мынау тамұқ дүниесі. Одан
қаша жөнелер еді, – астында аты жоқ, қасында Шоқан жоқ! Қайдан
табылады олар?!
...«Маңайдағы күркелердің бірінде отырған болар ма?» деген оймен,
аяғын еппен басып Шыңғыс жан-жақты шолып көрсе, ояу адам сезілмейді,
əр күркеге тоқырап құлақ түрсе, қорылдаған, пысылдаған дыбыстар ғана
естіледі.
Шықтан қорғалаған масалар жылан сияқты болады. Қамыстардың
арасына тығылып тым-тырыс жатады екен де, жақындай қалсаң жабылып
кетеді екен. Шыңғысты да сөйтті, тек, қамыс күркелердің қасына таянса
болды, беті-қолы дуылдап, удай аши қалады, сипап жіберсе, қадалған
масалардың түскендігі сезіледі...
Масалардың шағуынан бас сауғалаған Шыңғыс күркелердің арасынан
көлге қарай қашты. Жолында қараңдаған əлденеге кезіккен, – өздерінің
күймесі екен. Оның мана шоңқиып қалған артқы жағы көтерілген!..
Доңғалақтар орнында... Сипап көрсе, мұрындықтары да орнында!..
Шыңғыс қуанып кетті. «Шіркін, – деп ойлады ол, – Қанашжан да, аттар
да осы арада болып, бұндағы тамұқтан қаша жөнелсек, қандай жақсы болар
еді!..»
«Қанаш осында тығылған болар ма?» – деп күйменің ішіне үңіліп те,
сипалап та қарады. Бала жым-жылас, жоқ боп кетіпті.
Бірдеме ту сыртынан сыбдыр еткенде, Шыңғыс шошып кетіп жалт
қараса, Курагин екен.
– Күйме қалпына келген! – деген сөз түсіп кетті оның аузына.
– Айтпадым ба, сізге? Солай болу тиісті. Бұл мекендегі адамдарда, менің
айтқанымнан шығатындары жоқ.
Жобасына қараса, Курагин түк көрмеген адам сияқты, жүрісі де тың, сөзі
де пысық! О, ғажап!.. Манағы əрі сасық, əрі удай арақтың түк əсері тимеген
бе?.. Тисе, уыты тез қайтқан ба?!
Шыңғыс Курагинге баласының жайын айтып еді:
– Саспаңыз, – деді ол. – Табылады. Оған ешкім де тимейді.
– Қашан? – деді Шыңғыс жалбарынған үнмен.
– Менімше, таң ағарып болған шақта.
– Оны қайдан білесіз?
– Біздің балықшылар ауды көлге түн мезгілінде құрады, менімше, Ваше
благородие, сіздің балаңыз сол қайықшылармен бірге кету керек.
– Балықшылар қашан қайтады?
– Кешікпес. Алды келе бастар. Қайда боласыз, күркеде ме, су жағасында
ма?
– Өзіңіз ше?
– Маған бəрібір. Шалға балық астырып кеттім. Ендігі даяр шығар.
Барып жесеңіз де ықтиярыңыз, балаңызды көл жағасында күтсеңіз де
ықтиярыңыз.
Асқа зауқы жоқ. Шыңғыс көл жағасына бару ниетін айтты.
– Мақұл, – деді Курагин.
Екеуі көл жағасына барды. Ар жағында қорғасын түстеніп толқыған
айдын шетіне көз жетпейді. Мақайда төңкерілген бірнеше қайық жатыр.
Біразы арқандалып, жараға ұрған толқынмен тербеліп тұр. Төңірек балық
сасиды. Маса сезілмейді.
– Сіз осында, төңкерілген қайықтардың біреуінің үстінде отыра
тұрыңыз, – деді Курагин Шыңғысқа, - мен жабдықтарыма барайын. Тез
оралам.
– Мақұл, – деді Шыңғыс.
Курагин жөніне кетті. Шыңғыс қайыққа отырмастан, келдің құмақ
жағасында ерсіл-қарсылы жүрді, сонда басындағы бар ойы, – «Балам қайда
болды екен?!»
Курагиннің күркесінен қашып шыққан Шоқанның ойы зымырап отырып
күймеге жету еді де, шатырын көтеріп, бас-аяғын тұмшалап жатып қалу еді.
Ойы іске аспады. Тысқа жүгіріп шыға келсе, масаның көптігі қалың
бұлттай болып кеткен. Олар мана денесінің ашық жерін шақса, енді
ауыздан дем алғанда ішіне будақтала кіріп қақалтып жіберді. Аузын жапса
мұрнына кірді. Оған ауада масасыз тартатын тыныс жоқ сияқтанды. Егер
дала қараңғы болса, масасы құрғырлар осынша жабылмас па еді? Ай
сəулесін шашқан бозамық сыртта көзге түскен жалғыз адам – Шоқан
болғансын масалар жан-жақтан қаптай ұмтылып, қуанып қалғандай екен.
Курагиннің күркесіне қашып кірейін десе, əлгінде өңмеңін атып кеткен
қошқыл, қою түтін əлі де булықтырып, танауынан исі кетпей тұр.
Сасқалақтап не істеуге білмей қалған Шоқанның құлағына жақын тұстан
шыққан сырнай даусы, оған қосылған бірнеше əйел-еркектің əні естілді.
Осы тамұқта бұл не сауық?!..
«Той немесе шілдехана сияқты бірдеме шығар, сауық жасалған жерде
маса да жоқ, шығар» деген ой келді Шоқанға. Думанды жақсы керетін бала,
дауысқа қарай жүгіре жөнелді.
Жолшыбайғы күркелер, қостар ығы-жығы, бытықы-шытықы екен.
Солардың ара -арасымен жүгірген Шоқанды масалар да талап бақты. Бет-
аузын екі қолымен дамылсыз сипалап жанталасқан Шоқан бет алған
жағынан бұрылған жоқ. Сонда тағы бір байқап келе жатқаны, шырылдаған
шегірткелердің дауысы. Олардың да санында қисап жоқ сияқты. Үндерін
қоса жан-жақтан шырылдаған олардың үндері, - топ қасқырдан үрке қашып
шұрылдаған көп жылқының даусы сияқты. Не деген көп шегіртке!..
Мұншама көп шырылдауық шегіртке түгіл, бірен - сараны күз ағаш үйге
тығылып, қай қуыста екенін таптырмай түн баласында қыстай шырылдаса,
Шоқанның қытығына тиіп ұйқысынан оятып жіберетін еді де, көпке дейін
көзін жұма алмай, қалжырап барып əрең қалғитын еді. Ал, мына араның
ондай шырылдауықтары мың-миллион десе де боларлық!.. Бір кемпірдің –
«шырылдауық босқа əндетпейді, пəле шақырады» дегені Шоқанның
құлағында. Сонысы расқа келгендей, өткен қыс орданың ағаш үйінде,
ымырт жабылғаннан таңға дейін бір шырылдауық дамылсыз сайрап,
мекенін таптырмай мезі қылған! Соның арты жамандыққа соғып, хан
ордасы
құлағандай
болып
отыр.
«Мына
мыңдардың
қосыла
шырылдауының арты неге соғар екен?!..» деп ойлайды бала.
Бозамық далада үй-үйдің арасымен жүгіріп келе жатқан Шоқанның
байқауынша, «үй» дегендер əр түрлі, бұған қамыстардың бастарын
түйістіріп қойған, төбесі шошақ кішкенелері де бар, төрт қабырға жасап,
төбесін жалпақтау ғып жапқандары да бар, сарай сияқты созыла
салынғандары да бар, басым көпшілігі қамыстан құралғандар... Бəрін тұтас
алғанда, тірі адам тұратын баспана сияқты емес. Жан адамның дыбысы
естілмейді. Тым болмаса, сыбысқа елеңдеп үретін иті, жолды кесіп
жүгіретін мысығы болсайшы!.. Жанды мақлұқтан бары масалар мен
шырылдауық шегірткелер ғана сияқты.
Думан даусы жақын сияқтанғанмен, жүгіре келе бірталай жер боп
шықты. Масалармен арпалыса жүгірген Шоқан, ол араға ентігіп жетті.
Түбіне таянса, думан болып жатқан тұрақтың сыртқы бейнесі, төбесін
тапалдау ғып үйген ұзын маяға ұқсайды. Жүгіре басып айналып түссе, бір
басындағы қақпа сияқты кірер орнынан басқасы жоқ. Тегі қамыстан
салынған болу керек, – іштегі у-шудың дыбыстары түгелімен айқын естіліп
тұр.
Шоқанның ықтиярына салса, сырттан тыңдап не шу екенін біліп алу,
кірер-кірмесін содан кейін шешу еді. Үстіне бұлттай үймелеген қалың маса
ол еркіне қаратпай, қақпаға қуып тықты.
Күркенің іші көрдей қараңғы. Іші түтін сасиды. Күркенің орта тұсында
от орнындағы қоз болу керек, əлдене жылтырайды. Думан жүріп жатыр.
Сырнайдың мана даладан естілген, татар күйлерін ойнаған үні, қосылған
əйелдер, еркектер даусы əлі қызу-ақ. Əндетушілердің үндеріне қарағанда
мас кісілер секілді.
Көмескі даладан қараңғы күркеге кіріп барғанда басы айналғандай
болған Шоқан, шыға жөнелгісі кеп бір тұрды да, ойына күркендегілердің
кім екенін білу түсіп кідірді.
– Жарық жасаңдаршы! – деген дауыстар естілді.
От орнының маңында қараңдаған біреу, қозға қамыс тастап жіберген
болу керек, лап еткен жалын маздай жөнелді... Сонда көзі түссе, күрке іші
қаптаған қалың жан, біреулері бұрыштарда, іргелерде жатқан сияқты,
біреулері иық тіресе отырған сияқты, от маңайындағы адамдар қалың.
Оларды түстеп болмай, лап еткен жалын тез сөнді.
Шоқан əлгінде жалт еткен жалынның сəулесімен, өзі тұрған жердің
іргесінде, аулар үйілген жерде бостау орын көр, оның ойы соған отыра
кетіп, күрке ішіндегі тіршілікті абайлауға соқты. Мұның кіргенін ешкім
аңғармаған, тұрғанын ешкім көрмеген сияқты.
– Шөлдеп өлетін болдық қой, – деген еркек даусы естілді сол тұстан, –
əндету, сырнайлатуды қоя тұрып, тамақ жібітіп алсақ қайтеді?
– Қарнымыз да аша бастады, – десті біреулер, – сырнай мен өлең тамақ
болмас – қаужалап алайық.
– Тамақты жарықта ішейік, біреу жарық қып тұрсын.
Қозға тастаған қамыстың жалыны тағы да жарқ ете қалды. От
басындағылар əлдене сұйықты аз ғана бокалмен кезектесіп ішті,
тыжырынған, түкірінген, демігіп қалғандары қаншама. Əлдене үлкен
ыдыспен олардың арасына жейтін қойылды, оны да от басындағылар
жапырласа жеп жатыр.
«Асқа жұмылғандар жүректерін жалғап алды-ау» деген шақта:
– Əу, сауығымызды қайта бастайық, – деген дауыс естілді.
– Баланың! – деді біреу. – Атын да қойған жоқпыз. Атын қояйық та,
содан кейін қисайып, көздің шырымын алайық. Ау жаятын шақ таяп қалды.
– Сол баланың даусы біраздан бері естілмеді ғой, тұншығып қап
жүрмесін өзі, – деді əлдекім.
– Рас-ау, – деді біреу. – Болды да ғой ондай оқиға, басқа бір қоста,
əнеукүні жұмыстан қалжырап жүрген шешесі, нəрестесін емшегімен
тұншықтырып өлтірді ғой.
– Мына баланы да байқайтын екен, – десті əлденеше дауыс.
– Мен байқайын, – деген əйел даусы естілді.
– Жарықты жарқырата түсіңдер, – деді біреулер.
Қамыстың жарқыраған сəулесімен, от басынан бір əйел ербеңдеп
түрегелді де тура Шоқан отырған жаққа беттеді. «Көріп қалар» деген
оймен, Шоқан үстінде отырған аулардың етегіне сырғып жантая кетті.
Қараңдаған əйел Шоқанның сол жағындағы нақ қасына келді. Сол арада
томпая қараңдап, мұрны пысылдаған адам жатқан еді. Келген əйел сол
адамның қасына тоқырап еңкейді де, – «Баршын, ə, Баршын!» деп денесін
қозғады. «Ə, ə...» лап есеңгіреген əйел үні естілді.
– Қатты ұйқтап қапсың ғой.
– Сен кімсің?
– Ақ маңдаймын.
– Неғып жүрсің?
– Сенің де, балаңның, да дыбыстарың естілмей қалған соң...
– Маса құрғыр дамыл бермей, көзім жаңа ғана ілінген еді. Баланы шағып
шыдатпай, əлгінде ғана орап-шымқап əрең тыныштандырдым.
Əйел баласын байқаған қимыл көрсетті де, «ұйқыда екен» деді.
– Ендеше қозғама! – деді келген əйел. – Мен шілдехана жасаушылардың
тамағын беріп болдым, енді ыдыс-аяқтарын тазалайын. Сен қалғи тұр. Мен
де осы араға келіп қисаям.
Əйел кетті. Балалы əйел қайта жантайды. Бұл күркедегі мəжілістің
шілдехана екенін Шоқан білді.
Тамақтан кейін мəжіліс оншалық қызбады. Күні бойы жұмыста болып,
шілдеханаға іңірде жиналған олар, жаңа ішкен-жегендері буындарына
түскендей берекесізденіп, дауыстары да, əлдері де божыған белгі көрсетті.
Сырнайшы, тегі, не қазақ болу керек те, не қазақ арасында көп жүрген
татар болу керек.
Бұдан бұрын əкесіне еріп, татарлар көп отыратын Қырықбойдақ пен
Бағланға Шоқанның барғаны бар, сонда Шыңғысқа құрмет көрсеткен татар
байлары қонаққа шақырып, мəжіліс кезінде гармонь тартқызған, жырлар
айтқызған. Шоқан татар музыкасын, əндерін ұнатып, артынан, дəл үйрене
алмаған əндерді былдырықтатып өзі де ыңылдап жүретін болған. Татардың
кейбір өлеңдерін қазақшылаған түрде айтып:
Қарман ойнай білмейміз де,
Үйренерміз біз əлі.
Бізді таупықсыздар деп айтады,
Таупық табармыз əлі, -
дегенді аузынан тастамайтын. Мына жолы естіген татар əндері де
тамаша. Соларды тыңдап отырып, «өзі қазақша білмей ме екен?» деген
ойға батты Шоқан. Сол ойын сезгендей, астан кейін сырнайшы тағы да
татарша ойнай бастағанда:
– Əу, ойнай бере ме, бұл, ноғайша? Енді қазақшаны тыңдайық та! –
деген дауыстар естілген.
– Енді қазақша тарт, Таңатар! – десті біреулер қостай:
«Таңатар» дегеннің кісі аты екенін я «таң атып қалар» деген мағынада
айтылғанын Шоқан аңғармай қалды. Қайсысы болса да, жұрт сол сөзді
айтып шулап кеткен соң:
– Болсын, – деді сырнайшы еркек.
Ол қазақтың бір биік əнін сырнайға ойнай жөнелгенде, əнге үйір Шоқан
іштей көтеріліп кетті. Қазақ əнінің сырнайға тартылуын оның бірінші естуі.
Бұған дейін қазақ музыкасының қобызға, домбыраға, сыбызғыға
тартылуын ғана естіген. Оларды мына сырнаймен салыстырғанда,
сырнайдың үні ен даланы жаңғырықтыра сұңқылдаған аққудың даусы
сияқты да, аналардікі - ағаштың саясынан алысқа ұзамайтын бұлбұлдың
сайрауы сияқты. Не деген ғажап, еді, мынау сырнай!.. Бұл маңай түгіл,
сонау алыста қалған Құсмұрынға да жетіп тұрған жоқ па екен үні?!.
Сырнайшы əнді желіктіре тартып, екпіндеп алды да:
– Кəне, қайсының бар қосылатын? – деді.
От басындағылардан əркімдер «сен айт, мен айтқа» түсіп, суырылып
ешкім шыға қоймады. Тегі араларындағы «шек шығарлары» болу керек,
бірнешеуі «Құдамен айтсын» деп шуласты. Көпшілік сол сөзімді атап
даурығып кеткен соң, біреу:
– Даусым қарлығып жүр еді, айтып көрейін, болмаса қалар, – деп
тамағын кенеді.
Оның даусы Шоқанға таяқ жеп бақырған түйе сияқты болып естілді.
Жұрт қолдаудың орнына ду-ду күлісті.
– Албасты басыпты ғой, мынауыңды!.. – деген дауыстар шықты əр
тұстан. Анау намыстанғандай:
– Жақпаса қояйын, – деді де, енді қайтып үн шығармады.
– Енді қайсының бар? – дегенге ешкім жауап бермеді.
– Ұйықтайық, – десті əркімдер. Жұрт «сөйтсек сөйтейік» деп күңкілдей,
қимылдай бастаған шақта:
– Əу, осы Үкі апайдың үнін естісек қайтеді? – десті əркімдер.
– Неге айтпайды? «Халық ұнатса хан түйесін сояды».
Бірнеше дауыстың шуласып өтінуіне қарағанда, «Үкі апайы» от маңында
сияқты.
– Қарақтарым-ау, – деген еркектің я əйелдің даусы екенін айыруы қиын
үн естілді от маңынан. – «Біздің бастан тарақ қалғалы қашан?» дегендей,
əні бар болғырға ауыз ашпауым қашан!..
Əйелі, еркегі, баласы... дегендей, жалбарынған дауыстар жамырап
кеткен соң:
– Нені айтайын? – деді əлгі дауыс.
– Қалағаныңды тартамын жеңеше, – деген еркек үні естілді.
– «Дəллəтты»! – деп ду ете түсті жұрт.
– Жылатады ғой, бейшараны! - деп күңк ете қалды. Шоқанның қасында
жатқан əйел.
«Деллəт, деллəт!» деген шу көбейіп кеткен соң:
– Қайтеміз, жеңеше? – деген даусы естілді сырнайшының.
– Тартсаң, тартып көр, тентегім, – деді даусы қалың Үкі.
«Тентегім» деуіне қарап, Шоқан сырнайшы «Үкінің жақын қайын інісі
екен» деп жорамалдады.
Əннің музыкасы сырнайдың саға жағынан ащы басталады екен.
Домбырада бір пернені саусақпен ұзақ басып, əнші үні таусылғанша басқа
пернелерге ауыспай біраз тұрды да, содан кейін жоғарылы-төменділі
ырғағы көп əнді құйқылжыта жөнелді. Шоқан бұндай əнді бұрын естіген
жоқ-ты, күйіне қарағанда, əн мұңы зор туынды. Ауыздан шыққанда қалай
естілер екен?
Сырнайшы əннің бір ауызын түгел сыдырта тартып алды да:
– Жеңеше, бастайық енді, – деді.
Əйел үндемеді.
Сырнайдың астыңғы пернесіндегі ащы үн əлгіндей безілдей бастағанда,
дауыс қосыла кетті.
Ойын-тойда талай жоғары дауысты əйелдердің əнін ести жүре, дəл
осындай ащы үнді Шоқан кездестірген жоқ еді. Əн мына күркенің, ішіне
сыймай, жер – өмірге жетіп жатқан сияқты.
«Апырау, осынша əйел даусы жоғары болады екен ғой?!» деп қайран қап
отыр Шоқан. Дауыс биіктіктің үстіне мейлінше ырғақты, мұңды да сəнді.
Күш жеткен көмейді, үздіксіз үн бола береді екен-ау!..
Əнге қайран қала отыра, ұғымтал Шоқан оның сөздерін де есте тұтып
қалды:
Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,
Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң,
Бірге өскен ойнап – күліп, беу жан - қалқам,
Күлемін кіммен ойнап сен кеткен соң, -
Аха-хау, Дəллəт-ай!.
Осылай айтқан өлеңнің бір ауызын əйел ширақ дауыспен бітірді. Екінші
ауыздың өлеңі:
Шалшық су құдық болмас қазбаған соң,
Тобықтан ат шаба алмас саздаған соң –
деп басталады екен. Соларға кірісе, əнші əйелдің даусы берекесізденіп
кетті. Қараңғыда естілген дауыстың жобасына қарағанда, əйел əннің екінші
ауызын бастамай жатып, жыламсыраған қалпын көрсетті.
– Тоқтатыңдар! – деген дауыстар естілді əр тұстан. Шоқанның
қасындағы əйел отқа қарай тұра ұмтылды...
Тегі, əннен оянды ма, əлде оянар мезгілдері болды ма, кең күркенің іші
араның ұясындай гуілдеген дауысқа толып кетті. Əнші əйелдің былай да
қалжыраған үні, гуілдеген дауыс толқынына батып кетті...
Гуілден шыққан үндерден адамның иманы қасым болғандай ыңыранған
аурулар даусы да естіледі одан, ұрсысқан, жанжалдасқан дауыстар да
естіледі, жылаған дауыстарына қарағанда, бұл қостың ішінде жас балалар
да бірталай сияқты, оларға ұрысқан, қарғаған, сабаған əйел дауыстарды да
аз емес...
Құлағы тұнған Шоқан далаға шығып кету ниетімен орнынан көтеріле
бергенде, қасынан жаңа туған баланың шар ете қалған даусы естілді. «Маса
шаққан болар, бейшараны» деген ой кеп, Шоқан баланы қолына қалай
көтеріп алғанын білмей де қалды.
– Бала оянды! – деген дауыс естілді от жақтан.
– Ендеше, атын қою керек, – десті біреулер.
– Сөйту керек, – десті əлдекімдер.
– Онда от алып жүріңдер.
Біреу оттың қозын жарқырата жайпап жіберді де, қолға уыстаған
қамыстың басын тосты. Əлдекім қозды еңкейе беріп үрлеп жатыр. Қамыс
лау ете түсті. Жарық ұстаған бір топ адам Шоқанға беттеді. Іштерінде
сырнай ұстаған мұртты да бар.
– Мынасы кім?! – десті біреулер, қолындағы сəби безек қағып
шырылдап тұрған Шоқанға жақындай.
– Манағы Шыңғыстың баласы сияқты ғой!..
– Дəл сол!
– Бұл қайдан душар болды, бұнда?!
– Баланы қалай алды, қолына? – деген дауыстар гулесіп кетті.
Маңайдағылар қаптай бастады. Уыстағы қамыстар бірінен соң, бірі
тұтанып, Шоқанның төңірегі отқа толып кетті...
Қоршаған адамдардың түстерінен адам шошырлық бəрі де арық, үсті-
бастары далба-дұлба, түстері суық, қадалған көздері Шоқанды ішіп-жеп
барады!..
Бұған дейін талай кедей ауылдарды, талай кедей үйлерді көре жүре, нақ
мынадай жүдеулерді Шоқан кездестірген емес-ті. Не сұмдық, мыналар?!..
Осындай да тұрмыс болары екен-ау, адамзатта!.. Көздерімен ғана емес,
сөздерімен де асса, - қолдарымен де түтіп жемес пе екен Шоқанды?
Зəресі кеткен Шоқан, көп тазының арасына түсіп қалған күшіктей, жан-
жағына жаутаңдай қарап мейірім күткен еді, ондай белгі ешкімнің де
кескінінен аңғарылмады.
– Бері əкел, баланы! –деп бір əйел қолын созды.
Баланы берсе, мына қоршай төнген түсі суықтар бас салардай көрінді.
Ол қуана бастаған сəбиді бауырына қыса түсіп шегіншектей берді.
– «Əкел» дедім ғой, – деді əйел Шоқанға.
– Бермеймін!
– Неге?!
– «Атын қоямыз» деген жоқсыңдар ма, бұл нəрестенің?
– Онда сенің не ақың бар? Бер баламды! – деп əйел қол салуға
айналғанда:
– Тұра тұршы, келін! – деді қартаң əйел.
– Шыңғыстың баласымысың, сен?
– Ие, Шыңғыстың баласымын.
– Кəдімгі – хан Шыңғыстың ба?
– Ие, хан Шыңғыстың.
– Мана көл жағасында көрген баламысың, сен?
– Ие, сол баламын.
– Мұнда неге келдің?
– Шілдеханаға.
– Қайдан білдің, шілдехана барын?
– Естідім.
– Қашан келдің?
– Мана.
– Бұ не, баланы əңкүр-мəңкүрдей тергеп кеткендерің? – деді аппақ
сақалды, жыртық көйлек-дамбалшаң біреу, Шоқанды қоршаған топты
кимелей, Шоқанға жақындай берді, -кім келмеуші еді, шілдеханаға?
Ойынға келдің бе, балам?
– Ие, ата.
– Атың кім өзіңнің?
– Шоқан.
– Əу, жұрт! – деді шал қоршағандарға, – бұл қосқа құдай айдап келген
шығар осы баланы. Асыл тұқым, нəрестеге осының атын қою керек.
– Табылған ат!.. – деп ду ете түсті бірнеше адам.
– Иесі не дейді екен? – десті біреулер.
– Сен қалай көресің? – деп біреулер сырнайшыға қарады. «Əкесі осы
екен ғой» деп ойлады Шоқан.
– Қатын, қалай дейсің? – деді сырнайшы, балаға ұмтылған əйелге.
«Шешесі осы екен ғой» деп ойлады Шоқан.
– Көп ұнатса не дейміз, – деп күңк етті əйел.
– Болмайды! – деді, үсті далба-дұлба, басына тартқан кішірек жыртық
орамалдан ұйпаланған тұлымдары шыққан, кескінінің айғызданған
əжімдері жалынның жарығынан айқын көрінген, арық денелі əйел,
тырнақтары қарғаның тұяғына ұқсаған екі қолын бірдей көтеріп.
– Неге, Үкі? – деді ақсақал. «Əнші əйел осы болғаны ма?!» деп ойлады
Шоқан.
– Құдай төрім түгіл көрімді жақын қылмасын, хан тұқымына.
– Олай деме, Үкі келін! – деді ақсақал, – хан тұқымының аты айыпты
емес, ісі айыпты. Мына баланың, – деді ол Шоқанды қолымен нұсқап, –
аты жақсы екен, өзі оқу іздеп бара жатыр дейді, солай ма, балам?
– Солай, ата.
– Ендеше, тіпті жақсы. Нəрестеге осы баланың жолын берсін, аты
Шоқан болсын.
– Дұрыс, – десті көпшілік.
– Болса – болсын! – десті əкесі мен шешесі.
– Ал, ендеше, - деді ақсақал, Шоқанға, - қолындағы баланың құлағына
«Шоқан, Шоқан, Шоқан» деп үш айғайла да шешесіне бер.
Шоқан шалдың тілегін орындады. Қолына тиген баланы шешесі
бауырына басты.
– Бəрекелді! – десті шуылдасқан əлеумет.
«Төнгендер енді тимес» деген оймен жылысып тысқа шығуға
ыңғайланған Шоқанға:
– Əй, бала, тоқта! – деді біреу. Таңатар екен. Шоқан кідірді.
– Бұл қалай болады, шырағым? – деді ол Шоқанға жақындап, – əдетте,
балаға ат қойған кісіге əкесі ат мінгізеді, менде ат жоқ. Оның орнына,
қайыққа мінгізсем қайтеді?
– Қайдағы?
– Көлдегі. Ау салар мезгіліміз болды. Менімен бірге барасың да, ay
салысасың. Қызық болады.
– Қатын, манағы бақырға салған сазандар бар ма еді? – деді Таңатар
əйеліне.
– Бар, аздап тұз сеуіп қойғам.
– Əкел, бақырды. Шоқанға кел үстінде асып жегізем.
Əйел бақырды алып берді.
– Екеуміз тоярлықтай, – деді Таңатар бақырды тұтқасынан ұстап, – су
үстінде асқан балықты жеп көріп пе ең?
– Жоқ.
– Ендеше тамаша болды ол. Біздің үйден татқан дəмің болады! Мə,
бақырды ұста, ауды арқалаймын.
Шоқан бақырды қолына алды. Таңатардың айтқаны рас екен, бақыр ап-
ауыр.
– Бəріміз де кетеміз, – деді ол оты сөнген қоста гуілдескендерге.
Ауды арқалаған Таңатарға еріп Шоқан тысқа шықса, дала бозамықтанып
қалған екен. Таңатардың арқалап алған ауы бір шөмеле шөптей дерлік.
Қостан шығып жатқандардың көбінің арқасында да сондай жүк.
– Ал, кеттік! – деп көлге қарай беттей берген Таңатардың əлдекімдерге:
– Шыңғыс күймесінен алған тұмылдырықтарды апарыңдар да,
доңғалақтарды орнына салыңдар! – деген күбірі Шоқанның құлағына
шалынып қалды. «Көлде жүріп қайтқанша күйме дұрысталса, жолға
шығады екенбіз» деп үміттенді ол.
Балықшылар арты шоңқиған күймені жанап өтті. Шоқанның қазіргі есі-
дерті онда емес, қайыққа мініп келде жүзуде, көл үстінде балық асып
жеуде. Осындай ойдағы оның былай да ашып келе жатқан қарны, тіпті аша
түсті, шектерін бойлай жылан жорғалаған сияқтанып, былай да еңкектеу
жүретін ол, бүкшиіп алған сияқтанды. Сонысын аңғарғандай.
– Бала, немене, бүкшеңдеп қалдың ғой, бақырды ауырлап келе жатқан
жоқсың ба? – деді Таңатар.
– Жоқ, – деді, бұрын жүк көтермеген Шоқан намыс көріп.
Таңатардың түр-тұлғасын енді ғана байқап келеді, орта бойлы, сүйектері
сом, жауырыны кең, кеудесі еңкектеу, мұртын баспастан, орыстарша
ширатып еркіне жіберген, тегі, сақалы қалын, болу керек. Қушықтай біткен
бетінің иек жағы жалпайып тұр, шүңіректеу көздері кішкене тəрізді.
Иығына артқан ауды ұстамастан келеді. Үстіндегі жамаулы көйлек-
дамбалы кенеп. Жалаң аяғымен кедір-бұдыры көп жерді етікті кісідей
басады, аяңы жылдам екен. Шоқан жүгіре басып əрең еріп келеді...
Олар көлдің жағасына келсе, батыс жақтан тұрған самалдан судың беті
толқынданып, ақ көбік жиекке жинала бастаған екен. Əлгінде, сауық
болған күркеден шыққанда ерген адамның саны оншалық көп сияқты емес
еді, енді Шоқан көл жиегіне келгенде қараса, қаптап кеткен адам жəне
кілең əр жастағы еркектер, əйел көрінбейді, бəрінің де киімдері жыртық-
жамаулар, бері де жалаң аяқтар, көбінің басында лыпа жоқ,... түндегі толық
айдың қазір көкжиекке қызара батып, айналаның бəрі күңгірттене
бастауынан ба, əлде расында солай ма, - барлық адамның да беттері қара
сұр суық.
Жағадағы қазыққа арқандалып, толқыған судан шоршаңдап тұрған
үлкенді
-
кішілі
қайықтар
толып
жатыр
екен.
Таңатар
сол
арқандаулылардың сопақша кішірек келген, астау тəрізді біреуіне таянды
да, ішіне үңіліп:
– Суға толып қапты ғой, мынау! – деді.
Шоқан да үңілсе, толқыннан қалтақтаған астауша қайықтың ішіне
іркілген, шамасы «адамның толарсағына таяу келер-ау» дерлік су,
шайқалаңдап жатыр екен.
– Əу, бері кел! – деп Таңатар, қайықтарын, саймандарын түзеп
əбігерленгендерден
біреуді
шақырып
алды
да,
арқалаған
ауын
аударыңқырай, – мə, ұста мынаны! – деді. Келген адам ауды көтеріп алды.
– Сендер құра беріңдер, ауларды, – деді Таңатар оған, – мен өзімнің
«қалтақбайыммен», мырзаны көлге серуендетіп келейін.
«Мырза» дегенді сыйлау, я кекету түрінде айтқанын Шоқан аңдамай
қалды.
– Мақұл, – деді анау.
– Мен, – деді Таңатар, – бақырашпен «қалтақбай» ішіндегі суды төгейін,
сен бір құшақ құрғақ қамыс алып кел.
Астау қайықтың аты «қалтақбай» екенін Шоқан енді жорамалдады. Анау
адамға бұйыра сөйлеуіне, күрке ішінде өзін қалай ұстауына қарап, Шоқан
Таңатарды «басқарушы біреуі болар» деп тұр. «Ендеше ол, дені дұрыс,
үлкендеу қайықтардың біреуіне мінбей, мына сияқты «қалтақбайға» неге
мінеді?!.»
Таңатар «қалтақбайдың» үстіне шықты да, суы молырақ көлкіген
жағынан түрі ожау сияқты мыжырайған бірдемені суырып ап, қайықтағы
суды көсіп ап көлге төге бастады. Салдырлауына қарағанда, «бақыраш»
дегені осы болу керек.
Таңатар қайық ішіндегі бірталай суды бақырашпен ілезде кəсіп тауысты
да:
– Ал, мырза, кел бері, мін мұнда! – деді қайық ішіне шақырып.
Қайыққа мінер – мінбесін білмеген Шоқан, Таңатарға инені тартқан
магнитті пышақ сияқты, еркінен тысқары жақындай берді.
– Əуелі бақырыңды бері əкел! – деді қайыққа таянған Шоқанға қолын
созып.
Шоқан берді.
– Су қайыққа əлі де кіреді, – деді Таңатар, – етігін мен шалбарыңды шеш
те, анау үйіліп жатқан салының үстіне қойып кет, қайтқанда аламыз.
Шешінер - шешінбесін білмеген Шоқанға:
– Рас айтам, – деді Таңатар бұйрықты дауыспен, – ешкім де алмайды.
Сол орнында тұрады.
Шоқан Таңатарға арбалған адамдай, салының үстіне отыра қап етігін де,
шалбарын да шешті.
– Дамбалыңды ышқырыңа түрініп ал, – деді шешкен киімдерін салының
үстіне қойып, қайыққа жалаң аяқ түрде жақындаған Шоқанға.
Шоқан оны да істеді.
– Ал, енді мін, қайыққа. Су жағынан кел.
Шоқан көлдің суы салқын жиегіне аяқ басып көрсе, түбі таңдайланып
жатқан құм-қайран екен жəне шетінен бастап терең екен, қайыққа Шоқан
орта тұсынан кеп мінгенде тізесінен келді. Шоқан мінгенде қайық аяқ
басқан жағына аударылып кететін сияқтанып қалтақтап қалды. Əлгі
жұмсағаны, белінен қоғажаймен буған бір бау құрғақ қамыс əкеп берді.
Оның екі басы қайықтың алды - артынан асып жатты.
– Жақсы болды, – деді Таңатар. – Суға тимейтін болды. Тисе – пысылдап
жанбай əуре қылар еді. – Ал, енді ағыт бауын қазықтан, – деді Таңатар
қамыс əкелгенге.
Ол аласа қазыққа байлап қойған, түйіні көп жіпті шешті де, шумақтап
ап, қайықтың ішіне тастады.
Шоқан қайықты алғаш көргенде, «тұтас бөренеден ойып жасаған болар»
деп жорыған еді. Енді қараса, тақтайдан құрастырылған екен. Олардың
жіктерінен жылтыраған су жылап кіріп жатыр. Арт жағында бір адам
отырарлық орындық бар.
– Бала, – деді Таңатар, – сен анау орындыққа отыр. Қайыққа жиналған
суды бақырашпен қалғып ап, көлге серпіп отырасың ескекті мен есемін.
«Ескек» дегені - ұзындығы адамның бір жақ қарындай ғана қалақ екен
жəне өзі - жалғыз.
– Ал, кеттік! - деп Таңатар сол ескекті су түбіне тірей, бір-екі ырғап
қалғанда, қалтақтаған қайық, көлдің, ішіне қарай жылжып жүре берді.
Түрегеп тұрған Таңатар, жылдамдатқан қимылмен суды екі жақтап есті.
Ілезде жара алыстай бастады.
– Таңатар! – деп дауыстады, қамыс əкелген жағада тұрып, – айттым ғой
мана, сүңгітіп жібер!..
Нені сүңгіт дегенін Шоқан аңғармай қалды. Аздан кейін оның ойына
жамандық кіріп, – «мені айтқан жоқ па екен?!» деп күдіктенді. Оның
жүрегі өрекпи қап, маңдайынан тер шығып кетті. Сасқанынан:
– Осы ара терең бе? – деген сұрау шығып кетті оның аузынан.
– Терең, – деді Таңатар есуін жылдамдата түсіп. – Кісі бойламайды.
– Жағаға жақын жер ғой.
– Болса ше? Не заманнан бері қаптаған қайық жүріп жататын тұс.
Қаратылуы солай ма, əлде бізден бұрынғы балықшылар қайықтардың
келіп-кетуіне оңай болсын деп қолдан тереңдетті ме, - əйтеуір осы бір
суаттың асты өте терең.
Егер терең болмаса, ойына өлім қаупі келген Шоқан, осы маңда суға
қарғып түсіп тұра қашар ма еді, қайтер еді, ол иығынан ғана келетін су
болмаса, одан асатын суға малтып келген жан емес, сондықтан:
Қалтылдақ қайық мініп ескегі жоқ,
Дарияда жүрміз заулап кешпегі жоқ,
деп бір ақын айтқандай, еркінен тыс, аумағы кең көлдің айдынына қарай
кете барды.
Іңірде жəне əлгінде жаға жақтан қарағанда, бұл көл қамысты сияқты еді.
Енді, айдынға шыға көрсе, қамыс, тек жағаға жақын тұсқа, ақ кигіз үйдің
жабығының сыртына ұстаған басқұр сияқты ғана екен. Ал, толқып жатқан
айдынның ұшы-қиырына көз жетер емес.
Таңатар түрегеп тұрған қалпымен, ескекті екі жақтап сілтеп келеді.
Айдынға шыға жел қатайып бара жатқан сияқты. Мана жағада іркілдеген
толқын енді күркілдеп, құтырған бурадай шабынып жатыр. Сусылдап
қамаған толқын астау қайықты аударып жіберерліктей екпіндейді. Тегі, таң
қараңғысы ма, немене? Төңірек қап-қара түнек болып алған. Ай бардағы
ала - шабыр бұлт, ол батқаннан кейін қалыңдап алса керек, аспанда бір де
жұлдыз жылтырамайды. Қараңғылыққа көзі үйренген Шоқанға төңіректе
жарыса сапырылыса қимылдаған толқындардың елесі қараңдайды. Олар
ертегіде айтылатын айдаһарлар сияқты, бəрінің де түстері қап-қара,
жалдары қара-бурыл. Солар қайықты қамай сапырылысқанда, «қайсысы
жұтар екен?!» деп үрейі кеткендей, қайықтың қалтақтауы жиілей түседі.
«Қашан ауып кетер екен?!» деген қауіптегі Шоқанда зəре жоқ. Таңатар
ескегін үн-түнсіз есе береді. Ол, тек, анда - санда ғана, бірде «бала» деп,
бірде «мырза» деп дыбыс береді.
– Төгіп отыр, қайыққа кірген суды! – деп қояды. Шоқан Таңатарсыз да
су төгуді ермек көріп, қимылдан қолы босамайды. Бұл жүзудің ақыры
немен тынарын білмеген Шоқанның ой-санасы сандалуда...
– Бала! – деді əлдене бір уақытта Таңатар.
Шоқан кенет дауыстан селк ете түсті.
– Шаршаған жоқсың ба, бала?
– Жоқ.
– Зеріктің бе?
– Зеріксем амал нешік!
– Рас, – деді Таңатар, – Күннің ашыққа баюына қарап, түн жақсы болар
деп шамалаған едік, жел құтырып, көлдің суы желігіп алды ғой.
– Солай болды, – деді Шоқан күрсініп.
– Үйдегі ниетім: саған көл үстінде қонағасы беру еді, шырағым, онымды
құдай қош көрмей, дауылын тұрғызып жіберді. Қазіргі ойым, – судан аман
шығу.
– Көріп келем.
– Бұндай толқын, мынадай астауша қайық түгіл, ірі қайықты да кейде
аударып жібереді. Ендігім – жан сақтаудың қамы.
Үрейлене түскен Шоқан үндемей қалды.
– Бірақ, қорықпа шырағым, – деді Таңатар. – Қайық ауса да сені аман
сақтай алам.
– Бұрын ауып көрген бе едіңіз? – деді Шоқан.
– Талай рет. Мұндай жылы кезде ғана емес, су беті қабыршақтанып
жатқан күздігүні де. Кейде киімшең қалыпта да. Ені қанша жалпақ
болғанмен, бұл көлдің, о жағынан бұ жағына малтып өте берем.
Таңатардың бұл сөздері мақтаныш сияқты көрінгенмен, Шоқанның
үрейлі көңіліне медеу болды. Осы сəтке дейін, секунд сайын ажал күткен
ол, енді тіршіліктен дəмете бастады.
– Аға, – деді ол, – қайда бара жатқанымыз мəлім бе, біздің?
– Мəлім, – деді Таңатар.
– Қайда?
– «Ерегіспе» деген ауруым бар еді, мырзам. Бет алған жағымнан
қайтпайтын «ұстамалым» бар еді. Соным ұстап кетіп, көлдің, жел жақ
шетіне шығуды серт етіп келем.
– Неге, аға?
– Ойда жоқта тулап кетті ғой, мынау көлің. Еркіне салсаң, қайықты қуып
отырып, бір жерге батырып кетеді, оны істей алмаса ыққа шығарып
тастайды. Ерегістім соған. Қайықты қарсы сап, жел жақ жағаға шықпай
қоймауға бел байладым.
– Онда бетіңнен жарылғасын, аға!..
Бұдан кейін бұлар біразға дейін үн қатысқан жоқ. Жаңағы ерлік сөздерін
естігеннен кейін, Шоқанға Таңатардың қимылы бұрынғыдан да күшейе
түскен сияқтанды, бұған дейін арындауық аттай көткеншектеп келе жатқан
қайық енді қамаған толқындарды тіліп зымырай бастаған сияқтанды...
Бір кезде жел бəсеңдеген сияқтанды, ағаштың бұтағы немесе қамыстың
басы тəрізді бірдеменің зуылдаған сыбысы естілді...
– Жағаға таянып қаппыз, – деді Таңатар қуанған дауыспен.
Кешікпей қайық қалың қамыстың арасына кіріп кетті. Жыныс аса қалың
екен, араларынан қайық əрең сырғып келеді, өздері зəулім биік, кейбірін
Шоқан ұстап көрсе, жуандығы құрықтай.
– Шіркін, осылардың сүйріктері қандай жуан, қандай тəтті екен, тартып
жер ме еді, өзін, ə?! – деп қояды Шоқан ішінен.
Қайық қамысқа кіре, қаз қаңқылдап, аққу сұңқылдап, үйректері
барқылдап, шағаласы шаңқылдап... дегендей, қамыс арасында жүрген
құстар мазасыздана бастады. Біреулері дырылдап ұшуға айналды. Судың
сылдырынан басқа түк естімей келе жатқан Шоқанға, бұл үндерді есіту
көңілді болды...
Бұ жақ шеттегі қамыстық нуы едəуір жалпақ екен, ішін қайық бірталай
уақыт аралады. Қамыс сиреп, шет жағы бəшке – құрақ пен өлең араласа
өскен шалғынға айналған шақта байқаса, жел шынында да бəсеңдеген, сол
кезде қайықтың түбі қайраңдап сазды топыраққа тиді.
– Енді сүйреп шығармаса болмайды – деп, Таңатар қайықтан секіріп
түсті де, тұмсығындағы бауынан сүйрей бастады.
– Сен отыра бер, бала! – деді ол Шоқанға.
Жауап берместен Шоқан да жерге түсті, – тайыз тұста қайықта отыруға
ұялды.
Шалғынның түбі саз екен. Бірақ бұл маңайда мал болмау керек, тұяқ
батқан шұқыр сезілмейді, үсті жылпылдаған саздың асты кебір, аяқты
тұтқырлана тартып əрең жібереді.
Қайықты артынан итермелеп келе жатқан Шоқанның мұрнына жабайы
жуанын, иісі аңқып кетті. Томарлардың, көлдердің осындай сазына өсетін
жуанын, жұмыры кішкене, сабағы жуан жəне биік болады. Жаз ортасында
ұшар басына көгілдірлеу түйін тастап (дəні сол түйінде болады) піседі.
Бұрқыраған рахат иіс сол кезде шығарды. Өсімі көп жылдары, қалың
жуанын, қышқылтым иісі, желдің ық жағынан алыстан аңқиды. Сол кезде
жұлып ап жесе, ауызды толтыра көпіршіп, қышқылтымы мұрынға атып,
адамның иіскеу жəне тату сезімдерін ерекше бір рахатқа бөлеп жібереді...
Осындай жуа Құсмұрын көлінің жағасына да кейбір жылдары мол
шығып, жұрт жапа-тармағай жиналып теретін еді де, сорпа-суаны жоқтар
шикідей жеп, барлары турамшылап салма жасар еді. Үйінен сорпа
арылмайтын Шыңғыс, қашан таусылғанша жуалы салмадан ауыз
алмайтын. Шоқан піскен түрі емес, шикі түрін жақсы көріп, үнемі тыңнан
жұлып жейтін. Кей күндері оның қорегі сол болатын. Қолдан есіретін
жуаны (сарымсақты) ол шайнай беріп түкірігі тастаған да, содан кейін
аузына алмай қойған. «Су жуаға не жетсін?» дейтін ол.
Көлдің, томардың, саздарында, жуамен қатар буылдық та өседі.
Шығымды жылдары оның жұмыры баланың жұдырығындай болады,
тармақты сабағының басына үлбіреген ақ гүл өседі. Піскенде гүлі төгіледі.
Сол кезде оны ауқаттылар - таңсыққа, кедейлер - азыққа жейді. «Сүтке
бөктірген буылдықтың тамақтығы, ақ ірімшіктен кем болмайды» - деседі,
жеп көргендер. Шоқанның да солайша əзірленген буылдықты талай жеп,
тəттілігіне тамсанғаны бар. Қазіргі қараңғылықта, шалғын арасында
буылдықтың бар-жоғы белгісіз. Иісінен байқауға ол жуадай ароматты
өсімдік емес. «Мынадай қалың шалғынның арасында буылдықтың болмауы
мүмкін емес» деп жорамалдайды Шоқан. Шіркін, сүтке бөктіріп жер ме еді,
соны!.
Қараңғыда қайықты итерісіп келе жатқан Шоқан бір қолымен шалғын
басын сипалап келе жатып, басында түйіні бар біреуін «жуа болар» деген
оймен жұлқыды. Кебір саз жұмырын жібермей, сабағы үзілді. Шоқан соны
шайнап көрсе, жуа!.. Қарны ашып келе жатқан оған, көбіктенген жуаны
толғап жұтқан шақта, бір аяқ қымыз ішкендей қанағаттанды. Ол шалғын
басын тағы сипалай бастады.
Оның қолына екінші жуаны жектірмей, қайық жағаға жетті. Ар жағы
түптеле өскен қалың тал екен. Таңатар қайықты сүйреген қалпымен,
кеудесінен асыра қырға шығарып тастады да, мана отынға алған қамысты
ұстап көрді.
– Былжырап су боп қапты ғой, мынау, – деді ол, көтере берген бау
қамысты қайықтың қасына тастай беріп, – бірақ, оған уайым жеме, мырзам.
«Көл үстінде керек болар» деп ем, енді керегі жоқ, тал арасында отын көп.
Ол қайық ішінен бақырды көтеріп алды да, «суға келіп жүреміз бе» деп,
бақырды жалтырлау бір жерге батырды. Орта тұсына дейін балық салынған
бақыр, суға мөлтілдеп толды. Таңатар бұтақтары самалға жайқалған
талдарға беттеп:
– Бері қарай жүр, бала! – деді. Шоқан соңына ерді.
Қалың талдың арасы тіпті тымық екен. Жайқалған бұтақтардың
сыбдыры болмаса, жел бар дерлік емес.
– Бала, шөмшек терейік, – деді Таңатар тал нуының паналы бір қуысына
кіре, бақырды жерге қойып, – ыстық жасайық.
«Ыстығы» – балық асу болу керек, ал, «шөмшегі не?»
Шепе үйрететін боғауыз өлеңдердің ішінде:
Қыз да барды шөмшекке
Мен де бардым шөмшекке,
Қыздың көзі шөмшекте
Менің көзім емшекте.
деген болушы еді. Осындай өлеңдердің (бұдан да жамандардың)
талайын үйренген Шоқан «шөмшек не?» деп сұрамаған еді, енді,
Таңатардың қу бұтақтарды жыюына қараса, «шөмшегі» осы екен.
Шөмшекті Шоқан да жинасты. Ол ілезде кеп жиналды. Тегі, талдардың
арасы тұнған жидек болу керек, жұпар исі аңқып тұр. Шіркін, көз болып,
теріп жесе, жидекті!.. Қалың шөптің арасында өсіп күн көрмегендіктен
бұндай жердің жидегі бозғыл түсті үлкен болады да, қышқылтым тəтті дəмі
тілді үйіреді.
«От қайдан табылады» деп ойлап қалды Шоқан. Таңатар балағын түрген
кең, дамбалының ышқырынан əлденені суырып ап, екі бармағының басын
шықылдата бастады, бұл, əрине шақпақ тас.
Шақпақтың ұшқыны ағаштың қуына тез тұтанды. Оның үстіне
үймелектен шөмшектің қоқымы да тез жалындап, ілезде жалын жарқырай
қалды. Қу талдар от үстіне үйіле түсті. Жалын жайнай түсті. Таңатардың
беліне байлаған қайысында қын бар екен. Ол пышағын суырды да айыр
бұтақ екі талдан қазық жасап, оттың екі жағына қақты, қазықтар үстіне
арқалық тастап, бақырды соған асты.
– Балықтар аршылған ба еді? - деп сұрады Шоқан.
– Əрине.
– Кімге даярланған еді ол?
– Той тарқарға.
– Неге асылмады?
– Сенің кесіріңнен.
– Менің? Қандай?..
– Сен көрінбегенде, шілдеханаға жиналғандар бұл балық жеп тарқайтын
еді.
– Менің не бөгетім болды оған?
– Ол ұзақ əңгіме, мырзам. Қаласаң айтайын.
– Айтыңыз.
– Балық піскенше бітіре алмауым мүмкін.
– Жегенше бітірерсіз.
– Онда да бітпеуі мүмкін.
– Содан кейін, қайтпаймыз ба, кейін?
– Қайтамыз.
– Жаяу ма, қайықпен бе?
– Өзің қайсысын қалар ең?
– Жаяулауға да қарсы емеспін.
– Неге?
– Өліп қала жаздадық қой, əлгінде, қайық үстінде.
– «Өлтірмеймін» деген жоқ па ем, мен «қайық батса да аман алып
шығам деген жоқ, па ем?
– Дедіңіз.
– Ендеше немене, айтып отырғаның?
«Таңатарды ренжітіп алдым ба» дегендей, Шоқан қипақтай сөйлеп:
– «Құрғақпен баруымыз жеңілдеу болар ма екен» дегенім ғой, - деді.
– Жеңіл болғанмен алыс. Қазір мезгіл таң қараңғысы болу керек. Көлді
аяңдап жағаласақ, біздің мекенге күн көтеріле жетер ек.
– Қайықпен ше?
– Ыққа қарай жүземіз ғой, биенің бірер сауынында жетіп қаламыз онда.
– Тез кетеміз бе, бұл арадан?
– Балықты жеп болған соң.
Шоқан көнгендей белгі берді. Таңатар кеңесіне кірісті. Жаман сөзден
бастады ол.
– Шынында, – деді Таңатар, – менің сенімен бұлай шүйіркелесіп
отырмауым керек еді, мырзам, жоқтауыңды бір-ақ асырып, құныңды бір-ақ
көтеруім керек еді.
– Неге ойбай?! – деді зəресі ұшып кеткен Шоқан.
– Тұқымыңда кегім бар.
– Кімде, ағатай-ау?
– Сартай дейтін туысыңды білесің бе?
Шоқан ойланғандай аз кідірді де, жауап күткендей түйіле қараған
Таңатарға:
– Менің əкем – Шыңғыс емес, атамыз – Уəлімен сізге туысқан Шыңғыс
болған екен, соның Сартай деген баласы болған деп есітем, ұлы шешеміз -
Айғаныммен өштесіп, жер ауып кеткен дейді, содан қайтпаған дейді, тегі,
сол жақта өлсе керек.
– Біледі екенсің, – деді Таңатар суық дауыспен, – сол Сартайдың əжең –
Айғаныммен ойнас болғанын естідің бе?
– Жоға, – деді Шоқан, сондай өсекті ести тұра, естімеген боп.
– 3 ай естімедің, дүйім жұрт түгел білетін істі?
– Мен баламын ғой, ағатай. Үлкендер білетіннің көбін білмеймін ғой. .
– Білмесең айтайын, – деді Таңатар.
Оның кеңесі ұзаққа созылды. Соның ұзын – ұрғасы Айғаным Сартаймен
көңілдес болып жүреді де, бертін Айғаным əрі хан болған, əрі елдің
қаңқуына іліккен кезде, өсек-аяңнан құтылмақ болып, Сартайды
үйлендіруге ойлайды. Қыз іздеген Сартайдың көзіне, сол кезде
сұлулығымен сымбаттылығымен, əншілдігімен атаққа шыққан Үкі түседі.
Ол шағын дəулетті біреудің қызы екен, езін Таңатардың туған ағасы –
Тұнғатарға атастырып қойған екен:
Тұнғатар тəуір жігіт болып өседі де, Үкімен тұз – еңбегі жарасып, оң
жақта қалың ойнайды. Осындай жарастықты көңілдердің арасына Сартай
тікендей қадалмақ болады. Қыз оған көнбейді. Ақыры насырға шауып,
ұзатып əкеткен Үкіні Сартай қалың қолмен барып Тұнғатардан тартып
əкетеді. Сартайды Айғаным жақтайды. Тұнғатардың амалы құриды. Сол
кезде, Айғанымға қарсы Кенесары көтеріле қап, Тұнғатар соның қолына
қосылады да, Айғаным ауылын бірге шабысып, тұтқында отырған Үкіні
тартып əкетеді.
Түнғатар мен Үкі сол кеткеннен кетіп, Кенесары қолы қырғыздардан
тас-талқан болғанша бірге жүреді де, арпалыста Түнғатар қаза тауып, бет-
бетімен қашқан кенесарышыларға еріп Үкі де қашады.
Жолшыбай ауыр азап көрген ол, туған өлкесі - Көкшетауға арып-ашып
əлденеше жылда əрең жетеді. Сонда естісе, Тұнғатарға өшіккен
айғанымшылдар, ағасына ермей елде қап, əлдене байдың жылқысын бағып
жүрген жігіт - Таңатарды, «ұрлаған көп жылқымен қолға түсті» деген
жаламен итжеккенге жер аударады. Хан тұқымынан қорыққан туыстары
Үкіні қабылдау орнына қуады. Ел ақтап тіленші болудан басқа амалы жоқ
Үкі, қайыр сұрап қаңғырып жүріп, «Қаңғырған» аталатын балықшылар
мекеніне жетеді. Сонда, əлдебір шалға отасып, аз жылда онысы еледі де
жесір қалады, бірақ жасы да жетіп қалғандықтан, басқа барар жері
болмағандықтан, балық кəсібінде қалып қояды. Балықшылар оны
қумайды...
Үкінің жайы осы. Ал, Таңатар ше?
Итжеккенде көп жыл жүрген, ауыр бейнеттерге ұшыраған ол, Сібірге
қара шаш, қара барады да, ақ бурыл сақал-мұртпен қайтады. Бірақ, қайда?
Естуінше, туған елі əлі де Айғаным тұқымының қарамағында ..
Ол өзімен көп жыл бейнеттес, дəмдес болған бір татарға еріп,
«Қаңғырғанға» келеді. Сонда жеңгесі – Үкімен табысады. Сонда өзінен
гөрі жасырақ бір жұмысшы, жесір əйелмен көңіл қосып үйленеді...содан,
бүгін шілдеханасы болып жатқан перзент көреді...
Бұл əңгімелердің бəрі балықтың пісуіне, желініп бітуіне жетті.
– Хан тұқымының қанына жеруім сондықтан, – деп қайырды Таңатар
əңгімесін – «Құдай қолымды қашан жеткізер екен?» деген арманда жүрген
шағымда, бірінші болып сен іліге қалдың, мырзам. Іңірде жұрт сені қамап
тұрғанда, мен нақ ту сыртыңда едім, оң жақ уысымда жұдырықтай жұмыр
темір бар еді, сонымен қарақұстан періп жіберсем, сеспей қатар едің.
Ажалың жоқ екен, шырағым. Бір жағынан – «бала ғой, бұның жазығы не?»
деп аяп, екінші жағынан, – «қасқырдың өзі не, бөлтірігі не?.. Бəрі де
қаскүнемдер, көзін жойсаң сауап табасың» деп өшігіп, сабырды ашу жеңе
бастап, «ə, қайтем аяп?» деп, құлашымды көтеруге ыңғайланғанда,
Кераланың келе қалғаны!.. Бұл мекендегі балықшылардың пайғамбары да
сол, шадияры да сол.
– Соның өзі кім? – деді Шоқан.
– Ол ұзақ кеңес, мырзам. Қайтқанда қайық үстінде айтармын ол кеңесті.
Əзірге өз көңілімді аяқтайын. Сенің де, əкеңнің де жаны сол Кераланың
бұйрығымен қалды, əйтпегенде, түтіп жейтін еді, сендерді балықшылар.
– Неге?
– Олардың арасында хан тұқымдарының, əсіресе сенің əкеңнің тістері
мен тырнақтары тигендер толып жатыр, ауыр жаралылары аз емес.
– Бұрын неге алмаған ол кектерін?
– Қолдары жетпеді.
– Енді ше?
– Қазір əкеңнен оңай жем бар ма оларға?
– Неге оңай?
– Қызметінен қашып келе жатқан жоқ па, барар жер, басар тауы болмай.
– Оны кімнен естідіңдер?
– Жер-көктің бəрі шулап жүр солай деп.
– Тоқта, бала! – деді тағы да бірдеме айтуға ыңғайлана бастаған
Шоқанды Таңатар бөгеп, – баяндап келе жатқан жөнімнен бұрып жібердің
ғой, тілмарсып. Арт жағын айтайын.
Шоқан үндемеді.
– Сонымен, – деді Таңатар, – «қап, құдай-ай, сəті түскен жерде
Кераланың келе қалуын көрдің бе?!» деген ызамен қосыма қайттым.
Сендерді қоршаған топта, өзің көрген əнші жеңгем – Үкі де бар еді. Қосқа
келе жатып ол да өкінішін айтады...
– Не деп?
– «Шыңғыстың қарның балық аршитын семсермен есіп жіберуге
таянған шақта, Керала бөгет болды» деп. Енді, ар жағын тыңда: мана сені
қоста көргенде, жыным тағы да ұстай қап, «бəлем, қолға түстің бе тағы?»
деп кіжіне бастасам, нəрестем қолыңда тұр! Сонда ойыма кеп кетті, -
«жасы біраз қалқыңқы болғанмен, бұл да біреудің нəрестесі ғой, қайтем
тиіп?» деген сөз. Тағы да тартына қалдым. Оның үстіне, өз атыңды балама
қостың. Хан тұқымы, қанын, бұзық болғанмен өскен атанын, баласы ең.
Атын қойған нəрестем, -Жасым егде тартқанда көрген жалғызым еді,
атадан мен де жалғыз, ол да жалғыз, сондықтан сенің атыңды ырым көрдім,
шырағым.
– Шоқаның өмірлі, бақытты болсын! – деді Шоқан.
– Əумин, айтқаның келсін! – деп Таңатар жылап жіберді.
– Сонымен, – деді ол көзінен омырауына сорғалаған жасты сүртпей,
ықылық ата сөйлеп, – менің хан тұқымына деген кегім бітті. Басында да
өшіктірген өздерің, əйтпесе, мен қиянаттың кісісімін бе? Ағам Тұнғатар да
солай еді. Жақсыларға жанасып сауық құрғаннан басқаны білмейтін еді,
хан тұқымы оны анадай қылды. Менің түрім мынау, – деді Тақатар үсті-
басын көрсетіп, жасын сүртіп, – «үрерге – ит, сығарға – бит жоқ» дейтін
кісің менмін. Балық болмаса аштан өлетін қалпым бар. Мен ғана емес,
балықшылардың бəрі де. Нəсіпті көлден тілеп, «аштан өлмей, көштен
қалмай» дегеннің кебін киіп жүріп жатырмыз шырағым. Ендігі тілегім, –
өзің атын қойған сəбиім. Тəңірі, ылайымда, мен көрмеген жақсылықты
соған көрсетсін.
– Əумин! – деді Шоқан.
Əңгіменің орта тұсында, аспанды əлгінде түгел қоршап алған бұлттың
теріскей жақ кебесі сөгіліп, ақ – таңлақ қылаңдай қалған еді. Əңгіме
аяқтала, сол қылаң сібірлей бастаған таңға тұтасты.
– Ал, мырзам, – деді сол кезде, бақырдан үлкен жау-жапырақтың үстіне
төгілген, жидіп піскен балықтар желініп болған шақта, – таң белгі бере
бастады. Енді кейін оралайық.
– Мақұл, – деді Шоқан.
– Балыққа тойдың ба, өзің?
– Өлердей. Əсіресе, сіздің, ықласыңызға, Таңатар аға. Шынымды
айтсам, сіз кеңесіңізді аяқтап, «хан тұқымына өшпенділіктен бездім»
дегенге дейін сенгем жоқ, сізге. Секунд сайын ажал күттім сізден. Əсіресе,
көл үстінде. Сонда мені қаға салсаңыз, кім біліп жатыр?..
– Мысалы, анау бақырды мойныңа байлап, – деді Таңатар, Шоқанның
сөзін бөліп, балық асқан бақырды қолымен нұсқап, – ауыр бақыр ол.
Сонымен су түбіне кетер едің де, балықтарға жем болар ең.
– Ет жей ме, олар? – деді, көңілінде «сондай да ниеті болған екен ғой,
əйтпесе айтпас еді бұл сөзді» деп ойлап.
– Балықтың жемейтіні болмайды. Ол да құлқынның құлы –
жануарлардың бірі емес пе? Өңешінен өткеннің бəрі де тамақ оған.
Таңатардан енді қастық күтпеген, оның сөзіне мейлінше сенген Шоқан,
қорқуды қойып, еркінсіп алды да:
– Өлтіруге орын көп көрінеді ғой, бұл маңайда. Мысалы, осы арада
өлтіріп, бір шұқырға тыға салсаңыз кім біліп жатыр, – деді.
– Əрине, – деді Таңатар, – сөзім сөз, менен енді қастық күтпе. Қолымнан
келерім болмағанмен, мен сенің өмірлік досыңмын, шырағым.
– Мен де, аға!..
Екеуі қол алысты да, бақырды қолдаса ұстап көлге беттеді. «Не деген
жақсы адам еді!» деп ойлады Шоқан.
Осы сəтте, көлдің арғы шетінде, төңкерілген қайықтың үстінде Шыңғыс
пен Курагин да балық жеп отырды.
Курагинның түр-тұлғасын Шыңғыс енді ғана айқын көріп отыр. Омбыда
оқып жүрген шағында, əлдеқайдан аңдар паркі келіп, соларды
тамашалағанда, Шыңғыстың көзін арыстанның арланы ерекше тартқан еді.
Сонда оның мойын мен бет бітімі, сақал-шашы жалбыраған, жалпақ
кескінді. алып адамға ұқсап кеткен. Мынау Курагинның келбеті аумаған
сол!.. Табандары мен алақандары да соған тартқан жап-жалпақ
кеспелтектей. Денесі де сол сияқты: төсі кең« қарыны тартыңқы. Естуінше,
арыстан қашып бара жатқан құланды қуып жетіп, сол алақанымен ту
сыртынан салып жіберсе, белдемесі үзіліп кетеді - мыс. Олай болса, түнде
күркеде отырып, Курагин мына алақанымен Шыңғысты жақтан пергенде,
бас сүйегі қирап кетпей не жаны қалған?!.. Сондай ойдағы Шыңғыс, күш
шамасын білгісі кеп сұрау берсе, - жиырма бес, отыз пұттық салмақтарды
еркін көтеріп əкетеді екен! «Мықты еден!» деп қояды Шыңғыс ішінен.
Денесіне қарай Курагинның ас жеуі де жойқын екен. Түнде əрі көмескі
сəуледен, əрі арақтың əлегінен байқамапты. Енді көрсе, бетін жауып
əкелген бақырдан жылы балықтарды уыстай қамтып, қомағайлана асайды.
Жеуі тіпті жылдам, бір ұртынан кірген тұтас балықтың сүйегі екінші
ұртынан ілезде шығып жатады. Шыңғыс бірін жегенше, ол балықтың оның
жейді! Не деген балық жегіш адам?!..
Балық жеуге дағды алмаған Шыңғыс, былай да сылбыр жеудің үстіне,
Шоқанның табылмауы жүрегін жегідей кеміріп, ішіне ас батырмай отыр.
Мана Курагинның күркесінен шыққанда, қарнының қатты ашқаны
байқалып еді, енді, баласының уайымына кіргелі тоңмейілсіп, жайдан - жай
кекірік ата бастады. Ішкі ықласы шаба қоймаған соң, балықтың етін
сүйегінен ажыратуға қолы да жүрмей, қабыршағы аршылған тері,
саусақтарына желімдей жабыса берді. Сүйектен əрең ажыратқан етті
аузына салса, қылтаңдары қаптап тұрған сияқты. Оларды тілімен толғап
əрең айырып, етті жұтса, тап таза сияқтанған одан, тамағына əлдене қадала
қалады, қақалған Шыңғыс, қылтанды ұзақ қақырынып əрең шығарады...
Сондай сылбыр етсе, баласының тағдыры туралы басына үйірілген ой
қалыңдай түседі...
Шыңғысқа «же, же!» дегенмен өндіре алмайтынын көрген соң өзі тойып
алған Курагин əңгіме соғып кетті. Оның арғы тегі – Дондағы казак-орысқа
жатады екен. Орыс əскерінің полковниктік чиніндегі Шыңғысты ол сауатты
адамға санап, əуелі оған қазақ-орыстың тарихынан біраз сұраулар берді.
Шыңғыс тарихтық мəселелерге, əсіресе - казак-орыс тарихына шорқақ еді.
Оның бар білетіні: «казак-орыс аталатындар салт атты əскерде қызмет
атқарады жəне олар патшаның сүйікті құлдары. Одан басқа білері жоқ.
Сөйте тұра, Курагиннің «білесің бе?» деп берген сұрауларының бəріне де
«білем» деп жауап қайтара берді. Мысалы:
– Казактардың Россия патшалығында ең жауынгер, патшаға ең сенімді
адамдар екенін білесің бе? – деп сұрады Курагин.
– Білем, – деді Шыңғыс.
– Россияның күнгей жағын көп ғасыр бойына жаудан қорғап келе
жатқандар, - казактар екенін білесің бе?
– Білем.
– Туретчинаны Қара теңіздің ар жағына қуып тастағандар–казактар
екенін білесің бе?
– Білем.
– Əуелі алтын орданы, одан кейін Астрахань хандығын талқандаған
солар екенін білесің бе?
– Білем.
– Қазан хандығын қиратқанын?
– Білем.
– Қырым хандығын?
– Білем.
– Қазақ даласын, яғни сенің еліңді жаулап алғанын?
– Білем, – деді Шыңғыс, осы сұрауға ғана түсініп.
– Россияның Қара теңіз жағасынан бастап, Алтай тауына дейінгі шегін
казактар қорғап отырғанын білесің бе?
– Білем.
– Россияның жауларымен барлық соғысында да казактардан құрылған
атты əскер бірінші орын алатынын білесің бе?
– Білем.
– Казактардың ешбір қорлыққа көнбейтінін білесің бе?
– Мəселен? – деді Шыңғыс, бұл сұрауға түсінбей.
– Мысалы, Романовтардың қорлығына?
– Қай Романовтар?
– Патшаларды айтам.
– Оны білмедім, – деді Шыңғыс.
– Степан Разинды білесің бе?
– Ол кім? – деді Шыңғыс, білмейтіндерін «білем» дей беруге
ыңғайсызданып.
– Міне, ақымақ! – деді Курагин, өзіне өзі Шыңғыстың «ол кім?» деуінен
«Разинды білмейді екен» деп, білмеуіне ызаланып. – Енді кімді білесің,
оны білмегенде?
– Қай Разинды айтасың? – деді Шыңғыс, қажетті біреуді білмей
отырғанын түсінгендей, оспақтап сұрау арқылы біліп алғысы кеп.
– Романовтарға қарсы шығып, олардың тақтарын қалтыратқан?
– Ə-ə, сол ма? Оны білем, – деді Шыңғыс өп-өтірік.
– Пугачевты ше?
«Жайық бойында сондай адам патшаға қарсы жанжал шығарып, ақыры
қолға түсіп, басы балтамен шабылған» дегенді Шыңғыстың құлағы шалған
еді. Курагинның сол сияқты адамдарды неге сұрап отыруынан секем алған
Шыңғыс, «артында бір пəлесі боп жүрмесін» деген қауіппен, «білмеймін»
дей салды.
– Неге білмейсің? – деді Курагин тікіленіп. – Оны білмесең несіне
офицер болып жүрсің?
Шыңғыс үндемеді.
– Біз казактар, – деді Курагин, тоқпақтай жұдырығын түйіп, қолын
жоғары көтеріп, – мына темір шеңгелге берік тұтқан қамшымен Жəне
қылышпен, өзгелер түгіл Романовтардың өздерін де талай рет сойып, талай
рет тілегеніміз солардың ішінде менің аталарым да болған...
– Кім дегендер? – деді Шыңғыс, əңгіменің шетін осылай қарай аударып
əкетіп кеп.
– Рамазанов дегенді естігенің бар ма?
– Қайдағы?
– Менің арғы атам.
– Естімедім.
– Ендеше, тыңда! Ол – алтын орда князьдарынан. Тегі – татар. Қаһарлы
Иван тұсында Романовтар христиан дінін қабылдаған. Князьдің титулы
сақталған. Евдоким дейтін атамыз, Россия шведтермен соғысқанда ерекше
батырлық көрсетіп, бірінші Петрдың көзіне түскен де, патша оны өзіне
адьютант қып алған. Ол ірі де, сымбатты да, сұлу да, ақылды да, өнерпазда
жігіт екен. Соған патшаның сайқал қызы – Елизавета қызығады. Ол –
сымбатсыз, кескінсіз жирен-шұбар қыз екен. Рамазанов оған қызықпайды.
Соны кек көрген Елизавета, Петр өліп, орнына патша болған шағында жала
жауып басын кестіреді де, балаларын Дон бойына жер аударады. Кейін,
Түркия мен Россия арасында болған соғыста, Рамазановтың, атты казактар
арасында сотник болып қызмет атқаратын тұқымы – Алексей Курагин
ерекше ерлік көрсетіп, атамандық дəрежеге жетеді. Оның немересі, менің
əкем – Андрей Павлович Курагин Op қаласында наказной атаман болған.
Мен жасымнан тентек болып өстім де оқуға мойын қоймадым. Ер жетіп
əскерге алынғанда, қызмет атқардым. Мені соғыс атаманы - Лопатин өзіне
жəрдемші қылып алды. Ол тентек кісі екен, соның бір қылығына
ызаландым да, бір күні түнде, барлық семьясымен өртеп жібердім. Суд
каторгіге айдады. Патшаның алтын қазатын шахталарында жұмысшы
болдым. Тұрмыс та, жұмыс та өте ауыр еді, содан қаштым. Түсінікті ме?
– Түсінікті. Бұнда қайдан кеп шықтың?
– Ұзақ əңгіме ол.
– Бұл маңайдың əкімдері біле ме сені?
– Біледі.
– Тимей ме, саған?
– Бұл мекенде мендей қашқындар толып жатыр.
– Оларды да біле ме?
– Біледі.
– Тимей ме оларға да?
– Тигенде не істейді? Бүкіл Сібірдің өнбойы толған қашқын. Олардың
бəрін жинап тауыса алмайды.
Бұл сөздің ар жағын қозғалысы келмеген Шыңғыс, балықшылар
селосының жайын білгісі кеп, қашан құралғанын, тіршілік жөнін
сұрастырды.
Курагинның баяндауынша, балық аулар шақта адам саны көбейеді де,
ауланбайтын шақта азаяды. Көбейгенде – пəлен жүз боп кетеді, азайғанда,
ондаған ғана адам қалады. Келіп-кетіп жатушыларда ұшы-қиыр болмайды,
оларды «қайдан келіп, қайда кетіп жатыр» деген сұрау болмайды, келгендер
қабылданады да, кеткендер бөгелмейді. Кəсіптері, тек, балық аулау ғана.
Маңайдағы ауыл-селолардан келетін балықшылар, бұнда малдарын
əкелмейді. Келімсектерде мал болмайды.
Əкімшілік жағынан, бұл мекендегі адамдардың бағынатыны, тек
Курагин ғана. «Атаман» аталатын оны ешкім сайламаған, ол осы мекенге,
өзінің қызметі сіңгендіктен ғана «атаман» болып кеткен.
– Өйтпегенде ше? – дейді Курагин мақтанғандай, – мен келгенде, осы
араны мекендеген азын-аулақ балықшыларда бір де қайыр, бір де, бір де
сайман жоқ еді. Мен келгенде олар балықты қазаға қамап қана ұстайды
екен. Мен келе аудың да, қайықтың да, сайманның да бастары құралып,
қазір қажетті мөлшерде жетеді. Бұрын көлік болмағандықтан ауланған
балықтар базарларға апарылмай босқа шіритін, қазір қанша ауласақ та
көтеріп əкететін сəудегерлер бар. Осының бəрін мен басқарам. Өздеріне
қиянат жасамаған соң, балықшылар сөзімді тыңдайды. Көптің күшімен
тентектерге тыйым саламыз. Өтірікшілік, ұрлық-қарлық, өктемдік
арамызда болмайды...
Бұлардың бəрі Шыңғысқа көңілсіз кеңес болды. Бірақ тыңдамауға амалы
жоқ, тыңдамағанда қайда барады?
Сөйтіп отырғанда тақ сібірлеп қалды. Шоқаннан хабар болмауына іштей
қатты мазасызданып отырған Шыңғыс, бір сəтте Курагинге оны іздеу ойын
білдірді.
– Асықпа, – деді Курагин, – кешікпей келіп қалар.
Сол маңайдың ауа райы қызық: осы мезгілде жап-жарық боп тұрып, əп-
сəтте қалың тұман түсе қалатыны бар. Қазір де сөйтті. Қарауытып тұрған
батыс жақтан қалын, тұманның қалай кеп, төңіректі түнерте жаба қойғанын
Шыңғыс пен Курагин абайламай да қалды. Тұманның қалыңдығы сондай,
айналадан арқан бойы жер көрінбей кетті.
– Сен осы арада отыра тұр, – деді Курагин Шыңғысқа – мен кей
шаруаларымды жайғастырып келейін. Кешікпей ораламын.
– Мақұл.
Курагин тұманға сүңгіп кетті де жоқ болды. Іші пысқан, көңілі елеңдеген
Шыңғыс, қайықтан тұрды да, екі қолын артына қусырып, сол мақта ерсіл-
қарсылы жүре бастады. Басындағы бар ой: «Табылар ма екен, Қанашжан
табылмаса қайттым? Табылмаса...» деген ойдың ар жағын өркендетуге
жүрегі дірілдеп кетті... Солайша жүрген Шыңғыстың құлағына, əлден
уақытта, – «Əке!» деген дауыс шалына қалды. Шошып кеткен Шыңғыс есін
жиып үлгермей, Шоқан мойнына асыла кетті. Өліп тірілгендей болған
баласын құшақтай алғанда, Шыңғыстың көз жасы дірдектей жөнелді.
Олардың сондай халде қанша тұрарын құдайым білер еді, егер, ту
сыртынан аттардың дүбірімен, доңғалақтардың салдыры естіле қалмаса.
Олар жалт қараса – күймеге жегілген Жылан-сырттар арбаның алдында
Аба, артында Драгомиров отыр.
– Құдай ұрды хан-ием! – деді Аба үрейлі дауыспен.
– Не болды?! – деді Шыңғыс елеңдеп.
– Өрт кетіріп алдым.
– Не дейді, ойбай?! Қалай?..
– Аттарға түтін салам деп...
– Қайда?
– Көлдің жағасындағы құрғақ салыда. Басында отты күзетіп
бытыратпай-ақ отырып ем, қара басып қалғып кетіппін. Аттар
осқырынғанда ояна келсем, лаулаған жалын қостарға қарай кетіп барады!..
Ие бола алар түрім жоқ... Содан аттардың біріне ырғып мініп, бірін
жетектеп күймеге шауып келсем, доңғалақтары орнында екен. Мына кісі
сол арада жүр екен. Жалма-жан аттарды жегіп жібердік те осында келдік.
Мініңіз. Қашайық. Қолдарына түссек балықшылар бізді тірідей өртейді!
– Рас! – деді Драгомиров, сасқанынан не істеуге білмей қалған
Шыңғысқа. -Мініңіз!..
Қостар жақтан «өрт, өрт!» деген дауыстар ду ете қалды.
– Мініңіз, хан-ием!.. – деді Аба сасқалақтап, – ұстап алса оңдырмайды...
– Қанаш мін! – деді үрейлі кескінді Шыңғыс, Шоқанға.
– Неге қашамыз? – деді Шоқан.
– Өрт шығып жатқан жоқ па?
– Біз салған жоқпыз ба, ол өртті?
– Мін, жылдам, сөзді қой да – деді Шыңғыс ақырып.
Мінгісі келмеген Шоқанды Шыңғыс құшақтай алды да, күймеге сүйреді.
– Жібер деймін! – деп бұлқынған Шоқанды, əлі жеткен Шыңғыс күймеге
еріксіз көтеріп шығарды да:
– Жүр! – деді Абаға. Босануға тырмысқан Шоқанды, ол тақымының
астына басып алды. Аба делбені қағып қалды. Түні бойы тыныққан аттар
ыта жөнелді.
– Обал! – деп айғайлады, тыпырлаған Шоқан. – Біз қалдық обалына!..
Шыңғыс үндеместен, Шоқанды қысқан тақымын қатайта түсті... Сол
кезде:
– Тоқта! – деген айғайлар естілді жан-жақтан! Біреулер қараңдап жүгіріп
келеді.
Тоқтау қайда?!.. «Қамап ұстап алар ма» деген қауіппен, Аба аттарды
сабалап шабуға айналды. Ұстамақ болған біреулерді, екпіндеген аттар
қағып кетіп ұшырып түсірді... Тұман арасынан жалт-жұлт еткен жалынның
тілдері де сүйреңдей бастады... Шапқан аттар жаяу қуғандарға жеткізбей,
қостардың арасынан далаға қарай шыға берді. Жолаушылар арттарына
қараса, жалын қос атаулының бəрін де құшағына алған сияқты.
– Обал болды, бейшараларға! – десті жолаушылар бір ауыздан.
Өрт қалыңдай түсті. Тұманның дымқос иісі түтін сасып кетті...
|